Жаңақорған: Жаңа ғимараттар ел игілігіне

946

0

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығы жер-жерде аталып өтуде. Сыр өңірінде де тың серпін алған игі істер көп. Әсіресе, ауыл еңсесін көтеріп, жұрт жағдайын жасауға мемлекет тарапынан тиімді қадам жасалды. Оған мысал көп.

Апта ішінде оңтүстіктегі қос ауданның бірі – Жаңақорғанда болып, ауылдағы ағайынның қуанышын сезіндік. Мереке қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңақорған ауданының бірқатар елді мекенінде болып, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.

Алдымен Төменарық ауылына барған аймақ басшысы жаңа спорт кешеніне аялдады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған ғимараттың құрылысын «Айару» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Нысан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырысы негізінде салынып отыр. Қазір 170-ке жуық бала еркін күреспен айналысып, дзюдо мен баскетболға машықтануда. 12 адам тұрақты жұмысқа тұрған.

Жаңақорған: Жаңа ғимараттар ел игілігіне

– Төменарық – аудандағы түрлі ұлт қоныстанған ең үлкен елді мекен. Ауызбіршілікпен, ынтымақпен тіршілік етуде. 6 мыңнан астам халықтың жағдайы бұдан 10-15 жылғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Әсіресе, кейінгі 2-3 жыл ішінде игі жұмыстар атқарылды. Ауызсу мәселесі шешілді. Теміржолдың екі жағында орналасқан ауылдың ішкі жолдары жөнделді. Биыл 9 көшеге асфальт түсті. Енді теміржолдың бергі бетіндегі 11 көшеге дәл осындай жұмыстар жүреді деген жоспар бар. Ал мына жабық спорт кешенінің салынуы балалар мен немерелерімізге жақсы болды. Бұрын ашық алаңқайдағы спорт алаңдарында шынығатын еді. Жаңа әрі жылы ғимарат ауыл балаларының спортпен еркін айналысуына үлкен мүмкіндік беріп отыр, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов.

Жаңақорған: Жаңа ғимараттар ел игілігіне

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Келінтөбе ауылдық округіне барды. 4 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар көп. Биыл ауылдың 12 тұрғыны «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренсе, 8 азамат кәсібін дамыту үшін грант иегері атанған. Мұнда өңір басшысы жаңадан салынған әкім аппаратының ғимаратымен танысты. Жаңа нысан тамыз айында пайдалануға берілген. Мұнда халыққа қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді.

– Ауылда 600 шаңырақ бар. Басым көпшілігі егін шаруашылығымен айналысады, көбіне-көп күріш егеміз. Мал шаруашылығымен де айналысатындар жеткілікті. Осы екі бағытта 98 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Кәсіпкерлікпен шұғылданып жүргендер көп. Ауылдың өзінде 69 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр, – дейді ауыл әкімі Абылай Досжанов.

Қандөз – Жаңақорған ауданының шеткі ауылдарының бірі. Ауылға барған аймақ басшысы спорт кешенінің жұмысымен танысты. Бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған.  Былтыр наурыз айынан бері жұмысын бастаған кешенде  126 бала спорттың үш түрі бойынша жаттығып жүр. Жергілікті 11 тұрғын осында жұмыс істейді.

Облыс басшысы Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды биылғы бөлінген 212 млн теңгеден алдағы жылы 638 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарда бар екенін, осы арқылы 4312 баланы бұқаралық спортқа тарту көзделгенін айтты. Аймақта жыл басынан бері 7 спорт кешені пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 6 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Жаңақорғанда пайдалануға берілген нысанның бірі – дәрігерлік амбулатория. Жаңарық ауылына барған облыс әкімі жаңа медицина мекемесінің ашылуына қатысты. Салтанатты шарада ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып, ауыл халқына медициналық көмекті қолжетімді етуде жаңа амбулаторияның маңызы ерекше екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Аймақтың барлық аудандарында медициналық нысандар жаңадан салынуда.

Былтыр Жалағаш ауданында 100 төсектік заманауи орталық аурухананы пайдалануға берсек, тамыз айында облыс орталығынан модульді жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Жыл соңына дейін Қазалы ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы ел игілігіне табыстайтын боламыз. Міне, бүгін Жаңарық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылуының куәсі болып тұрмыз. Жаңа амбулаторияны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Ныш-Ер» құрылыс компаниясы қысқа мерзімде сапалы салып, сіздердің игіліктеріңізге пайдалануға беріп отыр. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының дертіне шипа табатын орынға айналуына шын жүректен тілектеспін, – деді облыс әкімі.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәжит Тәшімовтың айтуынша, Жаңарықтағы бұрынғы емхананың күйі әбден кеткенге ұқсайды, әсіресе, қыста ғимаратты жылыту қиындық тудырған.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесінде жаңарықтықтар үшін ең үлкен қуаныш болды бұл. Іші жарық әрі кең, ең бастысы, жып-жылы емханада ауыл тұрғындары ем алуда. Дертіне шипа іздеген жұртқа барлық жағдайы жасалған мұндай амбулатория керек-ақ. 2000 халқы бар ауылдың емдеу орны бұрын кеңестік дәуірден қалған ескі, едені жоқ кішкене ғана ғимаратта орналасқан еді. Мердігер мекеме де өз уақытында бітіріп, қажетті медициналық құрылғыларымен қамтамасыз етіп отыр, – дейді ол.

Бүгінде Жаңақорғанда үш дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал ауданаралық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаевтың сөзінше, жаңа дәрігерлік амбулаторияда егу бөлмесі, дәрігерге дейінгі қабылдау, физотерапиялық кабинет және күндізгі емдеу бөлмелері бар. Жақын мерзімде қосымша зертханалық тексеру бөлмесі де ашылмақ.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<