ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен Қызылорда қаласындағы тарихи «Айтбай» мешіті туралы деректі фильм түсіріліп, кітап жарық көрді. «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» аталатын туындылардың тұсаукесер рәсімі Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.
Шара алдымен «Айтбай» мешітінде бабалар рухына Құран бағыштаумен басталды.
Салтанатты шарада келушілерге арнайы көрме дайындалды. Онда мешіттің 150 жылдық тарихын зерттеу барысында отандық және шетелдік мұрағаттардан табылған құнды құжаттар қойылған. Көрмеден соң қонақтар назарына деректі фильм ұсынылды.
Айтулы шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған зиялы қауым, «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.
Бас мүфти Сыр елінің тарихы мен рухани бай мұрасы турасында сөз сөйледі.
«Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабының тұсаукесеріне кезек беріліп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Данияр Жаналинов, Тазабек Жұмасейітов, Марзия Жылысбаева, Серік Дүйсенбаев, Сағат Жүсіп сынды қадірлі азаматтар лентасын қиды. «Айтбай» мешітінің тарихын түгендеуге атсалысқан азаматтар, архив, кітапхана, музей қызметкерлері Бас мүфтидің алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, кітап авторлары – «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрсұлтан Мықтыбай.
«СБ» ақпарат





