Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды міндет екені айтылған. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып келеді. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады.
Елімізде әр жылдың басында әлеуметтік төлемдерге қатысты өзгеріс болады. Бұған ел үйренісіп кетті. Көпшілік зейнетақы мен жәрдемақының өсетінін алдын ала біліп отырады.
Айта кетейік, қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып бекітілді. Соған сәйкес өзге де төлемдер көбеймек. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейі 50851, ең төменгі зейнетақы 69049, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 35596 теңге болып белгіленді. Ал ең төменгі жалақы бұрынғысынша 85 мың теңге күйінде қала бермек.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Әлия Сағымбаеваның айтуынша, жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы 10 %-ға артады. Сонымен қатар жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 237875 теңгеге көбейтіледі.
– Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Бұл жаңадан тағайындалған зейнеткерлерге және алдағы жылдың қаңтар айына дейін зейнетке шыққандарға да қатысты. Атап айтқанда, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан көп әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайды, – дейді Әлия Сламбекқызы.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) және бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын кісіге төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы да көбейеді. Келер жылдан бастап бұл жәрдемақылар 81871 теңге болады.
Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарғаны көп ананы қуантқаны рас. Ол келер жылы да жалғасын таппақ.
Жәрдемақы төлемдері де артып келеді. Айталық, бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы 164350 теңге болады. Ал төрт және одан да көп бала туғанда 247716 теңгеден 272475 теңгеге артады.
Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы бірінші балаға 24912 теңге, екінші балаға 29454 теңге, үшінші балаға 33952 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 38493 теңге. Сол сияқты АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы барларға төленетін жәрдемақы да өседі. Оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы да көбейеді. Бұл жәрдемақылар бала санына қарай сараланып ұлғайтылады. Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыларға 69330 теңге, 5 балаға 86673 теңге, 6 балаға 104017 теңге, 7 балаға 121360 теңге, 8 балаға 138400 теңге, 9 балаға 155700 теңге, 10 балаға 173000 теңге және одан әрі бала санына қарай өзгереді.
«Күміс алқамен» марапатталған аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысы 27680 теңге, ал «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 32005 теңге беріледі.
Жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеген адамға берілетін біржолғы жәрдемақы 151375 теңге.
Сонымен қатар, АЕК-тің ұлғаюына байланысты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдері артады. Облыстағы 290,1 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушының төлемін қайта есептеу автоматты түрде жүргізіліп, ол қаңтардан бастап төленеді.
Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі келер жылдан бастап 5% болады. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының облыс бойынша директоры Гүлсім Денееваның айтуынша, әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 1 қаңтардан бастап 4250 теңге, ал ең жоғары мөлшері 29750 теңге болмақ. Ең төменгі жалақы мөлшері өзгермеуіне байланысты келер жылы шектеулер өзгеріссіз қалады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің 5 түрі төленеді. Олар – еңбек ету қабiлетiнен, асыраушысынан, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына, табысынан айырылу жағдайына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік төлем сақтандырылған табыстан және жүйеге қатысқан өтіліне байланысты.
– Қордың әлеуметтік маңызы бар екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемі республикалық бюджеттен берілетін базалық жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Еңбекке қабілеттен айырылған жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбекке қабілеттен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген кезеңге тағайындалады. Тағайындаудың максималды мерзімі – алушының зейнеткерлік жасқа жетуі, асыраушысынан айырылған жағдайда асырауындағылардың 18 жасқа толуы, ал күндізгі бөлімде оқыса 23 жасқа дейін тағайындалады.
Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылармен бірге қордың ұзақ мерзімді төлемдері де артады. 1 қаңтардан бастап еңбекке қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға тағайындалатын әлеуметтік төлем 10%-ға көбейеді.
Облыс бойынша 3293 еңбекке қабілетінен айырылған адамға және 2833 асыраушысынан айырылған отбасыға берілетін төлем ұлғайтылды. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтығы жұмыс істемейтіндерге қарағанда көбірек болады, – дейді Гүлсім Жұмағалиқызы.
Облыста жыл басынан бері міндетті әлеуметтік сақтандырумен 223 мың тұрғын қамтылған, олар үшін қорға 22 млрд теңге төленген. Биыл 62,6 мың алушыға 34,9 млрд теңге әлеуметтік төлем берілген.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






