Адал дос, асыл азамат

6

0

Өмір – адам баласына берілген қайталанбас ең қымбат сый. Ал, өмірдің мәні тіршілік етумен шектелмейді, еңбегіңді еліңе арнап, артыңда өшпес із қалдыра білуіңмен өлшенеді. Бұл үшін адамға ғасырлық ғұмыр емес, адами адалдық, берік болмыс, халқына қызмет етуді парызым деп санайтын парасат қажет.

Осындай бағалауға лайық азаматтың бірі жауапты басшылық орындарда қызмет етіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қосқан Сыр перзенті Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбараков болатын.

Оның туған жерге беретіні, атқаратын ісі әлі көп еді, елу деген ер жасынан енді асқан шағында кеудесі ізет пен ізгілікке тұнған адал дос, асыл азамат бұл дүниеден бақилыққа көш түзеді.

Қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме, бұл бекер сөз емес. Оның астары кең. Атамекен ауылдың май топырағын кешіп, қазақы қалың ортада өскен Қамбарбектің бекзат болмысы ауылда бекіді. Қарапайымдылық қасиеттің қазығы да ауылда қағылды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету ілтипаты, досты бауырға тарту, адалдықтан аттамау секілді қазақы қағиданың қалыптасуы да өскен ортасының өнегесі. Сол ауылдың алқасынан ол қалаға қамданып, оқуға ұмтылды, елге қызмет етуді армандады, бағыт-бағдарынан таймады. Содан қаншама белесті бағындырды, аймағымыздың дамуына өлшеусіз үлесін қосты.

Қамбарбек досымыз жасынан-ақ кез келген сынаққа дайын тұра алатын, жігерлі, мақсатшыл, тәуекелшіл болып жетілген жан. Бұл оның қалың жұртқа үлгі тұтуға тұрарлық өнегелі отбасының тәрбиесінде өскендігінен де болса керек.

Қамбарбек еңбек жолын қарапайым қара жұмыстан бастап, әуелі «Өзгент» совхозының қырма­нында слесарь болғаны да көп нәрсені ұқтырады. Болашақ жолына түскен жастың бұл қадамы «Өмір үйретеді, еңбек ширатады» деген әке талабымен тығыз байланысты екені анық.

Жоғары оқу орнында білім алып, есеп-қисапқа жүйрік, экономика сала­сының білікті маманы атанды. Он жылға жуық салық органдарында жау­ап­ты қызметтерді атқарды. Облыс­тық департамент бастығының орын­басары, Жаңақорған, Шиелі ау­дан­­дарында салық басқармасының бас­шысы болды.

Біз Қамбарбек Амангелдіұлымен елге бірге қызмет жасап, жақын дос болып, ерекше сыйластық.

2008-2013 жылдары мен Шиелі ауданының басшылығын­да болғанымда Қамбарбек аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары болды. Сырдың маржаны саналатын Шиелі ау­данының абыройы артып, бере­кесі бекемделе түсті десек, бұл жетістікке Қамбарбек Аман­гелдіұлының да қосқан үлесі мол.

Ол білікті қаржыгер болды, өз ісіндегі жауапкершілігін жете сезінді. «Көп білсең де көптен артық білмейсің» дегендей, оның бір ерекшелігі қолға алған ісінің барысын әрдайым тәжірибелі мамандардан сұрап, сараптап алатын. Бұл – басшыға қажетті қасиет, қазақ атамыз да «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп әр іске тиянақты дайындықпен кірісуді айтып кеткен.

Қамбарбек Амангелдіұлы Қы­зылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының жаңадан құрылғанынан бастап, он жылға жуық абыроймен басқарды.

Облыстық ауыл шаруа­шы­­лығы басқармасының бас­шысы, Шиелі ауданының әкімі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының басқарма төрағасы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметтерін жоғары абыроймен атқарды.

Қарапайым тізімге сыйып тұрғанымен, осы жұмыстардың аясында қанша күш пен жігерді сүргідей жонатын қиындық пен жауапкершілік жатыр. Со­ның бәрін иықпен көтеру бір азаматқа аз жүк емес.

Қамбарбек Амангелдіұлының Шиелі ауданына әкім болып тағайындалуы күллі дүниеге нәубет төндірген пандемия дүрбелеңімен тұстас келді. Осы кездері барша елмен бірге аудан халқы да әр сәті қауіп пен қатерге байланған күндерді бастан өткерді. Қиын-қыстау мезетте ха­лықты сабырға шақырып, тез және нәтижелі шешімдер қабыл­дай білу оңай болмады. Ел ерге, ер жерге қарайтындай қиын-қыстауда қисынын келтіріп, іс қыла алатын қабілетін танытты.

Аудан тұрғындарының сұра­ны­сына сәйкес теміржол үстінен көпір салынып, жұртшылықтың көптен бергі ұсыныс-тілегі орын­далды. Осылайша халықтың күн­делікті өмірін жақсартуға бағыт­талған игіліктер іске асты.

Әр күні қарбаласқа толы аудан басшысының мұндай жұмыс­тарын санап тауысудың өзі қиын. Жоғарғы басшылықтың тапсырмалары, аудан халқының талап-тілегі оны етігімен су кешкендей ел мүддесіне қайрап салды. Шын мәнінде Қамбарбек Аман­гелдіұлы ел басқару ісінің қандай жауапкершілік жүктей­тінін жақсы түсіне білді.

Қамбарбек Амангелдіұлы облыс­тық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқар­ма­ларының басшысы қызметінде жүргенде де өзінің іскерлігін көрсетті.

Әсіресе, Республикадан облыс­қа қажетті қаржыны әкелу бағытында табандылық таны­тып, өзінің біліктілігін талай мәрте дәлелдеді. Қамбарбек ба­уы­рымыздың еңбекқорлығына еш­кім шүбә келтіре алмайды. Ол кеудесіне кенедей жабысқан дертімен күресудің орнына өмі­рінің соңғы сәтіне дейін тап­жылмай тірлік кешті, ел ама­натын арқалап өтті. Жауапты да күрделі қай қызметте де өзінің кәсіби өрісін көрсетіп, аймақты дамытуға байланысты мол тәжірибесін сарқа жұмсады, жас кадрларды шыңдады. Бүгінде оның шекпенінен шыққан шы­найы шәкірттері ұстаз жолына кір келтірмеуге күресіп келеді.

Ол өзінің адал еңбегінің ла­йықты сый-құрметін де көрді. «Үздік мемлекеттік қызметші», «Қаржы қызметінің үздігі» төс­белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін», басқа да мерекелік медаль­дармен марапатталды. Жаңа­қорған және Шиелі аудан­дары­ның құрметті азаматы атанды.

Әрине, ең үлкен атағы оның ел ішіндегі абыройы, артында қалдырған игі істері болды.

Сыйластық пен достыққа берік, көңілі мен пейілі кең, жомарт жүректі Қамбарбек бауырымыздың құтты шаңырағы әрдайым қонақтардан үзілмейтін.

Әулеттің берекесі болған аяулы анамыз Фатима апай, төрт перзентті дүниеге әкелген өмірлік жары Айнұр да қара шаңырақтың өнегелі отанасы. Әкенің асқақ абыройы ұлағатты ұрпағымен жалғасын тапқаны әрқашан көңі­лімізге медет болуда.

Дана бабаларымыз «Ойың­ның ақтығы – арыңнан, сөзіңнің ақ­тығы – жаныңнан, ісіңнің ақ­тығы – ақылдан» деген. Қам­барбек Амангелдіұлының туа­бітті са­быр­лы мінезі, қабілет-қары­мы, іскерлік әрекеті, ұйым­дас­тыру­шылық қасиеті оның адами қасие­тін асқақтатуға жетерлік баға.

Асыл досымыздың арамыздан ерте кеткені жанымызға қатты батады, өзімен бірге өткізген қайталанбас қызықты күндерді сағынышпен еске аламыз.

Бүгін міне, қимас досы­мыздың бақилық болғанына да бір жыл уақыт өте шығыпты. Бірақ, уақыттың бұл асыл есімді ел жадынан өшіре алмайтыны анық.

Ұлы Абайдың «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген мағыналы сөзі бар. Біз досымызды ешқашан ұмытпаймыз, жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталады.

Жаның жәннатта болсын, адал дос, асыл азамат!

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,

облыс әкімі