Өткен жылғы қуаңшылықтың себебі болар бұл. Биыл Сырдарияның төменгі ағысындағы ел шөп ору науқанына ертерек кірісті. Былтырғыдай емес, Арал мен Қазалы ауданындағы су жетпеген көлдердің біршамасы толықты. Күрішке су түспей тұрып, суармалы шабындық жағдайын ойлаған кейбір басшылар өзекті мәселені осылайша бірінші кезекке қойған сияқты.
Кез келген ауыл маңындағы көл мен арықты суландыру – жергілікті жұртқа аса маңызды. Өйткені, қыс айында қораға қарайтын ірі қара мен уақ малдың жағдайына көл мен өзен жиегінен орып алған құрақтың көмегі көп. Сол жасыл құрақтың жайқалуына су керек екені айтпаса да түсінікті. Екіншіден, шөп бағасы аумалы-төкпелі болып тұр. Қуаңшылық кезінде өскен бағаның кейбір өңірде әлі де «қарасы» қылтиятын сынды. Ал құнарлы жемнің құны қалтаға тым ауыр.
Жем-шөп бағасын қосымша айта жатармыз. Ал биыл қысқа түсетін малға қажетті азықты дайындауда қандай жұмыстар жүргізілуде? Алдымен осыған қысқаша тоқталсақ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, мал азығын дайындаудың арнайы жоспары бекітілген. Онда айтылғандай, биыл 645 мыңнан астам түлікке қор дайындалады. Оның қажеттілігін цифрмен айтсақ, 881 мың тонна шөп, 149 мың тоннадан астам сабан, 4,6 мың тонна сүрлем және 180 мың тоннадан астам жем қажет.
75 мың гектар шабындыққа су жіберілді
Биыл көктемгі егін алдында көлдер жүйесін толтыру мақсатымен 75,9 мың гектар шабындық жерге су жіберілген. Мұнан кейін шөптің шығымдылығы да жақсарды. Бұған қосымша өңірде 71,3 мың гектар жерге малазықтық дақылдары – жоңышқа, жүгері, жемдік асқабақ егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға артық.
Облыстағы жоспар бойынша, өзіміз 230 мың тонна жоңышқа, сондай-ақ шабындықтардан 651 мың тонна табиғи шөп (пішен, жантақ, т.б) ору арқылы мал азығын дайындай аламыз. Сондай-ақ мал азығына қажетті 5832 гектар күздік бидайдан 10206 тонна, 5307 гектар жаздық бидайдан 3381 тонна, 325 гектар арпадан 145 тонна өнім жиналған.
Аймақтағы шаруашылық құрылымдары күтімге алған 45,8 мың гектар ескі жоңышқаның 3,6 мың гектары тұқымға қалдырылыпты. Ал орылуға тиіс 42,3 мың гектардың бірінші орымынан 109,1 мың тонна шөп алынған. Қазір екінші орымы жүруде. Жиналуға тиіс көлемнің 14,4 мың гектары орылып, 39,3 мың тонна жоңышқа дайындалыпты. Сонымен қатар, қазір 24,1 мың гектар жаңа жоңышқаның 930 гектарынан 1040 тонна шөп қоры жиналған.
Осыған сәйкес биыл 17 мың тонна жемдік дақылдарды жинап алу межеленген.
Әркімнің жемі өзінен ауыспайды
Бізде 76 күріш өңдеу кәсіпорыны бар. Осылардан шамамен 115 мың тоннаға жуық күріш жемі мен қалдығы өндіріледі. Салалық басқарманың мәліметінше, бұл біздегі мал азығына жетпейді. Сондықтан республиканың өзге өңірлерінен жем тасып келеміз. Санмен көрсетсек, 71 мың тоннадан астам түрлі жем қоры аймаққа керек-ақ.
Күріш өсіретін шаруашылықтар қосымша төрт түлік өсіруде. Демек, олар шығарған өнім тек өз қажеттіліктерінен артылмайды. Екіншіден, шаруашылықтарда жер үлестері бар тұрғындарға күріштен бөлек, мал азығынан да девидент қарастырылған.
Мысалы, Қазалы ауданындағы «РЗА» АҚ өзінде өндірген күріш қалдықтары, бидай, жүгеріге қосымша өзге өңірлерден малазықтық дақылдарын әкеліп, құрама жем дайындайды. Бұл сондағы 1200 басқа арналған сүт фермасындағы асылтұқымды сиырлардың күнделікті қажетінен ауыспайды. «Абай-Дәулет» ЖШС дәл осы әдіспен жұмыс жүргізіп, өз кәсіптерін қамтамасыз етуде.
– Өзімізде де қосымша мал шаруашылығы бар. Дайындалған өнімнің көбісін соған жаратамыз. Ауысқанын сатып жатырмыз. Жалпы құрама жемді дайындауда оның түрлі қоспалары болады. Көбісін сырттан алдырып әрі тасымалы бар, басқа да шығындарын есептегенде, дайын өнімнің бағасы қымбатқа түседі. Жергілікті тұрғындардың көбісінің қалтасы құрама жем алуға, әрине, көтермейді. Сондықтан мал бордақылайтын кейбір ағайын күріш кебегі мен Қостанайдан келер бидай жемге қанағат етіп жүр, – дейді Шиелі ауданындағы «Әшірбеков» күріш ақтау мен құрама жем зауытының басшысы Бағлан Әшірбеков.
Рас, ірі шаруашылық жанынан ашылған күріш зауытының қалдығына көбісінің қолы жете бермейтіні анық. Қала сыртындағы бордақы алаңын ашып, кәсіпке бел буғандардың біразы сырттан келетін жемге тәуелді. Қарапайым жұрт та қорадағы малына қара базардың жемін тасып әлек.
– Екі-үш жылдан бері ауылдан тәулігіне 6 тонна өнім шығаруға жарамды шағын цех ашып, жұмыс жүргізудеміз. Басты бағытымыз – жем-шөп өндіру. Иә, өзімізден жем дайындауға барлық мүмкіндігіміз бар. Жер өңделіп, арнайы техника мен жабдықтар да алынды. Бірақ, бізде біршама кедергілер жоқ емес. Соның ішінде, ең бастысы – су тапшылығы. Су келгенмен де жергілікті жауапты мекеме оны дер кезінде босатпайды. Кешіккен судың кесірінен биылғы 20 гектар жүгерінің 15 гектарына су жетпей қурап қалды, – дейді Жаңақорған ауданындағы «Сенім» шаруа қожалығының өкілі Қайсар Құлтасов.
Оның айтуынша, жергілікті билік қолдау көрсетсе, ауданға қажетті өнім шығаруға цехтың қауқары жеткілікті. Шаруа қожалық жоңышқа, жүгері, қант қызылшасынан бөлек, бақша мен көкөніс те өсіреді.
Айтпақшы, қала маңындағы мал базарын жағалағанымыз бар. Бүгінде қолдан бағып, көтерме бағамен ұсынатын ағайыннан жем-шөпке қатысты пікірін білгенбіз. Көбісі оның бағасының өспесе, кемімегенін айтады.
– Мысалы, бүгінгі базарда қой 40 мың, ал тоқтысы 27 мың теңге. Мал бағасы арзандап тұр, өйткені, халықта ақша жоқ, жаппай сатуда. Бұл уақытша дүние, қазір жұрт баласын оқуға түсіру немесе мектепке дайындық қамымен малын пұлдап отыр. Оқу маусымы басталған соң оның бағасы қайта көтеріледі. Бізде жем-шөп қымбат. Қолда тұрған малға күрмек, бидай жем береміз. Жемнің ең арзанының келісі 80 теңге. Бидайдың келісі 150-200 теңге, ал тартылған бидайдың қабы 6000-7000 теңге. Шөптен жоңышқа береміз. Бір бумасын 700 теңгеден, қалаға жақын ауылдардан алып отырмыз, – дейді қала тұрғыны Халықжан Пшанов.
Қалалық әкімдік берген мәліметке сүйенсек, облыс орталығындағы жөм-шөп нарқы осы шамалас. Бидайдың келісі 150 теңге, күріш кебегінің қабы 2500 теңге. Жоңышқа 750, бау пішен 450, табиғи шөптің бумасы 500 теңге екен.
Жалпы өңірдегі жем-шөптің бағасы әр жерде әртүрлі. Кейбірі шөп арзандағанмен, жем бағасының аспандап тұрғанын айтады. Мұны келесі тақырыпта шолып өттік.
Өзге өңірдің өніміне тәуелділік бар
Қазір облыста мал азығын дайындау қарқынды жүруде. Бүгінде сұраныстың 42 проценті, яғни 367 мың тонна шөп дайындалған.
Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мына мәліметке назар салсақ. Бүгінде мал азығында маңызды болып саналатын жоңышқаның бағасы нарықта 650-700 теңге екен. Бау пішен 200-250 болса, табиғи шөптің бір бумасы 270-350 теңгеден сатылуда. Бірақ, әр аудандағы шөп пен жем бағасы әртүрлі. Мысал келтірсек.
Қуаңшылықтан көп зардап шеккен Арал ауданында мал азығын өндіретін (құрама жем, күріш кебегі, бидай ұнтағы, балық сүйегінен жем) шағын өндіріс жоқ. Төрт түлікке керек жем өзге облыстардан (Қостанай, Ақтөбе) тасымалданады. Онымен айналысатын кәсіпкерлер жемді түр-түріне қарай сатуда. Мысалы, 18 келілік бидай кебегінің қабы 2000 теңгеден ұсынылуда.
Аралдағы «Аспай» су ағытқысы іске қосылғалы біршама көлдер жүйесіне су барды. Соның нәтижесінде жайылым жақсарып, шабындық жердің үлесі артқаны бар. Халық қазір бау пішенді қолдан орып алып жүр. Ал бір бума (престелген) табиғи шөп 700, жоңышқа 900 теңгеден сатылуда. Айта кетсек, биыл Арал ауданындағы мал қыстатуға қажетті шөп негізінен Сыр беткейдегі ауылдық округтерден, көршілес Қазалы ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандарынан дайындалады.
Қазалыда да жем өндіретін арнайы кәсіпорын жоқ. Дегенмен кейбір күріш өндіруші шаруашылықтардан шыққан күріш, бидай дақылының жарамды қалдықтарын мал жемі үшін жергілікті тұрғындарға өткізетіні бар.
Оның көлемі жылына шамамен 2-3 мың тонна ғана. Базарда әр қабы (30 келі шамасы) үш-үш жарым мың теңгеден сатылады. Ал жергілікті жерден дайындалған күріш кебегі мен дән қалдықтары тартылған жемнің әр қабы (30 келі шамасы) екі жарым-үш мың теңге.
– Аудандағы жеке кәсіпкер Әлимұса Қожағұлов солтүстіктегі астықты өңірлерден түрлі дәнді және майлы дақылдардың, мысалы, бидай, арпа, жүгері, зығыр, мақсарының жарамды қалдықтарын әкеліп, қолдан жасалған шағын қондырғылармен құрама жем дайындайды. Оны жергілікті тұрғындарға әр келісін 100 теңге шамасында өткізіп жүр. Былтыр мал қыстату науқаны барысында шамамен 3 мың тоннаға жуық дайындалды. Бұдан бөлек, 4-5 кәсіпкер астықты өңірлерден дайын түйіршіктелген құрама жем, бидай ұнтағы, жүгері және бидай қалдықтарын сатумен айналысады. Олар да жылына 10-15 мың тонна әкеледі. Жалпы Қазалы ауданында бір жыл ішінде 20-25 мың тонна мал жемі пайдаланылады, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.
Бөлім басшысының айтуынша, Қазалыда шөп дайындау мен егіншілікпен айналысатын 8 шаруашылық және жеке кәсіпкерлер бар. Қыстату науқанына шамамен 25-30 мың тонна жоңышқа және 70-80 мың тонна табиғи шөп керек. Былтыр бауланған пішен 300-400 теңгеден, ал престелген табиғи шөп 500-600, жоңышқа 900-1100 теңге аралығында сатылыпты. Биылғы баға да осы шамалас.
Қармақшыда да Арал мен Қазалыдағы жағдай. Жем өзге облыстардан келеді. Оны сатумен айналысатын кәсіпкерлер халыққа бір қабын (бидай кебегі, 18 келі) 2000-2100 теңгеден беруде. Мұнда шөп арзандау. Бір бума жоңышқа 500-700 теңге, ал табиғи шөптің бумасы 300-400 теңге аралығында.
Қармақшыда көбіне-көп күріш шаруашылықтарының көмегіне жүгініп, арзан бағада шөп сатып алу жиі кездеседі. Әрі мұндағы күріш өсіретін құрылымдар өз ауылындағы тұрғындарына кейде тегін шөп дайындап та беріп жатады.
Жалағаш ауданындағы «АгроХолдинг Қызылорда» ЖШС (күріш ақтау зауыты), «Қарабура» ШҚ, «Аида», «Әжібеков», «Бағлан», «Құлмаханов» жеке кәсіпкерліктері мал азығын сатумен айналысады. Мұнда күріш ұны мен қалдығы, бидай жемі, тауық жемі, т.б. түрлері бар. Бағалары әртүрлі. Мысалы, күріш ұнын келісіне 90 теңгеден, ал қалдығын 100 теңгеден аласыз. Бидайдың бір келісі 170 теңге, одан дайындалған жемнің келісі 100 теңгеден екен. Сонымен қатар, ауданда бау пішен 250-300, табиғи шөп бумасы 300-400, жоңышқа 500-700 теңге арасында сатылуда.
Облыс орталығына жақын Сырдария ауданында тәулігіне 53,2 тонна күріш жемін (мучка) өндіретін 11 күріш ақтау зауыты арқылы ауыл шаруашылығына қажетті өнім шығады. Бұл – аудандық әкімдік берген мәлімет. Сондай-ақ кәсіпкерлер күріш жемінің келісін 82 теңгеден, күрмек жемді 106 теңгеден және бидай кебегін 80-90 теңгеден халыққа ұсынуда.
Биыл жыл басында Сырдария ауданында экологиялық жағдайды жақсарту мақсатымен аудандағы шабындық, жайылымдық және көлдерге 152 млн текше метр су жіберіліпті. Бұл өңірдегі мал азығын дайындауға үлкен көмек екені сөзсіз. Сондай-ақ қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету үшін көлемі 11323 гектар жерге малазықтық дақылдар орналастырылған. Оның ішінде 359 гектар мақсары, 2119 гектар жаздық бидай, 42 гектар сүрлемдік жүгері, 2113 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 6690 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Қазір осындағы ірі шаруашылық құрылымдары арқылы жоңышқаның 4924 гектарынан (бірінші орымы) 6390 тонна мал азығы жиналып, ондағы жұмысшыларға бір бумасы 350-400 теңге аралығында сатылуда. Ал тұрғындарға 500-550 теңге, табиғи шөп 300-350 теңгеден беріліп отыр.
Айта кету керек, ауданда мал азығының тапшылығын болдырмау үшін оны қолжетімді бағада сатуды қамтамасыз ету және күріш атыздарындағы сабанды өртеуге жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы орган мен малазықтық дақыл өндіруші субъектілермен меморандум жасалған.
Оңтүстік аудандар – Жаңақорған мен Шиеліде малға қажетті жем шығаратын зауыт бар. Мысалы Шиелідегі «Әшірбеков» күріш ақтау цехы мен құрама жем зауыты өз жұмысын 2018 жылдың желтоқсан айынан бастады. Қазір зауыт тәулігіне 86 тонна күрішті қайта өңдеп, 28 тонна құрама жем шығарады. Ал Жаңақорғанның Жайылма ауылдық округінде орналасқан «Сенім» шаруа қожалығының тәулігіне 6 тонна құрама жем дайындайтын шағын цехы жұмыс істейді.
Шиелідегі жем-шөп бағасы батыс аудандарға қарағанда төмен. Жоңышқаның бумасы 350-400 теңге болса, бір рулонның бағасы 5000 теңге. Келісіне қарай арпа 120, бидай 140, күріш ұнтағы 80 теңгеден сатылуда.
Жаңақорғанда да баға осы шамалас. Жем сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарда бидайдың келісі 130-150, кебегі 106 теңге. Күріш кебегі 65 теңге болса, табиғи шөптің бумасы 250-300, жоңышқа 450-500 теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ аудан орталығына жоңышқаны арнайы әкеліп сататындар бар. Ондағы жоңышқаның бір бумасы 500-650 теңге аралығында. Жалпы Жаңақорғанда биыл 19652 гектарға жоңышқа, 4387 гектарға бидай, 620 гектарға жүгері егілген.
Былтыр республиканың бірқатар өңірінде қуаңшылықтың орын алу салдарынан елдегі мал азығы қымбаттады. Сондықтан облыс аумағында бұған жол бермеу үшін жем-шөп бағасын үнемі бақылауда ұстау және жем-шөпті дайындау мәселесі басты назарда тұру қажет.
Жем-шөп демекші, осы мәселеде күріш өсіруші ірі құрылымдардың жергілікті жердегі тұрғындарға көмегі болып тұр. Біріншіден олар өздерінде істейтін жұмысшыларға тегін шөп түсіріп берсе, ауыл тұрғындарына арзан бағада үлестіруде. Бұл тек егін шаруашылығымен айналысатын үлкен серіктестіктерге байланысты әңгіме.
«Қыс қамын жаз ойлау» керектігін айтқан бұрынғылардың сөзі мезгілдік тіршілік барда маңызын жоймайды. Түлік үшін азық пен күтім керек, ал қоңды мал шаруаның күнкөрісі. Жасыратыны жоқ, қым-қуыт мына нарықтық заманда мал бағып, май жалау дегеніңіз қиын болып тұр. Жем-шөп қымбат, қуаңшылықтың қыспағы анау. Малдан күй кетсе, ауылдың тұрмысы әлсірейді. Шаруа қауымы да аянып жатқан жоқ. Бәрі де қыспақтан шығуы, тіршілікті әрі қарай сабақтауы керек.
Кейбір болжам айтушылардың сөзінше, бұл қуаңшылықтың артында жақсы күндер бар. Өйткені, уақыт еншісінде қайталанып тұратын құбылыс құсайды бұл. Әрине, жақсылыққа үміт артамыз. Әйтсе де тап бүгінгі уақытта «малды мал тапқаны» былай тұрсын, малдың өзіне шығынданып отырған адам аз емес.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<