Тәуелсіздіктің 30 жылдығы дегенде елдіктің алтын бесігі – ауыл өмірін айналып өту мүмкін емес. Алғашқы қиындықтарды еңсерудегі ауыл адамдарының табандылығын қалай дәріптесек те жарасады.
Иә, қоғам ауысты, уақыт өзгерді. Соған қарай өмір сүрудің талабы да жаңа бағытқа бұрылды. Қанша жылдан бері қалыптасып қалған жұмыс көзі – егін мен мал шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Тоқтап қалған жұмыс орындарын шашау шығармай, түп-түгел сатып алар ма еді, бірақ ол уақытта елдегі азаматтардың қолында ондай ауқымды қаражат болған жоқ. Бәлкім, саясаттың беталысын аңдай алмаған шығар. Қысқасы, әркім қалтасының көтергеніне қарай жер телімдерін, техникаларды, фермадағы малды бөлек-бөлек сатып алды. Осылайша тіршілік тұралаған болатын.
Жеке шаруашылықтардың айналасында аз ғана жұмысшы қалды да, басқа адамдарға күнкөріс мұңға айналды. Сол себептен еңбек етуге қабілетті жастардың барлығы қалаға қарай қоныс аудара бастады. Шынын айтуымыз керек, бұл ауылдың келешегіне қауіп төндіргендей еді.
Иә, ол уақыттың қиындығын өзіміз де көрдік. Бюджеттік мекемелерден басқа жұмыс орындарында еңбекақы төлеу өте өзекті мәселе еді. Ауылдағы отбасылардың азын-аулақ жиған малы ас-ауқатынан ауыспайтын. Әсіресе, ауыл жастарының оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы оңай болмады. Оның себебі, ауылда қалса жұмыс жоқ, қалаға барса баспана жоқ, екі қолға бір күрек таппай еріксіз көшіп жатты. Қалаға көшкендер сауда-саттықпен немесе жалдамалы жұмыстармен айналысып, отбасын асырады. Тіпті әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы көлемі де мардымсыз болатын. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауылдың жай-жапсары осындай еді…
Екі мыңыншы жылдарға қарай елді мекендегілер де еңсесін тіктеп, бақшасын егіп, малын бағып, өз бетінше тіршілік етуге бейімделе бастады. Еңбек нарығына қарай егіншілер мен жұмысшы-механизаторларға сұраныс артты. Ауыл шаруашылығы саласына жаңа техникалар тартыла бастағанда, бұл мамандар қайта даярланып, жаңалықты игеруге күш салды. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі артып, оның әсері әлеуметтік ахуалдың тұрақталуына сеп болды.
Бүгінде Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылдық округінде 315 отбасы тіркелген, халық саны – 1672. Оның ішінде 182-сі – зейнеткер. Сондай-ақ, ауылда 83 Батыр ана бар. Атап айтар болсақ, 45-і – Алтын алқа, 38-і – күміс алқа иегері. Ауылда «Еңбек-Жер» ЖШС және 6 шаруа қожалығы, 60-қа жуық жеке кәсіпкерлік тіркелген. Елді мекеннің жалпы жер көлемі 11151 гектар, оның ішінде 3440 гектары – жайылымдық, 87 гектары – шабындық, 3151 гектары – егістік, ал басқа алқап 2169 гектарды құрайды. Сондай-ақ, 2150 ірі қара, 1896 уақ мал, 567 жылқы, 561 құс есепке алынған.
Экономикалық белсенді халық саны – 754, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар 469 болса, өзін-өзі қамтығандар саны – 223.
Ауылдағы «Еңбек-Жер» ЖШС-ның қарамағында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Биыл серіктестікте 1427 гектар жерге күріш, 624 гектарға жаңа жоңышқа, 374 гектарға ескі жоңышқа егіліп, күтімге алынған. Қазір егіс басында қызу жұмыс жүріп жатыр. Күрішке орақ салуға техникалар жұмылдырылды. Айта кетейік, жұмысшы-қызметкерлерінің еңбекақысы ай сайын төленеді. Жыл сайын егін жинау жұмыстарының қорытындысымен бригадирлер, сушылар, жұмысшы-механизаторлар арасынан еңбек озаттарына көлемді қаржылай сыйақылар беріледі. Одан бөлек, жеңіл автокөлік, тұрғын үй салып беру сияқты қолдаулар қарастырылған.
Серіктестік басшысы Шәкизатхан Ысқақов ауылдағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Айталық, шаруашылықтың демеушілігімен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, оқу озаттарына қаржылай көмек көрсетіліп отырады. «Еңбек-Жер» ЖШС қаражатымен салынған ауылдағы шағын маркет қаладағы сауда орталықтарынан кем емес. Азық-түліктің барлық түрі бар. Бағасы да қолжетімді. Нан өнімдері ауыл наубайханасында пісіріледі. Иә, осы күні ауыл мен қаланың аса көп айырмашылығы жоқ. Соның айғағы, бір кездері ауылдан қалаға көшкендер қайтадан атақонысқа бет бұра бастады.
Жоғарыда айтып өттік, ауылда 83 Батыр ана бар. Бүгінде 30 жылдан астам тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі ауыл-аймақтан асып, республика көлемінде танылды. Осы уақыт аралығында баласын өсіріп, немересін жетелеп, шөберенің қолынан су ішкен аналар ұлттық құндылықтың ұдайы насихатшысы болды. Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жас ұрпақтың рухани тамырынан ажырамай, салт-санасын бойына сіңіріп өсуіне аналар ансамблінің үлесі зор. Бүгінгі таңда «Батыр аналар» ансамблі өнер жолын жалғастыруды кейінгі буын көпбалалы аналарға аманаттады. Осылайша өзара сабақтастықтығын үзбеген өнер ұжымы тәлім-тәрбиенің алтын арқауына айналған. Аналар ансамблінің іс-шараларына да «Еңбек-Жер» ЖШС тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
– Ауылды көркейту жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Бассейн мен өзге де секцияларды қамтитын заманауи спорт кешенін салу жоспарымызда бар. Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтуды да қолға алдық. Биыл екі жұмысшыға баспана салудамыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына инновация енгізу жұмыстарын жалғастырамыз, – дейді «Еңбек-Жер» ЖШС төрағасы Шәкизатхан Ысқақов.
Айта кетейік, өткен жылы Covid-19 індеті өршіп тұрған уақытта «Еңбек-Жер» ЖШС алғы шепте еңбек еткен Жалағаш аудандық аурухана қызметкерлеріне 2 млн теңге сыйақы берді. Сонымен бірге, ауылдағы дәрігерлік емханаға 720 мың теңгеге оттегімен қамтамасыз ететін ИВЛ аппаратын табыс етті. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында 560 мың теңгеге қамқорлықты қажет ететін 8 оқушыға планшет алып берді. Осы жұмыстарға қосымша 154 зейнеткер, 25 тұрмысы төмен отбасы, серіктестікте жұмыс жасайтын 90 жұмысшы-қызметкер серіктестіктің қолдауынан қалыс қалмады.
«Еңбек-Жер» серіктестігі биылғы егін жинау науқанына қызу дайындықпен кіріскен. Мақсат – егілген егінді ысырап етпей, мезгілінде жинап, межелі өнім алу.
Ауылдық округ әкімі аппаратында 17 қызметкер, оның ішінде 6 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады. Алдағы жоспарлары ауқымды. «Еңбек-Жер» ЖШС-мен тұрақты әріптестік орнатып, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге, абаттандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлініп отыр. Айталық, осы мақсатта серіктестік есебінен 2018 жылы 150 млн, 2019 жылы 45,5 млн, былтыр 40 млн, ал биыл 22 млн теңге қаржы салынған. Нәтижесінде ауыл орталығының қазіргі келбеті көз тартады. Көшелер жарықтандырылған, жасыл желекке бөленген.
Ауылдағы М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп ғимараты 1974 жылы пайдалануға берілген. Білім ошағына 2016 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындарына Мәдениет үйі, «Ақжүніс» жеке балабақшасы, пошта бөлімшесі, дәрігерлік емхана қызмет көрсетеді.
Бүгінде экономиканың алға сүйреушісі шағын кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл мақсатта аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы былтыр 6 азамат шағын несие, 8 азамат қайтарымсыз грант, биыл 1 азамат шағын несие, 3 азамат қайтарымсыз грант алып, еңбек етуде.
«Өңірлерді дамыту 2020-2025» бағдарламасы арқылы 2,1 млн теңге қаржыға Даңмұрын көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, ауылда көптен бері шешімін таппай келген мәселенің бірі аяқсу тапшылығы болатын. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы қаржы бөлініп, «Мәдениет» каналына электрлі су тартқыш насос орнатылды. Иә, ауылды абаттандыруға көп жұмыс атқарылғаны көзге көрініп тұр, әйтсе де әлі кезегін күтіп тұрған жұмыстар да жеткілікті. Бұл – уақыт талабы.
Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қиындықтарға қайыспай төтеп беріп, адал еңбек, маңдай терімен тіршілік тінін қайта тапқан, тұрмысын түзеп, жаңа бастамаларға ілескен ауыл халқының бүгінгі жайы міне, осындай.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
Жалағаш ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<