Аймақ басшысы Gepetto компаниясының директорымен кездесті

6

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Gepetto Energy Technology (Hainan) Co., Ltd компаниясының директоры Цзэн Биньмен кездесті. Кездесуде өңірдегі кен орындарында мұнай өндіру көлемін арттыруға бағытталған жаңа технологиялар талқыланды.

Gepetto – мұнай-газ өндіруді ұлғайтуға арналған технологияларды әзірлейтін Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының бірі. Жаңа ұңғымаларда гидравликалық жару, қышқылмен өңдеу, жетілген кен орындарында мұнай алу коэффициентін арттыру бағытында қызмет атқарады.

Компания наноэмульсиялық қоспалар, инновациялық гидравликалық жару сұйықтықтары, толық еритін көпірлік тығындар және химиялық трассерлер сияқты тиімді әрі экологиялық қауіпсіз шешімдерді ұсынады. Аталған технологиялар Қытайдың ірі мұнай кен орындарында кеңінен қолданылып, жоғары нәтиже көрсеткен.

Орталық Азия нарығында жұмыс істеу мақсатында 2021 жылы Қызылорда облысында компанияның еншілес кәсіпорны құрылды. Негізгі мақсаты – қытайлық озық технологияларды Қазақстанның геологиялық ерекшеліктеріне бейімдеп енгізу.

Сондай-ақ, компания Қазақстанда ұлттық мұнай-газ компанияларымен бірлесіп сервистік компания құруды, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп зертхана ашуды және қазақстандық мамандарды Қытайдағы ғылыми орталықтар мен өндіріс орындарына жіберіп, технологиялардың іс жүзіндегі тиімділігімен таныстыруды ұсынды.

Gepetto технологиялары жаңа және жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда өндірісті ұлғайтуға, мұнай алу коэффициентін арттыруға, елдің мұнай-газ саласының тұрақты және тиімді дамуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі