Жалағаш: Жері жомарт, елі бақуат

764

0

Жолсапар реті Жалағашқа да жетті. Аймақ тарихында айрықша орны бар ауданның жөні бөлек. Биыл облыстың 85 жылдығы болса, мерейтойдың келесі кезегі ауданның еншісінде. Ол келер жылы тойланады.

Өріске малы толып, Жер-ананы емген ел арғы ата-бабаларының қаны мен тері сіңген туған жерді кие тұтады. Бейнеттен береке тапқаны да сол киелі жерге деген құрметке байланысты.

Облыстың құрылу тарихы 1938 жылы басталса, Жалағаш ауданы 1939 жылы құрылыпты. Сол жылдың 17 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының жарлығы нәтижесінде Сыр бойында осылайша жаңа әкімшілік аймақ пайда болды.

Ал аудан құрылмай тұрып…

«Шегіртке де Аламесек деп ұшады»

Ел арасында осындай сөз бар. Өйткені, Жалағаш ауданы құрылмай тұрып, Аламесек елді мекені 1925 жылы болыстық атқару комитеті, ал 1928-1930 жылдары аудан орталығы еді. Негізгі іргесі ХІХ ғасырда қаланыпты. Жанында өзімен аттас көл де болған. Жері де, жайылымы да келіскен ел аң-құсы мен балығын аулап, халқы қоңды күй кешкен. Ал деректерде Қазалы, Төрткүл, Шымбай уездерінің саудагерлері мұнда жиі жәрмеңке өткізгенін, жер-жердегі халық қатынасы жақсы дамығанын айтады. Базарлаған жұрттың Аламесекке көп келетіні де сол. Тақырыпшада көрсетілгендей, ел аузындағы «шегіртке де Аламесек деп ұшатыны» осындағы құж-құж қайнаған тіршілікті меңзеп тұрса керек.

Бүгінде көне орны қалған Аламесек Жалағаштан 45 шақырым жерде жатыр. Уақытында 44 ауылдық кеңес қараған аудан орталығында қазақтардан бөлек, өзбек, ноғай, т.б. ұлт өкілдері тұрған. Аудан орталығы болып тұрған кезде мектеп, интернат, пошта, аурухана, кітапхана, клуб, астық қабылдау пункті жұмыс істеді. Аламесек машина-трактор станциясы да ұйымдастырылыпты. Кейін Аламесек көліне құятын су арналары бөгеліп,  табаны құрғаған соң бұл жақтан ел еріксіз көшкенге ұқсайды.

– 1925-1930 жылдардағы Аламесек ауданына қараған болыстықтар орнындағы ауылдарды атасам, Жалағаш пен Байзақ, Шаған және Көткеншек болыстары кейіннен Тереңөзекке қараса, Қаракөл-Қуаңдария, Аламесек, Қостам, Қышбөгет болыстарының аумағы қазіргі Жалағаш ауданына қарайды. Бұл болыстықтарды тереңірек талдасақ, Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыстары негізінде Аққыр, Жаңаталап, Мәдениет, Мақпалкөл ауылдары, Қышбөгетке Ақарық, Жаңадария, Еңбек, Мырзабай ахун, Аққұм ауылдары кірген. Демек, қазіргі Жалағаш ауданындағы 15 ауылдың 9-ы Аламесек ауданына қарағанын ескерер болсақ, Аламесек – Жалағаш ауданының бастауы. Сондықтан ел азаматтары бағзы жайды саралап, келешекте Жалағаш ауданының кұрылған уақытын 1925 жылдан бастайды деп есептеймін.

Жалпы Жалағаш ауданының бүгінгі ауылдары бірде Қызылорда, Тереңөзек, Қармақшы аудандарына қарап, бір қосылып, бір тараған уақыттарын еске алсақ, ауданның толыққанды тарихына селкеу түседі. Аламесек ауданы – бүгінгі Жалағаш ауданының негізі. Ал Жалағаш – соның жалғасы, – деп жазады «Жалағаш бастауы – Аламесек» атты мақаласында жазушы-зерттеуші Тынышбек Дайрабай.

Алғашқы адымдар

Жерінің аумағы 29,9 мың шаршы шақырым болатын Жалағаш ауданының алғашқы орталығы – Жалағаш қыстағы болып бекітілген. 2002 жылдан бері кент статусын алды. Жоғарыда айтқандай, 1939 жылы өз алдына жеке аудан болған соң оған Қармақшы ауданынан Қаракеткен, К.Маркс, Елтай, Ақсу ауылдық кеңестері, Тереңөзек ауданынан Аманкелді, Энгельс, Калинин, Мәдениет және 1 Май елді мекендері беріледі. Сөйтіп жаңа ауданға 9 ауылдық кеңес, 33 егін егетін колхоз, 1 машина-трактор станциясы және балық аулайтын Игілік колхозы қараған.

– 1939 жылы 8 шілдеде ВКП(б) Орталық Комитеті мен СССР Халық комиссарлар советінің «Колхоздың қоғамдық мал шаруашылығын өсіру туралы» қаулысына сай аудан колхоздарында мал басын өсіру біраз жақсарыпты. Партия конференциясы аудандық партия комитетінің пленум мүшелігіне 25 адам, кандидаттығына 5 адам, тексеру комиссиясына 5 адам, оның кандидаттығына 2 адам сайлайды. Аудандық партия конференциясының бірінші ұйымдастыру пленумы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы және бюро мүшесі етіп Сергей Кистановты, екінші хатшысы және бюро мүшесі етіп Үбәйділла Мамықовты, хатшысы, бюро мүшесі етіп Абдол Алдабергеновті, бюро мүшелігіне Жаппасқали Төлепбергеновті, Ким Яковты сайлайды. Ал аудандық совет атқару комитетінің төрағалығына Жаппасқали Төлепбергенов, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі етіп Ким Яков, қаржы бөлімінің меңгерушілігіне Саяқов, дайындау бөлімінің аудандық өкілі болып Қаражан Өтепбергенов, аудан прокурорлығына Төлен Сүлейменов, Халық сотына Қалжанов, аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне Әбілда Сариев бекітіледі. Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушілігіне Шаймерден Нұржанов, партия ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне Балтабек Кәриев, әйелдер бөлімі меңгерушілігіне Ғалия Күзембаеваны, аудандық «Күрішшілер» газетінің редакторлығына Мұрат Нұржанов жауапты болыпты, – дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы.

Құрылғалы негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы, оның ішінде Сыр салысын егуге басымдық берген аудан халқы содан бері бұл үрдістен жаңылған жоқ.  Соғысқа дейін де, одан соң да жер өңдеп, күріш егіп, тек еңбеккүн есебінен азық-түлік алып, тіршілік еткен.

– Мен өзім туған ауданыммен құрдаспын десем де болады. 1940 жылы дүниеге келіп, сыртта оқу оқығаным болмаса, осы кіндік қаным тамған жерден табан аудармай қызмет еттік, – деп бастады әңгімесін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев. – Мектепке соғыстан кейін бардық. Есімде бар әлі, 50-жылдарға дейін Жалағаштағы майда колхоздардың тұрғындары барлығы еңбеккүн есебінен тек азық-түлік алып келген. Ал одан кейін сол шағын колхоздар біріктіріліп, іріленген 10 шақты колхозға айналған. Халықтың шын тойына бастағаны да осы уақыттар. 1955-1956 жылдары колхоз өз өнімін сатып, жұмысшыларға айлық беріліп, қолға ақшаның тиген кезі еді.

Аудан құрылған соң нағыз мамандар аз болса да, жұрттың жанкешті еңбегінің арқасында егін егуде алда болып келген. Жалағаштық диқандар, механизаторлар күріш өсіруде жетістікке ұдайы жетіп отырыпты. Ал деректерде, расымен 1956 жылдан бастап колхозшыларды ынталандыру мақсатында аудан колхоздарында жасалған жылдық сметасының жобасына қарай оларға ай сайын ақшалай кепілдеме (аванс ретінде) айлық беріп тұру тәртібін қолдана бастаған. Сол жылдың алғашқы жартысында аудан колхоздары 905 мың еңбеккүнге 2 млн 270 мың сом аванс беріпті.

Аудан тарихындағы тағы бір өзгеріс бар. 1962 жылы 24 қазанда Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің №451 қарары шығып, аудандар ірілендіріліп, Жалағаш Қармақшы ауданына қосылды. Бұрынғы Жалағаш ауданының жартысына жуығы Таң, Коммунизм, Ақсу, Жалағаш қыстағы Коммунизм совхозына бірікті. Мұндай үлкен совхозға Мөрәлі Шәменов директор болады. Оның Жалағаш ауданының қалыптасуында ерекше қолтаңбасы бар деп айтады көзкөргендер. Одан басқа Далдабай Жалтынов, Ким Яков сынды басшылар аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне көп қызмет қылған.

Қармақшыға қосылған Жалағаштың жағдайы аса мәз болған жоқ. Бұл туралы 1965-1972 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Исатай Әбдікәрімов өз естелігінде «Екі жыл бойы Қармақшы өндіріс басқармасының құрамында болып, өзінің аудандық дербестігінен айырылғаннан кейін Жалағаш үлкен қиыншылықтарды бастан өткерді. Аудан еңбекшілерінің бұрынғы ынтасы төмендеп, тіпті игі істің өзіне селқос қарайтын болды. Көптеген іскер кадрлар қалаға немесе басқа жаққа ауысып кетті. Ал ауданда қалғандары жүз шақырымдай болатын Қармақшыға қатынап жұмыс істеді. Жаңа өсіп келе жатқан Жалағаш қыстағы да бір шетте елеусіз қалып қойды» деп жазыпты.

1964 жылы 31 желтоқсанда Жалағаш қайтадан аудан статусын алды. СОКП Орталық Комитетінің пленум қаулысының шешімі және КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығына сәйкес, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен қайта құрылған аудан құрамына 9 ауылдық кеңес пен оның қарауындағы 7 колхоз, 5 совхоз кірді. Сол уақыттары Жалағаш қыстағында бір өндірістік шаруашылықпен бірге барлығы 13 шаруашылық жұмыс істеген.

Облыстың батыс бөлігінде, «Орынбор-Ташкент» теміржол магистралінің бойында орналасқан Жалағаштың жанынан Сырдария өзені ағып жатыр. Жергілікті жұрттың төрт түлікпен қоса, егістікке көп мән беретіні де сол. Солтүстігінде Қарағанды жерімен, батысында Қармақшы, шығысында қазіргі Сырдария ауданымен шектеседі. Ал оңтүстік шекарада Өзбекстан, яғни қарақалпақ ағайынның байырғы өлкесі орналасқан.

Айтпақшы, Жалағаш атауы «жалданған, қалың ағаш өскен жер» дегенді білдірсе керек. Нақты ақпарат жоқ. Бірақ ауданның түстігінде орта ғасырға жататын қамал-қала – «Жалаңаштөбенің» атымен аталып, кейіннен Жалағаш атанған деген болжам да бар. 1940 жылға дейін аудан орталығы – Жалағаш қыстағын сол кезде өмір сүргендер «Жалаңаш» деп айтып та, қағазға сол атаумен түсірген деседі.

Жалағаш атын танытқан

Аудан тарихының арғысы мен бергісін қозғасақ, танымал тұлғасы жетерлік. Талайға танымал перзентінің кіндігі кесілген Жалағаш топырағы батыр мен биден, дарынды дарабоздардан кенде емес. Ел шетіне жау тигенде қылышын қынабынан суыра қарсы шыққан Бұқарбай, Сәрке, Алданазар, Байқадам, Қайқы, Тоғанас, Тайқожа, Келменбет, Қалдан батырлар, елге әділдігімен жаққан Құба, Мысық, Үбіс, Өмірбай, Жәрімбет, Бостай, Шортанбай, Қырғи, Бекіш сынды би-шешендер осында дүниеге келген. Нысанбай, Шоңбай, Орынбай, Темірбай жырау, Даңмұрын, Сәдір, Әзірбай сияқты шайырлар шыққан, өнер қонған өлке. Түмен, Мәмбет, Амандық әулиелер, халықты имандылыққа бастаған Мүсірәлі сопы, Қалжан мен Мырзабай ахун, Беркінбай қалпе, Әбжали мен Сары ишан тыныстап жатқан қасиетті топырақ. Төлеубай Үркімбаев, Әбділда Жүргенбаев, Мырзағали Ақжолов, Әбдікәрім Оңалбаев, Қомшабай Сүйенішов, Асқар Кіребаев, Темірше Сарыбаев сынды жыршылар мен ақын-жазушыларды түлеткен мекен. Осындай тұғырлы тұлғалардың көшін үзбей, бүгінге жалғаған буын өкілдері де бұл Жалағашта баршылық.

Сәл шегініс жасасақ. Өткен ғасырдың 1930-1940 жылдары КСРО деген алып мемлекетте халықты сталиндік репрессия жалыны шарпығаны белгілі. Бұл қуғын-сүргін барлық ұлтты қамтып, бұдан Жалағаш өңірі де сырт қалған жоқ.

– 1930 жылдары басталған репрессия толқыны 1937-1938 жылдары мүлде күшейіп, елдің беткеұстар азаматтарын алып кеткен. Дәл осы уақытта ауданда туып-өскен зиялылар, елге танымал қайраткерлер Т.Жүргенов, І.Қабылов, Ә.Бердәулетов, Ә.Жанаев жазықсыз атылды. Б.Құлтекенов, Х.Сарыбасов, М.Қайыпов, С.Тұрабаев, Қ.Бақтыбаев және басқа да азаматтар ұзақ жыл түрмеде отырып, айдауда болған. Оған дейін де тарихта «Қарақұм көтерілісі» деген атпен белгілі Жалағаш жеріндегі жаппай бас көтеруге 20 мыңдай адам қатысқаны айтылады. «Кіші Қазан» саясатынан соң елдегі жағдайдың күрт нашарлауы, ауқатты адамдардың мал-мүлкі тәркіленіп, кәмпескеленгені халық тұрмысына кері әсер етті. Билік қысымына шыдамаған жергілікті тұрғындардың толқуын басу үшін Еділ бойынан әскер де алдырған. Сондай-ақ үкімет тапсырмасымен Ә.Жангелдин, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин бастаған сол кездегі комиисия мүшелері көтерілісшілермен келісімге келеді. Бірақ кейін қаруын тапсырған көтерілісшілерді аяусыз жазалаған, кейбірін атуға үкім шығарыпты, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Қарлығаш Сақтағанқызы.

Ал соғыс жылдарында ерлік көрсеткен жалағаштық жауынгерлердің есімі әлі халық жадында. Олар Мәскеу, Сталинград, Ленинград, Калинин және Курск сияқты қалаларды қорғап, жаудың соққыларына төтеп берген. Деректерге сүйенсек, Жалағаш ауданынан үш мыңға жуық адам соғысқа аттанса, соның екі мыңдайы майдан даласында қаза тапқан. Д.Байниязов, Б.Тәйімбетов, И.Мұстаяпов, Р.Шәймерденов, Беларусь ормандарында болған партизан қыз Т.Жұмабаева, Франциядағы қарсыласу қозғалысына қатысқан М.Байтөреевтің ерлігі Жалағаш тарихында қаттаулы тұр.

Ел білетін таланттар өте көп. Санамалап айтуға да болады. Эпик-жыршы Берік Жүсіпов, журналист, тарихшы-этнограф Тынышбек Дайрабай, жырау-термеші Жұмабек Аққұлов, әнші-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова, эстрада әншісі, Мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіш, кино және театр артисі Ғани Құлжанов, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жаркен Исмағұлов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер Мұхтар Ниязов елдің атын шығарып жүр.

Егінімен талай ердің даңқын көтерген Жалағаш ауданынан еңбектің тайқазанын қайнатқан мықты майталмандар шыққанын айтпасақ болмас. Исатай Әбдікәрімов, Ысқақ Жолмырзаев, Қазына Жүсіпова, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Тұршабек Елеусінов, Несіпбай Әпірезов Социалистік Еңбек Ері деген сол кездегі ең жоғары мәртебелі атақты алып, кеуделеріне «Алтын Жұлдызды» тақты. Ұлмекен Төлегенова, Айнаш Балғабаева СССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды. Қырманда алтын дәннен тау тұрғызған диқандар мен Қарақұм мен Қызылқұм жайлауын малға толтырған шопандардың жасампаз еңбегінің арқасында бүгінгі берекелі тірліктің негізі қаланды десек, әбден болады. 

Алдыңғы толқын, аға буынның ізімен елге еңбек етіп, халықтың ықыласына ие болып жүрген азаматтар қазір де бар. «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов, «Еңбек Жер» ЖШС басшысы Шахизатхан Ысқақов сынды азаматтарды дәл бүгінгі еңбек майданының ерлері десек те жарасады. Бұлар туған жерді түлетіп, елді мекенді көркейтіп қана қоймай, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырғаны да  – шын жанашырлық іс.   

Тасыған қырманымен таңғалдырып

Жалағаштағы егіншіліктің басым бөлігі суармалы егіс еді. 1939 жылдан кейін егінге қажетті барлық техника Қаракеткен, Қаратөбе МТС-теріне шоғырланып, сол уақыттағы егіске бейімделген 33 колхоз ерен еңбектің үлгісін көрсеткен. 1955-1956 жылдары ауданның Сырдария жағалауындағы колхоздарын қамтитын каналдар қазылып, су жүйелерін басқарып, реттейтін тоспа мен тоғандардың құрылысы аяқталады. Сөйтіп бұл өңірдегі колхоздар сумен толық қамтылып, аудан еңбеккерлері өз шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік алды.

Жалпы 1965-1970 жылдардан бастап аудан шаруашылықтарында егіншілік мәдениеті артты. Қолмен істелетін ауыр жұмыстар толықтай техника күшімен бітті. Мысалы, жер жырту мен арық қазу, атыз соғу 100, астық тасу 100 пайыз механикаландырылса, ал егін ору 1965 жылы 80, 1968 жылы 90 пайыз техника күшімен жүзеге асқан. Астық бастыруда керекті техника 100 пайыз еді. Ғылым мен техниканың осындай жетістіктерін тиімді пайдаланған аудан шаруашылықтары еңбек өнімділігін арттыра түсті. Бірнеше азамат Еңбек Ері атанып, озаттар мен еңбек адамдары көптеп шықты.

1984-1985 жылдары Жалағаш ауданы 840 мың центнер астық жиды. Былайынша 84 мың тонна күріш. 17800 гектардан алынғаны сондай көрсеткішке жеткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Жалпы осы жетістік 1981 жылы басталған еді. 1986-1987 жылдарға дейін күріштен мол өнім алынды. Ал қазір жаңа техника, шетелдік ауыл шаруашылығы машиналары күріштен мол өнім жинауға септігін тигізіп отыр. Жұмыс күші тіпті жеңілдеді. Қазір елдегі ірі шаруашылықтардың істеп жатқан еңбегі көңіл қуантады.

Сондай-ақ архивті ақтарсаңыз, соғыстан кейінгі жылдары ауданда 10500 басқа жуық ірі қара, 83860 бас қой-ешкі, 4355 бас жылқы және 785 бас түйе тіркелген. 1950 жылдардың аяғында колхоздарда мал басын өсіру, оның өнімділігін арттыру, тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алыныпты. 1960 жылдарға дейін колхоздар өз жағдайына қарай орта есеппен 7-10 мың қой, мыңның үстінде ірі қара, 300-500 басқа дейін жылқы, көші-қон және өндірістік мақсатта түйе ұстаған. Сондай-ақ ауданда сүт пен май өнімі тұрақты шығып, мемлекетке өз жоспарымен күзде ет тапсыру науқаны өтіп тұрған.

Аудан шаруашылығының бір саласы – мал шаруашылығы 1968-1970 жылдары қарқынды дамыған. Шопандар әрбір 100 аналықтан 116-дан төл алыпты. Мысалы, Жалағаш совхозынан Үсенбай Қарабаев 100 саулықтан 150-ден, Мұқан Өткелбаев 178, Рақым Тұрлашев 170, Әбіл Қарпықов 150 қозы алып, аман өсірген. Деректер осылай сөйлейді.

– Әлі есімде, 1960-1990 жылдары Жалағашта 11 совхоз болса, соның үшеуі ғана мал шаруашылығымен айналысты. Жалағаш, яғни, қазіргі Қаракеткен, Аққыр және Жаңадария кеңшары қаракөл тұқымды қой бақты. Осы үш ауылда бір жылғы төлімен қоса есептегенде 150 мың бас Шопан ата түлігі бар еді. Бұл көрсеткіш егемендік алғанға дейін өзгермеді. Осы салада Камал Бердәулетов дейтін ағамыз көп еңбек сіңірді. Ұмытпасам, Аққырда директор болды әрі сол жаңа кеңшардың негізін қалады. Қалған 8 совхоз негізгі дақыл – күріштен өзге бидай мен жүгері өсірді, сүт бағытында да фермалары қосымша жұмыс істеді, – дейді Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Кенжеғара Сүлейменов ағамыз өткен уақыттан сыр шертіп.

СОКП-ның 1965 жылғы наурыз пленумында ауыл шаруашылығын механикаландыру мен химияландыру және суландыру, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар әрбір жеке колхоз, совхоз шаруашылықтарын және ауылшаруашылық аудандарының объективтік жағдайларын ескере отырып, шаруашылықты мамандандыру туралы шешім де қоса шықты. Осыны басшылыққа алған ауданның партия органдары ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. Коммунизм, Жаңаталап совхоздары мен Еңбек, Ақарық және Жамбыл, Калинин атындағы колхоздар күріш егуге, қосымша тауарлы-сүт фермасын өсіруге, ал Жаңадария, Жалағаш, Аққыр совхоздары бірыңғай мал өсіруші шаруашылық болып мамандандырылып, қайта құрылыпты.

Бір қызық дерек, бұрынғы Ильич колхозы, қазіргі Ақжарма ауылы уақытында Жалағашқа қараған. 1966 жылдың бас кезінде Сырдария ауданы таратылып, одан Тереңөзек ауданының бөлініп, қайта құрылуына байланысты шекарадағы осы колхоз Жалағаштан Тереңөзекке берілген.

Бүгінде 20 мың гектарға жуық Сыр салысын өсіретін ауданда егістікпен айналысатын 195 шаруашылық бар. Жалпы Жалағаш биыл 37 мың гектардан асатын жерге егін екті. Күріштен өзге, бидай, жүгері, арпа, мақсары, қант құмайы, соя, сұлы, жоңышқа, картоп және бақша өнімдері бар. Тамыз айының соңында басталған күрішті ору әрі бастыру жұмыстары қазан айының ортасына дейін жалғаспақ. Қазір барлық ауыл шаруашылығы техникалары жиын-терім науқанына түгел жұмылдырылған.

Егіннен бөлек, төрт түлік санын арттыруда да атқарылған жұмыс нәтижесін беріп келеді. Мұнда мал өсірумен 138 шаруа қожалығы айналысады. Ал аудан көлемінде 40728 бас ірі қара, 44192 бас  уақ мал,  24168 жылқы,  801 бас түйе,  11042 бас үй құсы тіркелген.

Басты міндет – халыққа қызмет

Тағы да өткен тарихты парақтаймыз. Аудан құрылған жылы Жалағашта оқу-ағарту бөлімі жұмыс істейді. Кейін аудандық білім бөлімі болып қайта құрылған. Кеңес дәуірінде  осы салада Н.Найманқұлов, Қ.Асауов, Ұ.Еспанов, Б.Табынбаев, т.б. азаматтар қажырлы еңбек етіпті.

Тәуелсіздік алған соң да білім беру ісінде жоспарлы жұмыстар өз кезегімен жүрген. Бірнеше мектеп пен балабақша бой көтерді. Қазір ауданда 20 мектеп болса, 1000-нан астам мұғалім уақыт талабымен қызмет етіп, білім беру көшін жаңа белестерге бастап келеді. 7 мыңнан астам оқушы мектеп қабырғасында. 36 балабақшада 3048 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, «Оқушылар үйі», «Өнер мектебі» және екі спорт мектебінде 2300 бала қосымша біліммен қамтылған.

1939 жылдан бері қарай жылжысақ, Жалағашта бірнеше емдеу мекемелерінің ашылғанын көруге болады. Соғыс жылдарында мұнда Ресей, Беларусь, Украина елдерінен келген дәрігерлер жұмыс істеген. Ал 1950-1960 жылдары аудандық денсаулық сақтау бөлімі шалғай елді мекендегі емханаларға кеңейту жұмыстарын жүргізіп, колхоздардан дәрігерлік пункттер ашты. К.Хайруллина, И.Тян, С.Қалыбаев сияқты мамандар жемісті еңбек еткен.

Егемендіктен соң бұл саладағы қызмет жақсарды десек те болады. Ауылдардағы бұрынғы бөлімшелік ауруханалар мен емханалар оңтайландырылып, халыққа көмек көрсетудің сапасы бірте-бірте арта бастады. Бүгінде Жалағашта әртүрлі санаттағы 500-ден аса медицина қызметкері бар. Ауданның шалғай орналасқан елді мекендерінде 12 дәрігерлік емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік және 2 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Барлығы 14 дәрігер, 160 орта буын қызметкер, 38 кіші аяжан және 79 техникалық және басқа қызметкерлер жұмыс істейді.

Өңірдегі ақындар мен жыраулар дәуірін есепке алмағанда, ауданның мәдениет саласындағы тарих өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау алады. Сол уақыттағы аға буын өкілдері Жалағаштағы мәдениет саласының негізін қалаған. Б.Дәуренбеков, С.Қоқымбаев, Қ.Тәжғалиев, А.Қойшығұлова сынды азаматтар әр кезеңде салаға жетекшілік етіп, өнер мен руханияттың дамуына тер төкті.

Тәуелсіздікпен бірге жеткен тоқырау қиындығын осы саладағы қызметкерлер де халықпен бірге көтерді. Өнерде жүрген қыз-жігіттердің барлығы да аудан мәдениетін дамытуда ауқымды шараларды бірлесе атқарып келді. Қазір де осы үрдістен жаңылмаған. Бүгінде аудан орталығында мәдениет үйі, екі кітапхана, тарихи-өлкетану музейі және мәдени сауықтыру кешені тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал елді мекендерде түрлі конкурстар, байқаулар ұйымдастырылып, үйірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде аудандық «Руханият» орталығы және ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының көркемөнерпаздары 30 облыстық байқаудан 41, 6 республикалық байқаудан 11, 3 халықаралық байқаудан 9 жүлделі орын иеленіп, аудан мәртебесін асқақтатқан.

Спорт саласындағы жетістік те аз емес. Ауданда 151 спорттық-материалдық техникалық база тіркелген. 1500 орындық стадион мен жабық бассейн, 29 спорт зал, 95 жазық алаңы бар. 9 ату тирі, 14 ыңғайластырылған спорт бөлмесі, ипподром мен спорт кешені жұмыс істеп тұр. Статистикалық есеп бойынша былтыр спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 38 пайызға көтеріліп, 13500 адамға жеткен. Бұқаралық спортты, оның ішінде спорттық секциялар желісін дамыту бағытында жұмыстар сапалы түрде жүргізілуде.

Жарқын бастамалар ізін жалғап

Жалағашқа жолға шығып, жақындай түскенде алдымен көрінетіні – алып элеватор. Мейлі, сіз батыс беткейден не облыс орталығынан шықсаңыз да осы үлкен ғимараттың биіктігі алдымен көзге түседі.

Негізгі құрылыс 1975 жылы басталып, 1980 жылдары пайдалануға берілген элеватор ішінде сыйымдылығы 127 мың тонналық қойма бар. Астық тазалайтын 8 сеператор орналасқан. Мұнда келген күріш кемі үш-төрт рет тазартылады екен. 150 тонналық астық өлшейтін лабораториялық таразы, күріш ақтайтын және қосымша өнім шығаратын бірнеше цех бар. 2000-жылдардың басында элеватор ауласына сағатына 3,5 тонна күріш ақтайтын оңтүстік кореялық диірмен де іске қосылған.

Жалағаштың жаңаруы – құрылыстың қарқынды жүруінде. Жалпы 1970-1990 жылдар ауданда өрлеу жылдары болды десек болады. Осы жылдар аралығында аудан экономикасы қарыштап дамыды, бірнеше әлеуметтік нысан салынды.  Элеватор құрылысынан бөлек, аудан орталығынан аудандық мәдениет үйі бой көтерді. Сырдария өзеніне көпір салынды. 

Кейінгі жылдары облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен тың жобаларды іске асыруды бастаған Жалағаш ауданы даму көшінен қалмай келеді. Біткен шаруа жетерлік. Облыстық маңызға ие «Жалағаш-Тереңөзек-Қызылорда» бағытындағы автожолдың қайта жөнделуі аудан халқына қуаныш әкелгендей. Ал былтыр қазан айында Жалағашта «Ауыл – ел бесігі» жобасымен құны 571,5 млн теңгені құрайтын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ашылды.

Бүгінде «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспары» бар. Бұл құжат білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салалары, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған.

Жалағашта халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. Биыл Есет батыр және Мырзабай ахун ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Құрылысы қараша айында бітеді. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен аудан орталығынан 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Қазір 1,3 гектар жер телімі белгіленген. Биыл жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылы құрылыс басталатын болады.

Аудандағы автожолдарды  жақсарту жұмыстары да жолға қойылған. Жалағашта жалпы ұзындығы 240 шақырымнан астам жол болса, оның басым көпшілігінің аудандық маңызы бар. Биыл мұнда бюджеттен мол қаржы бөлініп, жол жөндеу бағытында көптеген жоба іске асқан. Аудан орталығындағы бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтті. Мысалы, құны 505,1 млн теңгеге М.Шәменов көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Т.Қыстаубаев көшесін асфальттау жұмыстары жүруде. Жалпы облыстық бюджеттен 749,7 млн теңге бөлініп, Жалағаш кентіндегі 10 көшеге, яғни, З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нұрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов көшелеріне толық асфальт төселіпті.

Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпірді орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жаяу жүргіншілер жолағына асфальт төселіп, жарықшамдар орнату жұмыстары басталған.

Екіншіден, аудандағы елді мекендердегі жолдарды жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп келеді. Ақсу ауылына кіреберіс, «Жаңаталап-Аққыр», «Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы жолдарды күрделі жөндеу жұмысы аяқталып, қазір жол белгілерін орнату, жолақтарын сызу жұмыстары басталған. Аудан орталығындағы көшелерді дұрыстау, Бұқарбай батыр, М.Шәменов, Аққұм елді мекеніндегі ішкі көшелерді жаңғырту жұмыстары қоса атқарылуда.

Ауызсу мен аяқсу мәселесі де шет қалмаған. Сонымен қатар, кенттегі жалпы құны 328,7 млн теңгені құрайтын теміржол үстінен аспалы жаяу жүргіншілер көпірі жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қазір бетондау және сырлау жұмыстары жүргізілуде.

Инфрақұрылым мәселесіндегі ең маңыздысы – газдандыру жұмыстары аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен қарқын алды. Ақсу, М.Шәменов ауылдарына «көгілдір отын» апару үшін бюджеттен бастапқы қаржысы қаралған. Қосымша әлеуметтік нысандарды да газдандыру жұмыстары жүргізіледі. 15,2 млн теңгеге «Наркескен» спорт клубы және 11,7 млн теңгеге аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимараттарының жылу қазандықтары қайта жаңартылып, табиғи газға ауыстырылды. Тағы бір қуаныш, биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алынбақ.

Қазір облыс орталығының да, жеті ауданның да даму қарқыны бұрынғыдан көш ілгері. Үлкен өзгеріс бар. Жолдың салынуы, құрылыстың көптігі, көшелердің тазалығы көзге бірден көрінеді. Ауыл шаруашылығындағы кейінгі үлгідегі заманауи техникалардың жұмыс істеуі егін еккен Сыр халқына тіпті жақсы болып тұр. Оларды 10-20 жыл бұрынғы комбайн не тракторлардың сапасымен салыстыра да алмайсың.

Айта кетейік, жұмыссыздықты азайтуға сеп болатын саланың бірі – кәсіпкерлік. Ауданда 3261 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сала бойынша жыл басынан 2 млрд 814,1 млн теңгені құрайтын 111 жоба қаржыландырылыпты. Биыл мамыр айында біраз уақыт тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылыпты. «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 млн теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жоба аясында биыл 1 млрд 30 млн болатын екі жоба іске асырылмақ. Біріншісі – «Бағдаулет-57» фермер қожалығының 100 бас ірі қараға арналған сүт фермасы, ал екіншісі – «АВ-AGRO» ЖШС-ның тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты.

Жалағаштағы керемет өндіріс орнының бірі – «Өркен Әлем» ЖШС филиалы. Аталған кәсіпорын әскери бронды кеудеше мен каска дайындап, арнайы киімдер тігіп келеді. Бұған қосымша «Аяла» кондитерлік және «TAN-FOOD» ет өндеу цехының өнімдеріне сұраныс мол. «Талапкер» ЖШС киімдер ательесі «Ермекбай» жеке кәсіпкерлігінің антифриз өндіру цехы мен «Агрохимсервис-С» ЖШС-на қарасты түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауыты  да осы қатарда.

Жалағаш аудандық архивінің құжаттарына сүйенсек, аудан алғаш құрылған жылдары кент орталығында 840, ал аудан бойынша 19416 адам болыпты. 19 мектеп жұмыс істеген. Барлығы 3025 оқушы дәріс алған. Орталық клубқа 160 адам сыйса, 23 сауда нүктесі халыққа қызмет көрсетіпті.

Бүгінде 36 мың тұрғыны бар Жалағаш ауданындағы өзгеріс мүлде бөлек. Заман толқынына ілесе тіршілік қылған жалағаштықтардың жасампаз ісі көп. Оның бірнешеуін жоғарыда сөз еттік. Әрине, ауданның ғасырға жуық тіршілігін толық тізбектеп, басылым бетіне беру мүмкін емес. Алайда еңбек пен елдікті егіз ұғым деп білген халықтың өмір ағымында бірлікті ту еткені айдан анық.

Облыстың айтулы 85 жылдық мерекесінде ойып орын алар жалағаштықтардың әрбір берекелі ісі ұрпаққа үлгі болатыны осыдан.  

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<