Қоғамда ауыл тұрмысын көтеру туралы көп айтылады. Расында, бұл мәселе қашан түпкілікті нәтиже бергенше күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өйткені жалпы адамзат тіршілігінің түп тамыры ауылда жатыр. Қарапайым ғана мысал, диқан бидай екпесе, нан қайда? Шаруа мал бақпаса ет пен сүт қайда? Бағбанның бау-бақшасы болмаса, дастарханның берекесі болар ма? Ал, осы шаруамен айналысып, ертелі-кеш егін басында жүрген ауыл адамының тұрмыс түйткілін шешуге келгенде биліктің көп нәрседен кеш қалғаны көңілді құлазытады.
Шындығын айтсақ, қазір кейбір ауылдың тұрмыс-тіршілігіне сол жерде егін егіп отырған ірі шаруашылықтар қарайласып келеді. Сөзіміздің дәлелі, осындай шаруашылықтардың елге деген қолдауының арқасында жылдан-жылға еңбек өнімділігі артып, жұмысшының да жағдайы жақсара бастады. Одан бөлек, ауыл ішіндегі көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына да олардың қосып отырған үлесі зор. Айталық, Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС құрылымының егін шаруашылығымен айналысып келе жатқанына жиырма жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында ісі ілгері басқан серіктестік құрылым тірлігі тұралап қалған бірді-екілі шағын шаруашылықтарды қарамағына алған болатын. Жалпы бүгінде «Таң ЛТД» ЖШС құрамында 350-ден астам адам еңбек етеді. Өткен жылы Таң ауылының диқандары 1200 гектар жерге күріш егіп, орташа 65 центерден өнім алынды. Шаруашылық өкілі Сәкен Шағыртаевтың айтуынша, еңбек озаттарына қаржылай сыйақыдан бөлек, 6 жеңіл автокөлік берілген. Ал, жалпы сыйақыға 232 млн теңге шамасында қаржы жұмсалыпты.
Ел азаматымен еңселі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі экономикалық ахуалдың қаншалықты қиын болғаны баршамызға белгілі. Осынау өтпелі кезеңде істің иінін тапқан азаматтардың кәсіпкерлік бағытына ден қойып, жұртын жұмыспен қамтып, барды ұқсата білуі – ауылдың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға сеп болғаны рас. Алайда алғашында бұл талапты орындау оңайға соқпады. Себебі, арнасы бөлек ауыл тірлігінің ыдырай бастағаны халықты алаңдатқаны сондай, келер күнге деген үмітінен гөрі күдігі басым болды.
Иә, осынау сын кезеңде туған ауылының тіршілігін түлетуге жеке қаражатын жұмсап, елдегі ағайынды еңбекпен қамтыған азаматтың бірі, осы ауылдың тумасы Имамзада Шағыртаев болатын. Ол алғашқы еңбек жолын «Таң» совхозында қарапайым механик болып бастап, 1994-1998 жылдары «Асар» ассоциациясында инженер-механик болды. Ал 1998-2003 жылдары «Таң» ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Бұл уақыт ел өміріндегі ауыр кезең болды. Қаншама жұмыс орындары тоқтады, тым жақсы құрылыстар, техникалар талан-таражға түсіп, әркімнің қолында кетті. Ал ауыл шаруашылығына иек артып келген халықтың күнкөрісі күрт қиындады. Көп ойлар көңілде сайрап тұрғанымен, іске асыруға қаражат жоқ. Не істеу керек? Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
Көп ойланбай, жастайынан тіршілігі таныс ауыл шаруашылығына бет бұрып, күріш егуді қолға алды. Рас, бастапқы кезде техника жетіспеді, сапалы тұқым табу да оңай емес, сол себепті, жұмсаған қаражатының пайдасынан шығыны артықтау болды. Дегенмен алдына айқын мақсат қойған ауыл жігіті әуелгі қиындықтарға дес бермей, түпкі нәтижеге жетуді көздеді. Көп ізденіп, шаруаға кедергі болып тұрған күрмеулі мәселелердің шешімін тапты. Нәтижесінде, өзі құрған «Таң ЛТД» ЖШС аз уақыттан кейін-ақ ауылдастарының қалтқысыз сенімін иеленді. Шаруашылықта азын-аулақ егін егіп, межелі өнімін алған серіктестік ұжымы сол бір сындарлы шақта ауыл халқын қиындықтан аман алып қалған еді.
Кәсіпке шындап бет бұрған И.Шағыртаев жылдан-жылға егіс көлемін арттырып, сапалы өнім алу мақсатында күріштің жаңа сорттарын өндіруге күш салды. Алдымен, шаруашылықты соңғы үлгідегі техникалармен жабдықтауға көңіл бөлді. Айталық, 2011 жылдан бастап бүгінге дейін техника паркі түгелге жуық жаңартылды. Нәтижесінде, еңбек еселеніп, өнім сапасы да арта түсті. Алғашқыда 50-60 адамды жұмыспен қамтыған шаруашылық бүгінде 350-ден астам тұрақты еңбекшілері бар іргелі орталыққа айналған. Сырдың дәстүрлі дақылы – күріштің жоғары сорттарын өндіріп, экпортқа шығарып отыр. Бұл үшін серіктестік аясында тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын зауыт іске қосылған. Бұдан бөлек, тұқым дайындайтын цех та бар. Бір сөзбен айтқанда, күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстың бәрі жолға қойылған. Бастысы, өндірілген өнім бүгінгі бәсекелестік ортада сұранысқа сай. Әлбетте, мұның ар жағында іргелі ұжымның өлшеусіз еңбегі жатыр.
Ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы мемлекет бастамаларына дер кезінде үн қосып, шаруасын ұтымды ұйымдастыра білген кәсіпкер тапқан табысынан ауылдың келбетін жаңартып, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
«Ауылын көріп, азаматын таны» деген халқымыз. Осы сөздің астарында үлкен мән жатқандай. Шындығында, ауыл азаматы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев – туған жеріне туын тіккен тұлға. Елге еткен еңбек еш кетпейді. Оның әр жылдары облыс әкімінің алғыс хатымен, «Құрмет грамотасымен» марапатталуы, Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10, 20 жылдық мерекелік медальдарын және «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» орденін иеленуі осының айғағы болса керек.
Еңбек бағаланды, өнім де еселенді
Халқымызда «Егінші жылда арманда» дейтін сөз бар, шынында бұған ешкімнің таласы жоқ. Егінжай басында жолыққан бригадир жігіт Төремұрат Ахметовтың айтқан әңгімесі де осыған саяды. Оның қарауында 600 гектар күріш егіні бар. Қазір диқандар суға бастырылған егіннің шығымын тұрақты бақылап отыр. Біле білсек, суғарудың да өзіндік тәсілі бар екен. Бригадир жігіттің айтуынша, көктемде егінді егер алдында шаруашылық басшысымен келісім-шартқа отырып, қай бригада қанша өнім алатынын нақтылайды. Сондай-ақ, жыл сайын өнім көлемінің және сапасының артуына ерекше мән беріледі. Осы келісім-шарттың аясында басшылық тарапынан қажетті жұмыстардың бәрі атқарылады. Ал, содан кейінгі жауапкершілік күрішшілер мен сушыларға жүктеледі.
– Алғашқы жылдары орташа өнім көлемі 30-35 центнерден аспайтын. Сол уақытта 40-50 центнерден өнім алуға болады десе, сенбейтін едік. Бірақ сондай өнім алғандар болды. Оның басты себебі, тынымсыз еңбек болса, екінші жағынан техниканың мүмкіндігіне де байланысты екен. Жаңа техникалар қалай келе бастады, өнім көлемі де күрт өсім алды. Мысалы, 2004 жылдан бастап жұмысшыларға берілетін сыйақының көлемі көбейді, осыған сәйкес жұмыс та ілгері басып, егіннің өнімділігі де артты.
Қазір егінші-механизаторлар өзара бәсекемен еңбек етуде. Өйткені әркімнің де мол табыс тапқысы келеді, солайша тұрмысын түзеуге ынталы, – дейді бригада жетекшісі. Ал, Қуаныш Өмірғали есімді күрішші жігіт шаруашылық құрылғалы бері осында еңбек етіп келеді. Былтыр ол 30 гектарға егілген күріштен орташа 83 центнерден өнім алып, жыл қорытындысында автокөлік иеленді.
Біз егін басына барған уақытта күн тас төбеде, аптап ыстық, аңызақ жел болатын. Ал, осы кезде дала қосында демалып отырған жігіттердің ел ырзығын еселеу жолындағы еңбектеріне қалайша тәнті болмассың?!
Ауыл келбеті көркейіп келеді
Таң ауылының қазіргі келбеті бұрынғыдан көп өзгерген. Көшені жағалай арықтар қазылып, қоршаулар жасалған. Ауылдың мешіті жөндеуден өтті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 100 орындық «Таң бөбегі» балабақшасы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сол сияқты, спорт кешені салынды. Ет өңдеу цехы іске қосылды. Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылды. Ауылдық округ бойынша жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Осы күні 5 көшеге жарықтандыру жүріп жатыр. Балалар үшін ойын алаңы салынып, ауылдың кіреберісіне сәнді аркалар қойылған. Бұл аркалар біріншіден, сән мен сәулет үшін болса, екіншіден ауыл ішіне ауыр жүк көліктерін кіргізбеу мақсатында қойылған. «Менің сүйікті ауылым – Таң» деген заманауи экспозициялық көрнекілік те ауыл жастарының туған жерге сүйіспеншілігін арттыра түскендей.
«Таң ЛТД» ЖШС құрамында ауылдың 120 адамы тұрақты еңбек етіп, заман талабынан қалыс қалмай, өз-өздерін тұрмыс қажеттілігімен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе, жастардың да дүбірлі мәреден шет қалмай, дала төсінде еңбек етіп жүргені қуантады. Шынында, олар жаңа техникаларды шырқ үйіріп, шаруаға бейімделген. Сондай-ақ шаруашылық биыл 15 гектардай жерге картоп екті, өнім жақсы болса, алдағы уақытта бұл көлемді ұлғайту да ойда бар. Бұл ретте ауыл тұрғындарының да бақша егіп, бұйыртқан өнімін алуына жағдай жасалады. Әрине, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл – әлеуметтік жағдайдың жыл санап жақсарып келе жатқанының бір көрінісі. Біздің айтпағымыз, барлық ауылда да осындай жүйелі жұмысты ұйымдастыруға болады. Ол үшін қабілет-қарымы бар азаматтар «бас басына би болмай», елдің бірлігі мен берекесін сақтап, ортақ мүдде жолына ойысқаны жөн секілді…
Жалпы, Таң ауылында 1298 тұрғын бар, оның ішінде экономикалық белсенді санатында 646 адам. Ауылдағы әлеуметтік мекемелерден бөлек, 100-ден астам шағын кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді. Жыл сайын абаттанып, көркейіп келе жатқан ауылға қарап, алдағы күнге деген сенім орныға түсетіндей.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
Жалағаш ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<