Жалағаштағы жаңашыл бастамалар

500

0

 Жалағаш ауданында биыл 8 айда 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2878-і тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетеді. Айталық, жыл басынан ауданда 3 млрд 42 млн теңгенің 94 жобасы қаржыландырылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде БАҚ өкілдеріне Жалағаш ауданындағы жаңа жобалар таныстырылды.

Аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақыткүл Ахметованың «Әділет» базары талапқа сай келмегендіктен жабылып, өткен жылдың тамыз айында заманауи үлгідегі жалпы алаңы 360 шаршы метр, құны 100 млн теңге, оның ішінде 57 млн теңге мемлекеттік бағдарлама аясында «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен қаржыландырылып, «Далида» сауда үйі іске қосылған. Кәсіпкер биыл жоба аясын кеңейту мақсатында жеке қаражаты есебінен сауда үйін ашып, ел игілігіне пайдалануға берді.

Сауда үйіндегі сатушыларды сөзге тартқанымызда, олар жаңа нысанның ашылғанына өте қуанышты екенін айтты.

Расында, сатушылар бұрын күннің суығы мен жазғы аптап ыстықта далада тұрып сауда жасайтын еді. Әсіресе, көкөніс-бақша өнімдерін сақтау оңай емес, тез бұзылып кететін. Бұл, әрине, олардың қызметіне де кері әсерін тигізіп, тұрғындар сұранысын төмендететін. Ал «Далида» сауда орталығының ашылғаны барша сатушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды. Сондай-ақ кенттің келбетіне де әдемі әрі үйлесімді көрініс екенін айта кеткеніміз абзал болар.

***

Ауданның құрылыс саласында да қарымды істер көп. Қазір жеке сектор есебінен ауданда, ауылдарда құрылыс қарқынды. Осы тұрғыда «Бибігүл ана» дүкені тұрғындарды қажетті құрылыс заттарымен қамтамасыз етуде. Қабырғаға жапсыратын түрлі түсқағаздар, желімдер, ұнтақтарды бір дүкеннен-ақ табуға болады. Бүгінде құрылыс дүкенін ашып, айналдырып, ұтымды тірлік атқарып отырған кәсіп иесі өнімдерін Қызылорда қаласына жөнелтіп жатыр. Алдағы уақытта Шымкент, Ақтөбе қалаларын қамту жоспарында бар.

Нақтырақ айтсақ, жеке кәсіпкер Халық Серіктің өз қаражаты есебінен жалпы құны 300 млн теңгені құрайтын құрылыс қоспаларын шығаратын цех іске қосылды. Мемлекет қолдауымен, отандық өндірісті дамытушы  цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім шығарады.

– Құрылыс былтыр көктемде басталды. Қазір кәсіпорыннан кафель желімдері, үйдің төбесі мен еденге пайдаланатын 6 түрлі өнім шығады. Құрылыс заттарын дайындауға 6 жұмысшы тартылған. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие ұсынылды, осы зауытты салуға көп көмегі тиді. Қолдау бар. Өндіріс орындарының санын арттыру кәсіпкерге ғана емес, аудан тұрғындары үшін де тиімді. Тауар бағасы нарықтан арзанға түседі, сонымен бірге жұмыссыздықты азайтады. Бүгінде цехтың өнімі Қызылорда облысы аумағын қамтиды. Келешек өзге өңірлерге шығару да жоспарымызда бар. Бір сөзбен айтқанда, ерінбей кәсіптің көзін тапқан адамға мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр, – деді кәсіпкер.

***

Жалағашта тың идеядан өндіріс орны іске қосылды. Олай дейтініміз, 11-сынып оқушысы Назым Ережеп кәсіп бастады. Оқушы-кәсіпкердің қолынан шыққан өнімдерге аудан көлемінде сұраныс көп. Әкесі Алмат Ережептің қолдауымен, ол  қой, сиыр, жылқы етінен шұжық, әсіп әзірлесе, тауық етін ыстап, өзгеше тағам түрлерін дайындайды.

– Бұл кәсіпке шынайы қызығушылықпен келдім. Себебі біздің дүкендердегі дайын өнімдердің құрамында химиялық қоспа көп кездеседі. Соларды байқап, табиғи өнімді әзірлеп көруді шештім. Барлығы – қолдан дайындалған, таза өнім. Бұл – шұжықтар дүкеннен сатып алынған фарштан емес, арнайы сиыр, жылқы, қой етінен жасалған өнімдер. Аудан тұрғындарына таза, табиғи өнімді тұтынуға кеңес беремін, – деді ол.

Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, негізінде бұл істі Назымның әкесі Алмат Ережепұлы мемлекеттік қайтарымсыз грант алып бастаған болатын. Кейін оны қызы Назым жалғап, сұранысқа сай өнімдер әзірлеуде.

– Кәсіпке келуіме қызымның қызығушылығы себеп болды. Оның аспаздық қабілетін дамытуға көңіл бөлдім. Өзі кішкентайынан өзгеше тағам түрлерін дайындап, осы салаға жақын болды. Бастапқыда торт жасап сататын. Кейін ет өнімдерін өңдеуге қызығушылығы пайда болды. Бұл кәсіпті бастағанымызға көп болған жоқ. Әйтсе де сұраныс аз емес, – деді Алмат Ережепұлы.

***

Ол 2013 жылдан бастап осы уақытқа дейін туған-туыс, көрші-көлемнің сұранысымен, торт дайындап, тәтті бәліштер ұсынатын. Бертін келе, яғни, тұрғындар тарапынан кондитерлік өнімдерге сұраныс арта түскен соң, осы қызметін кәсіпкерлік аясында үйлестіруге ден қойды. Осылайша «Айзия» торттар әлемі кондитерлік нысаны ашылды.

– Маусым айында қайтарымсыз грантқа өтініш білдіріп, жеңіп алдым. Қаражатқа арнайы пеш, миксерлерді, басқа да құрал-жабдықтарымды сатып алдым. Қазір әртүрлі торттар, тағы басқа кондитерлік өнімдерді шығарып, халыққа ұсынып отырмын. Бұл күнде өнімге сұраныс жоғары. Күніне кем дегенде 10-нан астам торт дайындаймын. Келешекте кәсібімді ұлғайтуға тырысамын, – дейді кәсіпкер келіншек  Нұргүл Алтыбаева.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеевтің  айтуынша, Жалағаш ауданында жаңашыл бастама жетерлік. Кәсіпкерліктің аясы кең. Заман талабына сай кәсіпкерлік саласындағы құзырлы орын қай кезде де тұрғындардың тың бастамасын қолдауға дайын. 

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<