Жалағаштың көркі – жабық бассейн

1513

0

Бұл нысан Жалағашқа сапарда көзге түсті. Су жаңа жабық бассейн. Ғимаратты да осы өңірдің тумасы Қайыржан Құлтекенов салып берген. Былтыр шілде айында басталған құрылыс тура бір жылдан кейін бітіпті. Еңселі кешен бүгінде Жалағаш кентінің көркіне көрік қосқандай.

Бодыбай Құлтекенов атындағы бассейн енді аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына себін тигізбек. Ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің қарамағына өткен нысанды директоры Мұхтар Құлболдиев таныстырды.

– Қазір мемлекет меншігіндегі мекеме. Барлық құжаттар рәсімделіп, штаттық кесте бекітілді. Әзірге екі ауысыммен үш жаттықтырушы болады. Сондай-ақ жергілікті жұмыспен қамту бөлімі арқылы, арнайы жолдамамен медбике, есепші, еден жуушы, күзетші, сантехник, электрик сияқты қызметкерлер де алынады. Жалпы 15 адамдай жұмысқа қабылданады, – дейді ол.

Жалағаштың көркі – жабық бассейн

Үлкендерге арналған бассейннің ұзындығы – 25, ені 12 метр. Ал тереңдігі 1,6 метрден бастап 2 метрден асып жығылады. Балаларға арналғаны бөлек. Жеті жасқа дейін. Ұзындығы 12, ені 6 метр болатын бассейннің тереңдігі 60 сантиметр. Суға түскенде батпауға арналған жабдықтар да жеткілікті.

– Бассейндегі су айына бір рет ауыстырылып тұрады. Ал заңдылығында үш не алты ай деп береді. Мұндағы су үнемі айналымда, астында орналасқан төрт фильтр қондырғы арқылы ұдайы тазалайды. Судың температурасын қалыпты ұстайтын құралы бар. Балалар түсетін бассейн температурасы 32, ал ересектердікі 28 грудус. Еден де жылытқышқа қосылған. Негізгі талап – келушілер тері аурулары жоқ екенін растайтын дәрігердің рұқсатымен ғана суға түсу керек. Ішімдік пайдаланған тұрғындар мүлде кірмейді. Сондай-ақ шыны ыдыстарды пайдалануға рұқсат жоқ, – дейді спорт мекемесінің басшысы.

Туған өлкесін түлетуге атсалысқан жеке кәсіпкер Қайыржан Құлтекенов ғимаратқа 400 млн теңге шамасында қаржы жұмсаған. Заманауи спорт кешенінің сапасы мен қызмет көрсетуі көңілден шығады. Мұхтар Құлболдиевтің айтуынша, мұндағы бір айға суға түсудің құны – 10 мың теңге. Аптасына үш рет келе аласыз. Ал жеті жасқа дейінгі балаларға тегін. Ер және әйел адамдарға апта күндері бөліп қарастырылады. 20 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар бассейнде оқушыларға жүзу үйірмесі де ашылмақ.

Жалағаштың көркі – жабық бассейн

Айта кету керек, соңғы жылдары Жалағашта қарқынды құрылыс жүріп, аудан орталығы сән берер ғимараттармен толығуда. Дәл осы жабық бассейннің жанынан Рәміздер алаңы тұрғызылып жатыр. Оған аудандық бюджеттен 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ құны 378,1 млн теңге болатын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы бітуге таяу. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту болар мұндай нысандардың көптеп салынуы тұрғындардың да көңілін тоғайтып тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<