Қармақшы былтыр озат атанды. Облыста «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік аудан» атанған ауданның егін мен мал өсіруде табысы жақсы. Әсіресе, былтырғы су тапшылығына қарамастан күріштің әр гектарынан 67 центнерден өнім алып, 88 мың тонна астықты қамбасына құйды.
Расы керек, биыл да су тапшылығы айқын сезіліп тұр. Мамандар дарияға түсер судың тым аз екенін айтып, дабыл қағуда. Анығы сол, биыл тағы да ұдайы суда тұрар басты дақыл – күріштің егілу көлемі қысқармақ..
Әртараптандыру әрі суды аз қажет ететін дақыл егу күн тәртібінде тұр. Қармақшылықтар бұны айқын сезініп отыр. Биыл жоспар бойынша мұндағы егінші қауым 600 гектар жерге бақша өнімдерін орналастырмақ. Бұл – шаруашылықтардан бөлек, жеке тұрғындар егетін егін көлемі. Картоп пен сәбіз, қырыққабат пен жуа, сондай-ақ қауын-қарбыз тұқымы да жерге молынан тасталады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, қазір бақша дақылдары егілетін жердің аумағы белгіленіп, су апару жолдары анықталып болған.
Бір ғана мысал, Қармақшы ауданының ең шеткі ауылдары – Қуаңдария мен Тәйімбет Көмекбаев елді мекенінде 19 гектар картоп, 7 гектар жуа, 8 гектар сәбіз, 6 гектар қырыққабат және 40 гектар қауын-қарбыз өсірілетін болады. Барлығы 80 гектар алқапты алатын бақшаны суғаруға арнайы су тарту қондырғылары қойылады. Бұған қоса Алдашбай ахун ауылдық огругінде де су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, 20 гектар қауын-қарбыз егілмек.
Бұған дейін де Ақжар, Жаңажол ауылдарындағы шаруашылықтар бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіріп келеді. Биыл да аталған шаруашылықтар бұл үрдісті тоқтатпайды.
Аудан басшысының бастамасымен қолға алынған бақша егістігін арттыру өңірдегі азық-түлік бағасына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Көкөніс пен картоп-жуасының өзінен шыққаны, ішкі нарықтың жергілікті өніммен қамтылуы бағаны тұрақтандыруға бірден-бір себеп болары анық.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<