Ауылдан адам көшкенмен…

487

0

Шашын ақ қырау шалып, жанарындағы жастық жалынын ақылдың салмағына жеңдірген, белі бүгіліп, таяққа сүйенген қариямен қатар отырғанымда ауылдың қаншалықты ыстық боларын сезінемін деп ойлаппын ба? Атақ-абыройы мен өмір бойғы мансабы әңгімеге арқау болар дегендей мойнымды бұрып, автобустың терезесінен айналаны тамашалауға кірістім. Енді ғана студент атанған кезім. Қаладан ауылға жеткенше асығатын әдетім. Ол ауыл туралы әсерлі әңгімесін бастап кетті…

– Таңсәріден таласып, доп қуалаған алаңсыз балалық шақтың базары. Күн керіле еңсесін көтерген сәтте түтіні будақтап сақырлай қайнаған самаурын мен анамның көңге піскен таба нанының иісі мұрныңды жарардай. Ұйқымен арпалысып жатқанда өріске шыққан малдың маңырағаны тәтті ұйқыңнан еріксіз оятады. Шайқатылған күбідегі айранның күмбірі тау жағасындағы бұлақтың сыңғырындай құлағыңды елеңдетіп, бетіне қаймақтана жиналатын сары майын тосатынбыз. Анамның табадан жаңа ғана алған ыстық нанын майға бөктіріп, кең даланың төсінде қамығуды білмей өскенімізді ойлап көңіл марқайып қалады. Төрт түлігін өріске жіберуге қамдайтын әкемнің аяғына оратылып, қозы-лақпен ойнауды ұнататынмын. Төлдің әрбіріне ат қойып, арасында ойнап жүрген бала бейне көз алдымнан кеткен емес. Біз өскен ауылдың ауасы да өзгерек еді ғой. Көршімен қойын-қолтық араласып, кішісі үлкенімен сәлемдессе, әйел заты ер адамның алдын кеспейтін. Ақылы дария ақсақалдар «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын. «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп армандайтын. Адамдардың пейілі ақ, көңілі таза болғаны шығар, біз өскен ауылдағы үйлердің есігінде құлып болмайтын. Қонақ келсе есігі де, құшағы да айқара ашық тұратын. Ұры-қары, жетім-жесір, дау-дамай болмай бітіммен, келісе отырып тату түрде мәселенің түйіні тарқатылатын кездерді айтсаңшы, – деп тұңғиық жанарын терезедегі табиғат көрінісіне тастады бейтаныс қария.

Әңгімесінің әсерлі де, әдемілігі соншалық, айналасын ұйыта тыңдатып отырған қарияның жанарына таңдана қарадым. Ауылдан шыққанын, аңсары туған жеріне ауып тұратынын осы сәтте түсіндім.

– Әй, шырағым! Жас кезде туған жердің қаншалықты ыстық боларын ұғыныппыз ба? Қарттық таяған сайын таудың самалымен бір тыныстамасам кеуде тұсым қысып, тыным бермей қояды, құрғыр. Ауылға табаным тисе, бірен-саран қалған құрдастарыммен ақтарыла сыр шертемін. Пәлі, белі бүкірейгенше ауылдағы алқапта жүрген олардың жанарын күн күйдірді демесең, қимылдары шалт, әңгімелері қызық. Қойы қоралас жатқан қос көрші де сол баяғы әдетінен таңбаған. Таңертеңгілік өріске қойын бірге өргізеді. Әрі ауылдың жаңалығымен бөлісіп, әңгіме-дүкен құрады. Бұрындары әкем де қой кезегі келгенде күбідегі айранды құтыға құйғызып, орамалына бір уыс құртты түйе кететін. Сонда «шөлдесең құрт сор, қарның ашса құрт же» деуі тегін емес екен-ау. Жоқшылықты көрген олар келер күннің не боларын кім білсін, естеріңде жүрсін деуші еді. Өткен күннен бір белгі болып қалған туған жердің қиыршық тасы балалық шағымды еске салғанын көрмеймісің, – деп қойын қалтасынан беторамалын алып, суланған жанарын сүртті. Сүртті де тау беткейдегі аялдаманың қасынан түсуге ыңғайланып, бір аяғын сүйрете басып автобус есігіне қарай аяңдады. 

Көп кешікпей менің де аялдамам жақындады. Ауылдың оттан түспес қазанындай қайнаған тіршілігіне еніп кеттік. Таң бозарып атқан шақта анам ұйқыдан оятты.

– Тұра ғой, қызым. Бауырларыңмен күн ысымай тұрып тезек теріп келе ғой.

– Қойшы, анашым, ұяламын, – дедім мен.

– Көңге піскен тәтті нанды жегенді жақсы көресіңдер. Ал тезек тергеннің несі ұят? Адал еңбек оңай келген олжадан берекелі. Ұялмай ас ішу үшін ұялмайтындай іс қыла біліңдер, – деді де сиыр саууға кетті.

Тезек теріп жүрген қыз ол кезде ауылдың қадір-қасиетін қайдан ұқсын? Қапқа тезек толтыру үшін көше бойын бір жағалап қайтамыз. Үлкен іс тындарғандай есік алдындағы пештің алдына қапты тастай салып, таңғы шайды рахаттана ішеміз. Осы сәтте бүкіл бір ауылға сырттан көз салған жан әр үйдің алдынан бұрқыраған самаурынның түтінін аңғарып, шоққа жаңа піскен нанның тәтті иісін құшарлана жұтар еді.

Қазір сол жол бойында жолыққан қария еске түскен сайын ауылға деген ықыласым арта түседі. Кейде интернетке телміріп, көк жәшіктен көз алмайтын балаларды көргенде балалық шағының аспанын қалай суреттер екен деп ойлаймын.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<