Әйнек, балға һәм кескіндеме

7

0

Фото: Автордан

Қызылорда облыстық көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дәулетбек Тойшыбаевтың «Оян» атты креативті көрмесі өтті. Онда көпшілік назарына соққылы нүктелік гравюра әдісімен орындалған картиналар ұсынылды.

Сырбойылық суретші сирек кезде­сетін көркемдік техниканы елімізге алғаш рет әкеліп отыр. Жаңа кескіндеме өнерінің ерекшелігі – картина әйнекті балғамен сындыру арқылы салынады. Көрмеге осындай әдіс арқылы дүниеге келген 20-ға жуық туынды қойылып, көрермен қауымның оң бағасын алды. Бейнелеу өнерінің өкілі негізінен түркі халықтарына ортақ ойшылы, жырау, қобызшы Қорқыт бабадан бастап Қабанбай батыр, Әйтеке, Төле және Қазыбек билер, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы сияқ­ты ұлт мақтаныштарын, сондай-ақ биыл Италияда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль иеленген тарихи чемпион, отандасымыз Михаил Шайдоровтың кескінін әйнек бетіне түсірген.

Әйнек, балға һәм кескіндеме

– Әйнекке сурет салу тренді әлемде үш-төрт жыл бұрын басталды. Ал Қазақстан бойынша бірінші рет мен қолдандым. Бұл жерде балға қаламның ролін атқарады. Көзіме сынығы тимес үшін көзілдірік, ал даусы құлағымды ауыртпас үшін құлаққап тағып аламын. Маған, әсіресе, түнде тыныштықта жұмыс істеген ұнайды. Бүгінгі көрме – аз ұйық­тап, көп жұмыс істе­генімнің нәтижесі. Бүкіл картинаны бір аптаның ішінде салып бітірдім. Тәжірибем Ахмет Бай­тұрсынұлының суретін салудан басталды және ол сәтті шықты, – деді Дәулетбек Тойшыбаев.

Ол қылқаламнан бө­­лек құм, күріштен сурет салады. Шегеге жіп тарту арқылы та­ны­мал музыкант, ән­ші-композитор, Қазақ­стан және Ресей эстра­­­да­сын­да өзіндік ор­­нын қалып­тастырған Батыр­хан Шө­ке­новті бей­­не­леу ар­­қылы таны­мал­­дығы арт­ты. Ал екі жыл бұ­рын «Kilem Аrt» атты көр­меде сыр­бойылық арулардың кілем­дегі картиналары қабырғаға ілінді.

Бұл жолғы тың техникада бейне шыны бетіне түсірілген мыңдаған нәзік соққы арқылы қалыптасып, жарық пен фактураның үйлесімі нәтижесінде бірнеше көркем образ дүниеге келген. Кейіпкеріміз мұны интернеттен көріп үйренгенін айтты. Алайда ешбір суретші бүге-шігесіне дейін көрсетіп, ерекше әдістің құпиясын аша қоймайды екен. Тек өзінің тынымсыз ізденісі арқылы білімін толықтырған. Ол үшін Қызылорданың шыны зауытынан шы­ғатын өнімді өңдеп пайдаланады. Қанша көлемде шыны кететіні картинаның көлеміне байланысты. Ал туындының нарықтағы бағасы 300 мың теңгеден басталады.

– Көп шыны кетпеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде мәселе – көз майымды тауысқан еңбекте, – деді суретші.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»