Тіректі ауылдың тірлігі мығым

880

0

Тамыз. Іссапармен қазыналы Қазалыға жол тарттық. Мақсатымыз – орталықтан шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысу. Осылайша, тіректі ауылға айналған Жанқожа батыр ауылына бағыт түзедік. Су жаңа көлікпен екі аралықтағы күре жолда жүйткіп келеміз. Жол сапасы бұрынғыға қарағанда біршама оңалыпты. Бұл – жолсерік сөзі. Әйтпесе, бұл менің осынау ауылға алғашқы сапарым.

«Түрі игіден түңілме» деуші ме еді?! Көлік жүргізушісі Русланмен ә дегеннен тіл табысып кеттік. Ауыл тарихынан басталған әңгіме шежіреге ұласып, онан қайта елдің тұрмыс-тіршілігі, қазіргі ахуалы жайында өрбіді.

Тіректі ауылдың тірлігі мығым

– Біздің ауыл Жанқожа бабамызбен тікелей байланысты. Арықбалық шайқасын естуің бар шығар, – деп бастады ол сөзін. – Қақаған қаңтарда тып-тыныш тірлік кешкен ел бір-ақ сәтте атқа қонған. Батыр бабамыз осы тұста сексеннен асқан екен. Көтеріліске патша өкіметі билеушілерінің шектен шыққан озбырлығы себеп болады. Қаншама боздақ оққа ұшты. Сол қанды шайқас осы ауылдың тұсында өткен…

Осылайша, әңгіменің тиегін ағытып, тарихтан тін тартқанша, қырық шақырым жолды еңсеріп, ауылға да жетіп қалыппыз. Ойқы-шойқы жолдар артта қалып, ауылға бұрыла бере тоқтадық. Өйткені мұндағы тамаша пейзажды көре тұрып, аялдамау мүмкін емес еді. Біржағы, ауылға кіреберісте көл бар екен. Атауы – Ащыкөл. Айдынды көлге күннің сәулесі түсіп, шағылысып жатыр. Айналасы жасыл желек. Бұл өзі киелі көл деседі. Жаз шыға ауыл азаматтары Ащыкөлдің балығын ауласа, қыста қамысын шауып, қажетіне жаратады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген осы шығар.

Осы тұста дерек келтіре кетейікші. Исі қазаққа, қалаберді Алты Алашқа  даңқы кеңінен тараған Жанқожа Нұрмұхамедұлының батырлық жолы аңызға айналғаны әмбеге аян. Сол баһадүр бабаның әлгінде сөз болған Ресей патшасы өкіметінің озбырлығына қарсы қарулы шайқасқа шыққаны тарих беттерінде таңбаланып тұр. Көтеріліс екі қазақ баласын патша солдаттарының тірілей отқа өртеп жіберуінен басталады. Шешуші шайқастың Арықбалықта, яғни, осы ауыл, осы көл маңында өткені белгілі. Ал генерал-майор Фитингофқа қарсы сұрапыл айқаста сардардың қолының саны үш мыңнан асқан. Алайда күш тең болмаған. Бұл туралы жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10 күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак – орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп  анық жазылған. Соған қарамастан ел мен жер, қазақ үшін жан беріп, жан алысқан батыр бабаның мерейі үстем еді. Мінекей, Ащыкөл осындай небір шежірелі тарихтың куәгері болған.

Ауылдағы ауқымды істер

Қош. Көл маңында терең бір тыныс алып, ауылға беттедік. Ауылға кіреберістегі асфальт тақтайдай теп-тегіс, әуелгі күре жолдағы ойқы-шойқы жоқ мұнда. Осынау сапалы жұмыстың өзі көңілге қуаныш сыйлады. Ауылдың төлқұжатына айналған еңселі қақпа да көздің жауын аларлықтай. Осы қақпаны орнатуға атсалысқандардың  айтуынша, батыр баба Жанқожа Нұрмұхаммедұлының дулығасына ұқсастырып жасалған деседі. Расында, дулығаға айнымайды. Ауылға кіргеннен көз қуантарлық дүние көп екеніне көз жетті. Айналаның барлығы жасыл желек. Сырдың суы сарқырап ағып жатқан арықтарға да әлсін-әлсін қарап қоямын.

Көлік жүргізуші ауылға кіргеннен ат басын әкімдікке бұрды. Мұнда Арықбалық округінің әкімі Мәулен Қайроллаевпен ауылдың тыныс-тіршілігі туралы сөйлесудің реті келді. Енді әңгіме ауанын сол ауылдағы атқарылған толымды жұмыстарға  бұрайық.

Кейінгі 7-8 жыл көлемінде түтіні түзу, бірлігі бекем қасиетті қоныстың көркі адам танымастай өзгеріп шыға келді. Оған ерекше әсер еткен бір жайт бар. 2014 жылы халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының дүниеге келгеніне 240 жыл толған құрметіне орай республикалық деңгейде ұлан-асыр той өтті мұнда. Мереке  қарсаңында  ауылда бірқатар шаруалар тындырылды. Дәл осы жылы Жанқожа батыр ауылы тірек елді мекендердің қатарына енгізілді. Ауылға мерейтойды атап өту қарсаңында қомақты қаржы құйылды. Ал оған №94 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Аудандық бюджеттен аталған мектеп ауласын абаттандыруға, мектеп шатырын қайта жабуға қаржы қаралды. Жалпы, жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Оған қоса ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

– Ауыл ішіндегі көшелердің сапасы жоғары. Оның басым бөлігіне   Жанқожа батыр, Әйтеке би, Ақтан батыр, Шынтас Жалғасбаев, Шоқым Ырғызбаев, Кеулімжай Күнбергенов, Әбілез Оспанов көшелеріне асфальт төселінген. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жарықтандыру жұмыстары да жүргізілді. Әкімдік ғимараты да назардан тыс қалмай, күрделі жөндеуден өтті. Кейінгі жылдары жаңа мешіт пен спорт нысаны бой көтерді. Ауылдың бүгінгі бейнесіне ауыл тұрғындары дән риза, – дейді округ әкімі.

Иә, ауыл деген аты болмаса, қаланың кейбір шеткері жатқан ықшам аудандарынан жақсы жағдай жасалған. Ауылдың бүгінгі көрінісіне қызыға қарағанымызды несін жасырайық?!

Мұндағы көркейту-көгалдандыру жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Ауыл орталығындағы сәні келіскен саябақта тұрғындар бірауық серуендеп, бой сергітеді. Бір байқағанымыз, мұндағы әр үйдің қоршауларының биіктігі де адам белімен бірдей әрі ауланы анық көретіндей қылып жасалыпты. Әйтпесе, ауылдың өзі қазір қала сияқты өзін оқшаулауға көшкеніне біраз болды. Мұның өзі ауыл адамдарының кеңдігін, құт таймаған қонақжайлығын білдіргендей.

Елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі

Әуелі ауыл жайлы бірер ауыз сөз. Арықбалық ауылдық округі 1928 жылы құрылған. Ал ауылдың бұрынғы атауы – Жиделі. Уақытында колхоз орталығы болған. 1992 жылы батыр, қолбасшы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының құрметіне «Жанқожа батыр ауылы» деп аталған.

Тіректі ауылдағы ерекше нысан – 624 орындық мектеп. Бүгінде мұнда 300-ден аса бала білім алуда. Типтік жобадағы 90 орындық балабақша бар. Сонымен қатар, мұндағы тұрғындарға дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, кітапхана тұрақты қызмет көрсетеді. Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн шығар, бұрын басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылатын. Бұл мәселе назарға алынып, округте 2013 жылы «Жанқожа» дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілген. Мұндағы ақ халатты абзал жандар күнделікті  келген науқастарды қабылдап, халық игілігіне жұмыс жасауда. Дәрігерлік амбулаторияда сырқаттанған жанға 11 төсектік күндізгі  стационар  қызмет көрсетеді. Гүлзат Қожабаева басшылық ететін бұл ұжымда барлығы 20 қызметкер жұмыс жасайды. Оның жетеуі техникалық қызметкер.

Бұған қоса, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткендер көп. Шалғай ауылда дүкен де, шаштараз да бар.

Ұлт денсаулығы бәрінен маңызды. Соның дәлелі ретінде 2018 жылы ел игілігіне берілген спорт кешенін айтуға болады. Мердігер мекеме «Намыс-құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын намысқа тырысып, сапалы жүргізіпті. Көркі көз тартады. Қазіргі таңда мұнда 16 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Баскетбол, волейбол, қазақша күрес және кикбоксингке арналған 4 үйірме бар.  Оған екі ауысымда 188 бала қатысады. Жаңа нысанға кіргелі жастардың жеткен жетістігі арта түскен. Қанша дегенмен қажетті құрал-жабдық қолжетімді  ғой. Мәселен, қазақша күрестен 7 бала аймақтық жарыс жүлдегері атанса, кикбоксингтен Гүлсезім Қайберген республикалық турнирде ІІІ орын иеленген.  Сондай-ақ, 8 бала аймақтық жарыстардың жүлдегері, волейболдан ауылдың жастар құрамасы облыстық және аудандық турнирлердің екінші орын иегері атанып, қанжығасы майланған.

Ауылды аралап жүріп, тәуелсіздік жылдары еңсе тіктеген тарихи нысан «Сарқұл қожа» мешітін де көрдік. Жамағатқа имандылық жолын насихаттаған ауыл имамы Арыстанбек Жанәділов мешіт жайлы білгенімен бөлісті.

– Сaрықұл Aққозыұлы – XVIII-XIX ғaсырда өмір сүрген қожа кісі. Кіндік қаны тамған жері – осы Aрықбaлық округі. Тaрихи шежіреге құлaқ түрсек, ол кісі зікір сaлып, aдaмдaрды емдеген және кәріп-қaсірге қaрaсып, сыйынсa қорғaны, қинaлғaндa қолдaйтын аруaқты қожaның бірі болған. Сaрықұл қожaның бейітінен 100 метрдей жерде биік төбе бaр. Бұл оның бaлa оқытқaн мешітінің орны. Ол мешітте де ерекше қaсиет бaр. Ол өмірден өткеннен кейін мешіт дүкен, кеңсе болыпты. Сол кездегі aдaмдaрдың aйтуы бойыншa, мешіттің есігі өзінен-өзі aшылып-жaбылып тұрaды екен. XIX-ХХ ғaсырлaрдa өмір сүрген оның немересі Aбылдa қожa Пaнaұлы да қыздырып темір шaйнaғaн, періні мaтaп бaйлaғaн, жын-шaйтaнды зікірмен қойшa топтaп aйдaғaн aтaқты зікірші болған, – дейді ауыл имамы.

Мына құдіретті қараңызшы. Сонaу 1932 жылы қызылдaрдың ГПУ-інен қaшып келе жaтқaн бір кісі: «Уa, Сaрықұл, қорғaп және қолдaй гөр! Өзің көмек бермесең, мен өлдім» – деген екен. Сол сәтте дaрияның жaғaсындa ескекті қaйық пaйдa болып, әлгі адам aрғы бетке аман-есен өтіп aлғaн. Бұл да ауылдың ажырамас бір тарихы. Айта кетейік, 2019 жылы осынау қасиетті мешіттің қасынан халықтың демеушілігімен тағы бір мешіт бой көтерген. Қазір ауыл тұрғындары сонда құлшылығын жасап, дұғасын тілейді.

Ауылдағы ілкімді істер мұнымен шектелмейді. Ауыл аяқсумен қамтамасыз етілген. Алайда, су әрең келіп тұр. Сырдарияның суы сираққа түскелі ахуал біршама қиындапты. Әсіресе, мал жайылымы мен шабындық жерлерге қақырай сөгіліп, қайырлаған дарияның зияны көп болып отыр. Қош. Бұл енді облысқа ортақ мәселе. Тағы бір айта кететін жайт, ауылдың санитарлық тазалығын жақсарту мақсатында жойылған ит, мысықтарға қоса мал өлексесін тастайтын типтік жобадағы мал қорымы салынған.

Енді жағымды жаңалықтарға ойыссақ. Бірлігі жарасқан берекелі ауылда тұрғындарды жұмыспен қамту да біршама ілгерілеушілік бар.

– Округ бойынша жұмыспен қамту орындарына хабарласқан жұмыссыздар саны 51 адамды құраса, оның 37-сі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, 6 жас маман жастар тәжірибесінен өтуде, 1 адам «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа алынды. Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, кәсіпкерлікке тарту жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде биыл 11 адам кәсібін бастады, – деді округ әкімі.

Шынында, ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылыпты. Олардың саны жыл санап артып келеді. Ауыл тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты болғандықтан мұнда мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, мал басын арттыруға ынта қойғандардың қарасы қалың. Мәселен, жеке кәсіпкер Асан Байтуғанұлы былтыр 25 млн теңге несие алып, 90 бас жылқы алған.

– Ауыл тұрғындары малмен күн көріп отыр. Сондықтан мемлекет берген көмекті уақытында алып, мал басын арттырдық. Жылқының барлығы қыр беткейде. Өйткені күн суып, қар түскенше, көгін алу керек. Қыста қорада тұрады. Ал қазір соған мал азығын дайындаудамыз. Мал басын әбден көбейткен соң, етін бордақылауға, сүтін сатуға шығармақ ойымыз бар, – дейді ол.

«Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды». «Руслан» шаруа қожалығы да 2020 жылы 30 млн теңгеге 70 бас түйе сатып алып, еңбегінің ризығын жеп отыр. Бұған қоса, «Фарида», «Ш.Жалғасбаев» шаруа қожалықтары «Құлан» бағдарламасы арқылы несие алып асылтұқымды мал өсірумен айналысуда. «Сыбаға бағдарламасы арқылы «Т.Рзақұл» және «Марат Кеуілімжай»  шаруа  қожалықтары  мемлекеттен несие иеленіп, мал басын арттыруда. Бүгінде аталған шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосуда. 

Мал шаруашылығын басты назарға алған батыр баба ауылында төрт түліктің өсімі жоғары. Қазір округ бойынша 3584  бас мүйізді ірі қара, 1443 жылқы, 184 түйе, 6015 қой мен ешкі, 580 бас құс бар.

Халық театры

Округтегі басты нысандардың бірі – Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі. 1981 жылы пайдалануға берілген.  Қазіргі таңда мәдениет үйінде 59 адам қамтылған 5 үйірме (ән, би, домбыра, әкелер ансамблі, халық театры) жұмыс жасайды.

Мәдениет үйінің алғашқы директоры – Жанділдә Баймұратов. Ауыл тарихында өзіндік орны бар ол кісі бұл қызметке  келген соң ауыл  өнерпаздарын жиып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Мұнда олар түрлі  мәдени шаралар ұйымдастырып, халық назарына ұсынды, игілікті істі жандандыруға күш салды. Көркемөнерпаздар үйірмесінің қатарында сол кезде Рыскүл Еріш, Жұмабек Табынбаев, Ерлан Ахметов, Орын Есқали, Нәзи Қоғашов, Бақыткүл Айниязова, Аққыз Нұрғалиева, Мейрамбек Тілеубергеновтер болды. 1982 жылы мәдениет үйі жанынан драма үйірмесі  ашылып жұмыс жасай бастады. Олар алғашқы жылдары-ақ аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатысып I орын алса, араға бір жыл салып тағы да аудандық байқауда топ жарды. Осылай тез арада нәтижелі жұмыс жасаған ұжым 1983 жылы аудандық мәдениет бөлімінің жыл қорытындысымен ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Бұдан кейін де драма үйірмесі көптеген қойылымдар қойып халық назарына ұсынды. Нәтижесінде 1992 жылы драма үйірмесі «Халық театры» атағын иеленді.

Қазіргі таңда мәдениет үйінің директоры Марат Жақсылықов,  халық театрының режиссері болып Бақытбек Макеев еңбек етуде. Сондай-ақ көркемдік жетекші Ғалия Алдамұратова, Әйгерім Асанова мен әдіскер Тұрар Айсауытов ауыл жастарының өнерін шыңдауда  көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Бір қызығы, елді мекендер арасындағы  халық театры бар тек осы ауыл ғана.

Білім деген – бір төбе

Ауыл орталығындағы № 94 мектеп талай түлектің томағасын сыпырған. Ауласын жасыл желек көмкерген білім ордасы расында әдемі екен. Мұнда қазір 304 бала білім алуда. Биыл мектепті 6  бала бітіріп, түгелдей ҰБТ-ға қатысқан. Түлектердің төртеуі мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына,  біреуі колледж грантына түссе, біреуі ақылы түрде білім алуда. Мектеп директоры Алик Тлеумбетовтің айтуынша, ұстаздар мен оқушыларының кейінгі кездегі көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Олар аудандық, облыстық, республикалық іс-шаралардан табысты оралып жүр.

Ал ауылдағы «Жауқазын» балабақшасының жас бүлдіршіндерді аяқтандыруда рөлі орасан. Батыр бабаның 240 жылдық мерейтойы қарсаңында салынып, пайдалануға берілген нысанның көркі көз тартарлықтай. Заманауи үлгідегі балабақша ауылға сән беріп-ақ тұр.

90 орындық балабақшада қазіргі таңда бес топ қызмет жасайды екен. Мұндағы  ойын бөлмелері, жатын бөлмелері, мәжіліс залы, кабинеттер қажетті жабдықтармен жасақталған. Сонымен қоса, ғимараттың дизельдік электр станциясы, қазандық, тағы басқа құрал-жабдықтармен  қамтылуы балабақшаның әлеуетін арттыра түскен.

– Мұнда 90 бала тәрбиеленуде. Тәрбиешілердің кәсіби білігі жоғары.  Қазір «Жауқазынның» кішкентай тәрбиеленушілері бес білім саласы, яғни, «Шығармашылық», «Қатынас», «Таным», «Денсаулық», «Әлеуметтік орта»  бойынша түрлі мәліметтерді бойына сіңіруде. Қазіргі таңда балабақшада 43 адам жұмыс жасайды. Ұжымдағы педагог мамандардың жартысы жоғары білімді, қалғаны арнаулы орта білімді. Тәрбиешілердің арасында I, ІІ санатты мамандар бар, – дейді балабақша меңгерушісі Жанар Түменбаева.

Ауданның тіректі ауылына айналған елдегі тыныс-тіршілік осындай. Ауылға емес, қалаға келгендей күй кешіп, ауызбіршілігі мығым, ісі тиянақты ағайынның тату-тәтті тірлігіне сүйсіндік. Қазақтың әр ауылы осындай болса, қанекей.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<