Жаңақорған: Қыр мен Сырдың құшағы

828

0

Облыстың 85 жылдығы аясында аудандарға жасаған сапарымызды оңтүстікте орын тепкен Жаңақорғанда түйіндедік. Барлық сала бойынша жоғары жетістіктерге жетіп келе жатқан ауданда бүгінде 86 мыңнан астам адам тұрады. Бұл жөнінен облыста алдыңғы орында. Қасиет қонған құт мекенде кейінгі жылдары ауыл шаруашылығымен қатар қазба байлық өндіру қанатын кең жайды. Биыл «Алтын күз» мерекесінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген  Жаңақорған «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, қара жерден несібе терген ағайынның мерейі тасыды. Талай ғасырдың сырын ішіне бүккен қарт Қаратау мен сылаң қаққан Сырдария өзенін бойлай жатқан жергілікті жұрт ауданның 95 жылдығы мерейтойын лайықты деңгейде атап өтті.

Тоғыз жолдың торабы

Бұл өңірде ғасырлар бұрын әйгілі «Сығанақ», «Сауран», «Өзгент», «Аққорған», «Ордакент» сияқты тарихи көне қалалар мен қамалдар болса, «Көккесене», «Қорасан ата», «Қарасопы», «Қылышты ата-Төлегетай» сағаналары, «Ақтас», «Сунақата» секілді тарихи-мәдени ескерткіштер бар.

Жаңақорған ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған. Сол жылы Сырдария губерниясы тарап, Қызылорда, Сырдария округтері ашылды. Осыған байланысты бұрынғы Төменарық, Жаңақорған, Сауран, Өзгент болыстарының ізімен Жаңақорған ауданы құрылды. Ауданның жер көлемі 16,6 мың шаршы шақырым, бұл – облыс жер көлемінің 6,8 пайызы. Халықтың орташа тығыздығы бір шаршы шақырымға 4,5 адамнан келеді.

Жаңақорған ауданы теміржол мен халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының бойында жағалай қоныстанған. Аудан орталығы мен ауылдар, елді мекендер аралығын автожол мен теміржол жалғайды.

Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, еліміздің дамуына зор үлес қосқан танымал азаматтар көп. Олардың қатарында Кеңес одағының батырлары Әнуар Әбутәліпов, Александр Романов, заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, мемлекет және қоғам қайраткерлері Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев, белгілі дәрігер Мұхтар Әлиев, академик  Бірлесбек Алияров, ақын-жазушылар Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағамбетов, Жүсіп Қыдыров, Адырбек Сопыбеков, Байбота Серікбаев, дирижер Төлепберген Әбдірашев, ғалым Сейфулла Әбдірайымов, халық ақыны Манап Көкенов, белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеев, кинорежиссер Қалила Омаров бар.

Ауданның оңтүстігі мен батыс бөлігінде белес-белес құм төбеден тұратын Қызылқұм шөлі жатыр. Оңтүстік-шығыс бөлігінде қалың қатпарлы Қаратау жоталары бар. Қаратау қойнауындағы Бесарық, Жиделі, Талдысу, Ақүйік өзендерінің суы жыл бойы үзілмейді. Сондай-ақ, көктемде пайда болатын Кесте, Шалғая өзендері халықтың егіншілігіне қызмет көрсетеді. Тау өзендерінің суын тиімді пайдалану мақсатында «Бесарық» және «Жиделі» су қоймалары салынған. Аудан көлемінде Борықты, Өзгент, Қандыарал, Жыңғылсай, Қамбар, Алакөл, Нарсоққан секілді 22 көл бар.

Қойнауы құт мекен

Ауданның жер қойнауында көптеген қазба байлығы жатыр. Қаратаудың Өгізмүйіз сілемінде жатқан «Шалқия» кенішінде мырыш, қорғасын, күміс, кадмий және өзге де сирек кездесетін металдар бар екені анықталған. Аталған кен орнындағы қазба байлығы алғаш рет 1963 жылы белгілі болған еді. Одан кейін 1980 жылдары онда жұмыс қайтадан басталып, тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс салдарынан өз жұмысын біршама уақыт тоқтатты. Қазіргі таңда «Шалқия» кеніші қайтадан қолға алына бастады.

Сондай-ақ, ауданда құрылысқа жарамды тас, қиыршықтас, құм, саз (бентонит) және басқа да кен орындары бар. 1963 жылы Қаратау геологиялық зерттеу экспедициясының есептеуінше, кен орнында өндіруге болатын 15 элемент түрі анықталып, қоры 300 мың тоннаға бағаланды. 1975 жылдан бастап кенішті қазу, бұрғылау жаңарып, «Жаңақорған» стансасынан «Шалқия» кен орнына теміржол тартылды. Аудан көлемінде «Хорасан-1» және «Хорасан-2» кеніштерін игеру арқылы уран өндіруді арттыру жоспарланып отыр.

Тоқсаныншы жылдардан бастап елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Мұндай жаңашыл істер аудан өмірінде де анық байқалды. Мемлекеттік қолдаудың аясында аталған салада жаңа жұмыс орындарын құруға мән берілді.

2002 жылдың басында ауданда 860,  2003 жылдың басында 907 кәсіпкерлік нысаны есепке алынған еді. Сол жылдарда олардан түскен қаржы аудан бюджетінің 12,3 пайызын құрады. Сондай-ақ онда еңбек ететін тұрғындар ауданда барлық жұмыс істейтіндердің үштен бір бөлігіне жетті.

Аудан орталығында еуропалық стандарт талабына сәйкес келетін «Мирас», «Фараон», «Азамат», «Әнуар» кафелері, «Ғани», «Рүстем», «Айналайын» супермаркеттері тұтынушылар талабынан шыға алды. «Аблан» базарында жаңадан жабық сауда залы салынып, ет, сүт және басқа да азық-түлік түрлері таза орында сатылатын болды.

Ал «Май зауыты» израильдік технологиямен өнім шығаруға көңіл бөлді. Кәсіпорынның ауысымдық қуаты – 2 тонна. Сол арқылы 2002 жылы 237 тонна сүт өңдеп, тұтынушылар талғамына сәйкес өнім шығарды. Ал «Берік» ЖШС кент халқы мен жабық мекемелерді нан және нан өнімдерімен қамтамасыз етті. Ауысымдық қуаты 30 тоннаны құрайтын «Пархат» ұн диірмені күніне 10 тонна өнім дайындады. Сол кезеңде күріш зауыты мен күріш өңдеу диірмені халыққа қызмет көрсетті.

Табиғи қиыршық тас өндіруде «Өтеміс» ЖШС 2002 жылдан бастап қарқынды жұмыс жасап, өз өнімін шығаруды жолға қойды. 2003 жылы «Қазпром Қызылорда» ЖШС түрлі фракцияда қиыршық тас өндіретін агрегатты іске қосты.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «СКЗ-U» күкірт қышқыл зауыты ашылды. Бұл ТМД елдерінде баламасы жоқ жоба ретінде ерекшеленді. Оның жылдық қуаты 500 мың тонна өнім өндіруге жетеді.

Биылғы 9 айда аудан көлемінде 80,1 млрд теңгенің (103,1%) өнеркәсіп өнімі өндірілсе, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 51,6 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 26,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артты.

Кейінгі жылдары ауданда өнеркәсіп саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта «Байкен-U» ЖШС тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 17,9 млрд теңгеге жетті. Бұл «Шалқия» полиметалл кен орнын өнеркәсіптік игеру және кен байыту зауыты, «Қазатомөнеркәсіп», күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U», «Жаңақорған санаториясы» АҚ есебінен ұлғайып отыр.

2023 жылдың 1 қазанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысан саны 7305-ке жетті. Оның ішінде 357-сі заңды тұлға, 2587-сі шаруа қожалығы, 4361-і жеке кәсіпкер. Ондағы белсенді нысан саны 7031 бірлікті құрады. Ал бөлшек сауда айналымы 5849,9 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда индекс өсімі 105,2 пайыз. Жыл басынан бері барлық қаржы көзінен 198 жобаға 2583,8 млн теңгенің несиесі алынды. 

Аграрлық саланың ауқымы

1947 жылы ауданда 5420 гектар бидай, 219 гектар арпа, 551 гектар тары, 629 гектар дән жүгері, 659 гектар күріш егілді. Жылдан-жылға егіс көлемі артты. Оның ішінде басты дақыл – күріш егісі арта түсті. Мәселен, 1949 жылы 4094 гектар бидай, 295 гектар арпа, 15 гектар сұлы, 624 гектар тары, 574 гектар дән жүгері, 1670 гектар күріш егілді.

Сондай-ақ, ауданда сол кезеңде төрт түліктің басын көбейтуге ерекше мән берілді. 1947 жылы 64593 қой мен ешкі, 7670 ірі қара, 8499 жылқы, 1276 түйе есепке алынған еді. Ол арада бір жыл өткенде 10452  жылқы, 8156 ірі қара, 81671 қой мен ешкі, 1368 түйеге жетті. Нәтижесінде ет пен сүт өнімдерін өндіру артты.

Алайда соғыстан кейінгі уақыт халықтың әлеуметтік жағдайы үшін аса бір ауыр кезең болды. Ақша реформасы жасалғанымен, елдің өмір сүру деңгейі төмендеп кетті. Астық өндіру саласында жұмсалған шығынның мемлекет тарапынан сегізден бір бөлігі ғана, мал шаруашылығында одан да аз төленді.

Одан бергі жылдарда елдің жағдайы біршама түзеліп, аграрлық салада еңбек өнімділігі артты. Атап айтқанда, 1958 жылы аудан мемлекетке 165 мың пұт астық беріп, облыста бірінші болып міндеттемесін орындап шықты. Мұндай оңды өзгеріс мал шаруашылығында да көрініс берді.

Алпысыншы жылдардың басынан «Түгіскен» алабын игеру ісі қолға алынды. 1966-1970 жылдары 100 шақырымға жуық арна қазылды. Ауданда мал шаруашылығы өркендеп, одан өндірілетін өнім көлемі өсті. Облыс орталығынан «ПМК-29», «ПМК-33» және көршілес өңірлердегі құрылыс мекемелерінен экскаваторлар мен бульдозерлер, самосвал көліктері келе бастады. Сол жылдары «Келінтөбе» каналының төменгі жағынан үш күріш кеңшары ашылды. Бұл кезеңде тау өзендерінің су қоймасын салуға назар аударылды. 1974 жылы «Бесарық», 1985 жылы «Жиделі» су қоймасы пайдалануға берілді.

Сол бір жылдарда «Түгіскен» алабында «Келінтөбе», «Задарья», «Түгіскен», «ХХІІІ партсъезд», «Өзгент» кеңшарлары құрылды. Бұрын дарияның сол жағалауы мидай дала болса, алқапты игеру нәтижесінде бұл өңірге жаңадан 6 кеңшар орналасты. Ауыл орталығынан тұрғындардың өз күшімен тұрғын үйлер, мектеп, клуб, сауда орындары бой көтерді.

Тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығы саласына көптеген өзгерістер енді. 1998 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша ауданда қой мен ешкі 160445, ірі қара 21406, жылқы 5456, түйе 700 басты құрады. Сол кезеңде ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 23200 гектарды шамалады. Оның 8000 гектары күріш дақылына тиесілі еді.

Биыл аудан көлемінде 37781 гектар егін егілді. Оның ішінде күздік бидай, жоңышқа, арпа, тары, жүгері, күнбағыс, қант құмайы, картоп және көкөніс-бақша дақылдары бар. Олардың арасынан 1000 тоннаға жуық бақша дақылдары Ресейге экспортқа шығарылса, қалғаны еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қосымша 295 гектар жер ашылды. Нәтижесінде 845 отбасы картоп, көкөніс-бақша дақылдарын егуге мүмкіндік алды. Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын 781 құрылым бар. Оның 324-і күріш егуге бейімделген.

«Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы алдын ала қаржыландыру форвардтық тәсілі бойынша биыл 12 шаруашылыққа 62 млн теңге көлеміне қаржы тартылды. Бұл бағытта ауданда картоп, сәбіз дақылдары егілді.

Кейінгі жылдары жаңа технологияны пайдалану ісіне көңіл бөлініп келеді. Мәселен, «Талап» ауылдық округінде «Қызылорда агроплюс» ЖШС 5 гектарға тамшылатып суару әдісімен қызанақ екті. Ал «Қожакент» ауылдық округіндегі «Береке» шаруа қожалығы малазықтық дақылдарға жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланып келеді.

Білікті маман, білімді ұрпақ

Ауданның білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың есімі ел жадынан өшпейді. Солардың қатарында Низамутдин Илялетдинов есімі құрметпен аталады. Көршілес Ресей жерінде өмірге келіп, 1926 жылдан бастап Жаңақорған ауданының білім саласында жемісті еңбек еткен ол балаларды сауаттандыруға белсене қатысты. Аудан орталығындағы №51 мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор қызметін атқарған ол педагогика саласында өшпес із қалдырды. Ұлағатты ұстаз ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегінің әділ бағасына ие болды. Екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталды.

Қырқыншы жылдардың басында Жаңақорған ауданында мектеп саны өте аз болатын. Соғыстан кейінгі жылдары оқу-ағарту ісін нығайтуға көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде 1952 жылы ауданда 3 орта, 9 жетіжылдық мектеп балаларға білім берді. Бұл жылы тағы да 11 бастауыш мектеп ашылып, олардың саны 25-ке жетті.

Алпысыншы жылдары уақыт талабына сай, ауыл шаруашылығына қажетті механизатор кадрларын даярлауға мән берілді. Осындай талаппен 1961 жылы ауыл шаруашылығы механизаторларын даярлайтын училище ашылды. Он жылға жуық уақыт ішінде оқу орнында мыңнан астам жас механизатор мамандық алып шықты. Ал 1972 жылы аудан орталығынан алғаш рет балалар музыка мектебі, оның филиалдары «Түгіскен», «Төменарық», «Шалқия», «Бірлік» елді мекендерінде ашылды. Бұл талантты жастардың өнерге қанат қағуына зор септігін тигізді. Кейіннен музыка мектебіне белгілі күйші Әлшекей Бектібайұлының есімі берілді. 

1986 жылы ауданда 22 орта, 12 сегізжылдық, 6 бастауыш мектеп жұмыс істеді. Арада бес жыл өткенде мектептерді ірілендіру нәтижесінде 32 орта, 6 орталау, 6 бастауыш мектеп халыққа қызмет көрсетті.

Тоқсаныншы жылдары білім саласында көптеген қиындық көрініс берді. Десе де 2000 жылдан бері ол келеңсіздік жойылып, бұл салада жаңашыл істер жүзеге асты. Елімізде «Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл білім жүйесін дамытуға жаңаша серпін берді. 2007 жылы ауданда «Болашақ» балабақшасы мен «Алпамыс» санаториялық балабақшасы пайдалануға берілді. Ал 2013 жылы ауданда 13 жеке балабақша ашылып, оған 4 мыңға жуық бала қамтылды. Сол жылдары «Екпінді», «Қожакент», «Манап» ауылдарында жаңа мектептер ел игілігіне айналды.

1961 жылы ашылған №13 кәсіптік-техникалық мектебі 2009 жылдан бастап лицей, 2013 жылдан бері колледж деңгейіне көтерілді. Мамандар дайындау жүйесін оңтайландыру, оқу материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы мамандар сапасын арттыруға мән берілді. Бұл бағытта Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің мамандықтар бағыты бойынша салаландыру жұмыстары жүргізілді. Колледж өндірістегі электрмеханикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жөндейтін және қызмет көрсететін, автокөлікті жөндеуші слесарь, дәнекерлеу ісі, электргазбен дәнекерлеуші секілді мамандарды даярлап шығарды. Аталған оқу орны алпыс жылдан астам уақыт ішінде 22 мыңнан астам жасқа үлкен өмірге бағыт сілтеді.

Жыл сайын ауданның білім саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында игілікті істер жүзеге асып келеді. Биыл Жаңақорған кентінде 600, Жаңарықта 300, Байкенжеде 150 балаға арналған 3 мектеп құрылысы басталды. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тамыз айында екі мектептің іргетасы қаланды.

Дені саудың – жаны сау

Мемлекеттің басты байлығы – адам денсаулығы. Халықтың денсаулығын жақсарту бағытында ауданда атқарылған ауқымды істер аз емес.

Кезінде одаққа белгілі болған «Жаңақорған» санаторийінің негізі 1918 жылы қаланған. Мұнда кезінде бір мезгілде 300-350 адам емделді. Бүгінгі таңда ауданда «Жаңақорған» шипажайы АҚ, «Шипажай Жаңақорған» ЖШС, «Ақ-Шуақ» ЖШС, «Орда-Сығанақ» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС шипажайлары халыққа қызмет көрсетеді.

2007 жылы Жаңақорған кентінде 190 адамға арналған орталық аурухана келушілерді қабылдады. Оған қоса аудандық емхана ұзақ жылдан бері халыққа сапалы дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. 2013 жылдан бастап орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында емхана жанынан арнайы оқу орталығы ұйымдастырылды.

2000 жылдары ауданда тұратын халыққа орталық аурухана мен емхана, туберкулезге қарсы күрес ауруханасы, тері-венерология диспансері, 6 ауылдық аурухана, 4 отбасылық дәрігерлік емхана және өзге де емдеу орындары қызмет көрсетті. Бұл ұйымдарда 100-ге жуық жоғары білімді дәрігер, 496 орта буынды медицина маманы жұмыс жасады. Сол жылдары «Бірлік» және «Қожакент» елді мекендерінде ауруханалар ашылса, «Сүттіқұдық», «Сунақата» ауылдарында отбасылық емханалар заңды тұлға ретінде қызметін жүргізді.

Тоқсаныншы жылдардың басында халық шаруашылығының барлық саласы секілді спорт мекемелері де тоқырауға ұшыраған еді. Десе де спорттық базаны нығайту бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асты. «Түгіскен» ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Осындай қолдаудың нәтижесінде әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлделі оралған жастар көбейді. Олардың қатарында еркін күрестен Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев, Азамат Шағапұлы, дзюдошы Шыңғыс Өксікбаев, белбеу күресінен Мереке Құдайбергенова және басқа да талантты жастар бар.

Бүгінде ауданда 389 спорттық нысан орналасқан, 1 стадион, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 1 ипподром, 71 спортзал, 18 тир ату орны, 32 ыңғайластырылған спортпен шұғылданатын қосымша бөлмелер. Оған қоса өзге де ғимараттар елге қызмет көрсетеді.

Жыл басынан бері жергілікті жастар белбеу күресі мен қол күресінен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 қола жүлде алды. Өзге де спорт түрлерінен ел чемпионатында 78 медаль қоржынға түсті. Сондай-ақ, 18 спортшы еліміздің ұлттық құрамалар тізіміне енгізілсе, 45 адам облыстық құрамада сайысқа түседі.

Өнері өркендеген өлке

1943 жылдың күзінде ақын Нартай Бекежановтың ұйымдастыруымен өткен айтыста сол кездегі мектеп оқушылары Манап Көкенов пен Әбжан Құрышжанов сөз сайысына түскен. Манап «Кеңесарық», Әбжан Елтай ауылының атынан айтысты. Екі бала ақын да өз ауылдарының жетістігін айтып, қарсыласының кемшілігін сын садағына қадады.

Соғыстан кейінгі жылдары әдебиет дамуында жаңа белестер басталды. Ақындар айтысы да жаңа сипатқа ие болып, идеологиялық күшке айналды. 1946 жылы ақындардың аудандық слеті өткізілді. Оған Нартай Бекежанов, Әбужүсіп Баймұратов секілді белгілі өнер иелері қазылық жасады. Ауылдардан бірнеше өнерпаз қатысып, бас жүлде Тұрсынбай Ахметовке бұйырды. 1950-1980 жылдары облыс көлемінде айтыстың дамуына Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов зор еңбек сіңірді. Ауданда ақын, жырау, жыршы, термешілердің қатары көбейіп, жыраулық дәстүр кеңінен өріс алды.

1959 жылдан бастап үздік көркемөнерпаздар ұжымына халық театры, халықтық деген атақ берілді. Олардың қатарында «Жаңақорған» және «Бірлік» халық театры, аудандық драма ұжымы халыққа өз өнерін ұсынды. Сондай-ақ, ауданның руханият саласында Әлшекей атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі, «Экспресс» ән-би ансамблінің орны ерекше. Оған қоса елді мекендерде өнерлі отбасылардан құралған ұжымдар қатары көбейді.

1990 жылы ауданда 4 мәдениет үйі, 24 селолық клуб, 2 «Қызыл отау», 16 автоклуб, 5 халықтық атағы бар өнер ұжымы, 1 шығармашылық өнер мектебі, 5 тұрақты киноқондырғы халыққа мәдени-көпшілік қызмет көрсетті.

Аудандық тарихи-өлкетану музейі 1992 жылы ашылды. 1997 жылдан бастап мәдени орын жаңа талаптарға сай жұмыс істей бастады. Сол жылы алғашқы көрме өткізіліп, мұрағат толық қуатында ел назарына ұсынылды. Онда Манап Көкеновтің 70 жылдығына байланысты бөлме ашылса, одан кейін Бексұлтан Байкенжеев және археология, этнография бөлімдері елдің қызыға тамашалайтын орнына айналды. Нәтижесінде музейдегі жәдігерлер саны 4 мыңнан асты. Одан Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған теңгелерді, Сығанақ қаласы мен «Көккесене» күмбезінің орнынан табылған құнды жәдігерлерді, өзге де дүниелерді көруге болады.

Жаңақорған ауданы бойынша 2 мәдениет үйі мен 27 ауылдық клуб, 3 мәдени демалыс кешені, 9 халықтық өнер ұжымы, 36 кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі жергілікті тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді. Биыл жыл басынан бері мәдениет үйлері мен клубтарда 714  мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, оларға 83163 көрермен қамтылды.

Аудан бойынша мемлекеттік тізімге алынған 43 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 5-і республикалық, 16-сы жергілікті маңызы бар, 22 ескерткіш алдын ала есепке алынған. Мемлекеттік тізімге енгізілген 32 ескерткіштің төлқұжаты жасалып, 40 ескерткіштің қорғау тақтасы орнатылған.

Игілігі мол инфрақұрылым

Кейінгі жылдары ауданда халықты сапалы әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды. Бұл бағытта өзекті проблемалар толық зерделенді. Шындығын айтқанда, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті ауызсу, электр қуаты, елді мекендерді газға қосу, ішкі жолдарды жөндеу, аяқсумен қамту мәселесінде түйткілдер кездесті. Атап айтқанда, электр бағаналары мен желілерінің 75 пайызға жуығы тозығы жеткені белгілі болды. Қазір аудан орталығында электр желісін жаңғыртуға көңіл бөлініп отыр. Ендігі кезекте бұл жұмыстар «Қандөз». «Келінтөбе», «Қожакент», М.Нәлібаев, Әбдіғаппар, Манап, Құттықожа, «Сунақата», «Еңбек» ауылдарында жүзеге аспақшы. Сондай-ақ тағы да он елді мекеннің электр желілерін жаңғырту үшін тиісті министрлікке өтінім жолданған. Жоба толықтай жүзеге асқан уақытта ауданда электр желісінің тозуы 20 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Бүгінде ауданда газдандыру үлесі – 38,8 пайыз. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және ел ағаларының қатысуымен өткен шара барысында «Бірлік», «Қыраш» елді мекендері «көгілдір отынға» қосылды. Ендігі кезекте «Төменарық», «Жайылма», «Шалқия», Құттықожа, «Кейден» елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса жақын жылдарда «Сунақата», «Еңбек», «Екпінді», Қожамберді, «Сүттіқұдық» ауылдарына газ тарту жоспарланып отыр.

Жаңақорған ауданы аумағында автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 451 шақырым. Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96,1 пайызды шамалайды. Биыл республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен қаралған қаржы есебінен жолдың жағдайы жақсара түспек.

Елдің назарында жүрген тағы бір мәселе – тұрғындарды таза ауызсумен қамту жағдайы. Ауызсу желілерінің жалпы ұзындығы – 631 шақырым. Қазіргі таңда ауданда ауызсумен қамтуға байланысты жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Биыл аталған мақсатта республикалық бюджеттен 2  млрд 600 млн теңге қаралған еді. Оған «Тақыркөл» су қоймасының магистральді су өткізгішінің екінші желісін салу жоспарланса, «Талап» топтық су құбырын кеңейту жүргізілуде. Ал Қожамберді, «Сүттіқұдық», «Жайылма» елді мекендерінде ауызсу жүйелерін жаңғырту жүзеге асып жатыр. Осы жобалар толықтай жүзеге асқаннан кейін жергілікті тұрғындардың таза ауызсу тұтыну көрсеткіші 98 пайызға жақсарады.

Жылнама

• Жаңақорған ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған.

• Кезінде одаққа белгілі болған «Жаңақорған» санаторийі 1918 жылы ашылған. Бүгінгі таңда ауданда «Жаңақорған» шипажайы АҚ, «Шипажай Жаңақорған» ЖШС, «Ақ-Шуақ» ЖШС, «Орда-Сығанақ» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС шипажайлары халыққа қызмет көрсетеді.

• Алпысыншы жылдардың басынан «Түгіскен» алабын игеру ісі қолға алынды. 1966-1970 жылдары 100 шақырымға жуық арна қазылды.

• 1961 жылы ашылған №13 кәсіптік-техникалық мектебі 2009 жылдан бастап лицей, 2013 жылдан бері колледж деңгейіне көтерілді.

• «Шалқия» кен орнындағы қазба байлығы алғаш рет 1963 жылы белгілі болған еді. Онда мырыш, қорғасын, күміс, кадмий және өзге де сирек кездесетін металдар бар екені анықталған.

• 1972 жылы аудан орталығынан алғаш рет балалар музыка мектебі ашылды.

• Аудандық тарихи-өлкетану музейі 1992 жылы ашылды.

• 2000 жылдары ауданда тұратын 70 мыңға жуық халыққа орталық аурухана мен емхана, туберкулезге қарсы күрес ауруханасы, тері-венерология диспансері, 6 ауылдық аурухана, 4 отбасылық дәрігерлік емхана және өзге де емдеу орындары қызмет көрсетті.

• 2007 жылы Жаңақорған кентінде 190 адамға арналған жаңадан салынған орталық аурухана келушілерді қабылдай бастады.

• 2007 жылы ауданда «Болашақ» балабақшасы мен «Алпамыс» санаториялық балабақшасы пайдалануға берілді. Ал 2013 жылы ауданда 13 жеке балабақша ашылып, оған 4 мыңға жуық бала қамтылды.

Түйін. Қойнауы қазынаға толы қасиетті мекен өзінің сан қилы тарихымен, жер байлығымен, ғалымдар, дүлділ ақындар, әншілер мен күйшілер, қоғам қайраткерлерімен ерекшеленеді. Тыныштықты ту етіп, тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына зор үлес қосып келеді. Қай кезеңде де елдің еңсесін көтеруге, экономиканы қалпына келтіруге күш салынып отыр. Осылайша бір-бірімен үйлескен іргелі реформалар нәтижесінде ел келешекке салиқалы оймен, нық сеніммен қадам басты. Тиімді экономикалық жүйенің арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Экономикадағы маңызды реформалар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң серпін берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<