Өткеннің парқы және бүгінгінің нарқы немесе атакәсіп қалай оңалмақ?

518

0

Мен Шиелі ауданындағы Ш.Қодаманов ауылының тұрғынымын. Жасым 75-те, еңбек ардагерімін. Қырық бес жылдан астам өз ауылымда, бригадирден бастап ұжым басшысы қызметтерін атқардым. Егемен Қазақстанның  «Құрмет» орденінің иегерімін. Барлық ауылдардың  бұрынғы және қазіргі әлеуметтікэкономикалық жағдайын жақсы білемін.

Біздің ауыл бұрынғы «Төңкеріс» колхозының жұмыс істеу тәсілі нарықтық заман талабына сай келетін. Қажетті азық-түлікті өзіміз егіп, өзіміз өндіретін едік. Ұн диірменіміз болды, бидайды тартып, күрішімізді ақтап беретін. Жүгері, күріш, бидайдан шыққан қалдықты қосып майдалап, жемді де, жоңышқадан мыңдаған тонна шөпті де дайындап алатынбыз. Ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін шеберханамызда токарь станогы және темірді қыздырып түзейтін ұстахана мен сынған бөлшектерді жалғап дәнекерлейтін агрегаттар үздіксіз жұмысын атқарып тұрды.

Егін және мал шаруашылығын қатар алып  жүрдік. Ауыл іргесінен бастап 3500 гектар инженерлік жүйемен тегістелген, сегіз танапты күріш егуге арналған бес ауыспалы егін алқабы болды. Агротехника талабына сай 3 жыл күріш, 3 жыл жоңышқа егілді. Жаңадан себілетін жоңышқаға қажетіне қарай бидай мен соя қосып егіледі. Сегіз танапты алқаптың үшеуіне күріш, екеуіне ескі жоңышқа, екеуіне жаңа жоңышқа, қалған сегізінші танабына жүгері егіп, оны ерте жинап алып, орнын күзде тегістеп келесі жылы күріш егуге дайындайтын. Сонда 3500 гектар жердің 1500 гектарына күріш, қалғанына жоңышқа, бидай, соя, жүгері егіледі. Жер азып-тозбайтын. Еккен егінімізден үнемі пайдамен шығамыз. Сол уақытта колхозда 3500 сауын бағытындағы сиыр болды, бірақ жылда шығынмен шығатын. Егіннен шыққан табыс 3000-нан астам халықты асырап, сонымен қатар сиырдан келген шығынды өтейді. Колхоз өз қаражатымен ауылда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, монша, сауын сиырға арналған мал қоралар (коровник) салып алды. Колхозшылар 6 ай диқан, 6 ай малшы, яғни жыл бойы жұмыста болады. Колхозшы, диқандар мен механизаторлар жыл аяғында келісім-шартта көрсетілген өнімнен артық берсе, түскен табыстан алды 5000, кейінгісі 500 сом аралығында қосымша еңбекақы алатын.

Ауыл халқының тұрмысы 1970-1990-жылдары жақсы көтерілді. Ұрлық деген болған жоқ, күріш егіп жатқанда артылған тұқым күріші тіркемеде егістік басында тұра береді. Күріш жинап жатқанда, бұзылып қалған комбайнның бункеріндегі астыққа ешкім тимейтін. Ұрланғаннан гөрі мол өнімді түгел өткізіп, жыл аяғында қосымша еңбекақы алғанды дұрыс көретін. Ел болып сол үшін күресетін. Осындай берекелі тірліктің арқасында колхоз өз күшімен жылда 2-3 жаңа үй салып, көпбалалы отбасы мен жас мамандарға, қосымша үй салу үшін өсімсіз ссуда берілді. Колхоз Сібірден тікелей құрылыс үшін қарағай бөренелерді адам жіберіп вагонымен алдыратын. Бөренелерді ауылдағы пилорамамен тіліп құрылысқа керекті материалдарды өзіміз дайындайтынбыз. Осындай берекелі, жоспарлы тірлікпен колхозда баспана салу қиынға түспейтін. Ауылда көп тірлік асармен бітеді. Ағайын қол жәрдеміне ақы талап етпейтін. Ынтымақ пен ауызбіршілік мықты еді. Осының бәрі ауылдың өткенінің еншісінде қалды.

Жекешелендіру басталғаннан 3500 сиыр мен қамбадағы артық сақтаған астықты, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді балалар жәрдемақысына беріп, 2-3 жылда түгел тауыстық. Жұмысшылардың еңбекақысын төлей алмадық. Салық пен зейнетақы да төленбей, ұжымымыз екі рет банкротқа кетті. Еккен дақылдар, істелген жұмыс өзін-өзі ақтамай, қарыз көбейе берді. 2003 жылы инвестор келіп банктен 22%-пен  несие алып, жұмыс істей бастадық. Бұл да өзін-өзі ақтамады. Өйткені қара күріш келісін 15 теңгемен өздері бағалап, қарызға жұмыс істей бердік. Бұлардан кейін де 2 компаниямен бірге бастаған ісіміз алға баспады.

 Қазір жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектердің бағасы бірнеше есе өсіп кетті. Бұрынғы  техникалар тозып, несиеге шет елден қуатты жаңа техникалар алып, қарызбен жұмыс жүргізудеміз.

Инвестор тастап кетпейді, себебі пайда көреді. Ауылдағы жұмыс науқандық қана, жұмысшылар 6 ай бос. Науқанда тапқан табыспен халық жыл бойы өмір сүреді. Осы қиындықтарға шыдамай жастардың көбі тұрақты жұмыс іздеп құрылыс, мұнай компанияларына біржола кетті. Бұрын күріш егілетін бір танаптағы 70-80 гектар жерде үш адам жұмыс істесе, қазір бір-ақ адам жұмыс істейді. Күзде өтірік ақпармен мол өнім алып шыға келеді.

Жылдан-жылға Сырдарияның суы азайып, тапшы болып тұр. Судың мол кезінің өзінде күріш пісіп суы байланғанша, майда арықтардың ішін кейде 2 рет қолдап тазалайтынбыз. Қазіргі жағдайда жалғыз адам арықтың ішін қолдап орып тазалауға шамасы келмейді. Тіпті аз суды кезекке қойып, басқа жетпей жатқан жерге бергенде, өз жерінің алды-артын байлап, суын атызда ұстап қалуға шамасы жетпейді. Бұрын әр бригадада 30-40 адам жұмыс істесе, қазір 10 шақты адам ғана бар. Осы қиындықтардан шығудың жолын ойлап, ұсыныстарымды ортаға салып отырмын.

Бірінші кезекте бөлініп кеткендерді қосып, бір ғана ұжым жасау керек. Бұл аз суды бір жерден басқарып, кезекке қойып, тиімді пайдаланудан бастап, күрішті егудегі, жинаудағы аз техниканың бір жерден бірге жұмыс істегенде пайдалы. Қосылғанның бұдан басқа да бірнеше артықшылығы бар.

Екінші кезекте жастарды ауылда қалдырудың тиімді жолы – тұрақты жұмыс тауып беру. Ол үшін мемлекет шет елден сатып әкеліп жатқан асылтұқымды малды тек бір адамға беріп, сол адамды шексіз байытуға жағдай жасамай, ауылдағы ірі ұжымдарға беру керек. Сонда ауыл адамдарына жыл бойы жұмыс табылар еді.

Ауыл жастарын ауылда тұрақты қалдыру үшін «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама сияқты «Ауылда қал» деген бағдарлама жасау керек. Бағдарламаның көптеген жақсы жақтары бар. Жаңадан отау құрған жастардың бала санын көбейтуге тәуекелі төмендеп барады, 2 баламен шектейді. Егер арнайы бағдарлама болса, халық саны артар еді. Көпбалалы отбасындағы үш-төрт бала үйленген соң бір үйге сыймайтыны анық. Тұрақты жұмысы болмай, мәжбүрліктен қалаға кетіп жатқаны баршылық. Әрі барған жерінде баспана кезегін көбейтуде. Ол жақта да жағдайы болмай, қиындықпен өмір сүреді. «Ауылда қал» бағдарламасының аясында жер, үй салуға жетерлік қаражат берілсе, ол үйді өздері салып, жұмыспен өздері қамтылса екен. Үй салатын қаражат өздерінде қалып, тұрмысы жақсарып, тарықпайды және баспаналы болатын еді. Үй біткеннен кейін өсімсіз алдына мал салып берсе, кәсіпкер болып ауылда біржола қалады. Үйі салынып, малы алынып әрі карай жақсы болып кетуі ауыл әкімінің қатаң бақылауында болсын. Бағдарлама талаптарының орындалуына ауыл әкімі жауапты болуы керек. Қазір ауылдағы жер сұраған адамға үй салуға 0,10 гектар жер телімі беріліп жатыр. Инфрақұрылымы бар көшеден 0,10 га жерге ғана рұқсат бар екен, бұрын 0,15 гектар беріліп келген. Сонда 5 сотық жердің шығынын ауырсынып тұр ма әлде дүниежүзінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындағы Қазақстанда жер жетпей ме? Бұл 0,10 гектар жер аудан орталығында болса мақұл. Ал ауылда тұрған халық мал ұстайды, есігінің алдына қауын мен қызанағын, аз да болса жеміс ағашын егіп, жинап алмаса ауылда тұрып не керегі бар? 0,10 гектар жерге қысылып-қымтырылып өмір сүру обал емес пе?

Тағы бір айтылатын мәселе, ауылда жер телімі екі-ақ жылға беріледі. Біздің ауылдағы жаңа 3 көшенің пайдалануға берілгеніне 6 жылдан асып барады. Сол көшелерден көп адам жер алды, бірақ сол үш көшеде үш-ақ үй бой көтерді. Жер алған адамдар жағдайы жоқ үй сала алмай, мемлекетке қайта өтіп кетіп жатыр. Қазақстан азаматына өмірінде бір-ақ рет берілетін жерді біржола беру керек қой. Екіншісін сатып алсын. Бұлардың бәрін тізіп айтып жатқан себебім, «Ауылда қал» бағдарламасына қатысқан адамға есігінің алдынан кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысу үшін қазіргі беріліп жатқан 0,10 гектар орнына 0,25-30 гектар болмаса, малмен бірге араласып өмір сүруге мәжбүр боласың. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналыспайтын отбасыға 0,15 гектар берілсе болады. Бірақ түбінде жақсы өмір сүрем десе, кәсіпкерліктен өзге жол жоқ.

Келесі ұсыныс. Қазіргі жағдайда инвесторсыз жұмыс істеу мүмкін емес, сондықтан инвестор мемлекеттің өзі болғаны дұрыс. Қара халық жеке адамдарға тәуелді болып барады. Мемлекет «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы процентсіз несиені ауылға беріп, күзде өнімін корпорацияға сатуы керек. Сатып алу бағасын ауыл қарызға батпайтындай, екі жаққа да тиімді етіп белгілеп, шартқа отырып, диқан сол сомада өткізсе. Бар дүниені, тірлікті жекеге беріп тек салық жинап қана, жан тыныштықта отыру дұрыс емес. Жеке адамның шексіз баюына жағдай жасамай, Үкімет тарапынан қолдау мен жеңілдік жасаса жақсы болады. Сондықтан ауылға арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш, жаңа техниканы және асылтұқымды малды, күріштің, бидайдың жаңа сорттарын «Азық-түлік корпорациясы» арқылы алған дұрыс болар еді. Ауыл шаруашылығы басқармасы үйлестіру жұмыстары мен талаптардың орындалуына жауапты болса. Сол кезде жемқорлар мен алаяқ делдалдарға, саудагерлерге қара халық жем болмас еді. Корпорация сатып алған дақылдарды өздері өңдеп, базарлар мен дүкендерге қолжетімді бағамен таратып, бағаны белгілесе, бүкіл елде тұрақты ұстап тұрар еді.

Мен көпті көрген ауыл тұрғынымын. Өмірімнің жартысы кеңес дәуірінде, жартысы нарық заманында өтіп жатыр. Қазір алдымызда жақсы күн бар деген үмітпен өмір сүрудеміз. Рас, ауылда бірлі-жарым жеке кәсібі барлар жақсы көтеріліп келеді. Бюджетте жұмыс істейтіндер мен үйінде зейнеткерлері барлар орта деңгейден төмен күн кешуде. Президент жаңа Қазақстанды бірге құрамыз деп халыққа Үндеу жолдады, Үкіметке тапсырма берді. Сол бағдарламаға қосар ұсынысым, бұрынғы колхозды қайта орнат демеймін, бірақ сол колхоздар нағыз нарықтық жүйемен жұмыс жасады. Сондықтан жаңа Қазақстандағы жаңа ауылды құру үшін бұрынғының жақсы жақтарын алып, оған ауыл шаруашылығы ғалымдарының тиімді ұсыныстарын қосып, қасиетті мекенімізді өркениетті елдердің ауылдарының қатарына қосайық. Жан-жақта жұмыс іздеп жүрген жастарды қайтарайық. Олардың көбісі арзан жұмыс күші болып жүр. Бала-шағасы ауылда екі көзі төрт болып әкесін күтуде. Азын-аулақ тапқан қаржысы әйел-баласының киімін жаңартуға жетсе, тамағына жетпей тарығуда. Ауылдағы кәсіп – егін мен мал шаруашылығы ғана. Егінмен айналысудың жағдайын жоғарыда айтып өттім. Үкіметтен несие алып, кәсіп ашып, малмен айналысайын десе, жайылым жоқ, жем-шөп қымбат. Біздің облыста күріш егіп жерді тұздан тазалап жуып алмасақ, басқа дақылдар өнім бермейді. Жеріміз осы әдіске тәуелді болып қалған. Сондықтан одан қол үзе алмаймыз. Сырдария суының тартылып бара жатқанына байланысты күріш дақылын азайтып, бір жерге үш жыл емес, екі жылдан егіп, бидай, жүгері, соя, жоңышқа, бақша дақылдарын көбейту керек. Ол үшін ауыспалы егістің агротехникалық ротациясын, (жүйесін) ғылыми тұрғыда қайта жасау керек. Олай болмаса жер азып-тозады.

Оқырман қауым осы ұсыныстарыма өз пікірлеріңізді білдірулеріңізді сұраймын.

Құрманбек ҚАРАКЕЕВ,

 еңбек ардагері, Құрмет орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<