Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры аясында журналистер Жаңақорған ауданының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсы. Кәсіпкерлік саласында серпінді істер атқарылуда.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында Жаңақорған «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орын иеленіп, тазалыққа арналған Камаз және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, сондай-ақ ассенизатор мен кран-манипулятор тарту етілген болатын. Бұл техникалар жұмысқа серпін беріп, әрі жауапкершілікті арттыра түсетіні сөзсіз.
«Кәусар» Кейденнен шығады
Әлқиссса, сонымен біз аялдаған алғашқы нысан – «Кейден» ауылындағы «Кәусар» жүгері цехы.
Цех басшысы Қасым Әбжаппаровтың айтуынша, жүгеріден жасалған таза табиғи өнім адам ағзасына аса пайдалы.
Ол кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2017 жылы 3 млн теңге грант иеленіп, кәсіпорын жұмысын бастады. Бүгінде бірнеше сауда дүкендеріне өнімдері сатылымға шығуда. 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірістік қуаты жылына – 800 тонна. 2020 жылы жүгері дәнін консервілеу жобасын қолға алып, өткен жылы 600 гектар жер телімін иеленген болатын. Қазіргі таңда 200 гектар жерде жүгері мен картоп дақылы өсіп тұр.
Жалпы, шетелдік газдалған сусындардың пайдасынан зиянын көп екенін көріп жүрміз. Сондықтан осындай отандық өнімдердің орны ерекше. «Кейдендегі» келелі іс көңіл құсын көкке шарлатады.
Кәсіпкері көп ауыл
Келесі кезекте «Қожакент» ауылдық округіне қарасты «Жақсылық И» шаруа қожалығы жұмысын көрдік. Мұнда әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін картоп, көкөніс дақылына басымдық беріліп отыр.
Қожалық төрағасы Ерғали Исматуллаев 20-30 жылдық тәжірибесі бар агрономдармен бірлесе қарқынды жұмыс жасап келеді.
Биыл қожалық «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 10 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, жұмысын жандандыруда. Қожалық 3 гектар картоп, 3 гектар сәбіз егіп отыр. Мұнан бөлек, қожакенттік дала еңбеккерлері 5 гектар қарбыз, 1 гектар қауын, 33 гектар күріш дақылын еккен.
– Су жеткілікті деңгейде. Топырақ құнары мол. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында «Байқоңыр» ӘКК-мен келісім-шарт жасастық. Бұл – шаруаларға жасалған зор мүмкіндік, – дейді қожалық төрағасы.
Ауылда агросаладан өзге спортқа да басымдық берілген. Бұл да – ауыл жастарының болашағына салынып жатқан үлкен инвестиция.
2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қожакенттік кәсіпкер, меценат Изатулла Үсенов ауыл жастарына арнап құны 85 миллион теңгені құрайтын спорт кешені құрылысын бастаған. Жалпы көлемі – 2000 шаршы метр. Жастардың сұранысына байланысты онда кіші футбол залы, тренажер, бильярд және 100 адамға арналған асхана бар.
Аудан бойынша тұңғыш қаңылтыр өндіретін цех та осында. Ауыл тұрғыны, жас кәсіпкер Мейірбек Үсенов «Жанайым» жеке кәсіпкерлігін құрып, үй құрылысына қажетті заттарды өндіруде. Атап айтар болсақ, үй шатыры мен аула қоршауға арналған қаңылтырларды түрлі формада өңдеп шығаруда. Сондай-ақ үй ішінде декоративті жөндеу жұмыстарына қажетті өнімдердің бірсыпырасын да осы цехтан табасыз. Мұнан бөлек, үйдің еденге бетон қабатын құю кезінде пайдаланатын торкөзді сымтемір де шығармақшы.
– Цех өткен жылы жұмысын бастады. Жалпы құрылыс жұмысына 70 млн теңге жұмсалды. Басты мақсат – құрылысқа қажетті заттарды өзімізде өңдеп, сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайту, – дейді Мейірбек.
Міне, «Қожакент» ауылындағы кәсіпкерлік осылай өрбуде. Жұмыссыздық деңгейі де жыл сайын реттеліп келеді.
50 жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі
Жаңақорған жеріне тұрақтанушылар қатары жыл санап артып келеді. Баспана мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Осы орайда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына тұрғын үй салу үшін республикалық бюджеттен бір тұрғын үйді сатып алуға 9 млн 600 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Жалпы 50 тұрғын үй кешенін салуға 480 млн теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің 75 пайызы толығымен аяқталған. Қазан айында ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында халыққа берілетін болады. Кейінгі бес-алты жылда тұрғын үй беру мәселесі тұралап тұрған. Сондықтан бұл жергілікті халықтың көптен күткен қуанышы болмақ. Бұл үйлер сатып алу құқығынсыз арендалық есепте саналады. Барлығы дерлік кент әкімі аппаратының теңгерімінде тұрмақ.
Жыл басынан бері 7 мың кәсіпкер тіркелді
Жаңақорған ауданындағы баспасөз туры аудан әкімінің арнайы сұхбатымен жалғасты. Мұрат Жолкелдіұлы жасалып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті.
– Ауданда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алда орындалатын жоспарлар да жетерлік. Соның бірі – 50 жеке тұрғын үй құрылысы. Елді мекендерде жаңа жобалар өте көп. Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Аудан бойынша 7 мың кәсіпкер тіркеліп, 96 пайызы жұмыс жасап отыр. Кәсіпкерлік дамыған жерде тіршілік болады. Екіншіден, жергілікті жұрттың жұмыссыздық деңгейін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді. Кенттегі Қорасан ата көшесінде «Неке сарайының» құрылысы басталады. Айналмалы жолдар салынып, көлік қатынасы жөнге келуде. Орталықта орналасқан барлық әлеуметтік нысандар әсем жарықтармен безендірілді. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 2 мектеп құрылысы жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млрд 400 млн теңгеге жоба-сметалық құжат тапсырып қойдық. Бүгінде соның 150 млн теңге қаржысына жұмыс жасалып жатыр. Одан да бөлек құрылыс материалдарын шығару жөнінде кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Өзімізден шығып жатқан құрылыс материалы болсын, ауыл шаруашылығы өнімдері болсын Жаңақорған ауданы үшін тиімділігі жоғары, – деді аудан әкімі.
Сапар бағытында мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, грант алып, кәсібін дөңгелентіп отырған шағын кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысып қайттық.
«Жиһаз жасап беремін»
Алғашқы кезекте «Sanzhar Mebel» жиһаз өндірісіне аялдадық. Кәсіп иесі Әбдішайых Ислам 2019 жылы жұмысын бастаған. Төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, үйге қажетті жиһаздардың кез келген түрін жасап шығарады.
– Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарымен өзіміздің аймақтан көптеп тапсырыс түседі. Бір жиһазды жасап шығаруға орта есеппен екі-үш апта уақыт кетеді. Ең бастысы – тұтынушы көңілінен шығатын өнім жасау, – дейді ол.
Өркен жасаған өркенді іс
2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бойынша мемлекеттік грант иегері атанып, кәсіп бастағанның бірі – Өркен Әбсаттар. Ол полистиролбетон блоктарын өндіруді қолға алған.
Кәсіпкер былтыр «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы төмендетілген пайызбен 14 млн теңге несие қаражатына қол жеткізді. Айына 35000 дана полистиролбетон блок өндіреді.
– Бұл өнімнің басты ерекшелігі ішкі температураны сол қалпында ұстап тұрады. Құрамына қажетті шикізат – отандық өнімдер, – дейді бізбен әңгімесінде.
Жас жігіттің сөзінен ісіне деген құштарлығы мен еліне деген қамқорлығы айқын сезіліп тұрды. Бұл әрбір замандасына үлгі боларлық.
Әрі қарай «Мейрамбек» ДК дәретхана қағаздарын шығару жұмысымен таныстық.
Кәсіп иесі Шолпан Сүлейменова – 2015 жылдан бері отбасылық бизнесті де жандандырып отырған көпбалалы ана. Бүгінде қияр егіп, өнім алып отырған жылыжайлары, сонымен қатар, ыдыс, киімді түрлі бейнелермен безендіретін өнері және азық-түлік сататын 2 дүкені аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант жеңімпазы атанып, қаражатына дәретхана қағаздарын шығаратын аппарат алып, соны іске қосып, жұмыс жасауда.
«Тау самалындағы» тамаша демалыс
«Тау самалы» жазғы балалар тынығу лагері Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылының тау беткейінде орналасқан. Сапар аясында лагерь жұмысымен танысып, балалармен пікірлестік.
– Мұнда жақында келдім. Көптеген достар таптым. Апайлар бізге әдемі ойындар үйретті. Бос уақытта кітап оқып, сурет саламыз, суға түсеміз. Мұнда тағы да келгім келеді, – дейді Бақытжан есімді балақай.
– Балалардың денсаулығы – айрықша назарда. 5 мезгіл аспен қамтамасыз етіледі. Демалушыларға ұсынылатын тағамдар санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қатаң тексеріледі. Тынығушыларға жоспар бойынша түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізуіне толық жағдай жасалған. Аудандық мәдениет үйі, кітапхана, спорт бөлімімен біріккен іс- шаралар ұйымдастырылып отырады. Демалыс орны 20 тамызға дейін жұмыс жасайды, – дейді «Тау самалы» тынығу лагері директоры Бағлан Жамалұлы.
Соңғы аялдама – саябақ
Сонымен бір күнгі баспасөз туры кент орталығындағы «Прайм Парк» демалыс саябағында қорытындыланды.
«Балалар жылына» орай жергілікті кәсіпкер Марлен Ысқақовтың демеушілігімен бой көтерген саябақ өткен жылы пайдалануға берілген.
Мұнда түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары, дәмханалар аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Тұрғындар дән риза.
– Кейде балаларды ойнату үшін Түркістан мен Қызылорда шаһарына жол жүретін едік. Енді заманауи демалыс орны өзімізде бар, ең бастысы балалардың қуанышы ғой, – дейді кент тұрғыны Марзия Ақдәулетова.
Жаңақорған ауданы
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<