Алаяқтар рәсімдеген несие немесе банктерге қандай талап қойылды?

309

0

Коллаж: Қуаныш Оразбаев

Технология дамыған сайын алаяқтықтың да түр-түрі шығып, өзгенің атынан несие рәсімдеу, онлайн сауда жасау, қаржылық операцияларды орындау секілді қылмыстар азаймай тұр. Мәселен, облыстың өзінде былтыр 252 болса, жыл басынан мұндай қылмыстың 523 дерегі тіркелген. Демек екі есеге артқанын байқауға болады. Енді алаяқтардың арбауына түсіп, қарызға белшесінен батқандардың берешегін банк өз есебінен жабады. Қандай жағдайда?

Мәжілістің жалпы оты­ры­сында «Қа­зақ­стан Респуб­ли­касындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­балары бірінші оқы­лымда-ақ мақұл­дан­ды. Қаулы қаржы ұйым­дарында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен цифрлық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған. Бұл туралы әлеуметтік желіде депутат Мұрат Әбенов көптен бері қозғалып жүрген тақырыптың жай-жапсарын айтты.

Заң жобасының мақсаты мен міндеті қандай? Мәжіліс отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жан-жақты түсіндірді.

–  Егер несие клиенттің рұқсатынсыз берілсе және ол биометриялық тек­серуден өтпесе, онда қарызды соттан тыс тәртіпте есептен шы­ғаруға болады. Бұл тұрғыда қылмыстық қудалау органдарына өтінім тапсыру керек. Олар несие алаяқтық жолмен берілген деп тану туралы тиісті қаулы шығарады. Осы­ның негізінде қа­рызды есептен шығаруға бо­лады, – деді Мә­жі­лістің жалпы оты­рысында. Оның ай­туынша, соң­ғы екі жылда банктер жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құ­рай­тын 1500 несие бойынша 1400 қарыз алушының берешегі есептен шығарылған. Бұл деректер азаматтардың өтінішімен қарызды соттан тыс есептен шығаруға қатысты. Мәселен, клиенттердің биометриядан өткенін жиі көреміз. Дегенмен, жалған биометрия жағдайлары да кездесіп жатыр. Мұндайда алаяқтықты сот арқылы дәлелдеу керек. Осы орайда сот тәртібінде қарызды есептен шығару негіздерін айтарлықтай кеңейттік. Егер несие толығымен клиенттің келісімінсіз берілсе, ол міндетті түрде соттың қарауынсыз есептен шығарылуы керек. Тиісті норма бар, оны іске асыру тәртібі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекітілді, – деді агенттік төрағасы.

Жалпы бұл құжаттың мақсаты – қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талап­тарын күшейту, клиенттердің дербес деректерін қорғау деңгейін арттыру және киберқауіптерге жедел ден қою жүйесін жетілдіру. Қаулы норма­ла­­ры­ның бір бөлігі алғашқы ресми жа­­рияланған күнінен кейін 10 күн өт­кен соң күшіне енеді. Қаржы ұйым­да­рының ақпараттық қауіпсіздік же­дел орталықтары «Qainar» ақпа­рат­тық қауіпсіздік және оқыс оқиға­лары туралы ақпаратты өң­деу­дің автомат­тандырылған жүйесін пай­далану тәр­тібі нақтыланады. Олардың ішін­дегі негізгі өзгерістерге тоқталып ке­тейік. Банк мобильді қосымшасында бұ­рын тіркелмеген құрылғы арқылы клиент­ті қайта аутентификациялау тәр­­тібі белгіленеді. Микрофон қо­сылған кез­де мобильді бан­кингті бұғаттау тала­бы енгі­зі­леді. Ақпараттық қа­уіп­сіздік­ке қа­уіп төндіруі мүм­кін техно­ло­гиялық оқиға­лар тізбесі ке­ңей­тіледі. Банк инфра­құ­ры­лы­­мы істен шық­қан жағдайда уә­кі­летті ор­ганды «Qainar» жү­йесіне ба­ла­ма ретінде телефон арқы­лы хабарлау мүмкіндігі ен­­гі­зі­леді. Тәуекелдерді басқа­ру жүйесіне сәйкес, банк бөлім­ше­­леріндегі ақпараттық қауіп­сіздік пен алаяқтыққа қарсы кү­рес функциялары бөлінеді. Банк­тердің ақпараттық қауіп­сіздік жүйесіне сыртқы тексеру кемінде үш жылда бір рет жүр­­гізіледі. Сарапшылардың ай­туын­ша, жаңа талаптар қар­жы ұйымдарының цифрлық тұрақ­тылығын арттырып, ақ­параттық қауіпсіздік мәдениетін қа­лып­тастыруға серпін бермек.

Көп адам заңдағы бар нормалар мен өздерінің проблемалық қарыздарын есептен шығару мүмкіндігі туралы біле бермейді. Сондықтан мамандар про­активті механизм енгізуді жоспар­лап отыр. Мысалы, егер ұзақ мерзімді қарызыңыз болып, несиені өтеуге мүм­кіндігіңіз жоқ болса, сізге push-хабар­лама келеді. Онда осы тетік арқылы өз қарызын есептен шығара алатыны көрсетіледі. Қазіргі уақытта мұндай push-хабарламалар фор­ма­тын агенттік пен Қаржы министрлігі бірлесіп әзір­леп жатыр.  Агенттік басшысы мұндай жағдайларда соттан тыс және сот тәр­тібімен қарызды есептен шығару рә­сімдері қарастырылатынын атап өтті.

САУЫСҚАНДАЙ САҚТЫҚ КЕРЕК

Интернеттің дамуымен қатар, алаяқ қылмыскерлер де адамдардан ақша жым­қырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Қолында телефоны бар кез келген адам интернет-алаяқтардың құр­баны болуы әбден мүмкін.

«Осы қылмыстардың алдын алу мақ­сатында, құзырлы органдар халық ара­сында сақтық шараларын үнемі ескертіп, нәтижелерін әлеуметтік же­лілерде кеңі­нен жариялауда. Соған қа­рамастан, ескер­тулер мен түсіндір­мелік жұмыстарға ден қоймай, алаяқ­тардың құрығына тү­сіп жатқан аза­маттар азай­май отыр», – дейді полиция депар­таменті тергеу бас­қармасының ки­берқыл­мыстарды тер­геу бөлімінің бас­тығы Айдос Ақбаев. 

Әлеуметтік желілерде тоқтаусыз шыға беретін жарнама мен бейнеүндеу өте көп. Жарнамаларға тоқтай қалса­ңыз, мәтінін жартылай айтып, толы­ғырақ білу үшін подробный батырма­сын басуды ұсынады.

Одан бөлек, бейнероликтерде елге бел­гілі тұлғалардың бейнесін пай­да­­ланып, дауыстарын компьютер ар­қылы өзгертіп, инвестицияға қара­жат салуды немесе оңай жолмен баю­ды насихаттайды немесе алаяқ­тарға алданып қалған болсаңыз, қара­жат­тарыңызды кері қайтарып алуға көмек көрсетеміз деп, жалған жарна­малар жариялайды. Олар елге танымал тұлға­лар мен ірі бизнес­мендердің, ән­шілердің жалған бейнелерін пайда­ланады. Мұндай бейнеро­ликтердің бар­лығын алаяқтар халықты алдау үшін қол­данады. 

Оларға алданып қалмаудың қандай жолы бар? Айдос Ақбаевтан сұраған едік.

– Біріншіден – интернет алаяқтар қо­ңы­рау шалғанда орыс тілінде сөй­лейді, қазақ тілінде жауап берсеңіз олар сізді түсінбейді, яғни әрі қарай сөйлесуді жал­ғастырмай байланысты үзген жөн. Бұл алаяқтардың құрығына түспеудің ең басты шарты десек те болады. Қазіргі кезде бо­лып жатқан алаяқтық қылмыстарының 70%-ы SMS кодтан басталады. Сіз күдік­те­ніп қал­мауыңыз үшін, алаяқтар ал­дын ала SMS код жолдап, артынша сіз­ге қо­ңырау шалады. Қоңырауын қа­был­дап сөй­лесіп бастасыңыз, орыс ті­лінде  «поч­тамен зат келіп тұр, немесе sim-картаңыздың мерзімі өтіп тұр, емханаға тіркелу қажет немесе су-жарық жүйесіндегі қа­рыз­ды төлеу, счетчиктерін ауыстыру қа­жет» деп, алдын ала ойластырған айла­сын қол­­данады. Осы кезде ойыңызда еш­теңе жоқ сіз кодты айтып қоясыз. Ар­тын­ша, басқа нөмірден қоңырау ша­лып, өздерін банктің қауіпсіздік қыз­меткері ретінде таныстырып, сіз алаяқ­тарға код айтып қойыпсыз, аты­ңыз­дан алаяқтар несие алып жатыр деп қорқытып, түрлі банктерден несие рәсімдетіп алады. Сөй­­тіп, жәбірленушілер алаяқтың айт­қан нұсқауларын орындап, өзінің аты­нан не­сие рәсімделуіне жол береді. Ес­­те­ріңізде болсын, код арқылы еш­қа­шан несие алынбайды, ол үшін фото-видео­верификация өтуіңіз керек, ал код айтып қойыпсыз дегені, бұл – жай ғана алаяқтардың сізді қорқыту айласы, – дейді ол.

ДРОППЕРДІҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ?

Тағы бір өзекті мәселе, осы ин­тер­нет-алаяқтық қылмыстарына қа­тыс­ты «дроп­пер» деген жаңа ұғым пай­да болды.  «Дроп­пер» дегеніміз қара­пайым тілмен айтқанда, интернет-алаяқтарға көмек көрсетуші немесе интернет-алаяқтық қыл­мысқа қаты­сушы деген мағынаны біл­діреді. Алаяқ­тар жәбірленушілердің шо­тын­дағы қаражатты, басқа біреудің, яғни, «дроп­пердің» банктік картасын немесе есепшотын пайдалану арқылы, шетелдік есепшотқа аудартып алады немесе банкоматтан қолма-қол шеш­кізіп алады. Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында, алаяқтарға көмек көр­сетуші дропперлерге қатысты Қыл­мыстық ко­декске жаңа 232-де 1-бабы енгізілді. Ен­ді кінәлілер 160 есеп­тік көр­сеткіштен бастап, яғни 629 мың айыппұл арқалап немесе жеті жылға дейін бас бостан­дығынан айы­рылады. Одан бө­лек, арызданушылар осы дроп­­перлерді Аза­мат­тық кодекс­тің 953-ба­бына сәйкес сотқа беру арқылы, өзіне кел­­ті­­ріл­ген шы­ғын­ды то­лықтай өндіріп алады.

Дропперлерге қа­тыс­ты тағы бір шек­теу, олардың есеп­шот­та­ры­на қатысты бұғат­тау енгізіліп, тер­­геу ба­ры­сында толық мән-жай­­лар анық­тал­­ғанға дейін бұ­ғат­­тан шешіл­мейтін болады. Бұл же­ке ақпара­тыңызға да ке­сірін тигізеді. Онда қыл­мыстық жауап­кер­шілікке тартылған деген «таң­ба» тұра­тынын біле жүрге­ніңіз абзал.       

Тағы бір мынадай жайтты құ­қық қор­ғау қызметкерлері ескер­теді. Кей адам­­дар алаяқтарға сеніп, өз атына sim-кар­талармен WhatsApp, Tele­gram желілерінде тіркеп беріп жатады. Мы­салға айтар бол­сақ, әдетте алаяқтар әлеу­меттік желілерде жұ­мыс бар деген жар­намалар ұсынады, бай­ла­нысып сұ­расаңыз, жұмыс шарты оп-оңай, яғни банкомат кар­точка­ңыз­ды немесе рекви­зиттерін бе­ресіз, ал сіз­ге әр аударымнан 5 мыңнан 50 мың тең­геге дейін ақша төлеп отыруға уәде бе­реді. Ал шынында қылмыскерлер кар­точ­ка­ңыз­ды, алданған азаматтардан немесе есірт­кі қылмысынан түсетін заң­сыз қара­жаттарды, өздерінің діт­теген мақ­сатта­рына қолда­нады.

Қылмыстық кодекске енген жаңа бап бойынша, қылмысты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен мәлім­деген, сон­дай-ақ құқықбұ­зушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге бел­сенді түрде ықпал еткен адам егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық­бұзушылық бол­маса, заң алдында жауап­кершіліктен боса­ты­лады.

Қысқасы, кейінгі күндері несие, ала­яқ­тық, банк қызметін жүйелендіру туралы қоғам өзекті талқылауларды көріп отыр. Бұл сеңнің сөгілгені ме? Сарапшы-қаржы­герлер пайымын тағы да таразылап кө­рерміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»