Жаңақорған: Жарқын жобалардың жемісі алда

777

0

Оңтүстіктегі іргелі ауданның бірі – Жаңақорған 1928 жылы құрылған. 95 жылдық тарихында талай даму дүрмегінен өткен ауданның кейінгі жылдары соны жаңалықтары жоқ емес. 17 ұлттың басын біріктірген мұнда 2 кент пен 24 ауылдық округ бар. Жергілікті халық мал өсіреді, егін егеді. Өндіріс орындары да жетерлік. «Шалқия» кен орнында қорғасын, мырыш және әртүрлі фракцияда қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді.

Әдетте, бұл аудан жайлы айтсақ, 1918 жылы негізі қаланған «Жаңақорған» шипажайы еске түсері анық. Әйгілі «Теріскен» көлінің табиғи қара балшығы мен минералды суы сүйек-буын және жүйке жүйесінің ауруларын, сондай-ақ, ішкі ағзаны емдейтін қасиеті  жоғары. Ал ерте заманда бүкіл қазақ елінің басты қалалары болған Сығанақ, Өзгент, Баршынкент шаһарлары және Хорасан ата, Ақтас мешіті мен Айқожа әулие кесенелері осы ауданда орналасқан.

Әртараптандыруға басымдық

Биыл 36777 гектар жерге егін егуді жоспарлаған жаңақорғандық диқандар межені толық орындаған. Ауданда 485 шаруашылық құрылымдары егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш өсіріп келеді.

Жаңақорғанда кейінгі үш жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріліп жүр. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тапқан. 6300 гектар жерге егілген күріштен бөлек, 4142 гектар күздік, 225 гектар жаздық бидай және арпа, жүгері, тары бар. Майлы дақылдардан мақсары, күнбағыс, мал азығына жоңышқа мен сүрлемдік жүгері еккен. Сондай-ақ шаруашылықтар көлемі 3293 гектар болатын алқапта картоп, көкөнiс, бақша дақылдарын күтіп-баптауда.

Облыс әкімінің тапсырмасына орай ауданда азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен бағаны тұрақтандыру мақсатында қосымша 200 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша егілген. Сонымен қатар, «Жайылма», «Ақүйік» ауылдық округтеріндегі тұрғындар жерасты суы арқылы картоп, көкөніс, қауын-қарбыз ексе, «Талап» және «Жайылмада» тамшылатып суару технологиясымен 7 гектар жерде қызанақ, «Сүттіқұдық» ауылдық округінде 4 гектар жерде бақша өсуде. Қазір пісіп-жетілген бақша дақылдары және көкөніс жиналып, арнайы сатылымға шығарылған.

Ауданда мал басында өсім бар. Әсіресе, ірі қара саны артқан. Мұнда 80 мың басқа жуық сиыр, 25 мыңнан астам жылқы, 2308 бас түйе есепке тіркелген. Ал ұсақ мал саны 360 мың басқа жуықтайды.

Инфрақұрлым һәм құрылыс

Биыл Жаңақорған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен 284 млн 412 мың теңге қаржыға «Жайылма» ауылында 150 орындық клуб салынып жатыр. Мердігер мекеме – «Астана cервис Ltd» ЖШС. Сондай-ақ, аталған бөлім арқылы «Қыраш» ауылдық округіне қарасты «Қызылмақташы» елді мекеніне мал суару ұңғымасын бұрғылау, Сунақ ата ауылдық округіне қарасты «Еңбек» елді мекенін сумен жабдықтау жұмыстары басталады.

2021 жылы «Екпінді», «Төменарық», Сунақ ата ауылдарындағы ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстары басталып, ұлттық қордан бөлінген 612 млн 504,4 мың теңге қаржысы игерілген еді. Биыл аталған нысандардың құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 825 млн теңгеден астам қаржы берілді. Ал «Кеңес», «Екпінді», «Көктөбе» елді мекенінен салынатын ауылдық клуб құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы қаралса, «Шалқия», Жаманбай батыр, «Өзгент» ауылдарынан спорт кешені құрылысының бастапқы жобалық құжатын әзірлеуге аудандық бюджеттен 15 млн 850 мың теңге бөлініпті. Сонымен қатар, «Бесарық» ауылындағы жаңа көшелердің инфрақұрылымын жүргізу үшін облыстық бюджетке өтінім ұсынылған.

Жаңақорғанда жаңа мектеп құрылысы қызу жүруде. Биыл халық тығыз орналасқан «МАИ бекеті» шағын ауданындағы 300 орындық мектеп құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар. Бұдан өзге, облыстық құрылыс басқармасы арқылы «Жаңарық» ауылында салынатын 250 орындық мектепке жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Ал «Байкенже» ауылындағы 150 орындық мектептің жобалық құжаты әзірленіп, бюджеттік өтінім берілген. Құрылыс биылғы жылға жоспарланыпты.

Кешегі көктемде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданындағы қос ауыл – «Бірлік» пен «Қырашты» «көгілдір отынға» қосу қуанышына куә болғанбыз. Екі ауылдағы құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен 751 млн теңге бөлініп, аталған жұмыстарды «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді.  Нәтижесінде «Бірлікте» 423 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан, ал «Қыраш» елді мекенінде 134 тұрғын үй мен  6 әлеуметтік нысанға «көгілдір отын» жеткізілді. Қазір ауданды газбен қамту үлесі 8,5 пайызды құрап отыр.

Кәсіп көкжиегі

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъект саны 5630 болса, оның 315-і заңды тұлға, 2547-сі шаруа қожалығы және 2768-і жеке кәсіпкер. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктің үлесі 95 пайызды құрайды.

Ауданда бұл саланы дамытуда атқарылған жұмыс, жетістік айтарлықтай. Сондай-ақ алдағы міндеттер де ауқымды. Жаңа жобаларды қолдау, жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікке қатысты  инфрақұрылымды  дамыту – басты  бағыт болып қала бермек. Биыл «Еңбек» бағдарламасына сәйкес 360 жобаға мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. 26 жобаға «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 243 млн теңге болатын несие алу ұсынылған.

Жаңақорған – табиғи қазба байлықтары, яғни, уран, әктас және полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Кен өндіру саласында 10 мекеме болса, оның екеуі шетелдіктердің қатысуымен уран өндіреді. Ал жалпы ауданда 25 орта және шағын кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Мысалы, құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар әртүрлі фракциялы қиыршық тас, құмды тас қоспасы, доломит, әк, т.б құрылысқа қажетті заттарды шығарумен айналысады. Олардың қатарында «Управление автомобильных дорог» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, «Премиум Класс-Строй» ЖШС және «Қуат Әк» ЖШС сынды т.б. өндіріс орындары бар. 

Сондай-ақ, ерекшелеп айтар жаңалық, алдағы жылдары Жаңақорғанда индустриялды-инновациялық дамудың үшінші бесжылдығы бойынша бірнеше инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.  Мысалы, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жылдық қуаты 4 млн тонна кен байыту фабрика құрылысын биыл бастамақ. «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосу келесі жылы жүзеге асады. Бүгінде құс фабрикасының жобасы өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген, инфрақұрылымдарын жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба толық іске қосылғанда облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 пайызын беретін болады. 110 адам жұмыспен қамтылады.

Ірі жобалардың бірі – «Қызылорда AGROPlus» ЖШС іске асыратын жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы. Жоба іске асқан уақытта 150 адам жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ «Майнинг Консальт Ко» ЖШС-ның полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу жобасы. Бұның жылдық қуаты – 1200 мың тонна кен өндіру. Ашылатын жұмыс орны – 1216.

Жалпы Жаңақорған ауданы бойынша «Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» аясында республикалық индустрияландыру картасына 1, өңірлік индустрияландыру картасына 2 жоба енген.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<