Толқын тербеген ауыл

352

0

Менің туған топырағым Арал қаласынан 60 шақырым қашықтықтағы «Жалаңаш», бүгінгі «Мергенсай» ауылы. Теңіз жағалауына қоныс тепкен «Жалаңаш», «Үшшоқы», «Сарықұм», «Тастүбек», «Қарабұлақ», арғы шеті «Ақеспеге» дейінгі аралықтағы жерлерді ата-бабаларымыз «Көктырнақ» деп атаған көрінеді.

Сонау жылдары осы елді мекендер бір орталыққа топтастырылып, «Үшшоқы» шаңырағы көтеріледі. Балықшылар бас біріктіріп, серіктестік құрылады. 1928-1929 жылдары ұжымдастыру шешіміне байланысты «Бірлестік» колхозы құрылып, орталығы «Жалаңаш» елді мекені болады. Колхоз құрамына «Тастүбек», «Қарабұтақ», «Үшшоқы», «Мергенсай», «Саршығанақ» ауылдары топтастырылғанымен көп ұзамай колхоз таратылады. Яғни «Бірлестік» колхозы қайта құрылып, оған «Үшшоқы», «Жалаңаш» елді мекендері қарайды. Биыл осы – «Жалаңаш», бүгінгі «Мергенсай» ауылының ірге көтергеніне 95 жыл толып отыр.

Балалық бал дәуреніміздегі ауыл келбеті көз алдыңда көлбеңдей тұрады екен. Ұмытпасам, сол кезде ауылда бар-жоғы 60-70 шақты ғана отбасы ғұмыр кешкен еді.

Баламыз ғой, көк теңіз бен шағаланың дауысы, алып кемелердің гүрілі, таң білінер-білінбесте өре түрегелетін балықшылар, өрісті бетке алған төрт түлік мал, бәрі-бәрі керемет әсерге бөлейтін еді. Аңқыған жусан мен изен иісі мұрынды жарып, рахат сезімге бөлеуші еді.

Майшамның жарығымен оқыған кітабымызды жастық астына салып, жастанып жатқан бізді де таң білінер-білінбесте «Ворошилов», «Попов», «Киров», «Генерал Ватутин» кемелерінің дауысы шырт ұйқыдан оятып, қара сирақ бала болсақ та тіршілікке кірісіп кететінбіз. Ыспа құмды жалаңаяқ кешіп, теңіз жағасына барып, кеше кешкілік салған тор көзді ауымызды тартқылаймыз. Аудың тор көзінде тыран мен торта тұнып тұратын. Құйрықтарын ұрғылай тыпырлаған балықтарды қапқа салып, иыққа асып, қазан-ошақ басына әрең әкелетінбіз. Балық иісін сасытып мектепке барамыз.

Кезінде қамкесектен салынған жатаған мектебіміз 8 жылдық болатын. Бір сыныпта бар-жоғы 10-12 оқушы едік. Мектебіміздегі он бір оқытушыдан дәріс алсақ, осының оны ер адам еді. Орынбике апай 1-сынып оқушыларына сабақ беріп, әліппе бетін аштыратын. Ал мектеп директоры балуан денелі, қарқылдай күліп, аңқылдай жүретін Құлекен Шаңқұлов ағай болатын. Білім нәрімен сусындатқан Әбдірейім Есендіков, Аққали Әбілов, Әнес Иманғанбетов, Мұқаш Талдиев, Әлдірза Жолдасовтардың тәлім-тәрбиесіне тәнті болатынбыз. Ұстаздардың алдынан кесе өтпей, бас киімімізді қолға алып, иіліп сәлем ететінбіз. Кейінгі ұрпақ осыны ойлануы тиіс.

Ауыл тұрғындарының атакәсібі – балық шаруашылығы. Содан да балықшылардың бітім-болмысы бөлек. Олар аптап ыстықта жалаңаштанып, жағада тұрып жылымды тартқыласа, қақаған қыста қалыңдығы бір метр болатын теңіз мұзын ломмен ұрғылайтын. Ол кезде жылымның шонтайын жағаға тарту үшін қос өркешті атанды ағаш шығырына жегіп, тартатын. Ауыздарынан ақ көбіктері бұрқыраған атанды қамшылап, жылым шонтайы жағаға жеткенше шығырды шыр айналып біз жүретінбіз. Заман-ай, сол кездері жылым шонтайы тола бекіре, қаяз, жайын, сазан, тісті, тыран, торта араласып, жанталасып жатушы еді.

Біздің ауылдан есімдері елге танымал айтулы азаматтар түлеп ұшты. Айталық, Қуатжан Досжанов ағамыз Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, бертін келе Қызылорда облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарса, екінші бір Досжанов Сейітжан ағамыз «Аралтұз» комбинатына 20 жылдан астам уақыт басшылық жасады. Ал Иманғали Сейітов ағамыз еліміздің бірнеше облыстарында бас прокурор болса, Әділбек Әйімбетов Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жәдігер Орақбаев, Әбжәми Құтмамбетовтер Қызылорда облыстық тұтынушылар одағын басқарды. Біздің бала кезімізде колхоз төрағалары болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне Әбжан Жантекеев, Әбдіғани Жүсіпов есімді ағаларымыз сүбелі үлес қосты.

70-жылдардың орта шені. Үй іргесін ұрғылап жататын теңіздің ақ бас толқындары ішін тартып, алыстан «мен мұндалап», сағымданып қана көрінетін күй келді. Шағаланың шаңқылы да жоғалды. Керемет кемелер мен ескекті қайықтар жағада қайырлап жатты. Кемелер ауыл іргесіндегі «Саршығанақ» түбегіне «Кемелер қорымына» жинақталды. Бертін келе ашық мұражайдағы кемелер қараусыз қалып, талан-таражға түсті. Өкінішті!

Әлі есімде, теңіз тартыла бастаған соң атакәсіптерінен айырылған кейбір ауыл тұрғындары үдере көшіп жатты. Оны айтасыз, Ауан, Ұялы елді мекендері тып-типыл болған да еді. Ал теңіз-аналарының қайтып келетініне күдікпен емес, үмітпен қараған біздің ауыл тұрғындары көшкен жоқ. Десе де, теңіздің ауыл іргесіндегі «Саршығанақ» тұйығы тартылып кетуінен балық та жоғалды. «Не істеу керек?» деген сұрақ мазалаған ауыл балықшылары Балқаш көліне барып, 6-7 айлап жатып, балық аулайтын. Сөйтіп 5-6 жыл бойы ауыл тұрғындарының асыраушысы болған еді. Әттең, кейін бұл тірліктеріне де жоғарғы жақтың нұсқауымен тыйым салынды.

Жасыратыны жоқ, сол кезден бастап, яғни тоқырау жылдары ауыл тұрғындары тұрмыс тауқыметін тарта бастады. Төрт түлік малын талғажау етіп, оның да басы күрт азайды. Бұрындары су сұраса сүт берген, айран берген ауылдастар енді бір-біріне сүт емес, су беруге де бармайтын көңілсіз күй кешті.

Сол жылдары біздің «Бірлестік» ауылы («Мергенсай») тұрғындары бірлесе отырып, жаңа бір тіршілік көзін ашты. Әділбек Әйімбетов, Марат Құтмамбетов, Табын Әленов сынды ауыл азаматтары «Аралдан Каттегатке дейін» бағдарламасы бойынша даниялық балықшылармен байланыс жасап, тұзды теңізге камбала балығының ұрығы жіберіле бастады. Ауылға даниялық балықшылар келіп, тұзды теңізде камбала өсірудің тәсілдері жайлы тәжірибе алмасып, балық аулау амалдарын үйретті. Содан алты-жеті жыл бойы камбала балығын аулаған ауылдастарымның тұрмыс-тіршіліктері түзеле бастаған болатын.

Бертін келе еліміз еңсесін тіктеп, «САРАТС» жобасы өмірге келді. «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші теңіз жағаға жақындай бастады. Атакәсіпке қайта жан бітіп, елдің несібесі толыса түсті.

Туған жердің келбеті де өзгеріске енді. Ауыл тұрғындарының асарлауымен мектеп салынып, екі қабатты балабақша бой көтерді. Ауылдастар тұрғын үйлерін жаңа типпен жарыса салып та жатыр. Ауызсу жүйесі тартылып, халықтың басты игілігі жақсарды.

Десе де «Мергенсай» ауылының әлі де болса өз шешімін таппай жүрген толғақты мәселелері бар болатын. Әлгінде айтқандай, бұл ауыл Арал қаласынан 60 шақырым қашықтыққа қоныс тепкен. Жол қатынасы жоқтың қасы, яғни кезінде бастау алған асфальт төсеніші бертін келе қаржыға байланысты тоқтатылған. Екінші бір толғақты мәселе, жоғарыда айтқандай, мектеп ғимараты қамкесекпен асарлап салынған. Ауыл көшелерінің келбеті де сын көтермейді.

Жуырда аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың облыстық «Сыр бойы» газетіне берген сұхбатын егжей-тегжейлі оқып, тағы бір қуанышты жаңалыққа қанықтық. Биыл мұнда жаңа білім ошағы – типтік жобадағы мектеп ғимараты бой көтермек. Сондай-ақ Арал қаласына қатынайтын 60 шақырым автокөлік жолы асфальтталмақ. Тағы бір жағымды жаңалық, осы кезге дейін шалғай жерден ауызсу тасымалымен күн кешіп отырған «Мергенсай» ауылына қарасты «Тастүбек» елді мекеніне ауызсу желісі тартылмақ. Міне, осы бір игілікті істер үшін ауыл тұрғындарының айтар алғыстары шексіз.

Осындай игілікті іс-шаралардың жүзеге асуында ел бірлігі бәрінен маңызды. Сондай-ақ атақонысты абаттандырып, тазалығы мен тәртібін сақтап отыру сондағы ағайынның ауызбірлік міндеті екенін де ұмытпаған абзал.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист,

Арал ауданының Құрметті азаматы