Сын сәттегі жанашырлық

700

0

Ел аумағын қамтыған қарбалас кезінде бірқатар аудан тұрғындары белгілі себеппен жолда қалып қойған азаматтарға қол ұшын созды. Дархан пейілімен жабырқағанның жанынан табылып, адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Елдегі төтенше жағдайға байланысты Қазалыдағы, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі теміржол вокзалдарында жолаушылар пойыздары екі күнге жуық аялдауға мәжбүр болды. Сол кезде жергілікті тұрғындар жолаушыларға көмек беріп, ыстық тамақ ұйымдастырды. Қажетті заттарды тегін жеткізді.

Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалына 5 қаңтарда төтенше жағдайдағы белгісіздікке орай №33 «Алматы-Ақтөбе», №77 «Алматы-Маңғыстау» аралығында қатынайтын жолаушылар пойыздары тоқтап тұрды. Өңірлердегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты әрі қарай жүруге рұқсат етілген жоқ. Екі пойыздың ішінде 700-800-ге жуық адам болды. 

Әрине, алғашқыда жолаушылар шыдамдылық танытты. Бірақ уақыт өте келе олардың да мазасы қаша бастады. Біреуі тамақ, екіншісі дәрі-дәрмек пен қажетті затын іздеп, сабылды. Вокзал іші нөпір халыққа толды. Жолаушылардың қолма-қол ақшасы да, ішер тамағы да таусылды. Вокзал маңындағы банкоматтардағы ақшаларды тиісті мекемелер қауіпсіздік үшін шешіп алған болатын. Бұл да жолаушыларға біршама қиындық туғызды. Ақшасын банкоматта ұстайтын жолаушылар осылайша абыржыған күйге түсті.

Бұл жағдайдан аудан басшылығы мен жергілікті еріктілер толық хабардар болды. Аудан әкімінің тапсырмасымен жергілікті басшылық пен өзге азаматтар, еріктілер белсенді қимыл жүргізді. Жолаушылар пойызында сырқаттанып келе жатқан науқастарға дәрі-дәрмек жеткізілді.

Одан кейін жергілікті кәсіпкерлер және еріктілердің күшімен вокзал маңына қазан-ошақ жеткізіліп, жолаушыларға ыстық тамақ дайындалды. Уақыт өте келе, жолаушыға көмек беремін деушілердің саны молайып, қос пойыздағылар толық тегін аспен, қажетті заттармен қамтылды.

Сол күндері Арал ауданы «Сексеуіл» станциясында да жергілікті тұрғындар теміржол вокзалы алдында тұрып қалған 2 пойыз бен ондағы жолаушыларға тамақ, су мен басқа да қажетті заттар жеткізіп, көмек көрсетті. Барлық құрылымдық бөлімшелердегі теміржолшылар арасынан шыққан еріктілер, әкімдік, жергілікті тұрғындар күш біріктіріп, вокзал алдында қазан-ошақ құрып, пойызда отырған жолаушыларды үздіксіз ас-сумен қамтамасыз етті.

– Бұл  – елім дейтін әрбір азаматқа үлгі боларлық қарекет. Халқымыз әрдайым осындай асыл қасиетінің арқасында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Сын сағатта бір болып, бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсетейік, – деді облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Аяғанов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<