Облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында жүлделілер қатарынан көрінген Қазалы ауданында 78 мыңға жуық халық бар. Биылғы жылдың жартысын еңсерген аудан тіршілігінің даму қарқыны жоғары. Жағымды жаңалық көп.
Иә, құрылғанына 95 жыл толған ауданның тарихы ілгеріде. Қала статусы бар Қазалының іргетасы 1853 жылы қаланды. Ал орта ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент – облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің ең көрнектісі.
Шығысында Қармақшы ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстан мемлекетімен, батысында айдынды Арал, солтүстігінде Қарағандымен шектесетін Қазалы егін және мал шаруашылығымен айналысады. «РЗА» АҚ, «Сыр маржаны», «Жалаңтөс батыр» ЖШС мен «Ақмаржан», «Мерей» сияқты көптеген шаруа қожалықтары табысты жұмыс істеуде.
Өтімді өнімдер
Қазалыдан Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланд елдеріне өнім экспортталады. Бір мысал, былтыр ауданнан 2823 тонна күріш, 557 тонна балық өнімдері, 614 тонна қамыс жөнелтілген. Қазалының қара қауыны да, «Қазалы» атымен бренд болып қалыптасқан конфет пен сабын да жұртқа жақсы таныс.
Ауданда 19 кәсіпорын өнім өндіру және қызмет көрсетумен айналысады. «РЗА» АҚ, «Қамқорлокомотив» ЖШС-ның «Қазалы локомотив жөндеу зауыты» және «Қазалы вагон жөндеу депосы» филиалы, «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы, «Сыр маржаны», «Қазалы Жолшы», «ҚазалыТеміржолжылу» серіктестіктері өз міндетін атқарып келеді.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6600-ге жуық кәсіпкер тіркелген. Аудан кәсіпкерлері 20,7 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Жыл басынан бері дәл осы салада 22 ғимараттың құрылысы басталып, бесеуі іске қосылған. Қолдау көп. Биыл да кәсіпкерлерге қаржы ұйымдары тарапынан 126 жобаға 1 млрд теңге несие және грант беріліпті.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданға қарасты барлық ауылдық округтен құны 1 млрд 780 млн болатын 240 жоба жинақталған.
Ауыл шаруашылығында алуан іс бар
Қазалы халқы күріш өсірумен қатар, жер қарықтап, бақша егеді. Былтырғы Астана қаласындағы жәрмеңкеде ауданның қауын-қарбызы көптеп сатылды. Биыл да 6500 гектарға жуық Сыр салысын сеуіп, суға бастырған. Жалпы егіс көлемі – 17347 гектар. Оның ішінде бақша дақылдарынан бөлек, арпа, бидай, малазықтық және картоп, көкөніс тұқымын жерге тастапты.
Облыс әкімінің тапсырмасымен жеке тұрғындарға да бақшалық жер берілген. Оны дайындауға жергілікті ірі шаруашылықтар қолдау көрсеткен. Биыл жоспардан тыс 130 гектар жерге картоп, көкөніс егілді. 260 адам ұжымдасқан түрде дала төсінде еңбек етіп жүр.
Сондай-ақ ауданда төрт түлік басында өсім бар. Одан шығар өнім де ұлғайған. Мемлекет қолдауымен атакәсіппен айналысқандардың жобалары қаржыландырылған. «Агробизнес», «Іскер» мемлекеттік бағдарламасымен 22 шаруашылық барлығы 110,4 млн теңге несиеге 226 бас мал сатып алыпты. Ал былтыр мал басын көбейтіп жүрген қожалықтарға 941,9 млн теңге субсидия берілген.
Жалпы жыл басынан бері 6 шет мемлекетке 450 тоннаға жуық күріш, 341 тонна балық және 570 тонна қамыс экспортталған. Оған қосымша биыл аудан орталығында «Жанкент-Агро» серіктестігінің күріш өңдеу зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Онда ішкі өнім көбейіп, жұмыс көзі ашылады әрі экспорттың да әлеуеті артпай ма?!
Құрылысқа дем берген
Ауданда білім мен спорт саласына жеке инвестиция тарту жұмыстары артқан. Мысалы, Әйтеке би кентіне жеке қаражат есебінен спорт кешені, Қ.Пірімов ауылында 95, ал Ақтан батыр ауылында 90 орындық балабақша салынбақ. Сонымен қатар, аудан орталығында аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да басталады. Бұған бюджеттен 480 млн теңге қаржы бөлінген.
Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп құрылысы және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы басталады.
Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Қ.Пірімов ауылындағы мектепті күрделі жөндеу үшін бюджеттен 208 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Қазалыда өткен жылғы өтпелі құрылыстардан бөлек, биыл 8 жоба бар. Бұған 3 млрд теңге қаралған. Жаңадан басталған ғимараттың көбісі елді мекендерде салынуда. Бозкөл, Абай, Кәукей ауылында дәрігерлік амбулатория, Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп, Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін тарту және Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған кварталды инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмысы жүрмек. Ал былтыр Қазалы қаласы мен үш ауылды «көгілдір отынға» қосқан құрылыс қуанышы биыл Абай елді мекенінде жалғасады. Газ желісінің құрылысын бастау үшін бюджет есебінен 41,1 млн теңге бөлінген.
Елді мекен арасындағы жолды жөндеу, күтіп ұстау маңызды. Биыл да бюджет қаражатымен аудандық маңыздағы автожолдарды жөндеу үшін 3 жобаға 1,2 млрд және жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын 52 көшені жөндеуге 1,1 млрд теңге қаралыпты. Мысалы, аудандық маңызы бар Ғ.Мұратбаев ауылына кіреберіс, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», «Қожабақы-Бекарыстан би» бағытындағы автомобиль жолы түзелмек. Ал жалпы құны 3 млрд теңге болатын «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл», «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңакұрылыс» және Лақалы мен Жанқожа ауылына кіреберіс жолдарды жөндеуге бюджеттік өтінім берілген.
Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде аудан орталығы Әйтеке би кенті, Ү.Түктібаев және Ғ.Мұратбаев елді мекенінде көшелер жөнделеді, оған 670 млн теңгеден астам қаржы қаралған.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<