«Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегенді бұрынғылар текке айтпаса керек. Алдағы күннен тек жақсылық күтетін халықпыз. Расымен қазалылық ағайынға былтырғы жыл жайлы болды. Игі істер көпшіліктің көз алдында. Ауданның даму бағыты қарқынды болғандықтан, әр сала бойынша оң динамика қалыптасты.
Былтыр жыл басында 21,2 млрд теңге болып бекітілген аудан бюджеті жыл соңында 22,6 млрд теңгеге өсті. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20,2 млрд теңгені құраған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын да айтпай кете алмаймыз. Өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, өзгелерге де жұмыс ұсынған саланың қарқынды дамуы қуантып тұр. Айта кетсек, ауданда 6121 кәсіпкер тіркелген. Олардың тарапынан 7,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 9366 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, былтыр Қазалыда тұрғындарға қызмет көрсететін 25 кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Аудан кәсіпкерлері түрлі қаржы ұйымдарынан 382 жоба бойынша 4,3 млрд теңге несие алыпты.
Былтырғы су тапшылығы Сыр диқандарын алаңдатқаны рас. Бұл қиындықты қазалылық шаруалар да көрді. Соған қарамастан жер несібесін теруге асыққан жұрттың еңбегі еш кетіп жүрген жоқ.
Былтыр Қазалы ауданы 17402 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріштің көлемі – 6361 гектар. Су тапшылығына байланысты негізгі дақыл – Сыр салысы көлемін аудан диқандары 377 гектарға дейін қысқартқан. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарға мән берілді. Сондай-ақ су жетпей қалу қаупінің алдын алу үшін 6 көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөнделген.
Бір қуантарлығы, Қазалы ауданы 7 мемлекетке 3374,3 тонна күріш, 900 тоннаға жуық балық, 711,2 тонна қамыс экспорттады. Бұл – аудан еңбеккерлері үшін үлкен жетістік.
Ауыл шаруашылығының бір саласы егін болса, екінші қанаты – төрт түлік. Бұл бағыт бойынша үлкен өсім бар. Мал басының көбі, яғни, 65 пайыздан астамы жеке тұлғаларда болса, 2,5 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында. Қалған 32,3 пайызы шаруа қожалықтардың үлесінде.
Тағы айта кететін жайт, аудан бойынша 15,6 млрд теңге инвестиция тарту межеленген болса, атқарылған жұмыс нәтижесімен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 17,6 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ жалпы құны 25,7 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жоба бар. Жобалар облыстық басқармалар арқылы тиісті атқарушы органдарға ұсынылған.
Кез келген ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі инфрақұрылымдық жүйе екені жасырын емес. Жарығы үзіліссіз, көшесі тақтайдай тегіс болса, жұмыс көлемі де арта бермек. Өткен жылы Қазалы ауданында бұл бағыт бойынша көп жұмыс іске асты.
Алдымен құрылыс саласынан бастасақ. Атқарылған құрылыс көлемі 7,8 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артық орындалған. Былтыр жеке сектор есебінен тұрғын үй құрылысына 4,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, 54022 шаршы метр тұрғын үй салынған. Сондай-ақ 18 пәтерден тұратын 6 жалдамалы үйдің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Баспана кезегін азайту мақсатында Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймаққа салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтау үшін 251 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар болатын учаскедегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін тарту құрылысы басталмақ. Бұл үшін бюджет есебінен 110,2 миллион теңге қаралған. Бұдан бөлек, аудан орталығынан көлемі 600 гектар жерге салынатын баспаналарды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 32,1 млн теңге бөлініп, тиісті құжаттары дайындалған. Бұлармен бірге биыл кент ішіндегі жұмыстар назардан тыс қалмай келеді. Биыл 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Бұл үшін бюджеттен 31,3 миллион теңге бөлінген.
Барыс жылының соңы қазалылықтар үшін қуанышқа толы болды. Атап айтар болсақ, Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдары табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта Абай ауылын газдандыру жоспарлануда. Тиісті жоба-сметалық құжаттары әзірленген.
Қазір аудан бойынша «көгілдір отынмен» қамту 63,2 пайызды құрайды. Сондай-ақ 5 ауылға магистральдық газ құбырын жеткізу үшін демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген.
Ауданда жол жөндеу бағытында еселі еңбек атқарылуда. Былтыр 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бойынша 7 жоба қолға алынған. Бұл үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген.
Сөзіміз нақты болу үшін айтсақ, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» бағытындағы жол, «Әйтеке би-Басықара», «Қожабақы-Бекарыстан би», «Басықара-Абай-Өркендеу», «Бекарыстан би-Майдакөл», «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» және «Қожабақы-Бекарыстан би-Майдакөл» секілді автомобиль жолдарын күрделі жөндеу қолға алынған. Нәтижесінде аудандағы жақсы жолдың үлесі 85 пайызға жетіпті.
Бұл жерде Сырдария өзенін қиып өтетін «Қарлаң» көпірінің құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Дария бойындағы жұмыстарды жандандыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс тиісті орындар бақылауында.
Қазалы ауданындағы көңіл қуантарлық жұмыстардың бірі – Әйтеке би кентінен автоматтандырылған электронды емтихан алаңының салынуы. Бұл аудан тұрғындары үшін жүргізуші куәлік алу кезіндегі біршама қиындықтарды жеңілдетеді. Нысан осы жылы пайдалануға берілмек.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<