Тағы да бір сапардың басы. Бұл жолы – Сырдария ауданы. Облыс орталығымен іргелес жатқан іргелі аудан. Халқы жөнінен өзгеден аз болғанымен, елі байсалды, жері бай, тірлігі түзу ауданның бірі.
Сыр күрішінің басым бөлігі осы ауданға тиесілі. Еңбексүйгіш елдің бір ерекшелігі осында. Күріштен ырыс жиған көрсеткіші бар.
Облыстың 85, ауданның 95 жылдығын сырдариялықтар серпінді еңбек әлеуетімен қарсы алуда. Ол жайында егжей-тегжейлі қозғаған ой-түйінді назарларыңызға ұсынамыз.
Қараөзектен Тереңөзекке дейін…
Сырдария ауданының түпкі тарихы колхоздастыру кезеңінен бастау алады. Қазан революциясының жеңісінен кейін алғашқы онжылдықта ауыл мен елді мекендерді әлеуметтік және экономикалық жағынан дамытуға ден қойды.
Коммунистік партияның 1927 жылғы 2-19 желтоқсанда өткізілген ХV съезінде Кеңестік Социалистік Республикаларындағы ауыл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. Онда лениндік кооперативтер құру қағидасына сүйене отырып, ауыл шаруашылығын коллективтендіру жұмыстарын жүргізу шешімі қабылданды.
Міне, сол жылы үш машина жобалау пункті Шиеліде, Талсуатта, Тереңөзекте құрылады. Оларда бас-аяғы 96 ауыл шаруашылығы машинасы болған екен. Бұл ұжымдық шаруашылықтар сол кезеңде 13 мың десятинадан астам жерді өңдеп, егін еккен. Тереңөзек кентінің тарихы осы 1927 жылғы машина жобалау бекетінен басталған деуге негіз бар.
1927 жылы желтоқсан айының аяғында Қызылорда қаласында кеңестік партия белсенділерінің актив жиналысы өткізіліп, жаппай коллективтендіруге көшу, байларды кәмпескелеу есебінен колхоз мұқтаждығын шешу мәселелері қаралған. Соның нәтижесінде 1928 жылғы көктемгі егіс уақытында Қызылорда қаласы, Шиелі, Қараөзек станцияларынан 3 машина-трактор пункті құрылады. Ал жаппай ұжымдастыру 1929 жылдың екінші жартысынан бастап жүргізіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, бүкілодақтық коммунистік партияның ХV съезінде колхоздастырумен қатар, жаңаша әкімшілік-территориялық басқару жүйесі де енгізілген еді. Революцияға дейінгі губерния, уезд, болыс және ауылдар секілді әкімшілік бөліністердің орнына округтер мен аудандар құрыла бастады. 1928 жылға дейін Қызылорда уезд болса, 1928 жылдың 17 қаңтарында Қызылорда округі болып құрылады. Округке 8 аудан кірді. Олар Арал, Қазалы, Қармақшы, Қараөзек, Қарсақпай, Шиелі, Қызылорда және Аламесек ауданы еді. Соның ішіндегі Қараөзек – қазіргі Сырдария. Көп ұзамай Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы болып қайта аталған. «Сырдария» деген аудан атауы бұл уақыттарда мүлдем болмаған.
1930 жылы Голощекиннің бастамасымен әкімшілік басқарудың жаңа реформасы жүргізілді. Маусымда барлық округ таратылды. Қазақстан территориясында 175 аудан құрылды. Осылай 1932 жылы құрамында 19 ауданы бар Оңтүстік Қазақстан облысы жасақталды. Ондағы алты аудан Қызылорда округіне қарасты аудандар болатын. 1934 жылдың тамыз айында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Тереңөзек ауданы таратылып, жер көлемі Қармақшы мен Қызылорда аудандарына берілді.
1938 жылдың 15 қаңтарында бұрын аудан құқында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Қызылорда жаңадан облыс болып құрылды. Облыс құрамына Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандары кірді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің облыстық ұйымдастыру комитетінің президиумы отырысының №38 хаттамасының қаулысына сәйкес аудан құрамына 18 ауылдық кеңес енді. Олар: Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңа ауыл, Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызылту, Далакөл, Аламесек, Бірінші Май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық және Мәдениет ауылы. Кейіннен төрт ауылдық кеңес Жалағаш ауданына берілді.
1963 жылдан 1964 жылға дейін Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылады. Ақыры Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария мен Қармақшы аудандарына бөлінді. «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» таратылғаннан кейін Қызылорда облыстық жұмысшы депутаттар кеңесінің 1966 жылғы №21/443 қаулысына сәйкес Тереңөзек ауданы қайта құрылды. Оның орталығы осы қаулы бойынша Тереңөзек селосы болды. Тереңөзек ауданының құрамына Сырдария ауданынан Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызылту, Қызылөзек, Бесөзек ауылдық кеңестері қараса, Жалағаш ауданынан Далакөл ауылдық кеңесі берілді. Он жылдан соң облыстық атқару комитетінің №180 шешімімен Тереңөзек селосына қалалық поселке мәртебесі берілді.
Ал ел тәуелсіздік алған соң, 1997 жылы Тереңөзек ауданы Сырдария ауданы болып қайта аталды. Орталығы Тереңөзек қыстағы болды. Ауданға Аманкелді ауылы және Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер берілді.
Аудан аты аталғанда әуелі құлаққа Сырдария өзенінің сылдыры естіледі. Ұлан-ғайыр қазақ даласында өзен көп болғанымен, дария аталғаны екі-ақ өзен. Сол қос өзеннің бірі – Сырдария десек, қазақ елі тарихындағы сан оқиғаның, түрлі қоғам мен кезеңнің куәсі болған дария атындағы аудан да өзіндік тарихымен, дамуымен ерекшеленеді. Ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағына айналған ауданның өндіріс орындары өркендеп, ауыл шаруашылығы дамыған өңір ретінде танылып келеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы бойынша көшбасшылар қатарында келетін ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени саладағы жетістіктері бір төбе.
Тереңге бармай-ақ, кеңес заманында береке мен байлықтың, дархандықтың киесіне айналған Сырдария ауданынан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Социалистік Еңбек Ері шықты. Беріде Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие азамат та – осы ауданның тұрғыны.
Киелі жерден шыққан тарихи тұлғалардың ісі кейінгі ұрпаққа өнеге екені анық. Сан тарихтың куәсі болған Сырдария ауданы – ел шежіресіне қатысты көптеген жәдігер сақталған аймақтың бірі. Жент қаласының орны, «Мүлкілан», «Сырлытам» кесенелері, «Жетімасар», «Қосасар» асарлары, ХІХ ғасырдың тамаша туындысы «Қалжан ахун» мешіт-медресесі – тарихтың тамаша туындылары, баға жетпес құндылықтар. Аудан көлемінде діни-ағартушылық мектептердің көп болғаны білім дәстүрінің іргетасы ерте қаланғанын меңзейді.
Ақындар «таланттардың өлкесі» деп жырға қосқан Сырдария ауданы сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, театр саңлағы Сәбира Майқанова, ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Нұрхан Жанаев, Қайырбек Асанов, Қанафия Дәрібаев, Мұхтар Сақтапов, Замадин Ибадуллаев секілді талантты тұлғалар мен жерлестерінің мақтанышына айналған елжанды азаматтарды өмірге әкелді.
Өркениетті өрге жүздірген
Біз жоғарыда ауданның тарихын бір ғасыр межесінде ғана қамтыдық. Негізі аудан – ілкіден тартсақ, мәдениет пен өнердің ошағы. Бұл сөзімізге көненің ізі сайрап жатқан тарихи ескерткіштер куә. Сырдария ауданының жері – қазақтың қарашаңырағы болған аймақтардың бірі. Аудан жерінде тас дәуірінің іздері, сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасында көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» батыс пен терістікке шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің, мемлекеттердің орталығы болуы ойымызды нақтылай түседі.
Тас дәуірінен бастап өлкені мекендеген тұрғындар әр кезеңдерде өздеріне ғана тән мәдениеттерді қалыптастырып, дамытып отырды. Бүгінгі Сырдария ауданының территориясындағы біздің жыл санауымызға дейінгі 5 мыңжылдықтан басталатын неолит дәуірінің ескерткіштері, оның Келтеминар мәдениетіне жататыны өңір тарихының тым көнеден бастау алатынын дәлелдейді. Бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таңғалдырған Сыр өңірінің көшпелі және отырықшы мәдениеті осы жерде ежелден қалыптасқан. Өз заманының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Заратустраның ілімі алғаш Сырдария өзені бойында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес. Көне дәуірде өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың ізі іспеттес қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіші болып саналатын Солтүстік Түгіскен мавзолейлері, тeмip дәуірінде Сырдарияның оңтүстік салаларын (Іңкәрдария, Жаңадария бойы) мекендеген сақ тайпалары қалыптастырған Шірік Рабат мәдениеті, солтүстік аудандарды жайлаған (Ескідариялык, Қуаңдария салалары) қаңлы тайпалары мықты бекіністік қалаларымен ерекшеленетін аудан территориясындағы «жетіасар» мәдениетінің ескерткіштері – «Кішіасар», «Қосасар», «Жетімасар» бүгінде баршаға аян болып отыр.
Сыр өңірін сырт елдермен қан тамырындай байланыстырған Ұлы Жібек жолының ізі аудан жерінде әлі де сайрап жатыр. Сол кезде мызғымастай қалыптасқан қағида бойынша – дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған әлемдік монархия: Үндістан, батыста – інжу-маржан, Иран, Византия, Түркі қағанаты, Қытай мәдениеттері де сауда жолы арқылы осы өңірде тоғысып жатты. Сол дәуірде өмір сүрген, бүкіл түркітілдес халықтардың ардақ тұтар абызы, даңқты күйші, дана философ Қорқыт ата түркі мәдениетінің негізін осы жерде қалаған. Дәл осы кезеңнен бастап Сыр өңірі қазақ және басқа да түркі халықтарының алтын бесігіне айналған.
Орта ғасырларда тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл территория күрделі миграциялық процестер мен шиеленіскен саяси оқиғалардың орталығына айналды. VII-VIII ғасырларда Ескідариялық арнасы құрғап, «жетіасардың» тұрғындары қоныстарын тастай, үдере көшкен уақытқа Қуаңдарияның Аралға құяр сағасында орналасқан «батпақтағы қалалардың» көтерілуі сәйкес келеді. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше, «жетіасар» тұрғындарының бір бөлігі жаңа іске қосылған Қуаңдария бойына орналасып, аталған «батпақтағы қалалар» мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан. «Батпақтағы қалалар» қатарына аудандағы әйгілі Асанас, Баршынкент секілді ескерткіштер жатады. Бұл күндері аталған мәдениеттер мен тарихи оқиғалардың куәсі ретінде өлкедегі бірнеше ондаған археологиялық ескерткіштер сыр шертеді.
Расын айтқанда, Сырдария ауданы жеріндегі ескерткіштерінің зерттелу тарихы Қазақстан патшалық Ресейдің отары болған кезден басталады. Ескерткіштердің зерттелуі төрт кезеңге бөлінеді: XVII ғасыр ортасынан 1895 жылға дейін, яғни, отар елді зерттеуге бағытталған түрлі экспедициялардың шығу кезеңі, 1895-1917 жылдар аралығында, яғни Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің қызмет еткен уақытынан басталады. 1946-1990 жылдар аралығындағы академик С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының зерттеулері, 1991 жылдан басталған қазіргі кезеңдегі зерттеулер.
Сыр өңірін зерттеудің бастапқы кезеңі қазақ жерінің Ресей империясының қол астына кіруімен тікелей байланысты болды. Бәрімізге белгілі, 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайыр Ресейге бодандығы туралы ант қабылдады. Осы уақыттан бастап Ресей империясының қазақ жерін және оған көршілес жатқан азиялық елдерді жан-жақты зерттеу жұмыстары басталады. Бірақ бұл зерттеулердің барлығы дерлік саяси мақсатта жүргізілгендігін айта кету керек. Сондықтан XVIII ғасырдағы әскери шенді зерттеушілердің жазбалары мен есептері негізінен аймақты жалпы сипаттаумен, ескерткіштерді тіркеумен және ауданның географиялық картасын түсірумен шектелді.
Орта ғасырдағы Сыр өңірі ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Бұл еңбекте Арал маңындағы Борсық және Қарақұм шөлдерінің жайылымдық маңызы туралы, жер-су атаулары және тұрақтары туралы мәліметтер келтірілген. ХVІІІ ғасырда Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шақыруымен Қазақ жеріне келген орыс топографтары Н.Муравин мен Д.Гладышев өлкедегі және Қазақстанның басқа аймақтары археологиялық ескерткіштерінің картасын сызу және есепке алу, сипаттау ісінің іргетасын қалады. 1867 жылы Археологиялық комиссия құрамында жолсапармен Оңтүстік Қазақстанға келген шығыстанушы П.Лерх Түркістан өлкесіндегі және Сырдарияның төменгі ағысында археологиялық ескерткіштерді зерттей бастайды. Н.Веселовскийдің 1885 жылы Орта Азияға келуі ескерткіштерді қазуды археолог-мамандар арқылы жүргізудің бастамасы болды. Сыр өңірі қалаларын В.Каллаур, В.Бартольд, А.Якубовский сынды бірқатар атақты ғалымдар зерттеп, көптеген дерек қалдырған. 1895 жылы құрылған Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері маңызды зерттеулер жүргізді. Сол кезеңде Ташкентте «Түркістан тізімдемесінен» және «Хаттамалар» сияқты басылымдар шыға бастайды. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі В.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнына келіп, қаланың топографиялық сипаттамасын жасайды. Ол жазба деректерде аталатын қала атауын негізге ала отырып, оны ортағасырлық Ашанас қаласымен сәйкестендіреді. Сонымен қатар ол Сырдың сол жағалауында Қызылордадан 25-30 шақырым қашықтықта Томарөткел жерінде орналасқан Қышқаланың қиранды қалдығы Жент қаласының орны болуы мүмкін деген болжам жасаған. Сондықтан Сырдария ауданының жері адамзат өркениетінің даму кезеңдерінің толыққанды куәгері десек, жаңылыспаймыз.
Десек те, аудан топырағының ашылмаған сыры әлі де жетерлік. Мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет көпке айтылмаған деректердің бірсыпырасын бізге жеткізді.
– Ауданның 1928 жылдан бастап негізі қаланғаны белгілі. Қандай биікке, жетістікке жетіп жатса да халықтың еңбегінің арқасы. Аудан жайлы айтқанда біз біле бермейтін небір жайт бар. Әуелде Тереңөзек ауданында бір шаруашылық пен бір емхана жұмыс істеген. Шаруашылық деп отырғанымыз – дарияның арғы бетінде, Тереңөзек қапталында өзбек елінің отын дайындау мекемесі (Таштоп) жұмыс істеген. 168 шақырым жерді жалға алып, сондағы сексеуілді отын ретінде дайындаған. Отынды теміржол арқылы экспортқа шығарып, көршілес ел өздеріне біршама табыс түсірген. Сонда талай адам жұмыс істеп, нәпақасын айырды. Сондықтан аудан көлемінде сыры ашылмаған небір құпия орындар жатқанын ұққанымыз абзал. Мәселен, қазіргі Іңкәрдария ауылының ар жағында VI-VII ғасырларда Көксеңгір деген қалашық болған. Қала құлап, орнында үңгір қалған. Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін кезінде кейбіреулер сол үңгірді паналапты. Шағын ғана ауданды зерттесеңіз, талай тарихи орындар шығады, – дейді ол.
Жаңа бастама жетерлік
Қош, өткенге салауат дегендей, қазір ауданның даму қарқыны қуантарлық. Президенттің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда жоспарланған ауқымды шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық бағытта тұрақты өсім байқалады. Жалпы 2023 жылы аудан бюджеті 10,0 млрд теңге болып бекітіліп, 11,0 млрд теңгеге нақтыланды. Аудан бюджетінің 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталған. Кейінгі жылдары ауданда өнеркәсіп өндірісі 61,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 7,3 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өсті. Инвестиция 40,7 пайызға, тұрғын үй 3,5 пайызға, ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,7 пайызға артқан.
Сырдария ауданының да басым бағыты ауыл шаруашылығына қарайтыны мәлім. Биыл аудан бойынша егілген дақылдың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға артты. Атап айтқанда, 36043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23811 гектарға күріш,
12232 гектарға басқа да өңімдер егілген. Кейінгі уақытта облыс су тапшылығы мәселесімен күресіп жатқаны аян. Бұл мәселені болдырмау үшін шаруалар жаңадан 4 насос алдырып, жалпы саны 78 насоспен егінге су жіберіпті.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда былтыр 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін ұлғайып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін еккен. Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр Айдарлы, Аманкелді ауылында жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша 4 ауылда, яғни Шіркейлі, А.Тоқмағамбетов, Бесарық, Жетікөлде жастар бригадалары құрылып, 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды.
Сонымен қатар ауданда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен келісім-шарт негізінде 2 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оларға қажетті азық-түлік қорын толықтыру мақсатында, оның ішінде ақталған күрішке байланысты шаруашылық құрылымдарымен меморандум жасалған. Мұндағы азық-түлік бағасы нарықтан 15-20 пайыз төмен.
Кәсіпкерлік саласын дамыту тұрақты назарда. Қазір ауданда 3290 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға артық. Биыл 9 айда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 275 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліпті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1,4 млрд теңгелік 188 жобаның құжаты тапсырылып, 194,7 млн теңгеге 15 жоба қаржыландырылған.
Ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл 11,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тапты. Жол жөндеу бойынша биыл 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Аудан орталығына қарағанда ауыл жолдарына баса назар аударылыпты. Бұған қоса «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолының 1,4 млрд теңгеге, «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасына 687 млн теңгеге және «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жолының 5 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысының «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында атап көрсетілгендей, ауданда электр қуаты мен ауызсу құбыры желілерін зерделеу жұмыстары атқарылған. Биыл аудандағы бірқатар елді мекенде электр желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Негізінен ауданда энергетикалық салаға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған электр желілерінің 70%-ның тозығы жеткені анықталды. Соның салдарынан жел, жауын секілді ауа райының құбылуы кезінде электр жарығы өшіп қалып жатады. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен бірқатар елді мекендегі электр желілері жаңғыртылды. Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында қаржы бөлініп, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылды. Жаңғырту жұмыстары барысында көше жарықтары да толық орнатылды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, «КРЭК» АҚ-ның теңгеріміне беру үшін құжаттары (жер актісі, техникалық паспорты) әзірленуде.
Электр желісінің тозуы Сырдария ауданындағы ең үлкен елді мекен — Шаған ауылында да өзекті мәселе. Бұл елді мекенге де аймақ басшысы қолдау көрсетіп, бүгінде электр желілерін ауыстыру жұмыстары басталып кетті. Жоба өтпелі, алдағы 2024 жылы электр желілері толық жаңаратын болады.
Айта кетейік, Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілікпен жобалар әзірленуде.
Ал ауызсу құбырын жаңарту үшін демеушілік есебінен 6 жоба әзірленіп, қазір Шағандағы 5 көше мен Қоғалыкөлдегі 3 көше бойынша жасалған 3 жобаға 279 млн теңге қаржы бөлінген. Ал Тереңөзек кентіндегі 10 көше мен Аманкелді ауылындағы 3 көшеге қатысты 3 жобаның құрылысын қаржыландыру күтілуде. Осының ішінде Тереңөзек кентіндегі көшелердің ауызсу құбырларын жаңғыртуға байланысты 2 жоба әзірленген. Биыл екі жобаның жұмыстары басталып, ауызсу құбырлары жаңартылуда. Екі нысанның құрылысы да 2024 жылға өтпелі.
Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен Тереңөзек кенті мен Шаған, Іңкәрдария ауылдарына 3 су мұнарасы орнатылды. Ал аудандық бюджеттен Н.Ілиясов пен С.Сейфуллин елді мекендеріне 2 су мұнарасын орнатуға қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Облыста халықты «көгілдір отынмен» қамту жайы маңызды екені анық. Қазір Тереңөзек кенті табиғи газбен толық қамтамасыз етілсе, елді мекендерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек. Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылын газдандыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 2023 жылға Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге бөлінді. Бүгінде ауылішілік газ құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун ауылы арасындағы жоғары қысымды газ құбырлары жалғанған. Қазіргі таңда газ реттеу пункттерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының табиғи газдың игілігін көретін күн алыс емес.
С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жобасын бастауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыс басталған.
Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашан да басым бағытқа ие. Биыл ауданда 2142 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 800-і тұрақты, 1342-сі уақытша болмақ. Ал 9 ай қорытындысы бойынша 1573 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспардың 73,4 пайызы орындалған.
Басты салалар бағыттан жаңылмады
Мемлекеттің жарқын болашағы жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етуге тікелей байланысты екені даусыз. Аудан бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағытта 5 инновациялық мектеп-лицей бар. Аз қамтылған отбасынан шыққан және 1-4 сыныпта оқитын 3323 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
Биыл ауданда 471 түлек мектеп бітіріп, олардың 396-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысыпты. Ауданның орташа балы – 84. Қорытынды бойынша 316 түлек мемлекеттік грантты жеңіп алып, жоғары оқу орындарында білім алуда, яғни, түлектердің 90 пайызы – грант иегері. Мектеп бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 52-сі «Үздік аттестат» иегері болды. Осыған қарап-ақ, ауданның білім саласы жақсы дамығанын көреміз. Бұған ұстаздардың еңбегі әсер еткені анық. Ауданның ардагер ұстазы, қазір әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева көптеген қиындыққа қарамастан, ағартушылық ісін айшықтап айтты.
– 1967 жылы мектеп бітіргеннен соң білім ошағына аға пионер болып жұмысқа қабылдандым. Содан ағарту саласында 30 жылдан астам қызмет атқардым. Одан соң мектеп директоры болдық, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі атандық, не де болса білім саласынан ұзағаным жоқ. Сондықтан ауданның білім саласының даму жолын бүге-шүгесіне дейін білемін деп айтуға хақым бар. Қазірге дейін 17 мектеп жұмыс істеп тұр. Бұрын кәсіптік білім беретін, техникалық училищеден кем түспейтін оқу-өндірістік комбинаты болды. Оңтайландыру кезеңінде өнер, музыка мектептері жабылғалы жатты. Сонда ауданның білім саласындағы мамандарының арқасында 2-3 мұғалім болса да алып қалып, жаппауға тырыстық. Кітапхана, балаларға арналған тынығу лагерін де сақтап қалдық. Ауданның білім саласы сондай өліара кезеңдерді де бастан кешті. Облыс бойынша бұрын алдыңғы қатарда тұрса, қазір де сол деңгейінен түскен жоқ. Мектептердің материалдық-техникалық базасы толық жасақталды. Кейінгі ұрпақтың қамсыз білім алуына қолайлы жағдай жасап бере алдық, – дейді.
Мамыр-маусым айларында ауданнан 880 бала Түркістан, Қызылорда облысы аумағына саяхатқа шыққан. Бастауыш сыныпта оқитын 4665 оқушы мектеп жанынан ашылған күндізгі тынығу лагерімен қамтылыпты. Аудандағы «Жалын» лагерінде 6 ауысымда 681 бала демалды. Демеушілер есебінен 100 оқушы «Қамбаш» лагерінде, республикалық бюджет есебінен 138 оқушы Алматы, Шымкент, Бурабай және Қонаев қаласындағы лагерьде тыныққан.
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда.
Ауданда халық денсаулығын жақсарту үшін медициналық мекемелер жаңартылуда. Облыстық бюджеттен 182,4 млн теңге бөлініп, 3 ауылдың (Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун) фельдшерлік-акушерлік бекеттері күрделі жөндеуден өтуде. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 405 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы басталды. Биыл алғашқы 9 айда ауданда 387 бала дүниеге келіп, ана өлімі тіркелмеген. Дәрігер тапшылығын болдырмау мақсатында жыл басынан бері 3 жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 кардиолог, 1 функционалды дәрігер ауданға келіп қызмет етуде. Сондай-ақ, Аманкелді ауылына биохимиялық анализ алатын анализатор аппараты қойылды. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық ауылдарының халқы аудан орталығына бармай-ақ, жақын жерден анализдерін тапсырып, ем шараларын қабылдайды.
Ең бір назар аударуға тұрар дүние – биыл ауданға мәдениет пен спорт бөлімі қосылды. 9 айдың ішінде ұлттық мәдениетті дамытуға бағытталған түрлі форматтағы 634 іс-шара өткізілді. Қазақтың ұлттық мерекесі – Наурыз мейрамында ауданда республикалық ақындар айтысы өткізілді. Халықтың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Тереңөзек кентінде жағажай ашылып, қызмет көрсетуде. Қазір аудан тұрғындарының 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша демеушілік есебінен 6 ойын алаңы салынды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 88 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.
Биыл жасыл белдеуге 5000 түп көшет отырғызылса, аудан орталығындағы «Майжарма» каналының бойы демалыс орны ретінде абаттандырылуда. Тереңөзек кентін аяқсумен қамтамасыз етіп отырған «Майжарма» каналы маңайының 412 метрін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме – «Град Строй Сервис» ЖШС атқаруда.
Сондай-ақ кенттегі И.Тоқтыбаев көшесінің бойына 133 млн теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым болатын тротуар мен лоток салынды.
Назарды бұрған Нағи ауылы
«Барлық ауыл Нағидай болсын!» деген ел ішінде тағылымды бір сөз бар. Текке айтылмағаны белгілі, себебі Нағи Ілиясов атындағы ауыл облыс қана емес, республика көлемінде де үздік ауылдардың қатарында тұрады. Биыл облыс әкімінің бастамасымен өткен «Үздік елді мекен» байқауын жеңіп алды. Көп ұзамай облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ауылдың тыныс-тіршілігімен арнайы танысты. Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын айтқаны есімізде. Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап, жас жеткіншектермен әңгімелесті.
Содан соң Президент ауылда былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, келешек жас ұрпақты Қазақстанның өркендеуі жолында бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.
– Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деген еді Мемлекет басшысы.
Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе, Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағаны анық. Сонымен қатар олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.
Міне, осындай үздік ауылы бар, еңбексүйгіш халқы бар, тамырын талай ғасырдан тартқан тарихы бар Сырдария ауданының қазіргі тыныс-тіршілігі көз қуантады. Аудан келешекте де өсіп-өркендей береріне сенім мол.
Күз келді. Күтімі келіскен күрішті жинау аяқталу алдында. Табыс тәуір. Молшылыққа кенелген мехнаткеш диқан дала дүбірін ырыспен толтырып отыр. Бұл аймақтың 85 жылдығына үлкен тарту болмақ!
Демеушілікпен атқарылған жұмыстар
Игілікті істер демеушілік арқылы серпінді Сырдария ауданында жүйелі жүргізілуде. Бірер жыл бұрын кәсіпкерлердің қолдауымен ауданда бірнеше балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, кент орталығындағы А.Иманов көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасбеті жаңартылуда.
Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияровтың айтуынша, тұрғын үйлердің қасбеті толықтай демеушілердің көмегімен жаңартылуда. Бұл жұмысқа бюджеттен қаржы бөлінбеген.
– Аудан басшысы демеушілерге ұсыныс айтып, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бастамасын көтерген болатын. Ұсыныс қолдау тауып, бүгінде үш үйдің қасбеті жаңартылуда. Бұл жұмыстар «УниверсалСтройСервис», «Ақ тоған» және «Айдарлы Алтын» серіктестіктерінің есебінен жүргізілуде. Қазір жұмыстардың басым көпшілігі аяқталды. Алдағы уақытта да кенттің А.Иманов көшесінің бойындағы басқа да үйлердің қасбетін жаңарту жоспарымызда бар. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қолдау білдіріп, кентіміздің көркеюіне атсалысып жатқан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді кент әкімі.
Айдарлы – аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл. Ауылдағы орта мектептің қоршауының ескіріп, тозғанына да бірнеше жыл болған еді. Осы қоршаудың жөнделуіне демеушілер ықпал жасады. Бұл жолы «УАД» мекемесі қолдау білдіріп, 6,6 млн теңге бөлді. Бөлінген қаражатқа мектеп қоршауы ауыстырылып, сырланды. Игі іске «Өрлеу кз» жеке кәсіпкерлігі де атсалысты.
Осы тектес жұмыс Қоғалыкөл ауылында да ұйымдастырылды. Ауылдағы №44 орта мектептің алды асфальтталды. Аудан басшысының қоғалыкөлдіктердің өтініші жөнінде көтерген бастамасын «Әлем Қызмет Group» серіктестігі қолдап, аз уақыттың ішінде кәсіпкерлердің демеушілігімен асфальттау жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, бұл серіктестіктің Н.Ілиясов ауылындағы стадионның алдын да асфальттап бергенін айтып өткеніміз жөн. Қазіргі таңда екі ауылдың халқы өз ризашылығын білдіріп, атқарылған жұмысқа алғысын айтуда.
Сонымен қатар, Қоғалыкөл ауылында демеушілік есебінен жаңа балалар ойын алаңы салынды. Бұған «Стоительно-транспортная компания» ЖШС қолдау көрсетті. Тереңөзек кентіндегі бір ойын алаңының жаңартылуына «Град Строй Сервис» ЖШС қолдау білдірді.
Ауылдардан бөлек, аудан орталығында да демеушілердің қолдауымен жақсы жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Тереңөзектегі Ә.Тәжібаев атындағы №36 орта мектебі 1200 оқушыға лайықтап салынған, яғни, осынша баланы балабақшаға, мектепке, мектептегі үйірмелерге әкелуге көп ата-ана келеді. Олар автокөліктерін бұрын ескірген, күзде балшыққа, қыста ойыққа толы автотұраққа қоятын. Бұл автотұрақ биыл жөнделді. Жөндеу жұмыстарына «Ақ тоған» ЖШС қолдау көрсетті. Оған қоса, кенттегі №131 мектеп алдында орналасқан ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың ескерткіш-бюстін қайта қаптау жұмыстары жүргізілді. Бұған «АЭSand Limited» ЖШС демеушілік жасады.
Мұнан бөлек, кенттегі «Сыр сұлуы» монументі де «Промстройсервис-Е» ЖШС-ның демеушілігі арқылы жаңа кейіпке енбек. Қазір жұмыстар басталып, құм үю, тегістеу жұмыстары жүргізілуде.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<