Шиелі: Өркендеу жолында өнімді іс бар

1017

0

1928 жылдың қыркүйегінде құрылған Шиелі ауданы Сырдария өзенінің ортаңғы ағысында орналасқан. Шығысында алты алашқа  белгілі ежелгі Сығанақ, Бестам, теріскейінде оңтүстікке сұғына жатқан қарт Қаратау. Одан әрі Арқадан  бастау алып, Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені. Таңбалы тас. Талай тарихи оқиғаның куәсіндей болған «Телікөл» де осы өңірде. Батысы облыс орталығының шекарасына иек артса, түстігінде байырғы өлке – «Қызылқұм».

Шиелі десек егінші, егінші десек даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев еске түседі. Жалпы еңбек адамының дәріптелуі, оның ішінде осы ауданнан 41 Еңбек ерінің шығуы жайдан-жай емес. Одан бөлек, М.Шоқай, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев сынды тұлғалардың шығуы – Шиелі жерінің тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиелеуде белгілі орын алатындығын дәлелдеп-ақ тұр.

Жер көгертіп, өнім алған

Шиеліде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд 431 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, биыл ауданда 31702 гектар жерге егін егілді. Оның қатарында күздік-жаздық бидай, тары, мақсары, жүгері, ескі және жаңа жоңышқа, күнбағыс пен мал азығына арналған асқабақ та бар. Ал картоп, көкөніс, бақша егуді аудан диқандары әсте ұмытқан емес.

Негізгі дақылды 13189 гектар жерге еккен шаруалар бүгінде Сыр салысын суға бастырып, күтіп-баптауда. Сонымен қатар, осындағы шаруашылықтар техникаларын да жаңартып отыр. Биылдың өзінде инвестор арқылы жаңа екі комбайн, екі жүк тиегіш және бес трактор алынған.

Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте көтерген 8 бағытының бірі – қоғамдық-саяси ахуалға әсер ететін бағаны тұрақтандыру,  инфляцияны тежеу шаралары болатын. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында Шиеліде ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл аудан көлемінде жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасы бақша егіп отыр. Оның ішінде 520 гектар жерге тамшылатып суару жұмыстары жүргізілуде.

Ал аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, мал шаруашылығында төрт түлікте де, одан өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар.

Осы  салаға тікелей қатысы бар «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында аудан бойынша құны 3 млрд теңгені құрайтын 652 жоба әзірленген еді. Қазір құжаттары дайын 1,7 млрд теңгенің 409 жобасы тиісті орынға ұсынылмақ.

Өндіріс ошақтары

Жаңа жылдан соң Шиелі ауданының бюджеті 10 млрд 754 млн теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 291 млн теңге. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 102,5 пайызға артып, 36,1 млрд теңгені құрады. Бүгінде аудандағы ірі кәсіпорындар – «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС цемент, «Иіркөл» ЖШС және «Ру-6» ЖШС уран, «Байқоңыр Солар» ЖШС күн сәулесінен электр энергиясын, «Фирма Балауса» ЖШС ваннадий, «Кемикал» ЖШС пластик құбырларын, ал «Шиелі-Жолшы» ЖШС жол құрылысына қажет асфальт, бетон өнімдерін өндіруде.

Айта кету керек, аудандағы өңдеу өнеркәсібіне аталған серіктестіктерден инвестиция тартылып, жоғарыда айтып кеткендей, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алынған.

Инвестициялық жобалар ел игілігіне

Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің 7523 субъектісі тіркелген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік саны – 7254. Биыл сауда-саттық және туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның құрылысы басталып, екі ғимарат пайдалануға берілген. 9 адам тұрақты жұмысқа тұрыпты. Ал жыл соңына дейін жоспарланған жобалар іске асса, 270 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 687 млн теңгені құрайтын 225 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әзірленген жалпыұлттық жобалар аясында биыл ауданда 27,7 млрд теңгенің 15 ірі инвестициялық жобасы басталған. 590 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Санамалап айтсақ, біріншісі – «Шиелі Доломит» ЖШС-ның қиыршық тас зауыты. Жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын зауыт іске қосылғанда 90 адам жұмысқа тұрады. Қазір зауытты толық іске қосуға дайындық жүруде. Сондай-ақ «ADK Group Kazakhstan» ЖШС-ның әк шығару, «KUTAU SP» ЖШС-ның «Кутау-3» кенішіндегі қиыршық тас және әк өндіру зауыты, «Ай-мар групп» ЖШС-ның тігін шеберханасы, «Еңбекші» ауылдық округінен жобалық құны 20 млрд теңгені құрайтын «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт болатын күн-электр станциясын салу да осы ірі жобалар қатарында.

Инфрақұрылым қарқыны

Шиелі ауданындағы газдандыру бойынша жұмыс 68 пайызды құрайды. Мұнда аудан орталығынан бөлек, Ы.Жақаев, «Бидайкөл», «Байсын», Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, «Ақмая» және «Алғабас» ауылдары толық «көгілдір отынға» қосылған.

Биыл республикалық бюджеттен құны 2 млрд 875 млн теңгені құрайтын 6 елді мекенге газ құбырын тарту үшін 1 млрд 531 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Құбыр тартылатын ауылдар – «Еңбекші», «Жиделіарық», «Алмалы», Ә.Тәжібаев, Досбол датқа және «Бестам» ауылы.

Ал аудандағы ауызсу мәселесі толықтай шешілмесе де, атқарылған іс аз емес. Биыл «Қызылқайың» мен «Қосүйеңкі» ауылдарына 404,1 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Шиелі кентіндегі көшелерге құбыр тарту, «Жуантөбе», «Лесхоз» елді мекеніне су тұшытқыштар орнату үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылған. Нәтижесінде «Жуантөбе» ауылына су тұшытқыш орнату үшін 17,2 млн теңге қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.

Шиелі ауданының аумағында жалпы ұзындығы 323,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар. Осының ішінде аудандық маңыздағы 145,4 шақырымды құрайтын жолдың 103,4 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал республикалық және облыстық маңыздағы автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтталған.

Биыл Ә.Тәжібаев ауылына кіреберісте орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 305,3 млн теңге бөлінді. Нысан осы шілде айында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі кенті және елді мекендердің 36 көшесін орташа жөндеуге 56 млн теңге, ал республикалық бюджеттен «Самара-Шымкент-Сұлутөбе» жолының кіреберіс 3 шақырымын күрделі жөндеуге 264,7 млн, облыстық бюджеттен аудан орталығындағы ұзындығы 19,8 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 563,9 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде.

Құрылыс немесе баспана салуға басымдық

Шиеліде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған 50 тұрғын үйді сатып алуға 528 млн теңге қаралыпты. Сондай-ақ тұрғындарды баспанамен қамту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасымен 833,2 млн теңге қаржы бөлініп, «Көкшоқы» шағын ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүруде. Тамыз айында 72 отбасыға пәтер кілті табысталмақ.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Шиелі кентіндегі құрылысы былтыр басталған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің өтпелі құрылысына 583 млн теңге бөлінген еді. Ғимаратты аяқтауға облыстық бюджеттен 55,2 млн теңге қаралып, құрылыстың 94 пайызы орындалған.

Биыл жаңа оқу жылында Байсын елді мекеніндегі құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектепті пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, келесі жылы Жансейіт ауылынан 100 орындық және білім беру ұйымдары базасын жақсарту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Шиелі кентінен 900 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша да жұмыс аз емес. Республикалық бюджеттен елді мекендерге дәрігерлік амбулатория салуға 1,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Бала би, Бұланбай бауы, Досбол би ауылында құрылысты жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталған. Шиелі кентінен 30 төсектік инфекциялық корпус құрылысына жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізуге 13 млн 499 мың теңге қаралса, «Алмалы», «Ортақшыл», Ә.Тәжібаев, «Тартоғай», «Бестам» елді мекендеріне дәрігерлік амбулатория салу алдағы жылға жоспарланған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<