Әз Наурыз: Саябақ салтанаты

7

0

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыс орталығында қайта салынған Президент саябағы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, барлық ауданнан келген делегаттар арнайы қатысты. Бір жыл көлемінде қайта салынған саябақта жұртшылық та көп.

Облыс басшысы қала тұрғындары мен қонақтарды саябақтың ашы­луы­мен құттықтап, өңірде «Таза Қа­зақ­стан» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы» деген болатын. «Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық жобасы тұрғындар арасында тазалық мәдениетін кеңінен наси­хаттауға, туған жерімізді көркейтуге тың серпін берді. Жоба аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауда кешенді жұмыстар атқарылуда. Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыр­тылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізіліп келеді.

Өңірде біркелкі дизайн-код бе­кітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекендер бірегей архи­тектуралық талаптарға сәйкестен­дірілді. Қызылорда қаласында 2 млрд 905 млн теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды. Биыл да бұл жалғасын тауып, 900 млн теңгеге қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртылу­да. Өткен жылы 1 млрд 300 млн теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына балалар ойын және спорт алаңдары салынып, абаттандырылды. Облыс орталығында жаңа нысандар бой көтеріп, жасыл желек пен саябақ саны көбейіп, озық сәулет үлгісі қалыптасуда. Өскелең ұрпақ үшін таза, жайлы әрі қауіпсіз орта құру алдағы уақытта да жалғасады.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жо­­басы аясындағы акцияларға, та­би­ғат қорғау шараларына жастар мен қо­ғам белсенділері қатысып, үлес қосуда.

Саябақты сапалы етіп қайта салған «Алем Құрылыс» компаниясының ұжымына Сыр жұртшылығының, өз атым­нан шынайы алғысымды біл­діремін. Егемен елімізді көркейту жолындағы істеріміз табысты болсын! – деді облыс әкімі.

Мұнан соң Президент паркіндегі жұ­мыстарды сапалы атқарған мердігер мекеме өкілдері мен экологиялық ак­ция­­ларға белсенді атсалысқан ерік­тілер облыс әкімінің Алғыс хатымен ма­­ра­патталды. Қоғам қайраткері Жа­рыл­­қасын Шәріпов ізгі лебізін білдірді.

Бұған дейін газетімізде жазғаны­мыздай, жаңа саябақ аумағында за­ма­науи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айнал­малы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункт­тер орнатылған. Сондай-ақ 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді.

Құрылыс жүргізуші компанияның мәліметінше, саябақта дария арна­сынан тартылатын үш арнайы су қой­масы дайындалған. Әрқайсысы 500 текше метр болатын қоймадағы су тек саябақ ішіндегі барлық өсімдік пен тал-теректерді суаруға арналған. Екіншіден, тұрғындардың қауіпсіз­ді­гіне қатысты түнгі жарықтандыру шам­­дары мен бейнебақылау камера­лары бар.

– Облыс әкімінің қолдауымен біз бұған дейін қаладағы жаңа ғимарат­тарды аралап, мәдени нысан­дармен таныстық. Барлық ауданнан келген ардагерлер мен ел ағалары күні бойы шаһарды аралады, – дейді Шиелі ауданының Құрметті азаматы Әшім Оразбекұлы. – Әсіресе, жұмысшы ма­ман­дықтарды қолдауға арналған республикадағы алғашқы «Құзырет­тілік орталығына» өз басым сүйсіндім. Еңбек адамдарына деген құрмет осындай болса керек. Расы сол, кейінгі үш-төрт жылда біздің Сыр өңірі, Қы­зылорда қаласы мүлде басқа кейіпке енді. Халықтың қай тобына да керек барлық әлеуметтік-мәдени ғимараттар толық жаңартылды. Ал жол инфра­құрылымы, газ тарту құрылысында біз өзге өңірлерге үлгі екеніміз анық. Сондай-ақ жаңа баспана салу, тұрғын үй санын арттыруда көрсеткішіміз көп. Бұл – нағыз мақтанарлық жұмыс. Екіншіден, мұндай өзгеріс барлық аудандарда жүзеге асуда. Біздің тілегіміз – облыстың дамуы осы сәтті қадамынан таймаса екен. Аймақ басшысының алдағы жоспарларына сәттілік тілеймін.

Айтпақшы, саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынған болатын. Қазір мұнда 300 орындық заманауи балалар лагері, Ботаникалық білім беру орта­лығы, тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық салу жұмысы да басталып кетті. Ал жақын арада көлемі 5,5 гектар жерге Мем­лекет басшысының тапсырмасымен жаңа драма театр және заманауи Прези­дент­тік кітапхананың құрылысы басталмақ.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Б.ЕСЖАНОВ,

Н.НҰРЖАУБАЙ