Олжасы озық Оңтүстік

567

0

«Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік.

Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет.»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Елімізде ауыл халқының жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта жасалатын іс-шаралар барысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында кеңінен қамтылған. Облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорған ауданында бұл бағытта жүзеге асқан және алдағы міндеттер аз емес.

– Биылғы жылдың 10 айында ауданда 86115 адам тұратыны нақтыланды. Ол жыл басымен салыстырғанда 969 адамға көбейген, – деп бастады әңгімесін аудан әкімі Руслан Рүстемов. – Халықтың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында ауданда көптеген құрылыс жүргізілуде. Атап айтқанда, олардың қатарында Жаңақорған кентіндегі 600 орындық №169 орта,  МАИ бекетіндегі 300 орындық мектептерінің құрылысы бар. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық қоры есебінен аудан орталығындағы С.Сұлтанмұратов көшесі бойынан салынып жатқан 300 орындық мектеп алдағы уақытта елдің игілігіне айналады. Айта кетерлігі, былтыр басталған 2 білім ошағы биыл пайдалануға берілсе, 1-і алдағы жылы есігін айқара ашады. Ал, Жаңарық және Байкенже ауылдарындағы мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаттарын дайындауға жоспар бар. Онымен қоса Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақша құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінсе, Өзгентте ауылдық клуб құрылысы жедел қолға алынды.

Ауданда халықтың денсаулығын сақтау бағытында нәтижелі іс баршылық. Бүгінде облыстық бюджет есебінен Жаңарықта амбулатория пайдалануға берілді. Ал, Төменарықта дәрігерлік амбулатория және аурухана, Қаратөбеде дәрігерлік амбулатория, Қашқанкөлде медициналық бекет салынады деген жоспар бар. Бұл мақсатта аталған құрылыстардың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге тиісті қаржы бөлінді. Осындай іс-шаралар Келінтөбе, М.Нәлібаев елді мекендеріндегі спорт кешендері құрылыстарына байланысты да жасалды.

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жер мәселесіне байланысты түйткілге терең тоқталды. Оның ішінде ауыл маңында жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану жағдайы ескерілді. Қазіргі таңда Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» учаскесіне толыққанды жоспарлау жасалды. Ол жер кезегіндегі 7 мыңға жуық тұрғынға жер учаскесін табыстауға мүмкіндік туғызады. Оған аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге қаралған. Ендігі кезекте алдағы жыл бюджетінен жоба-сметалық құжатын дайындау қолға алынады, – деді аудан басшысы.

Айта кетерлігі, ауданда тұңғыш рет жер учаскесін жекеменшік құқығымен аукцион арқылы сату алгоритмі жүзеге асты. Енді кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесін аукцион бойынша сату автоматтандыру негізінде электрондық сауда алаңына шығару арқылы өткізіледі. Оның басты ерекшелігі  – техникалық құрал-жабдықтар арқылы адамның тікелей немесе ішінара  қатысуын шектеу. Бұл дегеніміз әкімдік жұмысының ашықтығы пен жариялығын қамтамасыз етеді, яғни, ашықтық пен жариялылық бәсекелестіктің артуына негіз болады. Әрі сыбайластық тәуекелдерінің алдын аламыз. Сол арқылы қоғамның билікке, жергілікті атқарушы органға сенімін арттырамыз. Бұл іс облыс аумағында алғаш рет Жаңақорған ауданында қолға алынып отыр.

Жолдаудағы басты тапсырманың бірі – жайылымдық жерлерге түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 6662,8  гектарды құрайтын 52 жер учаскесі анықталды.  Мал басы тіркелмеген 49 субъектіге ескерту хат берілді. Облыс  әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда арнайы ауыл шаруашылығы жерін бақылау жөнінде бас инспектор бекітілді. Осылайша ауыл шаруашылығы жерінің мақсатты пайдаланылуы тұрақты бақылауға алынуда. Тау беткейдегі Жаманбай батыр ауылдық округінде Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен жаңадан ашылатын учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді.

– Кейінгі жылдарда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Атап айтқанда, бүгінде елді мекендерді  тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету жүйеленді. Бұл бағытта Ақүйік, Өзгент, Қандөз, Екпінді, Сунақата және Сүттіқұдыққа жаңадан 6 дана трансформатор алуға, Қаратөбе, Келінтөбе, Өзгент, М.Нәлібаев, Жаңарық, Жайылма және Ақүйік ауылдық округтерінде электр бағанасына күн сәулесінен қуат алатын жарық шам орнатуға тиісті қаржы бөлінді. Ол «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген болатын, – деді Руслан Рүстемұлы.

Ауданда автокөлік жолдарының сапасын қанағаттанарлық деңгейге жеткізу бойынша ілкімді істер баршылық. Биыл жалпы ұзындығы 60,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолын орташа жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Айта кетерлігі, бұған дейін аудан тарихында аталған мақсатқа мұндай көп қаржы бөлінген емес. Нәтижесінде қанағаттанарлық аудандық маңызы бар жолдар 87 процентке жетсе, ол елді мекендерде 51 процентті құрады. Қомақты қаржы арқылы Түгіскен-Келінтөбе, Жайылма ауылдары, «Бесарық» бекеті бағыттарында жол орташа жөндеуден өткізілді. Дәл осындай жұмыс Жаңақорған кенті және ауылдық округтердегі 57 көшені жөндеу барысында да жүзеге асты. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Төменарықта 8, Жаманбай батыр ауылында 2 көше жөндеуден өтті.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен барлығы 27,8 млн теңге бөлінді. Оған Жаңарық пен Сунақатада жол жүру қауіпсіздігі белгісі, 10 дана жасанды жол кедергісі орнатылды. Ал  Жаңақорған кентіндегі М.Көкенов, А.Нақыпов қиылысына бағдаршам орнату, А.Иманов көшесінің жолүсті таңбасын заңдылыққа сай қалпына келтіру және кент орталығындағы мектеп айналасындағы жаяу жүргінші өткелін сызуға тиісті қаржы қаралды.

Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытында оң істердің орайы көп. Атап өтерлігі, қазіргі таңда аудандағы барлық 35 елді мекен ауызсумен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ақбұлақ» бағдарламасынан бастау алып, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалғасын тапты. Қазір ауданда «Сырдария» және «Талап» топтық су құбырларының  құрылысы жобасы негізінде көптеген игі іс атқарылуда. Мәселен, аталған жобалар бойынша дарияның шығыс бөлігінде орналасқан 12 (19381 адам) және батыс беткейіндегі 15 (23564 адам) елді мекеннің тұрғындарын таза ауызсумен қамту қарастырылған. Бұл жұмыстар жоспар бойынша жақын арада толық аяқталуы тиіс. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісі салу жұмысын аяқтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық бюджет есебінен Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекендеріндегі сумен жабдықтау желісін қайта құрылып және кеңейтілуде. Ендігі кезекте мұндай жобаны Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекендерінде қолға алуды көздеп отырмыз. Атап өтерлігі, аталған жобалар жүзеге асқаннан кейін жергілікті тұрғындар толықтай орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылады.

Ауданда елді мекендерді аяқсумен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Оған барлық қаржы көзінен 324,4 млн теңге бағытталған.  Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2 ауылдық округтегі каналдарды қазу қолға алынды. Сондай-ақ, тиісті қаржы Аққорған, Қожамберді ауылдық округтеріне қарасты «Р-16-3» және «М-2» каналдарын тазартуға бағытталды.

«ҚазСушар» РМК облыстық филиалы есебінен Сунақата, Келінтөбе магистралды каналдары тазаланған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы насос қондырғысын сатып алуға қаржы бөлінді. Келешекте Жаманбай батыр ауылдық округіндегі Бесарық және Кеңес елді мекендері аяқсумен қамтамасыз етіледі. Ол мақсатта тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстводан тыс сараптамадан өткізу үшін тиісті қаржы қаралды. Кейінгі 30 жыл ішінде аудандық бюджет есебінен су арнасын тазалауға қаржы қаралғанын да ескерген жөн.

Алдағы уақытта елді мекендерді газдандыруға кеңінен назар аударылады. Себебі, бұған дейін жоба-сметалық құжаттандыру болмай, ауылдарды газдандыру кеш қалып қойған. Бұл мақсатта биыл жоба-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізіліп жатыр. Нәтижесінде 12 ауыл табиғи газбен қамтылады. Алдымен Бірлік ауылынан басталатын газдандыру ісіне барлық қажеттілік қамдалып отыр.

Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларына да тиісті деңгейде мән беріліп келеді. Бұл бағытта «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл тұрғын үй сатып алу мақсатында бөлінген қаржы есебінен 82 маман баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ, мамандарды біржолғы әлеуметтік қолдау шарасына 24 млн теңге бөлінді.

Ауданда осы жылдың 10 айында жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда тұрақты жағдай қалыптасты. Айта кетерлігі, бірқатар көрсеткіш бойынша өсу бар. Мәселен, қаңтар-қазан  айында  жергілікті  бюджет 110,6%-ке  орындалды. Болжам  2 млрд 015 млн  839,8  мың теңге болса, орындалғаны  – 2 млрд  228 млн  890,3  мың  теңге. Оның ішінде салықтық түсімдер 107,3,  салықтық емес түсімдер 180,8%-ке орындалды. Ал, кент және ауылдық округ бюджеттері бойынша кірістер 160 млн 280 мың теңге болып жоспарланса, 10  ай қорытындысымен  167 млн 495 мың теңгеге жетті, яғни, ол 104,5 % орындалған.

– Ауданда өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар 68,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ол өткен жылдың 10 айында 65,7 млрд теңгені құраған еді. Рас, өндіріс көлемінің азаюы байқалады.  Себебі, ауданда өндірістің  80%-і  уран саласына қатысты. Әлемді шарпыған пандемияға байланысты өндіріс көлемі 3 жыл қатарынан төмендеген.  Дегенмен тас, әктас өндіру көлемі ұлғайды. Осының арқасында көрсеткішті өз деңгейінде ұстауға жол ашылды. Атап айтсақ, 10 айда әктас өндіру 10 есеге артып, нәтижесінде 20 мың тонна әк өндірілді. Жыл соңына дейін «Қуат» ЖШС-ның қуаттылығы 3 млн блокты құрайтын кірпіш өндіру зауыты өнім шығарады. Ал, «Мелиоратор» ЖШС  гиперпрессиялау әдісімен темір-бетонды құбыр бұйымдарын шығарады. Биылғы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 39 млрд теңгені құрады. Ол былтыр дәл осындай кезеңде 38,7 млрд теңгені шамалаған еді, – деді аудан әкімі.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында биыл ауа райының қолайсыздығы салдарынан мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін атап өткен болатын. Сондықтан бұл бағытта жергілікті аймақтарда жүйелі жұмыстар жүргізу міндеттелді.

Аудан әкімінің айтуынша, бұл жағдай Жаңақорған ауданында да көрініс берген. Дария деңгейі төмендеуі салдарынан мал суаттары тартылып қалды.  Егістік пен төрт түліктің судан қалу қаупі жоғары болды.

– Біз осы мақсатта шұғыл шараларды қолға алдық. Барлық елді мекен айналасында орналасқан жайылымдық жерлердегі су көздері зерделенді. Оған қоса қажеттілігіне қарай ұңғыма қазылды. Нәтижесінде судың жетіспеушілігіне жол берілген жоқ. Қазір жағдай толықтай тұрақталды. Аграрлық салада еңбек етіп жүрген азаматтар суды үнемдеу бағытында жаңашыл жобаларды қолға алды. Кейінгі жылдарда «Пазылбек қажы» шаруа қожалығы Жаманбай батыр ауылдық округінде бос жатқан жерлерді игеру мақсатында ылғал сақтағыш технологияны пайдалануға мән беріп отыр. Аталған жоба аясында 600 гектарға мақсары егілді. Өнім деңгейі көңіл көншітерлік. Ал Аққорған ауылдық округіне қарасты Қазақбай аумағында жаңадан суармалы жерлер іске қосылды. Онда  50 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егілсе, тау беткейіндегі Жайылма ауылдық округіндегі шаруашылық құрылымдары биыл шахталық керіздер (котловандар) қазды. Осылайша су тапшылығы жағдайын ескерген диқандар жерасты суын кәдеге жаратты. Мұндай  тың жобаларды алдағы уақытта кеңінен насихаттауға көңіл бөлеміз. Бұл аяқсу мәселесінің оңынан шешілуіне жол ашады, – деді Руслан Рүстемұлы.

Ауданда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ұдайы назарда тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бағытында да жұмыстар жасалуда. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айы бойынша бұл салада өнімдердің жалпы шығарылымы  21,4 млрд теңгені құрады. Ол өткен жылдың дәл осындай кезеңінде 19,6 млрд теңгені шамалаған еді.

Инвестициялық ахуалдың жақсаруы нәтижесінде 21,6 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды.  Бұл жөнінен көрсеткішіміз – 152,6%. Биылғы 1 қарашаға дейінгі мәлімет бойынша құрылыс жұмыстарының (қызметінің) көлемі 2,7 млрд теңгеге жетті. Осылайша нақты көлем индексі 105,5% болды. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 48387  шаршы метр. Бұл жөнінен де өсім бар. Ол 52500 шаршы метрге орындалады деп күтілуде.

Білім, спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген 20 спорт кешенінің 10-ы Жаңақорған ауданының үлесіне тиеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс құрамасында ойын көрсететін жаңақорғандық спортшылардың үлес салмағы артты. Ендігі кезекте елді мекендерді дамыту бағытына назар аударылуда. Ол ауылдағы жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жол ашады. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен бөлінген  65 млн теңгеге Төменарық, Жайылма, Екпінді, Шалқия, Қосүйеңкі, Кейден, Манап, Келінтөбе, Қыраш, Байкенже, Өзгент, М.Нәлібаев және Сунақата ауылдарында тренажерлық алаңдар пайдалануға берілді. Оған қоса Жаңақорған кентіндегі Әлшекей, Ы.Алтынсарин көшелеріндегі шағын спорт алаңдарын ағымдағы жөндеуге және тренажер құралдарын қоюға тиісті қаржы қаралды.

Бүгінде облыста ашылған 7 жекеменшік мектептің 4-і Жаңақорғанда өз қызметін бастады. Қуанарлығы, биыл мектеп бітірген 829 түлектің 803-і түрлі оқу орындарының студенті атанған. Оның 474-і мемлекеттік білім грантына ие болып, бұл жөнінен аудан облыс бойынша екінші орынға тұрақтады.

Денсаулық сақтау саласында көрсеткіштер жақсарды. Биылғы жылдың 10 айында 1918 бала дүниеге келген. Бұл туу және табиғи өсім көрсеткішінің артуына оң әсерін тигізді. Ал өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Мұндай жағдай онкологиялық аурулар және туберкулез бойынша да байқалады.

Қазіргі уақытта халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында нақты талаптар қойылып келеді. Осы мақсатта «Nur Otan»  партиясы сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» іске асыру негізгі міндеттің бірі болып отыр. Бұл үшін партияның аудандық филиалының Жол картасы бекітілген. Сол арқылы 2025 жылға дейінгі 7 бағыт бойынша биылға 87 іс-шара көзделген. Бүгінгі күнге дейін олардың басым бөлігі іске асты және орындалу үстінде.

– Мемлекет басшысы әрбір облыс және аудан орталығынан «Бақытты отбасы» орталығын ашу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған сәйкес алғашқылар қатарында аталған орталық сәуір айынан өз жұмысын бастады. Орталықтың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіру мақсатында аудандық бюджеттен қосымша 5 штаттық бірлік (2 маман, 3 ассистент) бөлініп, қажетті мамандармен қамтамасыз етілді. Онда отбасыларға заңгерлік және психологиялық көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың жұмыссыз мүшелерін еңбекке орналастыру, оларға кәсіпкерлік негіздерді оқыту, кәсібін ашуына жәрдемдесу, бизнес-жоспар құру, грант немесе шағын несие алу секілді көмектер беріледі, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі  жандар үшін «Кедергісіз орта» қалыптастыру және бұған байланысты барлық нысанды кезең-кезеңімен түгендеу жүргізілуде. Осыған  байланысты 232 мекеме айқындалған. Олардың 202-сі толық бейімделсе,  30-да тактильді тақталар, сары жолақтар орнатылмаған. 2025 жылға қарай мұндай адамдарды толықтай кедергісіз ортамен қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 32 мекеме аталған түйткілді өз деңгейінде шешіп,  қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді. Жаңақорған кентіндегі 10 жол-көлік бағдаршамының біреуіне синхронды-дыбысты анимациялық қондырғы орнатылды. Оған қоса 8 орынға мүгедек және зағип жандарға арналған жаяу жүргінші өткелінің жол белгісі қойылды. Ауданда мемлекеттік тапсырыс аясында бірінші топтағы мүгедектерге «Инватакси» қызметі көрсетіледі. Бұл үшін  3 автокөлік жұмыс жасаса, оның 1-і мүгедектерді отырғызуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық немесе жылжымалы құрылғымен қамтылған. Онда кресло-арбаны бекітуге арналған құралдар бар.

Ауданда бірқатар мемлекеттік бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында оң істерге жол ашылды. Олардың орындалу барысына талдау жүргізілді. Бұған дейін аталған бағдарламалар бойынша қаржыландыруға ұсынылған кәсіпкерлік жобалардың басым бөлігі (88%) мал өсіру және бордақылау бағытында жүргізілген. Бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыруға кері әсерін тигізуде.

– Осыған орай біз ауданның географиялық орналасуы мен ондағы тұрғындар кәсібінің бейімділігіне қарай зерделеу жүргіздік. Соның нәтижесінде ауданның 2024 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Мақсатымыз – өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу,  азық-түлік тауарларын, азық-түлік емес халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамыту, туризм және қызмет көрсету әлеуетін арттыру.

Зерделеу нәтижесіне сәйкес бағдарлама бойынша аудан Сырдария, Қаратау, Орталық деп 3 агломерацияға бөлінді, яғни,  Сырдария агломерациясы егін, Қаратау агломерациясы мал өнімдерін өңдеуге бағытталады. Ал, Орталық бөлігі туризм мен қызмет көрсету жұмыстарын негізге алады. Осыған орай алдағы уақытта қаржыландыруға ұсынылған жобаларға келісім беру кезінде бағдарламада қабылданған критерийлер назарға алынады. Алғашқы кезекте аудан дамуына тиісті үлес қосатын жобаларға маңыз беріледі. Ол экономиканы әртараптандыруға оң әсерін тигізеді, – деді Руслан Рүстемұлы.

Иә, аудан әкімінің айтуынша, ақпараттық-сараптамалық орталықтандырылған деректер қорын қалыптастыру үшін бағдарлама жасалуда. Алдағы жылы ол пилоттық жоба ретінде іске асырылады. Сол арқылы жергілікті атқарушы органдардың деректер қорын біртұтастандыруға жол ашылады. Бұл мәліметтер қорын нақтылау, аудандық бюджеттің қосымша түсімдері көзін айқындау, салықтық әкімшілендіру, салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, азаматтардың міндетті зейнетақы қоры және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылуын арттыруға жол ашады. Одан басқа жұмыссыздықты төмендету, әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж нақты контингент санын анықтау, бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді жоспарлауға қол жеткізіледі.

Қысқасы, олжасы озық оңтүстікте берекелі істің бағыты баршылық.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<