Жайылымдық жер мәселесі ауыл тұрғындары үшін өте өзекті болып тұр – Мәулен Әшімбаев

547

0

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы саласына қатысты заң жобалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,5 есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге артты. Қазақстан шетелге 7 млн тоннаға дейін бидай шығару арқылы, әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың қатарына қосылды. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 50 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асырылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау үшін айтарлықтай қаражат бөлінуде. Мемлекет басшысының былтырғы және биылғы Жолдауларында айтылған тапсырмаларға сәйкес нақты жұмыстар қолға алынды. Соның аясында қазан айында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жобасы бекітілді», – деді М. Әшімбаев Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Осы орайда ол Ұлттық жобаны іске асыру арқылы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жоспарланғанын еске салды. Қайта өңделген тауарлардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын екі есе ұлғайту, 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығында еңбекақыны екі есе көбейту көзделіп отыр.

«Бұл жоспарларды іске асыру үшін тиісті құқықтық база қажет екені түсінікті. Сондықтан Парламент аграрлық саладағы реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде Парламент депутаттарының бастамашыл болуымен бірқатар заң жобасы дайындалуда. Солардың бірі – жайылымдық жерлерді пайдалану жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу. Соңғы кездері бұл еліміз бойынша, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін өте өзекті мәселе екені белгілі. Депутаттар бастамашыл болған тағы бір заң жобасы органикалық өнімдерге қатысты. Жалпы, органикалық азық-түлік өндіруде біздің ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Сондықтан сенаторлар осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсынып отыр. Таяуда депутаттар қабылдаған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте үш жылдық кезеңде ауыл шаруашылығын дамытуға 524 млрд теңге қарастырылды», – деді Сенат төрағасы.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<