Топ-баннер2

Әйел жүрегі – ізгілік мекені

6

0

Фото: Ақорда

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, мемлекеттік марапаттарды табыстады. Президент көктемнің шырайлы мерекесі мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны екенін атап өтті.

– Әйел – тіршіліктің тірегі, бере­кенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде Сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор риза­шылығымды және алғысымды айтамын.

Халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға «Ана» сөзін қосып, «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты орындау – ұрпақтар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлтымыздың болмысы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбие­сімен дариды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған. «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыз­дарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады. Президент «Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды ла­йықты жалғастырып келесіздер. Қыз­­да­рымыз ел игілігі жолында та­бысты еңбек етіп, Қазақстанның да­муы­на орасан зор үлес қосуда» деді бұл ретте.

– Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзікжандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судья­лардың жартысынан көбі – әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдай­лар, Про­куратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде.

Жақында Дубайда күштік құры­лымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халық­аралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бер­мей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз. Сонымен қатар бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өткім келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте Марфуға Әжіғалиева жарты ғасыр­дан аса уақыт медицина сала­сында еңбек етіп жүргенін, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болып, дәрі­герлер әулетінің бастауында тұрғанын және бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен мара­патталатынын, сондай-ақ, Жетісу облы­сында 50 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келетін шаруа қожалығының же­тек­шісі Шакира Ыдырысованың жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болғаны үшін бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабыл­дағанын айтты.

– Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қар­жы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр. Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды. Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды. Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық.

Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жас­тар ара­сындағы бес дүркін Әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абы­ройын асқақ­татты. Бүгін оған «Парасат» ордені табыс­талады. «Пара­сат» орденімен бел­гілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашы­ры Камал Әлпейісова мара­патталады. Арамызда отырған Мария Зейнело­ваның ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман «Нау­рызым» қоры­ғында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты. Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар «Құрмет» орденімен марапатталады.

Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр. Осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке «Құрмет» ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға «Шапағат» медалі табысталады.

Тікұшақ пилоты Ақерке Шопа­таеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі.

Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы ша­қырылды. Сузуки ханым Қазақ­станда балет өнерін дамытуға белсене ат­салысуда. Сондықтан оны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­таймын, – деді Мемлекет басшысы.

Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген мұндай ару­ларды ел мақтан тұтады, жас буынға үлгі етеді. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағы­насы бар. Қазақ әйелдері шаңы­рақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Президент мұны елге деген сүйіс­пеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санайтынын, әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейтінін атап өтті.

– Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады.

Еліміздің дамуында әйелдер қауы­мының рөлі орасан зор. Кез келген жұ­мыста, мектепте, университетте, кәсіп­орында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбек­сүйгіш­тігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көр­сетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте «нәзік жанды» деп атаймыз, бірақ шын мәнінде, олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке пара­пар іс атқарады.

Адамзаттың көркем жаратылы­сы саналатын айымдарымыз нәзік­тігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойын­дауымыз керек, қаншама қиын­дыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылы­ғынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында. Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле тү­сіреді, мүмкін еместі мүмкін қыла­ды, тіпті соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың бола­шағы әйелдерге байланысты десек, қателеспейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде қазақ қызының жолы, тағдыры ешқашан кедір-бұдырсыз, яғни қиындықсыз болмағанын, оған тарих куә екенін, «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыйым» деген тү­сініктер халық санасына әбден сіңіп кеткенін де келтірді. Себебі, біз – қыз баланың абыройын ел бола­шағының кепілі деп санайтын елміз. Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар.

Әйел жүрегі – ізгілік мекені

– Әйелдердің адалдығы, ұқып­тылығы, еңбекқорлығы, ал, керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалып­тасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды.

Қазір Қазақстан ауқымды жаң­ғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық.

Республикалық референдумға шы­ғарылған халық Консти­туция­сының жобасы мемлекетіміздің бо­ла­­шағын, даму бағдарын айқын­дай­тын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұ­ғырын ны­ғайтады, еліміздегі бар­лық қоғам­дық-саяси институт­тардың қызме­тіне жаңа серпін береді. Жаңа Конс­ти­туция жоба­сының негізгі ар­қауы – Қазақстанның Тәуелсіз­ді­гін, Егемендігі мен терри­ториялық тұ­тас­тығын, азаматтары­мыздың құ­қық­тары мен еркіндігін қорғау. Ата Заңның жаңа жобасында көптеген да­мыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нор­малар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипа­тын күшейте түседі, – деді Президент.

«Қазақстанда халықты әлеу­меттік қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақытылы орындап келеді. Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлем­дер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек. Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сон­дықтан біз білімді, еңбекқор, жасам­паз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет». Осылай деген Мемлекет бас­шысы қазіргі таңда дүние жү­зінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айты­лып, бұл бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы болып отырғанын жеткізді. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз.

– Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қара­ған. Шын мәнінде мұқтаж азамат­тарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уа­қытта да жалғасады. Мысалы, елі­мізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қо­мақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.

Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санай­мын. Бұл бағытта қажетті заңна­малық және институционалдық ша­ралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұ­рақты дамуының өте маңызды фак­торы ретінде Конституция дең­гейінде күшейтеміз.

«Неке – ер мен әйелдің мем­лекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйел­дер мен аналардың отбасында­ғы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа маз­мұнмен толықты. Құқық­тық тұр­ғыдан анағұрлым дәл тір­кестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбы­лыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент бұл ретте отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенім білдірді.

Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төр­ағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйт­кілдерді шешуге мүмкіндік береді.

Халық Конституциясының жо­басы референдумда жұртшы­лық­тың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуі­рінде Қазақстанның тұрақты дамуы­на ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз. Дей тұр­ғанмен сапалы адам капиталы бол­маса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңыз­ды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айт­қанда, әлеуметтік саясат пен имми­грацияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.

– Тағы да қайталап айтамын, тех­нология дамуында нақты про­г­реске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және да­мыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік сая­сатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн.

Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады.

Стратегиялық әлеуетіміздің кіл­ті инфрақұрылым, технология, бі­лім және ғылым салаларында жа­тыр. Лайым солай болуға тиіс. Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің тап­таурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек.

Алайда жарқын болашаққа қа­рай ұмтылу түп-тамырыңды ұмы­ту деген сөз емес. Мәселе – жаһан­дық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – бол­мысымызды жоғалтып, баба­лары­мыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шы­ғарып алмау. Оған біздің құ­қымыз жоқ. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құнды­лықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойын­даламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент пікірінше, Консти­туциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүм­кіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек. Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жете­лейтін орнықты дамудың инсти­тут­тық және құқықтық негіздері Конс­ти­туция жобасында көрініс тапқан.

– Қазіргі Ата Заңымыз қабыл­данған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Еге­мен­дікті сақтап қалу, билік инсти­тут­тарын құру, елдегі тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мін­деттеріне басым­дық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық же­тістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұң­ғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назар­баев­тың арқасы. Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі.

Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жат­қан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елі­мізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде.

Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақ­талуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айны­маймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституция­сында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоя­тын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да – Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі.

Ата Заңымызда Қазақстан хал­қының бірлігін, этносаралық, конфес­сияаралық келісімді, толе­рант­­тылықты нығайтатын нор­ма­лар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады». Осылай деген Мемлекет басшысы: – Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолы­мызбен жүріп келеміз. Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің ал­дында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақ­стан­ның тұғыры берік, бағ­дары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отан­шылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референ­думда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды.

Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын.

Осы жерде Қазақстанның әр аймағынан келген көптеген маман­дық иелері отыр. Сіздер түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуетін арттыруға атсалысып келесіздер. Әділетті Қазақстанды өздеріңіз сияқты жауапкершілігі мол, жасампаз, көзі ашық, тиянақты, еңбекке адал азаматтар құрып жатыр. Мен мұны үлкен ризашы­лықпен атап өткім келеді. Бәріңізді зор құрметке лайық деп санаймын. Сондықтан бүгін мен Сіздерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Президент сөзінің қорытындысында.

Қ.ӘБІШ

***

Президент мерекелік жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып, өз кәсібінде жоғары табысқа жеткен әйелдерді мемлекеттік наградамен марапаттады. Олардың қатарында журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар әріптесіміз Айнұр Тұңғышбаева да бар. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Әріптесімізді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желіде құттықтап, бұл аймақ журналистикасына берілген жоғары баға екенін атап өтті.

Айнұр Нұрланқызы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері осы салада қызмет етіп келеді. «Ақмешіт апталығы», «Сыр бойы» газетінде еңбек етті. Облыстық басылымда қаламгер тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейінгі он жылдан астам уақытта «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында редактор, шолушы-редактор болды. Қазір облыстық телеарнаның бас редакторы. «Үштаған» апталық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі әрі редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі».

Әріптесімізді мемлекеттік марапатымен құттықтап, шығармашылық шабыт тілейміз!