Шаруасы ширақ Шиелі

825

0

Биылғы жартыжылдықта Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтиже бар. Атап айтқанда, есепті кезеңде аудан бюджетінің кірісі 5 млрд 438 млн теңгеге артып, 112,7 пайызға орындалған. Сонымен қатар экономиканың негізгі тірегі саналатын маңызды салалардың бірі – өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 36,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға өскенін көрсетеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі  15,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Нұржан Ахатов айтты.  Брифингте ауданда  алты айда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар таныстырылды.

– Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд 754 млн теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде  бюджеттің өз кірісі – 4 млрд 298 млн теңге. Шиеліде экспорт көлемі де артып келеді. Мәселен, ірі кәсіпорындардың бірі – «Фирма Балауса» ЖШС-ның «Баласауысқандық кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы. Осы кәсіпорыннан шығарылған 190 630 тонна өнім Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдеріне экспортталды. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» бірінші жартыжылдықта Өзбекстанға 81 579 тонна цемент жөнелтті. Жалпы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16 млрд теңгені құрап, 2,2 есеге артты. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі  5,5 млрд теңгеге орындалды. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 31 567 шаршы метрді құрап отыр, – деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд 431 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан. Сондай-ақ аудан бойынша 31 702 гектарға егін егілген. Соның ішінде негізгі дақыл – күріштің үлесі  13 189 гектарды құрап отыр.

– Ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан техникалар алып, ауданға 506 млн теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 5405 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды. Ал күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды. Сапалы өнім алу үшін судың мол болуы керегін ескеріп, қазіргідей су тапшылығы орын алған тұста егіс алқаптарына 59 жерге насос қойылды. Сондай-ақ, «Олжа Агро» ЖШС 1200 бас асылтұқымды ірі қара малының тауарлы-сүт фермасын ашу бағытында серіктестік басшыларымен келісімге келіп отырмыз. Ферма құрылысын «Алғабас» ауылынан салу жоспарлануда. Жем-шөп қорын дайындау мақсатында серіктестікке Диірментаудан жер телімі әзірленіп, бүгінде таңдалған жер телімінің топырақ зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ферма ашылғанда кемінде 80 адам жаңа жұмыс орнымен, жем-шөп дайындағанда тағы 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жоба аясында өңірімізге 10 млрд теңге инветиция тартылатын болады,– деп атап өтті Н.Ахатов.

Баспасөз конференциясында аудан әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін кемінде өнім сақтайтын екі қойма салу көзделгенін айтты. Қазірдің өзінде Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын, сыйымдылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, мұздатқыш құрал-жабдықтары орнатылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасына үлестірілген. Оның ішінде 520 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс-бақша егілген. Сондай-ақ, ауданның экспорттық әлеуетін арттыру бағытында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарларын сырт елдерге экспортқа жөнелту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, былтыр мамыр айында Қырғызстанға 20 тонна ақ күріш, Ресейге 421 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ экспортталған. Ал еліміздің басқа да облыстары мен қалаларына 18 500 тонна ақ күріш, 1 200 тонна қарбыз, 3 800 тонна қауын және 22 000 тонна жоңышқа жөнелтілген.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында 1,6 млрд теңгенің 409 жобасы ұсынылып  отыр. Жалпы ауданда 7523 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның 7254-і жұмыс істеп тұр. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 114,9 пайызды құрап отыр.

– Ауданда сауда-саттық және туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның құрылысы басталып, бүгінде 2 нысан пайдалануға берілді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жыл соңына дейін қалған жобалар іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, есепті кезеңде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 687 млн теңгені құрайтын 225 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Оған қоса, 20  жасқа 2,5 пайыздық  шағын несие беру жоспарланған. Бүгінде 22 жоба өңірлік комиссияның оң қорытындысын алып, 7 жоба 31,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Қалған оң қорытынды алған 15 жобаны 67,5 млн теңгеге қаржыландыру күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Жалпыұлттық жобалар аясында биыл ауданда өндіріс бағытында 24,8 млрд теңгені құрайтын 5 жеке инвестициялық жоба іске асырылуда, олар толық іске қосылған кезде 590 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда, – деді аудан әкімі.

Ауылдарды газдандыру бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, биыл 6 елді мекенге республикалық бюджеттен 1 млрд 531 млн теңге бөлініп, газ желілері жүргізіледі. Бұл елді мекендер толықтай газға қосылғанда ауданның 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылмақ.  Шиелі кенті және Ы.Жақаев, «Бидайкөл», «Байсын», Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, «Ақмая», «Алғабас» ауылдары газға қосылған. Ендігі кезекте «Еңбекші», «Жиделіарық», «Алмалы», Ә.Тәжібаев, Досбол датқа, «Бестам» ауылдарына газ құбыры тартылуда. Жалпы Шиелі ауданы бойынша газға қосылмаған 16 елді мекен бар.

Ауданда аяқсу, ауызсу, жол, құрылыс бағыттары бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысы жоспарлануда. «Байсын» елді мекеніндегі жобалық құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектеп биылғы  оқу жылына  дейін пайдалануға берілмек. Келер жылы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық заманауи мектеп құрылысы басталады.

Айнұр Батталова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<