Мәнті алыңыз

406

0

*сурет ашық дереккөзден

Кезінде аудан шаруашылықтары облыстағы «Алтын күз» мерекесін өткізуге қатысатыны естеріңізде болар? Олардың қатарында біздің Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз да бар еді. Бір жылы осындай үлкен мерекеге қатысқанымыз есімде қалыпты.

Көпшілікпен бірге Қызылорда қаласындағы орталық алаңға бірнеше киіз үй тігіп, халыққа арзан бағада сатылымға шығаруға бордақылауда тұрған, әрқайсысы баспақтай ірі қой-тоқты, бақша өнімдері, жоңышқаны бірнеше көлікке тиеп, артынып-тартынып жеткенбіз. Маған совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев аға босаған көліктерге облыстық базадан құрылыс материалдарын тиеп келуді тапсырған еді.

Мерекенің ат жарысынсыз қызығы болмасы анық. Қазалы ауданы Құмжиек ауылы (жаңылсам, кешірім өтінемін) атсейісінің күрең жорғасының мерейі үстем болды. Бұл бір ғажайып көрініс еді. Мойнын бір жағына әнтек бұрып, жал-құйрығы желбіреп, жорғасынан үстіне қойған кеседегі су төгілместей көрінген асыл жануардың әсем тұрпаты көз алдымда әлі тұр. Шеңберді айналып дара шыққанымен қоймай, өзімен жарысқа қатар түскен жорғалардың соңғы легінің алдына түскенде сүйсінбеген жан қалмады. Ал қазалылықтардың көңілі бұл кезде сонаууу зеңгір көкте қалықтап жүрген-тұғын. Жорғаны да, жануардың иесін де алғаш рет көріп тұрсақ та, бауырымыздың тұлпары мәреден келгендей шаттығымызда шек жоқ.

Өрекпіген күйде алаңға, ауылымыздың атынан тігілген киіз үйлерге оралдық. Ас-суға жауапты адамдар майға шайлығып қалған қос ісекті қатарынан сойып, былқытып асып қойыпты. Шынымды айтсам, жарытып ас іше алмадық. Семіз әрі мол ет солайымен желінбей қалды. Әрі-бері алаңда жүрген адамдарды, таныс студенттерді асқа шақырдық, келе қоймады.

Осы мезетте жанына ертіп алған жасөспірім ұлы бар, орта жастағы адам сәлем беріп, киіз үйіміздің ішіне енді. Өзге ұлт өкілі екен. Амандық-саулықтан соң желінбей тұрған, піскен мол етті нұсқап «алуға бола ма?» деп рұқсат сұрады.

Қаншама ас рәсуа болды деп уайымдап тұрған біз қосарласа «ойбай, алыңыз, болмағанда ше?!» десіп шу ете түстік. Мұндай қуанбаспыз. Қуанғанымыздан жілігімен, тұтастай желінбей қалған кесек-кесек семіз қойдың піскен етін су құятын флягке салып (пакеттің әлі қолданысқа енбеген кезі), жанына көтерісіп, көмектесуге адам қосып жібердік. Бейтаныс жан бізге рахметін жаңбырша жаудырып, мәз болып кетті. Жаңағы ет апаруға көмектескен жігіттер бос флягты арқалап, терлеп-тепшіп келді.

Сәлден соң «Мәнті… свежий, семіз қойдың етінен жасалған мәнті алыңыздар…» деген дауысқа елең ете түстік. Мәссаған! Киіз үйіміздің алдында жаңа ғана бізден піскен ет сұрап алған кісі тұр. Нақтысы, орындықта жайғасып отыр. Жанына ұлы мен келіншегін ертіп әкеліпті. Алдындағы шағын үстелдің үстіндегі дәу табаққа толтыра салынған майы сорғалаған мәнті алыстан араныңды ашады. Бұған қалай шыдайсың?! Лап қойдық. Саудаласпастан сұраған пұлын беріп, таласа-тармаса алып жатырмыз.

Дәу тегеш әп-сәтте таусылды. Сатушы иек қақты. Баласы мен қатыны тұра жүгірді. Қас-қағымда бірнеше үлкен ыдысқа салынған мәнті жеткізді. Дені сау адамдарға бұл бұйым болсын ба?! Тағы да жылан жалағандай қылдық. Әсіресе, ет апаруға көмектескен жігіттер белсенділік танытты. Екеуі ақшаның бет-жүзіне қарамай беріп, толассыз жеп жатыр. Еңбек солардан қайтты. Қойшы, сатушы кең қалтасын біздің ақшамызға толтырып, қатын-баласын соңына ертіп, әндетіп үйіне кетті. Сонан бері мәнті жесем сол оқиға есіме түседі.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<