Қармақшы: Тұрмыс деңгейін көтеру – басты міндет

1155

0

Аумағы облыстың 13,7 пайызын алып жатқан Қармақшы ауданының басты кәсібі – ауыл шаруашылығы. Мал өсіреді, егін егеді. Әсіресе, соңғысымен тұрақты айналысатын елді мекендері көп. Жалпы аудан орталығынан бөлек, бір кент пен 12 ауылдық округ болса, басым көпшілігі күріш өсіріп отыр. Әрі сол дақылды Қазақстан ішінде ғана емес, сырт елге экспортқа шығарып келеді. Сондай-ақ бақша егіп, өз-өзін қамтып отырған жұрт екенін айтсақ дейміз. Өнімін өзіне де жаратып, жәрмеңкеге де шығаратын қармақшылық диқандар кейінгі үш-төрт жылда бұл кәсіпті жақсы дамытып жүр. Ал төрт түлікті өсіруге құлшыныс танытқандар тіпті баршылық.  Бүгінде ауданда 38296 ірі қара, 16374 жылқы және 94 мыңнан астам ұақ мал тіркелген.

Қармақшы ауданындамыз. Құжат бойынша 1928 жылы құрылды десек те, ел тарихы тым тереңде. Ауданның атауы жайлы дерек ХV ғасырдан бастау алады. Тарихшылар осылай дейді. Рухани құндылығы мол жердің киесін Шірік-Рабат, Жетіасар, Қосқала, Баршынкент қалаларының орны, Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Сейтпембет баба мазарлары айқындап тұр.

Иә, дүниенің төрт бұрышы мен ғарыштық кеңістікті ұштастырып жатқан түркі дүниесінің абызы, қасиетті Қорқыт баба мәңгілік қоныс тапқан, әулие-әмбилер мекені болған Қармақшының даму деңгейі қалай? Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен эконономикасын нығайту бағытында атқарылған біршама жұмыстарын көргенбіз. Басты дүниелерді бағамдасақ.

Құрылыс қарқыны

Қазір Қармақшыдағы құрылыс жұмыстары қызған. Құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы 5 тұрғын үй – басты нысанның бірі. Бұған қосымша қаланы сумен жабдықтау жүйелерін қайта ауыстыруға 12 млрд теңге қаралған. Биылғы бөлінген 1 млрд теңгемен жұмыстар басталып-ақ кетті. Айтпақшы, Байқоңыр маңындағы Ақай ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр.

Бұл салада ауыл-аймақ та кенже қалмаған. 666 млн теңгеден астам қаржыға Қармақшы, Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылын сумен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, Дүр Оңғар мен ІІІ Интернационал елді мекеніне денешынықтыру және сауықтыру кешенін тұрғызу үшін қаржы бөлініпті. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде.

Аудандағы ірі жобалардың бірі – Төретам кенті мен Ақай ауылдық округін газдандыру. Барлық қаржысы 2 млрд 186 млн теңге болатын құрылыстың басталғанына да біраз уақыт өтті.

Кез келген мемлекет не облыс, мейлі аудан болсын, ондағы жақсы көрсеткішті айқындайтын саланың бірі – жол құрылысы. Сапасы дұрыс жолдың ғұмыры ұзақ, ауыр жүк көліктеріне берік келетіні белгілі. Қармақшыдан көргеніміздей, «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» автожолын жөндеу жұмыстары жақында басталмақ. Мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС құны 1 млрд 445 млн теңге болатын  жол құрылысын жүргізетін болады. Сондай-ақ Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақай елді мекені бойынша барлығы 6 көшені жөндеу жұмыстары басталған. Бұған қосымша шеткі ауылдың бірі – Қуаңдариядағы екі көше де бар.

Өзге салалардағы құрылыс жұыстарында да ілгерілеушілік жоқ емес. Мысалы, Дүр Оңғар ауылының 5 көшесін жарықтандыруға қаржы бөлініпті. Қармақшы ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының жылу жүйесін газға ауыстыру үшін 35,6 млн теңге қаралған.

Қуаңшылықтың алдын алу, сондай-ақ елді мекендердегі бақша егу жұмыстарына аяқсудың маңызы ерекше. Аудан бойынша биыл 11 су ұңғымасы қазылмақ. Оған тұп-тура 202 млн теңге бөлінген.

Аудан орталығы – Жосалы кенті бойынша биыл 33 жоба іске аспақшы. Барлығы 1 млрд 271 млн теңгеге орталық аурухана ғимараты және 15 көшеге орташа жөндеу, 10 көшені жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін «көгілдір отынға» ауыстыру, су ұңғымасын салу, ғимараттардың жылу қазандығын жөндеу, көшелерді абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, т.б. жұмыстар атқарылуда.

Кәсіпкерлік кенже қалмайды

Ауданның экономикалық дамуы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін фактор – шағын кәсіпкерлік. Қармақшыда сала дамуы да басты назарда.

Жалпы биыл есепке көз салсақ, ауданда 4445 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 4111 немесе 92,5%. Былтыр осы саладағы жобаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 млрд теңге (3,4 млрд несие, 621,3 млн теңге грант) берілген. Ал жыл басынан бері 184 жоба 735,8 млн теңгеге қаржыландырылды.

Көпшілікке таныс әрі насихаты жан-жақты болған «Ауыл аманаты» бағдарламасына ниет білдіруші көп. Қазір Қармақшыдағы барлық елді мекендерден несиеге өтініш беріп, кәсіп бастауға ұмтылғандардан 182 жоба іріктелген. Құны 1,2 млрд теңгені құрайды, бұдан бөлек, ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 280 млн теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, жалпы несие портфелі 2 млрд теңге болатын жобалар әзірленбек.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі де күн тәртібінде. Жақын арада индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биыл іске қосылмақ. Сондай-ақ аудан орталығындағы «АНК-Дәулет» ЖШС арқылы газоблоктар өндіретін зауыт ашу және Төретам кентіндегі «МИР-2001» серіктестігінің бетон бұйымдарын шығаратын шағын зауытын кеңейту жобасы басталып кеткен.

Аудандағы сауда саласын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жосалы кентіндегі ескі базар орнына жергілікті кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын салу жоспарланған еді. Жоба құны 150 млн теңге. Қазір жүзеге асыру үшін Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 50 млн теңге несие беріліпті.

Әртараптандыру алға басып келеді

Сыр дақылы – күріштен мол өнім жинап жүрген қармақшылық диқандар биыл да сол үдеден шығуды мақсат тұтқан. Ауданның тыныс-тіршілігі де осы ауыл шаруашылығы саласына байланысты екені жасырын емес. Биыл 26409 гектар жерге егін егуді жоспарлаған аудан 13 жарым мың гектар жерге күріш екті. Мұнан өзге, жоңышқа, жаздық бидай, мақсары, күнбағыс, арпа, құмай сияқты дақылдарды мол тастап, әртараптандыру ісін кеңейткен.

Әртараптандыру демекші, жоғарыда айтқан дақылдардан бөлек, Алдашбай ахун ауылдық округінде 12 гектар картоп егілді. Сонымен қатар, биыл Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма көшетін отырғызып, күтімге алған. Алма бағынан бөлек, дәл осы шаруашылық екі гектар жерге жабынды астында егу әдісімен қарбыз да еккен. Қазір түйнектеуде.

Екіншіден, аймақ басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жылдағыдай ауыл тұрғындарын бақша өнімдерімен өзін-өзін қамту үшін қосымша бақшалық жер дайындалған. Биыл 392 гектар жерге 736 отбасы бақша егуде.

Жастар бастамалары жайлы айтсақ…

Қармақшы – жүз жырауы жыр жүзіктеген өнер өлкесі. Біз осы ауданның мәдениет пен спорттағы жетістігі және жастар бастамалары жайлы қысқаша айтып өтпекпіз.

Ауданда жыл басынан бері мәдениет саласы бойынша 948 іс-шара өтіп, халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетілген. Биылғы жаңалықтың бірі – Әзербайжанның Баку қаласында «Кайнат» жастар орталығының  ұйымдастыруымен Халықаралық балалар арасындағы «Мугам» өнер байқауында Қазақстан атынан қатысқан К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің жас шәкірті Мәди Елдес жүлделі ІІІ орынды иеленген.

Қармақшылық спортшылар да байрақты бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Кеше ғана аудан тумасы Ерасыл Сәулебеков Дурресте (Албания) өткен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында екі дүркін Әлем чемпионы атанып, Сыр елінің абыройын асқақтатты.

Қармақшыда биыл алғаш рет мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асыпты. Жоба аясында 14 жастың әлеуметтік бастамасы қаржылай қолдау тауып, әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде шағын грант табысталған. Грант иесі атанған белсенді жастар қажетті құрал-жабдықтарын алып, жобаларын бастап кетіпті. Атап айтсақ, қазір аудан бойынша 11 теннис, 2 домбыра үйірмесі және бір жылжымалы кинотеатр аудан жастарына тегін қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар, ауданда жастар саясатын жандандыру, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді, мазмұнды ұйымдастыру, олардың шығармашылығын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қоғамдық іс-шараларды, мәдени және спорт жұмыстарын дамыту үшін аула клубы жұмысы тұрақты атқарылуда. Аула клубы жұмысы аудандық жастар ресурстық орталығының базасында ұйымдастырылып, оған жастардың тұрғылықты жері бойынша сұранысы мен қызығушылығын ескере отырып, үйірме жұмыстары жүргізіледі. Клубқа жұмысын мазмұнды ұйымдастыруға қажетті құрал-жабдықтар да алынған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<