Шаруасы ширақ, тірлігі мығым «Қосшыңырау»

661

0

Өркениеттің, дамудың жолын қаладан тапқанымызбен, біздің өмірімізде ауыл­дың алар орны ерекше. Осы уақытқа дейін    қалаға қарасты бірнеше ауылды аралап, тыныс-тіршілігмен танысқан болатынбыз. Мақсат – ауыл ахуалын көзбен көріп, оны қаз-қалпында оқырмандарға жеткізу. Бүгін қаладан 14 шақырым қашықтағы «Қосшыңырау» ауылдық округіне жолымыз түсті.  Округ Досан ауылынан бастау алады. Кіреберістен-ақ мұнда байыпты қадамдар мен ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқаны байқалады. Бізді ауыл әкімі Сейдуәли Әбдіқадыров қарсы алды.

Тарихқа үңілсек,  1952  жылы «Интернационал», «Казрис», «Жыңғылдыкөл», Абай колхоздары бірігіп, «Интернационал» ауылдық советі болып құрылған. Орталығы Абай колхозы болған. 1997 жылға дейін Сырдария ауданының  құрамында  болып,  кейін  «Қосшыңырау» ауылдық округі аталды. Округке Абай мен Досан ауылы кіреді. Бүгінде мұнда үш мыңнан астам халық қоныстанған. Оның ішінде екі мыңға жуығы экономикалық белсенді.

Еңбек түбі – береке

Мұндағы халықтың негізгі тіршілік көзі – егін мен мал шаруашылығы. Биыл  абайлықтар 1659 гектар жерге күріш, 113 гектарға жаңа жоңышқа және 172 гектарға бидай егіп, мол өнім  алды.

– Бізде  2 ауыл шаруашылығы кооперативі, 62 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Оның ішінде егін шаруашылығымен айналысатын 28 шаруа қожалығы бар. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді, 5734 ірі қара, 4098 бас жылқы, 5765 қой-ешкі, 500 құс, 402 бас түйе тіркелген. Оларға биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен аусыл, Сібір жарасы, туберкулез, қарасан, бруцеллезге қарсы ветеринариялық алдын алу іс-шаралары жүргізілді, – дейді ауыл әкімі.

Айта кету керек, бұл мекенде 10000 центнер астық бастырып, екі мәрте одақтық көрменің жеңіл көлігін жеңіп алған Әлайдар Ысқақов, ел ырысын еселеген механизаторлар Темірбек Әбуов, Төрехан Төлегенов, Айдар Омаров, Қарымсақ Батырбеков, Якуда Ысқақов, Бақытбек Шайкемелов, Жайман Пірмағамбетов, Қабылда Бимекенов еңбек еткен. Сондай-ақ  облыстық дәрежедегі қайраткер Жүсіп Бисариев, Еңбек ері Оразбай Әбішов, Мүсілім Базарбаев, Ибрагим Еділбаев, ғалым Тотай Тұрлығұлов, белгілі диқан, ауыл шаруашылығының білікті қайраткері Досан Елеусінов те  осы ауылдан түлеп ұшып, халықтың мақтанышына айналды.

Бүгінде осындай білікті мамандар мен қайраткерлердің ізін кәсіпкер Данабек Әбдібеков жалғауда. Диқан дәстүрін кәсіпке айналдырған ол егіннен бөлек, мал шаруашылығын да қолға алған.

– 1999 жылы «Ақжол» шаруа қожалығын құрдым. 2002 жылға дейін егінмен айналыстым. Мал басын көбейтуді қолға алдым. Онан кейін қайта егіншілікті кәсіп етіп, қос саланы қатар алып келемін. Қожалықта 15 адам жұмыс істейді. Қазір кәсіп істеймін деген адамға қолдау көп. Бастысы ниет болса болғаны.  Мемлекеттен тыңайтқышқа, тұқым мен суға субсидия алып отырмын. Кейінгі 3 жылға қарағанда биыл жағдай жақсы, 50 центнерден өнім алдық. Жыл сайын жаңа техника да көбеюде, – дейді шаруашылық төрағасы.

Айта кету керек, Данабек Әбдібеков ауылдың көркеюіне үлес қосып, демеушілік көрсетіп келеді.              

«Көгілдір отын» игілігіне кенелді

Мемлекет басшысы елдің дамуына қатысты маңызды бағыттарды нақтылағанда ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударды. Әсіресе, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін айтты. Қызылорда облысы басқа өңірлерге қарағанда инфрақұрылым жағынан көш ілгері. Оны қаладағы бастамалардан ғана емес, елді мекендердегі ауқымды тірліктерден де байқаймыз. Ауылдарға апаратын жолдар тақтайдай түзу, жарық жарқырап тұр. Мәселен, біз барған Абай ауылында 16, Досанда 24 көше бар. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Досан ауылының №1 көшесіне жарық бағандарын орнатуға қалалық бюджеттен 3,8 млн теңге бөлініп, жұмыс толығымен аяқталды. Сондай-ақ 5 көше асфальтталып, 10 көшеге қиыршықтас төселді. Тұрғындар сұранысына сәйкес жаттығу алаңы салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда. «Елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасымен жергілікті бюджеттен 5,3 млн теңге бөлініп, Абай, Досан ауылдарындағы балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Алдағы уақытта №2, №12, №7 көшелерге тас жол төсеу жоспарлануда.

– Біздегі басты меженің бірі – Досан елді мекенін талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету. Бұл жобаның құны – 380 млн теңге,  қазіргі кезде бастапқы 50 млн теңгесі бөлініп, қалалық құрылыс бөлімі мердігер мекемені анықтап, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бюджеттің қаржыландыруына қарай, жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады.

Досандықтарды қуантқан игілік – медициналық бекеттің салынуы. Жаңа нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерді. Оның құрылысына 138 млн теңге жұмсалды. Медициналық бекетте 7 қызметкер жұмыс істейді, – дейді округ әкімі.

Айта кету керек, қосшыңыраулықтар өткен жылдан бері «көгілдір отынның» игілігін көруде. Газдандыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 662,7 млн теңге бөлінді. Қазір ауыл тұрғындарының 70 пайызға жуығы «көгілдір отынды» пайдаланса, қалғаны жыл соңына дейін қосылады.

Кәсіпкерлік – табыс кілті

Ауылдағы ерекше атап өтетін жетістік – кәсіпкерліктің өркен жаюы. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі мол. Бүгінде 363 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жыл басынан бері 74-і тіркелген. Сондай-ақ түрлі бағдарламалар аясында 19 жоба қолдау тапты. Әсіресе «Ауыл аманаты» жобасы шаруашылықпен айналысатын абайлықтарға қолайлы болып тұр. Жаңа жоба бастағандардың қатарында ауыл тұрғыны Ербол Құдалша бар. Жас кәсіпкер «Құс етін өндіру» жобасын әзірлеп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде  8,6 млн теңге несие алдым. Бұған дейін ауылдан жер берген. Сол жерге  құс фермасын салып, 1500 бройлер балапанын күтімге алдым, 40 күн сайын 3 тонна ет шығарсақ деген мақсат бар. Бір балапан 2-2,5 келіге дейін ет береді. Күніне 40 шақты тауықты сатып отырмыз. Бағасы да тиімді, халықтың қалтасы көтеретіндей етіп 1500 теңгеден. Бұл – жергілікті өнімге, қолдан бағылған тауық етіне жақсы баға. Қазір халық та үйренді, сұраныс та жоғары, – дейді кәсіпкер.

Құс фермасына несие қаражатынан бөлек, 7 млн теңге инвестиция тартылған. Ферма  бордақылау, сою, қалдықтарды өңдеу цехтарынан және әкімшілік ғимаратынан тұрады, 1500-2000 құсқа арналған. Қазір қасапхана салынуда. Кәсіп иесі алдағы уақытта аудандарды да тауық етімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерлер қатары мұнымен шектелмейді. Жуырда Абай ауылында жекеменшік монша іске қосылды. Жергілікті іскер азамат Бекзат Әшірбеков «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 млн теңге көлемінде несие алып, жобаны жүзеге асырған. Сыйымдылығы 18 адамдық.  Кәсіпкер  4 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мұнан бөлек, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы «Іскер» бағдарламасымен 9 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын алу,  «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында пенаблок шығару жобалары да қаржыландырылған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы 3 адам жастар практикасына, 37 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 7 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға тартылды.

Тәрбие – талбесіктен

Ауылда жастар тәрбиесіне ерекше мән берілген. Өйткені, тәлім мен тәрбие – қай кезеңде де басты мәселе. Әсіресе, әлеуметтік желі мен көшенің теріс тәрбиесі кең құлаш жайып тұрған қазіргі уақытта жастардың ауыл-ауыл, көше-көше болып, бір-біріне күш көрсететіні, төбелесетіні жасырын емес. Мұндай жағдай елдің ынтымағын ойлайтын ақсақалдарды да алаңдатпай қоймайды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырбай Байкенов ауылдың тыныс-тіршілігін, жастардың жайын бүкпесіз баян етті.

– Өзім осы ауылдың тумасымын. Еңбек жолымда механизатор, есепші болып жұмыс жасадым. Теміржол саласында қызмет атқарып, зейнетке шықтым. Ауылға қайта келіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Жағдай жылдан-жылға жақсаруда, көптен күткен газ келді, көлік сағат сайын қатынап тұр. Алғашқы медициналық көмек беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де шешілген.  Одан артық не керек?

Ал жастар мәселесіне келсек, ауыл жастарының ауызбірлігі сүйсінтеді. Сөзіме тұздық болсын, күн жылынғаннан ауыл жастары бірігіп іргетас құюмен айналысады. Қазір 40 шақты бригада жұмыс жасайды. Сұраныс жоғары болғандықтан, өзге өңірлерге де барады. Бос жүрген адам көрмейсің. Сосын мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, мал шаруашылығын дамытушылар қатары көбеюде. Тағы бір қуантатын жайт – ауыл азаматтарының елге деген жанашырлығы. Күзде қарттарға шөбін түсіріп береді. Одан қалды ауыл ардагерлерінің саяхаттауына мүмкіндік жасайды, – дейді ақсақал.

Білімдінің күні жарық

Жалпы «Қосшыңырау» халқына 2 мешіт, №138, №280 орта мектептер, мәдениет үйі,  ауылдық амбулатория, медициналық бекет, №5 кітапхана қызмет етеді. Бала тәрбиесіне ата-анадан бөлек, мектептер де үлес қосуда. Абай атындағы  №138 білім ордасында бүгінде екі ауысымда 461 оқушы білім алады. Шәкірттерінің жетістіктерін жеткізген мектеп директорының міндетін атқарушы Ержан Серікбайұлы олардың тәртібі жақсы екенін де баса айтты.

– Бала тәрбиесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Білім нәрін сіңірумен қатар тәртібіне қараймыз. Ата-анамен, ауыл ардагерлерімен, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыстамыз. Балалар сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелер мен спорттық жарыстарға қатысады. Алды республикалық жарыстарға барып, жүлделі орын алып, жеңіспен оралуда. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Білімдегі жетістіктеріміздің арқасында өткен жылы республика бойынша «100 үздік олимпиадалық мектептің» қатарына ендік, – дейді ол.

Мұнда 76 мұғалім жұмыс істейді, жас мамандарға  қолдау көп.

– Қорқыт ата атындағы университетті бітірген соң, ауылға қайта оралып, өзім оқыған осы мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Үйренісу қиын болған жоқ, ұстаздарым қолдау білдірді. Бүгінде білгенімді шәкірттеріме үйретіп, олардың жетістікке жетуіне үлес қосып жатқаныма қуанамын, – дейді жас маман Гүлзат Алтынбекова.

Мектепте заманауи үлгіде жабдықталған 4 кабинет бар, химия, робототехника  кабинеттері 2018 жылы жасақталған. Олардың біріне 5 млн теңге, екіншісіне 3 млн теңге қаржы бөлінген. Физика кабинеті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Биыл олардың қатарын биология кабинеті толықтырды. Бұл оқушылардың жақсы білім алуына, жан-жақты дамуына жасалған мүмкіндік болып тұр.

Волейбол, теннис, бес асық, шахмат, домбыра, асық ату үйірмелерінің де жұмысы қарқынды. Әсіресе, бес асық, асық ату мен зілтемір көтеруден чемпиондар шығуда.

Досан ауылындағы №280 мектеп оқушылары да  би, шахмат, «Шебер қолдар», баскетбол, волейбол үйірмелеріне қатысып,  бос уақыттарын тиімді өткізеді.

Жалпы қосшыңыраулық жас өрендердің жетістіктері жетерлік. Қабырғалы қаламгер, арқалы ақын, дарынды драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаевқа, белгілі ақын-композитор, ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаеваға өмір сыйлаған, 15 баланы дүниеге әкелген «Алтын алқалы» ана Нағима Аймағанбетова өсіп-өнген ауылды түлектер мақтан тұтады.  Осыншама текті жандарға алтын бесік болған мекеннен әлі талай таланттар дүниеге келетіні сөзсіз.

Ауқымды тірлік пен толымды істерге қарап, ауылдан тұрақтылық пен татулықты, бірлік пен берекені сезіндік. Бұл – біз көрген ауылдың көрінісі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<