Құтты мекен – Құмжиек

746

0

Аймақтың дамуы ауылдан басталады. Қазалы ауданына сапарымызда Құмжиек ауылдық округіне жол түсті. Мақсат – ауылдың тыныс-тіршілігін көру, адамдарымен жүздесу.

Бұл округ алғаш 1929 жылы «Құмарық» колхозы болып құрылады. Кейін 1950 жылы «Жамбыл», «Бірлік», «15 жылдық Қазақстан», «Комсомол», «Кеңтүп» секілді кіші колхоздар біріктіріліп, Сталин кейін Ленин атындағы колхоз болып ірілендіріледі. Араға жылдар салып 1973 жылы Ленин мен «Қызылту» кеңшары қосылады. Ал келер жылы мамандандырылған Құмжиек мал шаруашылығы ретінде құрылады. 1994 жылы СССР Жоғарғы советінің үш мәрте депутаты, «Ленин» және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің кавалері Қашақбай Пірімовтың  есімі 85 жылдығы  қарсаңында  беріледі. Қазір Құмжиек ауылдық округіне Тапа, Қожақазған және Мәдениет елді мекендері қарайды. Бүгінде мұнда барлығы 290 отбасы, яғни, 1720 адам тату тірлік кешуде.

Кәсіпке ынталылар көп

Бұл ауылдың даму қарқыны көңілге қуаныш ұялатты. Кейінгі жылдардағы көрсеткіші көзге көрініп-ақ тұр. Әсіресе, кәсіпкерлікте ілгерілеушілік бар. Ауылдық округ бойынша 142 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. 78 шаруа қожалығы бар. Бұған қоса, ауылда 5 дүкен, 2 жолаушы тасымалы, наубайхана, пластикалық есік-терезе жасау цехы, газ тарату бекеті, 11 бөлшек сауда, 2 жарнама агенттігі, косметикалық салон, шаштараз сынды түрлі сала халыққа қалтықсыз қызмет етуде.

Бұдан бөлек, мал басын көбейту үшін қаржы алып, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған жандар да бар. Олар жайлы ауыл әкімі Болатбек Баймахановтан сұрап білдік.

– Мәселен, былтыр «Сырдария-1» ЖШС-нан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Алтайыр» шаруа қожалығы 18 миллион теңгеге 450 бас қой, 25 бас асылтұқымды қошқар алды. Ал «Баян» шаруа қожалығы 10 миллион теңгеге 325 бас қой, «Ауылды қаржылай қолдау» қорынан «Еңбек» бағдарламасымен «Сартай батыр» қожалығы 20 миллион теңгеге 50 бас жылқы иемденді. Жеке кәсіпкер Мөлдір Қанатбаева 2,8 миллион теңгеге 7 бас, «Алмасбек» шаруа қожалығы 3 миллион теңгеге 8 бас жылқы алды. «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Дәулет» шаруа қожалығы 10 миллион теңгеге 25 бас жылқы, жеке кәсіпкер Асылхан 8 миллионға 18 бас, «Ж.Жалғасбай» шаруа қожалығы 6 миллион теңгені 15 бас жылқы алуға жұмсады, – деді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, «Жеңіс», «Аян», «Серимов Кенес», «Бексұлтан» секілді ірі шаруа қожалықтары асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Олар аудан орталығына күніне сүт, шұбат, ет өнімдерін саудалап, 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Байқағанымыз, ауылда мал саны 500 бас түйеден асатын шаруа қожалықтары онға жуықтайды. Әрқайсысы 7-15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мынаны көріп, елдің осынау берекелі тірлігіне сүйсіндік.

Ауыл әкімінің айтуынша, бұл мал шаруашылығымен айналысатындардың бір бөлігі ғана. Жалпы, округте ірі қара үш мыңға жуықтаса, түйенің саны 6 мыңнан асып жығылады. Бұдан бөлек, 8 мыңға тарта жылқы, 15 мыңға жуық уақ мал бар екен. Айтпақшы, мал шаруашылығының тәртібіне сай тиісті қажеттіліктер де қамтамасыз етілген.

Көптен күткен «көгілдір отын»

Ауылда кейінгі жылдары ауқымды істер атқарылуда. Сапар барысында бұған анық көз жетті. Нақтырақ айтсақ, көркейту-көгалдандыру және санитария жұмыстарына қаржы бөлініп, ауылға аяқсу беріліпті. Бұған қоса, Тапа, Қожақазған елді мекенінің  жолын тегістеуге бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Сонымен қоса, ауылдағы «Басықара» каналы бойындағы автокөлік жүретін көпір ағымдағы жөндеуден өткізілді. Кейінгі бірнеше жылда округ орталығындағы Ғ.Мұратбаев, Т.Ізтілеуов, Т.Ақжігітов көшелеріне түнгі жарықшамдар қойылған. Балалар ойын алаңы, тренажер және жүгіруге арналған жолақ орнатылған. Дегенмен кемшін қалған тұстар да жоқ емес. Ауылда әлі де көшелерді асфальттау, жарықтандыру, балабақша салу секілді өзекті мәселелер бар. Ауыл әкімі мұның барлығы кезең-кезеңімен шешіледі деп отыр.

Мұндағы халықтың қуанышы – ауылға «көгілдір отынның» келуі. Отын сындырып, күл шығарудың өзіндік бейнетінен арылатын уақыт алыс емес. Сондықтан басы артық мәселеден құтылып, қала халқы секілді газ игілігін көру – ауылдағы ағайынның басты арманы. Бұл елді мекенге орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Егер жұмыс жүйелі жүрсе, 230  отбасы мен 6 нысан газбен қамтамасыз етілетін болады.

– Бізде биыл қуанышты жыл болып отыр. Себебі көптен күткен газ құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп күтудеміз. Өте ризамыз. Әйел адамдардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдейтін болды. Сонымен қатар, спорт кешені салынды. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға бұл да мол мүмкіндік. Бұл мәселені ауыл тұрғындары көптен бері көтеріп жүрді, енді міне, шешімін табуда, – деді ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Жамал Қожанова.

Жаңа нысан бой көтерді

Мұнда спортқа  бейім  жандар жетерлік. Әсіресе, жастардың ынтасы жоғары. Бұрын оқушы кезімізде жарысқа бұл ауылға  ара-тұра келетінбіз. Сонда өзіміз қатарлас балалардың бәрі волейбол, футбол, баскетбол, күрес сияқты спорт түрлерінен мықты еді. Жуырда жаңа спорт кешені бой көтерді. Жетістіктер енді тіпті молая түсеріне сенім бар. Орайы келгенде айта кетейік, мұнда ауыл балалары еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокспен шұғылдана алады.

Айтпақшы, бұл ауылдың білім саласында да көрсеткіші жоғары. Округте 1990 жылы іргетасы қаланған №92 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Білім ошағына мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетов есімі берілген. Мұнда 54 педагог еңбек етіп, келешегінен үміт күттіретін шәкірттерге тәрбие беруде.

Еске сала кетейік, ауылда дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Ауызсу сервистік желі арқылы тұрақты берілсе, аяқсу аптасына бір рет насоспен жеткізіледі. Жалпы, сапар барысында осы ауылдың ауызбіршілігі мығым, тірлігі түзу екенін байқадық. Бұл енді сондағы халықтың байлығы деп байлам жасаймыз.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<