Елу  жылдың белесінде

1194

0

Адам баласы өз ғұмырында көп нәрсені бастан өткереді ғой. Оқу бітіріп, диплом алу, қызметке орналасу. Өмірдің басқа да белестерінде тіршілік қамымен ойға, қырға шапқылау. Соның біразы ұмытылып, ой-санаңнан өшіп қалғанын да байқамайсың. Ұмытылмайтыны – тек балғын балалық шақ. Міне, бүгін де сол қызық пен шаттыққа толы, алаңсыз кездеріміз сағым жылдардың аржағынан қол бұлғайтын секілді.

Қазір өзім де ағалық жасқа жеткен, жастарға жол көрсетіп, тәлімгер шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірімін ғой. Сөйте тұра, көңілден тәтті елесі кетпес, тайға мініп, желмен жарысып,  ауылда асыр салған, сосын қаздың балапанындай тізіліп, мектеп табалдырығын аттаған жасөркен кезімізді жиі еске аламын. Биыл сол алтын ұядан қанаттанып түлеп ұшып, әрқайсымыз арман қуып жан-жаққа кеткенімізге тұп-тура 50 жыл болыпты!

«Елу жылда ел жаңа» дейтін дана халқымыз жаңару мен жаңғырудың табиғи қалыпты дүние екенін қалтқысыз таныған ғой. Ұлы Даланың қастерлі өлкесінің бірі, шежірелі Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы «Мәдениет» аталатын алақандай ауылға аңсарымыз ауып тұрады.

«Мәдениет» ауылындағы біз оқыған «1 Май» атындағы №32 мектептің тарихы да тым әріден басталады. Осы білім ордасында 1970-1974 жылдары директор болған Әленов Шакизада Әбішұлының жазуы бойынша, іргесі 1925 жылы бастауыш мектеп болып қаланған. Осы қара шаңырақтың табалдырығын қол ұстаса бірге аттап, 1972 жылы бірге бітірген 45 түлектің (20-сы қыздар) бүгінде бірқатары арамызда жоқ екенін ойласам, жүрек тұсым шымырлайды. Асанов Бердібек, Әбдікеров Төлеген, Елеуішов Әлкебай, Жақсыбаева Алтын, Қамзаев Бекен, Қаражанова Құлғанша, Салиева Базаркүл, Өмірзақов Есен сияқты жарық дүниеден ертерек кеткен сыныптастарымызға «топырағы торқа болсын» дей отырып, жарқын жүздерін сағынышпен еске аламыз және барған сайын дұғамызды оқимыз.

Сол сияқты, ойымызға білім нәрін құйған, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуымызға» бар күш-жігерін арнаған ардақты ұстаздарымыздың көпшілігі бақилық болып кеткенін де өткен шақпен айту қиын екен. Біз мектеп табалдырығын аттаған уақытта мектеп директоры Кәрбоз Серікбаев деген кісі еді, одан соң Шахман Елубаев, бітірген кезімізде Әленов Шакизада деген ағамыз басшылықта болды. Үшеуі де өмірде көргені көп, көңілге түйгені мол, білімі мен біліктілігі, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қасиеттері астасып жатқан, елге сыйлы парасатты азаматтар еді.

Шәкірттердің мектеп бағдарламасын ғана игеріп қоймай, жан-жақты терең білім алуы, тәрбиелі азамат болып шығуы ең алдымен, оқытқан мұғалімдердің біліктілігіне байланысты екені даусыз. Бұл ретте, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО баспа ісінің озық қызметкері» энциклопедист-ғалым Бекраш Жүсіпов, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық кызметкері» Бейбіт Оразымбетова, математика пәнінің мұғалімі Тәуекел Төремұратов, сурет пен еңбектен дәріс берген Мәлік Лаубаев, «Аға мұғалім» атағының иегері, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ырысалды Нұрмағанбетова, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, дене шынықтыру-әскери дайындық пәнінің шебері Таңсықбай Шапағатов, биология мен неорганикалық химия пәнінің мұғалімі Мирхан Таукеева, тағы да басқа аты-жөндері аталмаса да, мәңгілік жадымызда сақталған ұстаздарымыздың тағдырымыздағы алар орны ерекше.

Иә, біздің аға ұрпақ өкілдері жастайымыздан білім алуға құштарланып, қабырғамыз қатайғанша қара жұмыста шыңдалып өстік. Мүмкін уақыт та солай қатал болған шығар. Бірақ одан жаман болғанымыз жоқ. Қатарластарымның алды мемлекеттік басқару органдарында, атқару мекемелерінде, мәслихаттарда, экономика мен ауыл шаруашылығында, білім мен ғылым саласында, жоғары оқу орындарында, мектептерде түрлі қызметтерде абырой биігінен көрініп келеді. Бәрін бірдей бір мақалада қамту мүмкін емес, елге белгілі, өмірі жастарға өнеге боларлықтай бірнеше сыныптасымның дерегіне тоқталып өтейін.

Өз ақыл-ойын, таным түсінігін, рухани жан-дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап, күш-қайратын, жігерін осы мақсатқа жұмылдыра білетін адамдар болады. Сондай жанның бірі, мектепте жүргенде-ақ өз бағытын анық айқындап алған Нұрлыбек Жолдасбаев Мәскеудің Тимирязев атындағы академиясын бітіріп, туған ауылымыз «Мәдениет» кеңшарының директоры, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының әкімі, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, әлеуметтік еңбек қорғау басқармаларының бастығы, облыс әкімінің орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етіп, ел алғысына бөленді.

Өмір белестерінде қандай қызмет атқарса да адамдарды ортақ іске жұмылдыру, ұйымдастыра білу сияқты қасиеттерімен жарқырап көрінген Қартаңбай Қалиянов деген сыныптасым еңбек жолын қатардағы жұмысшылықтан бастады. Әскерден оралған соң, Алматы Мемлекеттік дәрігерлік институтының дайындық курсына түсіп, провизор мамандығын алып шықты. Содан Шымкент облыстық дәріхана басқармасында аналитик болып бастап, кейінірек Қызылорда темір жол дәріханасының меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Сыныптасым Маханбетқали Қабылтаев екеуміздің көзқарасымыз бір арнада тоқайласып, екеуміз де Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтын таңдадық. Тек, алғашқы жылдары мен жұмыс істеп, әскерге барып амалсыз үш жылдан кейін ғана өз мақсатыма жете алдым.

Өмірлік мамандығын дәл таңдап, оған шын берілген Маханбетқали институтты сәтті бітіріп, өзінің еңбек жолын «Мәдениет» ауылында өндіріс бригадирі, агроном болып бастап, Жалағаш аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Таң» совхозы партия комитетінің хатшысы, директоры одан соң аудандық әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Табиғат және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің директоры болып, бірқатар қызметтік белестерден абыроймен көріне білді. Мен институтты үздік аяқтап, оқытушылық қызметке қалдым. Техника ғылымдарының кандидаты атандым. Қазіргі кезде қазақ аграрлық зерттеу университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің ғылыми хатшысы ретінде ЖОО-лардағы білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді үйлестіре отырып, бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жетекшілік жасап келемін.

Осы ғылым әлемінде жарты ғасырдай жүріп жинақтаған өмірлік тәжірибемді орайы келсе, туған ауылымның дамуы үшін де қажетке жарату ойымда жүр. Ауылды дамытуға соңғы кездері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баса назар аударып келеді, әр сөзінде ауыл шаруашылығы – Ұлттық экономиканың негізі екенін қадап айтып, еліміздегі бәсекеге қабілетті агрокешен құру көлемін арттыруды тапсырып отыр. Бұл өзінен өзі жүзеге асатын шаруа емес. Ол үшін субсидиялау, астық тұқымымен, шикізатпен, жем-шөппен және жол, көлік, ауызсу, газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылым мәселелерін шешу, мектептер мен аурухана, спорт алаңдарын салу және жөндеу сияқты көптеген бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру қажет.

Біздер мектеп бітіргенімізге 50 жыл толуына орай Қабылтаев Маханбетқалидың ой тастауымен «Мәдениет» ауылының орталығынан «Туған жерге тағзым» атты Сыныптастар саябағын ашу мақсатында жер телімін рәсімдеп, игілікті істі қолға алдық. Қазіргі таңда саябақты әрлендіру жұмыстары толығымен аяқталды. Саябақ құрылысына барлық сыныптастар шын ықыластарымен атсалысты. Құрылыс барысында Әбенов Ерғали қорға қомақты қаржы салып, құрылыс жұмыстарының тез және сапалы жүргізілуіне бас-көз болды. Ал, Нұрлыбек досымыз отырғызылатын ағаштарды облыс орталығынан өзі таңдап, тегін алып берді. Баймахан, Мақсат, Әлімбек, Ақберген, Нұрман саябақты қоршау, ағаш егу жұмыстарын атқарды.Бұл жерде бөле-жаратын ештеңе жоқ, барлығы да өз мүмкіндіктерінше қолдау көрсетті. Менің тарапымнан мерейтойға арналып, сыныптастар мен ұстаздар үшін мерекелік төсбелгі дайындалды.

Айтпақшы, өз ортамыздан отбасын құрған Абенов Ерғали – Қыстаубаева Нәзира, Жақсылықов Баймахан – Жақсыбаева Алтын, Қабылтаев Маханбетқали–Бәйімбетова Қожагүл сияқты сыныптастар біздерді асыға күтіп жүргендерін айтып, тезірек қауышуға шақырыпты. Біз де осындай сезімдеміз.

Өмір белесінде әр қиырда жүрген, ұл-қыз өсіріп, алды 20, арты бес-алтыдан немере сүйген, Илясова Тұрсынкүл сияқты шөбере көрген ата-әжелердің туған жерде бас қосып, өздері білім алған шаңырақтағы партаға отыратын күндері де алыс емес.

Тек, елімізде тыныштық, әр отбасында аманшылық болсын деп тілейік!

Исабек ЖАНАШЕВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің  ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<