Адалдық пен жауапкершілік – мемлекеттік қызметшінің міндеті

110

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс активімен бірге өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесті.

Кездесуге Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Прези­дент жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­миясының ректоры Азамат Жолманов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі өңір халқы Президент пен Үкіметтің барлық бастамаларын қолдай­тынын айтып, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

– Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өр­кендеуіне үлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіліктің үлгісін көр­сететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді арнап, ел-халыққа адал қызмет ете беруге шақырамын, – деді аймақ басшысы.

Актив отырысында Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті дамыту, кәсіби­лендіру, іріктеу про­цестерін жетілдіру, қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру бағытындағы кешенді шаралар туралы айтты.

– Мемлекеттік қызмет сала­сындағы ашықтық, әділеттік және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер енгізілуде. Өткен жылы Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасы» бекітілді. Онда мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәсілін өзгертіп, бұл қызметтің жаңаша өріс алуына мүмкіндік тудырды, – деді ол.

Агенттік төрағасының айтуынша, енгізілген өзгерістер бірқатар ілгерілеуге негіз болып отыр. Мәселен, басқарма басшысын тағайындау үшін 2023 жылға дейінгі заңда тек мемлекеттік қызметте 7 жыл өтілі немесе екі жыл басшы лауазымда болуы керек-ті. Бұл жеке сектордан білімді, білікті мамандардың келуін шектеді. Енді бұндай талап қойыл­майды, білімі мен жұмыс істеген саласындағы жұмыс өтілі қарас­тырылады. Соның нәтижесінде бір жарым жылда 800-ден аса адам жеке сектордан мемлекеттік қызметтің басшы лауа­зымына келген. Оның ішінде құрылысшы, ветеринарлық, санитарлық, тағы басқа қажетті мамандардың келуіне жол ашқан.

– Біз тұжырымдаманы іске асыру барысында мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірледік. Ол мем­лекеттік қызметтің талаптарын жаңа­ша айқын­дайтын болады. Бұған дейін бұл саланың миссиясы анықталмаған болатын. Ал жаңа заң қазіргідей тек еңбек қатынас­тарын, яғни мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және тоқтату мәселелерін рет­теумен шектелмей, ең бастысы мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздеп отырмыз. Бұл 10 баптан тұрады. Заң жобасында мемлекеттік қызмет­ші­лердің кәсібилігі, олардың әдеп нормаларына сай болуын, адамгерлік қасиеттерін, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге адалдығын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Мемлекеттік қызметшілерді басшы лауазымға тағайындаған кезде ол туралы БАҚ-тағы сыни пікірлер мен жүріп өткен жолы ескеріледі. Сонымен қатар мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғау қажеттігі туындаған жағдайда қаймықпай бас­қарушылық шешімді қабылдауға мүм­кіндік беретін нормалар қарастырылуда. Көптеген ситуациялық жағдайлар болады. Мәселен, адам өміріне қауіпті су тасқыны, тағы басқа жағдайда аудан немесе облыс әкімдері жауапкершілік ала отырып, қауіпті жағдайдың алдын алса, онда ол жауапкершілікке тартылмайды, – деді агенттік төрағасы.

Жаңа өзгеріске сәйкес, қызметшілердің мансаптық өсуі қайта қаралады. Бүгінде даму мүмкіндігінің болмауына байла­нысты әрбір төртінші маман бір орында 6 жылдан астам жұмыс істейді. Нәтижесінде олардың жартысынан астамы қызметін ауыс­тырады. Осыған байланысты белгілі лауазымды сыныптарға бөлу арқылы көлденең ілгерілеу енгізілуде. Олар­дың жалақысы көтерілу үшін верти­калдық тұрғыда лауазым өсу қажет еді. Ал тұрақтылық аппаратын қалып­тастыру үшін осы тәсіл қолданылмақ.

Осы кездесуден кейін Әдеп жөнін­дегі уәкілдердің республикалық форумы өтті. Форум жұмысына аймақтың жауапты сала басшылары, агенттік қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің, қала, аудан әкімі аппарат­тарының, облыстағы мемлекеттік орган­дардың әдеп жөніндегі уәкілдері, әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев аймақтың әлеумет­тік-экономикалық дамуын­дағы жетістіктерді атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Аймақтың әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз негізгі макр­оэкономикалық көрсеткіштер бойын­ша республикада алғашқы орындарда. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­станды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды» деп атап өткен болатын. Халықтың әл-ауқатын арт­тыруға бағыт­талған ұлттық жобаларды жүзеге асыруда, қоғамдық-саяси ахуал­дың тұрақ­тылығын қамтамасыз етуде маңызды рөлді мем­лекеттік қызметшілер институты атқаруда.

Агенттік мемлекеттік қызметтің сер­вистілік, клиентке бағдарлану қағидат­тарына негізделген моделін қалыптастыру, кәсібилендіру, билік институттарын дамыту бағытындағы жұмыстарға баста­машы болып келеді. Бүгінгі жиынның маңыздылығын ескеріп, форум бары­сында тиімді ұсыныстар мен байыпты бастамалар талқыланатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Д.Жазықбай мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет екенін айтып, маңызды баста­маларға тоқталды.

– Барлық құзырлы органдар ара­сында ортақ көзқарас пен ұстаным болуға тиіс. Бұл – ешқандай құқық­бұзушылыққа жол бермеу, яғни, кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілер шешуші рөл атқарады, – деді агенттік төрағасы.

Форум жұмысында Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеттері, оған қойылатын талап пен құқықтары да айтылды. Себебі, кейінгі кезде оны бір жылдың ішінде екі рет ауыстырып жатқан мемлекеттік органдар бар. Енді Әдеп жөніндегі уәкіл агенттіктің тікелей қарамағында болмақ. Олар іс сапарға жіберіліп, профилакти­калық жұмыс­тар­ды тергеп-тексеруде ықпалы артады.

Сонымен қатар, жаңартылған ант мәтінін талдаудың маңызы да бас­қосуда талқыланды. Бұл заң алдындағы уәде емес, ар алдындағы серт екенін есте сақтау керек.

Жиында Н.Байқадамов «Мемле­кеттік қызметшілерді адамдардың құқыққа қайшы әрекеттерінен қор­ғау», А.Жол­манов «Мемлекеттік қыз­меттің құнды­лықтары: Антқа адал­дық» тақыры­бында баяндама жасады.

Сыр өңірінің әлеуметтік-экономи­калық дамуы жолында елеулі еңбек еткен ардагерлерге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемле­кеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табыс­талды.

ондай-ақ аймақтың өркен­деуі жолында елеулі еңбек еткен мем­лекеттік қызметкерлер ҚР Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуші» грамотасымен, агенттік төра­ға­сының Алғыс хатымен марапатталды.

Басқосудың екінші бөлімінде мем­лекеттік қызметшілердің Әдеп кодек­сіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, профилактика қызметі туралы мәселелер талқыланған панельдік сессия өтіп, Әдеп жөніндегі уәкіл­дердің өткен жылғы және бірінші жарты­жылдықтағы жұмыс нәтиже­леріне жасалған талдау қоры­тындыланды.

Форум қонақтары мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша депар­таменті, Президент жанындағы мемле­кеттік басқару академия филиалының ұжымымен, өңірлік кадр резервінің мүшелерімен, студенттермен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдау­шыларымен кездесті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»