Түгіскенде кәсіп түлеген

434

0

Түгіскен – беріректе пайда болған ауыл. Әдетте, біз көп елді мекеннің тарихын Кеңес үкіметі жасақталғалы, ұжым, колхоз болып құрыла бастағанынан білетінбіз. Ал Түгіскен кешегі 70-жылдарға таяу құрылған совхоз еді. Дұрысы, 1967 жылы тың жерлерді игеру мақсатымен қазіргі іргелі елдің іргетасы қаланды. Міне, бір кездері сол ауылдың өркендеу жолында еңбек етіп, тер төккен азаматтардың бейнеті ақталып, Түгіскен ауылы Жаңақорғандағы көркейген елді мекендердің қатарына кіргелі де аз уақыт болмады.

Бұл ауылда бір емес, екі мектеп бар. 700-ден аса отбасы тұрады. Дәрігерлік амбулатория, дәріхана, 2 мемлекеттік, 4 жеке балабақша, пошта, қоғамдық монша мен көптеген дүкен жұмыс істеп тұр. Өнер мектебі, мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетіп, №8 спорт мектебінде түгіскендік оқушылар 8 спорт үйірмесі арқылы жаттығып келеді. Жанар-жағармай құю бекеті, ауызсу тарату мұнарасы бар, аяқсу екі канал арқылы келіп тұр.

Түгіскенде түрлі кәсіпті игеріп, табыс тауып отырғандар жеткілікті. Бұрын аймақтағы ең ірі тұқым шаруашылығы да осында болған. Қазір егін мен атакәсіп – мал шаруашылығы бойынша 112 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ал ауыл бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 135.

Бір ғана мысал, ауыл тұрғыны Қасымхан Әбуталипов отбасылық кәсіпті бастағалы көп бола қоймапты. Түгіскендегі ірі тұқым шаруашылығы 2014 жылы тараған соң қаңырап қалған көп ғимараттың бірнешеуін аукцион арқылы сатып алған. Кейбірін бұзып, қайта салыпты. Соның бірінде бордақылау алаңын ашса, енді біріне құрылыс заттарын өндіретін цех орналастырған.

– Мемлекет ұсынған кәсіпкерлік бағытындағы тиімді бағдарламалар барын білемін. Бірақ құжат дайындап, оған қатыса қойғаным жоқ. Алдағы жоспарымда бар. Әзірге ағам Оспан және інім Батырханмен бірлесіп, «Тұран-Агро» қожалығын құрып, ауылдық жерге тиімді кәсіппен айналысып келеміз. Өзіңіз көргендей, бордақылау алаңында ірі қара мен жылқы бағамыз. Сатып алған ғимарат ішін 50-60 бас ірі қараға ыңғайлап, құнарлы азықпен бағып отырмын. Қоң жинаған соң аудан мен ауыл халқына жіліктей отырып та, тікелей де сатылымға шығарамыз. Жұмыс жыл бойы тоқтамайды, семіз мал сойылған соң орнына басқа ірі қара бағылатыны белгілі. Ауылдың үш тұрғынын тұрақты жұмысқа алып, жалақысын уақытылы төлеп келемін, – дейді кәсіпкер.

Қасымханның айтуынша, биылдың өзінде 150 бас ірі қара мен жылқы бордақыланған. Әсіресе, қыс айында етке сұраныс көп. Сондай-ақ, алдағы уақытта жем сақтайтын қойма, мал сою алаңын салып, оның көңін пайдаланатын, тыңайтқышқа қажетті калифорниялық шұбалшаң өсіруді қолға алмақ. Бұдан бөлек, қой түлігін көбейтуді жоспарлап отыр. Шаруа қожалығының иелігінде 160 гектарға жуық жер бар. Оның 90 гектарына жоңышқа, бидай, күріш егіп отыр. Қалғаны мал жайылымына арналған.

– Екінші кәсіп түрі – құрылыс заттары. Бос жатқан ғимаратты сатып алысымен, оған өз қаражатыммен жарық, су тартып, шлакоблок пен газоблок өндірісін қолға алдық. Шағын цехтан бір күнде газоблоктан 300-400, ал шлакоблоктан 600-800 данасын шығаруға болады. Сәуір айынан бастап, күзгі суық басталамын дегенше жұмыс тоқтамайды. Шикізаты жергілікті Шиелінің цементі, осы маңның топырағы. Тек кейбір қоспалары ғана басқа облыстан келеді. Біздің ауыл Жаңақорғандағы үлкен елді мекен болғандықтан, бұл өнім өзімізден ауыспай тұр. Жұмыс уақыты маусымдық кезеңге сәйкес келетіндіктен, мұнда құю жұмыстарында 4 адам жүрсе, көлікке арту, түсіру жұмыстарын 7-8 адам атқарады. Бұлардың барлығы да – ауыл тұрғындары. Осылайша оларға қосымша қаржы табуға да мүмкіндік бар, – дейді Қасымхан.

Ал Гүлхан Бекзатханова ауылдан тігін цехын ашып, өзімен бірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел арасындағы қыз ұзату мен келін түсіру тойының шымылдығы мен көрпе-жастығын тігіп, кәсіп еткен келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы бизнесін бастаған.

– 2017 жылдан бастап өз бетімше тігін тігуді үйрендім. Қосымша Қызылорда қаласында тұратын Күләш Тілеуова есімді тігінші апайдан біраз дәріс алдым. Кестелерді құрап, ою ойып, көрпе мен жастықтың сыртқы тысын көркемдеп, қолымды жаттықтырдым. Шағын тігін машинам арқылы киім қысқартып та жүрдім. Ал былтыр желтоқсан айында «Өнер» тігін орталығы деп аталатын жеке кәсіпкерлігімді ашып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысқанмын. Сөйтіп 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ол қаржыға заманауи үш тігін машинасын және мата кесетін аппарат, үтік, тағы басқа керекті өзге құралдарымды түгелдедім, – дейді кәсіпкер келіншек.

Гүлхан «Instagram» парақшасы арқылы да жұмысын жарнамалап отырады. Аудан көлемінен ғана емес, Алматы секілді үлкен қалалардан да тапсырыс түседі. Біз барғанда ол көрші Қожакент ауылындағы ұзатылатын қызға жасау тігіп жатыр екен.

– Мен бағаны халыққа қолайлы етіп қоямын. Қыз жасауын 150 мың теңгенің көлемінде дайындап беремін. Адам қанағат ету керек. Мысалы, көрпеге мақта салу керек болса, оның жұмысы 3-4 мың теңгені құрайды. Ал мен оны 2 мың теңгеге көктеп беремін. Кәсіп істеп, ақша табамын дегенмен де ел жағдайын да бір ойлап қойған абзал. Қазір көрші келіншек пен қайын сіңліме осы тігін өнерін үйретіп жүрмін. Негізгі өнім – қыз жасауы, шымылдық, түрлі көрпе мен жастық. Келешекте кәсібімді үлкейту жоспарымда тұр, – дейді ол бір сөзінде.

Тігіншілік өнерге асқан сабыр қажет. Ол өнімнің бағасы матаның сапасына қарай болатынын да айтып қалды. Ал қажетті шикізатты Шымкент, Түркістан қаласынан алдырады екен. Сондай-ақ Гүлхан тігін жұмысында көбіне-көп ұлттық нақыштағы ою-өрнекті пайдаланатынын байқадық.

Иә, құжат жүзінде Аққорған ауылдық округі болып аталатын Түгіскенде бұдан да өзге жағымды жаңалық көп. Ауыл халқы былтыр 7 мың гектардан астам жерге егін егіп, мол өнім жинады. Сондай-ақ елді мекенде 11 мың төрт түлік тіркелген. Әсіресе, ірі қара мен қой көп. Жылқы да аз емес. Асыл тұқымды мал басын арттырып отырғандар да бар.

Түгіскенде егіннен бөлек, отбасылық кәсіпті түлеткендер де көп. Сондай-ақ жыл сайын әртараптандыру бағытында жұмыстары жанданып, қажеттілікке қарай, күріштен өзге суды аз қажет ететін дәнді дақылдар егіліп келеді.

Тағы бір жаңалық, бала туу көрсеткіші ұлғайып, ауыл халқының саны жыл сайын артуда. Осылайша береке-бірлігі бекем түгіскендіктер мал мен егін өсіріп, елге қажетті өнімді өздерінен-ақ шығарып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<