Қуаңшылықта туған құлыншақ

840

0

Таңертең Аралдан шыққалы ақ «Нива» бір тынбады. Өзі де сәлден соң ұзақ жолды ауырсынғандай жүйкеге тиер сырыл қосты. Жолсерік жігіт газды ышқынта басса да, «бар қауқарым осы» дегендей жүрісін өндітпеді. Ал мендегі – кешке дейін Сырдағы қуаңшылық қысқан ауылдарды аралап үлгерем бе деген ой.

Тағы да тілшілік тіршілік. Тағы да сусыз көл мен отсыз жердің жайы. Ал осы екеуі қо­сылғанда мал бабы жайлы жайба­рақат айту тым қиын-ау. Иә, сапар көңілсіздеу басталған еді.

Азанмен Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас ауылының үстімен өткенбіз. Ұлы жолдың екі жағы көк атаулыдан биыл мақұрым. «Бұл байғұстар не тауып жүр екен?» деп кездескен төрт түліктің бәріне жабырқай қарайсың. Әсіресе, түйе көп мұнда. Жерден бірдеңе шалып жеген болады. Былтыр ғана бес жасар баладай көрінген бұлардың қос өркеші қазір тым салбыраңқы. Ал өлі жүні биыл түспейтін секілді…

Қамыстыбастағы темір жол өткелінен өткенде бір үйір жылқы жол жиегінде тұр. Саяқ жүрген деуге де келмейді. Мен де үйір деп жұмсарта салдым-ау, әйтпесе, мұндағы Қамбар ата тұқымының қатары селдір.

Апырм-ай, үйірге ерген құлын аз екен-ау. Үш-ақ төл. Тірсегі майыса қалтырайды. Қалтырамай қайтсін, биеде сүт жоқ. Әлсін-әлсін енесінің бауырын түрткенмен, езуі көбік­тенбейтінін құлыншақ қайдан білер?! Әсіресе, шеткері тұрған қасқа құлынның қимылы әлсіз. Көкке тойып, ойнақ салар оның «балалығы» жұтаңдық арасында жүр.

Рас, көргеніміз қоңды емес. Құйрық-жалы сұйылған. Бір сөзбен айтқанда, жүдеу малдың сиқынан менің денем тоңазиды. Тіпті, күн шақырайып тұрса да. Құм суыра беретін мұндағы ыстық жел аузы-мұрнымды әлдеқашан бітеп еді. Қышырлата тістенесің. Оның да кімге екені белгісіз…

Журналистің жолсапарын келесі саннан оқисыздар

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<