Ынтымағы жарасып, берекесі тасыған мекеннің бірі – «Төретам» кенті. Іргесі сонау 1904 жылы қаланған қоныс алғаш «Төретам» станциясы болып құрылған. 1929 жылдан тұрғын үйлер салына бастады. 1933 жылы №12 Тұңғышбай Сегізов басқарған Жосалы дистанциясы болса, 1959 жылы ПЧ-17 болып аталған. 1936 жылы мектептің іргетасы қаланды. Алғашқыда №69 бастауыш орыс-қазақ мектебі, кейіннен №80 орта мектебі болып өзгерді. 1975 жылы №13 ауылдық советі тарап, орнына халық депутаттарының ұсынысымен «Төретам» қыстақтық кеңесі құрылды. Қыстақ төрағасы болып Кацуко Халида сайланды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. 1993 жылы «Төретам» қыстақ әкімшілігі құрылды. Оған Рзақұл Нұртаев әкім болып тағайындалды. Онан кейінгі жылдары Нұртілеу Салықов, Кенжебек Үйреков, Райбек Нұралиев, Мырзабек Демесінов, Қанқожа Кеулімжаев, Шайқыбек Сүйеумбетов, Жамбыл Жұмабаев басшылық жасады. 2021 жылдан бастап Ғалымжан Елеусінов басқарып келеді.
Байқоңыр ғарыш айлағымен көршілес кент аудан орталығынан 74 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер көлемі 272 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 12361 тұрғынға 2 мемлекеттік, 2 жеке балабақша, 3 мектеп пен емхана, клуб, кітапхана, 4 шаруа қожалығы, 11 наубайхана, 8 кондитерлік цех, 8 шаштараз, 4 тіс емдеу, 4 тойхана, 158 дүкен, 3 жанар-жағармай құю бекеті, 2 мешіт, ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер қауымдастығы қызмет көрсетеді.
Кәсіпкерлік қанат жаюда
Кәсіпкерлікті дамыту – мемлекетіміздің қолға алған басым бағыттарының бірі. Мұнда 1029 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Бүгінде оның 1018-і жұмыс жасап тұр. Ал жыл басынан бері 102 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелген.
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл мал шаруашылығы бойынша 6 жоба, қызмет көрсету саласында 3 жоба, өндірістік бағыт бойынша 11 жоба, барлығы 21 жоба өтінімдері тапсырылды. Оның ішінде жеке кәсіпкер «Қызылорда» өңірлік инвестиция» орталығынан қолдау тауып қаржыландырылса, 17-сі қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Сондай-ақ жастардың бастамаларын жаңғырту аясында аудан әкімі Ж.Еркінбектің қолдауымен қайтарымсыз грант жеңіп, оған үстел теннисі алынды. Бұл жоба өткен жылдан бері жүзеге асуда. Былтыр 5 домбыра клуб үйіне табысталған.
Кәсіпкер Майя Елеусінова мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің бірі. Ол төретамдықтарды өзінің тәтті тоқаштарымен қамтамасыз етіп отыр.
– Кәсібімді осыдан 6 жыл бұрын үйде отырып бастадым. Декреттегі ана болғандықтан тәтті тоқаш істеп сату маған ыңғайлы болды. Биыл «Кондитерлік өнім» жобасы бойынша «Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы 1476800 теңге қайтарымсыз грант жеңіп, кәсібімді одан әрі кеңейтіп жатырмын. Бұрын бір өзім жасасам, қазір қасыма бір кондитерді алдым. Тәтті тоқаштың түр-түрін сатамыз, сұраныс жоғары, – дейді ол.
Инфрақұрылым игілігі
Инфрақұрылым халық тұрмысында өте маңызды. Биыл Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфрақұрылымдық бастамалар айтылды. Оның қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және жаңғырту, баспана құрылысы, жолдарды жөндеу және газдандыру жұмысы бар. Бұл мәселе Төретамда кезең-кезеңімен шешімін табуда.
– Кентімізде 34,69 шақырым болатын 34 көше бар. Оның 31-і жарықтанып, асфальтталған. Биыл Мамыр көшесі, Мұратбаев пен Амангелді тұйығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Т.Әубәкіров, Бірлік, Жанқожа батыр тұйықтарына жарық шамдар орнатылады. Көшелерге жол және ұқсас белгілерді салу жұмыстары бойынша «TRAST GROUP» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу келісім-шартына отырдық. Сондай-ақ санитарлық тазалық айлығы аясында кент іші 6 аймаққа бөлініп, оған жауапты қызметкер бекітілді. Биыл көркейту, тазалық жұмыстарын жүзеге асыруда «Алибеков» ЖК жеңімпаз болып, заңсыз жиналған күл-қоқысты шығаруда. Тұрғындар апталық сенбілікке де белсене араласады. Кент кәсіпкерлеріне, нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ескертпе хаттар таратылып отырады, – дейді кент әкімі Ғалымжан Елеусінов.
Биыл өңірде 11 елді мекенді газдандыру бойынша 30 млрд теңгенің 20 жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетеді. Осы тұста «көгілдір отынның» игілігін төретамдықтар да көруде. Мұнда 565 үй, 1 кәсіпкерлік нысан газға қосылған.
Болмыс айнасы
Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы. Қазақ өнерін ұлықтап, жастарға қанат бітіріп келетін «Төретам» кенттік клуб үйінің қызметі зор. Мұнда өнерлі жастар көп.
2012 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген клуб үйінде «Аналар ізімен» келіншектер ансамблі, «Жазира» би ансамблі, «Шабыт» мәдени үгіт-бригадасы, «Назар» триосы жұмыс жасайды. Сондай-ақ вокал, тоғызқұмалақ, жыр-терме, актерлік өнер, бисер, сурет, көркемсөз оқу үйірмелері де халыққа қызмет көрсетуде.
– Біздегі шығармашылықпен айналысқан жастар әрдайым облыстық, республикалық, халықаралық өнер байқауларында топ жарып жүр. Әрбір үйірме жыл көлеміне жасаған жұмыс жоспарын жүйелі жүргізіп отырады. Өнер ұжымында 13 қызметкер бар. Мәдениет майталмандары кент төңірегіндегі іс-шаралармен қатар аудандық, облыстық деңгейдегі шараларға да белсене қатысады, – дейді кент әкімі.
Бүгінде «Адал адам» мәдени тәрбие беру орталығы тұжырымдамасына сәйкес өнер ошағында түрлі бағытта іс-шаралар өтуде. Мәселен, ерекше форматтағы «Поэзия түні», отбасы құндылығын дәріптеу, аналарды ұлықтау мақсатында қолға алынған «Аналар ізімен» жобасы, «Бесік жыры – басты жыр» аналар фестивалі, ардагерлердің өнер байқауы халықтың көңілінен шығып, аудан көлемінде өте жоғары деңгейде танылды. Сондай-ақ кино time, жанұя шуағы, ART уақыт, сұхбат time, еріктілер тобы, креативті HUB бағыттары бойынша да түрлі мәдени шаралар өткізіліп келеді.
Қазіргі таңда клуб үйінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарған. Заманауи үлгідегі лед экран, оргтехникалар, жарық шамдар, талапқа сай безендірілумен қамтамасыз етілген.
– Бізде халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында нақты жоспармен жұмыс істелуде. Өйткені мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие. Ұжым руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді. Клуб үйінің мұндай игі бастамалары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді клуб үйінің меңгерушісі Ақмарал Кішкентаева.
Жастарға қолдау көп
«Төретам» кентінде 14-35 жас аралығында 2372 жас бар. Олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 спорт залы жұмыс жасайды. 45 бала самбомен, 70 бала бокспен шұғылданады. №15 балалар жасөспірімдер спорт мектебінде 42 бала баскетбол, 30 бала кикбокс, 47 бала бокс үйірмелеріне қатысады.
– Жастарды қолдау – ел болашағына деген қамқорлық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің міндеттерінің бірі» деп атап өтіп, жастарға ұдайы қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек еткен болатын. Жастар ешқашан назардан тыс қалған емес. Мәселен, оларды кәсіпке баулып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 20 жас кәсіппен айналысып жатыр. Сондай-ақ «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жазғы демалыста 7 адам жұмыспен қамтылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін кент жастары тазалық акциясы шеңберінде ауылымызды тазартуға және көркейтуге бір ауыздан қатысып, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын шығаруға демеушілік жасауда, – дейді Ғалымжан Тажмағанбетұлы.
Білуімізше, жастар үнемі кенттегі іс-шараларда белсенді, қоғамдық істерге ұйытқы. Сөзімізге дәлел болсын, жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол акциясын» өткізіп, 60 баланы құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта №80 орта мектеп оқушылар арасынан құрылған «Чемпион» командасы жайдарман ойындарына қатысып, облыс сахнасынан көрінуде. Одан бөлек жастардан құралған «Бірлік қайырымдылық қоры» ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіп, қайырымдылық іс-шарасын өткізіп отырады. Сонымен қатар құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында ауылдық учаскелік полиция қызметкерімен бірлесіп әр аптаның жұма-сенбі күндері түнгі мезгілде тұрақты түрде рейд жұмыстарын жүргізеді екен.
Өздеріңіз білетіндей, биыл еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, халық зардап шекті. Бұл кезеңде де төретамдық жастар кәсіпкерлердің қолдауымен Ақтөбе облысы Ойыл ауылындағы су апатынан жапа шеккен халыққа гуманитарлық көмек жеткізіп, өздерінің үлестерін қосты. Бұл жастардың ел өміріне бей-жай қарамайтындығын білдірсе керек.
Жалпы «Төретам» кентінің әлеуметтік әлеуеті жыл өткен сайын жақсаруда. Оны кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардың мен мұндалап тұрғанынан аңғаруға болады. Мұның бәрі бірліктің жемісі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<