ҚАЗАЛЫДА ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

492

0

Қазалы ауданының диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті.

Бүгін облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтан батыр ауылындағы күріш алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.Бүгін Қазалы ауданында егінге алғашқы орақ түсті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысып, егіншілердің қуаныштарымен ортақтасты.

«Сыр маржаны» ЖШС егістік алқабы басында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев биылғы жылғы егіннің жай-күйіне тоқталып, белгіленген мерзімде астықты төкпей-шашпай жинап алу қажеттігін тілге тиек етті.

Шарада аудан әкімі МұхтарОразбаев пен ел ағалары алғашқы егін орағының лентасын қиса, Ақтан батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасыӘнуар Оқас бата берді.

Осылайша биылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буып, білек түре кіріскен сырмаржандықтар дала төсін еңбек дүбіріне бөледі.

Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 17090 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6587 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<