Керуен жолдағы кешендер

810

0

Журналистік сапарға үнемі осы жолмен шығамыз. Өйткені, аймақтағы жеті аудан осы автобан бойында орналасқан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолы аймақ халқы үшін өте тиімді болғанын несіне жасырамыз?! Бұрынғы ескі жол көлікті де, адамды да шаршатқанын әлі ұмыта қоймадық.

Айтпақшы, осы үлкен жолдың 812 шақырымы біздің Қызылордаға тиесілі. Соның ішінде 151 шақырымы біз сапармен келген Қармақшы ауданы шекарасына жатады. Енді қараңыз, осы 151 шақырымда 13 жол бойы қызмет көрсету кешені (Оазис, Маргарита, Ата мұра, Ақсарай, Нұр, Рай, Керуен, т.б.) орналасыпты. Бұл жөнінен аймаққа қарасты өзге аудандар арасында Қармақшының озық екенін айта кеткен жөн. Расы сол.

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеровтің айтуынша, аталған нысандар жол үстіндегі талай жеңіл және ауыр жүк көліктеріне, автобус пен ондағы жүргіншілерге тұрақты қызмет көрсетуде. Әрі бұлар бір-бірімен бәсеке. Ал бәсеке болған жерде сапа да артатыны бесенеден белгілі. Қай кешеннің қызмет көрсетуі алда болса жолаушы да сонда аялдайды.

Керуен жолдағы кешендер

– Былтыр ғана жеке кәсіпкер Маргарита Теннің «Маргарита» және «Байқоңыр және К» ЖШС тарапынан «Керуен» кешенін іске қостық. Бұған қоса «Оазис» кешенінен қонақ үй, «Ақсарай» кешені маңынан сауда орталығы, «Петро Ритейл» ЖШС қарасты «ҚазақОйл» жанармай құю станциясы жұмысын бастады. Сондай-ақ қосымша «Гелиос» жанармай бекетінің құрылысы басталып кетті. Биыл аудан аумағынан тағы да екі кешеннің құрылысы жүргізіледі. Тағы айта кетер жаңалық, жол бойынан үш санитарлық-гигиеналық торап салу үшін аудан кәсіпкерлері ынталы болып отыр. Бұл жоба бойынша құжаттар рәсімделіп жатыр, – дейді Еркебұлан Әбдікеров.

Жеке кәсіпкерлер салған сервистік кешенде жоқ дегенде 10 адам жұмыс істейді. Әрі олар Қармақшы ауданының жергілікті тұрғындары. Жұмыс көзін ашқан бизнес өкілдері ауыр жүк көліктерінен бастап жүргіншілерге дейін қажеттіліктің бәрін өтеуде. Мысалы, май құю және көлік жөндеу һәм жуу бекеттері, қосалқы автобөлшектерді сату, асхана, қонақ үй, дүкен, дәретхана, монша, автотұрақ, т.с.с. Осының барлығы әр кешенде бар.

– Біз әу баста бұрынғы «Самара-Шымкент» көне жолында асхана ретінде ашылғанбыз. Кейін біртіндеп кәсібімізді ұлғайтып, 2015 жылы жаңадан салынған жолдың бойынан «Оазис» кешенін тұрғыздық.  Кешегі Жаңа жыл мерекесінің алдында кешен жанынан жылы гараж және қонақүйді іске қостық. Автодүкен, асхана, жанармай бекеті бұрыннан бар. Аудан тұрғындарынан 20 адамды жұмысқа алдым, – дейді кәсіпкер Гүлшат Бертілеуова.

Жалпы Қармақшы тұсындағы кешендерге халықаралық бағыттағы жүк таситын ауыр көліктер жиі аялдайды. Бұл аудандық қазына қоржынына көл-көсір болмаса да, барынша пайда түсіріп отыр. Сондай ішкі туризм бойынша былтыр ауданда орналасқан «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне 15 мыңға жуық турист келген. Бұған қосымша өткен жылы «Қармақшы-Демеу Трейвл» туристік агенттігі құрылып, Түркістан, Шымкент, Алматы маңындағы көрікті жерлерге қысқа мерзімді турлар ұйымдастырылып келеді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<