Алматыда «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылды

514

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін Республика сарайында Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылды.

Көрмені Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 6 бөлімді көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт мұрасы, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды. Сонымен қатар, тарихи тұлғалар Бұқарбай батыр Естекбайұлының, Қалмұхаммед ишан Маралұлының, Ер Сейітпенбет әулиенің, Сердалы би Бекшораұлының, Құлболды ишан Сұлтанұлының қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба, шежіре сияқты пайдаланған жәдігерлері әкелінген. Сыр елінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Алматыда «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылды

Атап айтсақ, өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері» реконструкциясы және оған тиесілі бұйымдар, облыстық музей қорындағы Шірік Рабат, Бәбіш мола қалашығынан табылған алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар орналастырылған. Сондай-ақ, көрмеден «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы тұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы, қыш ыдыстар мен глазурлі қаптамалар, құмыралар орын алған.

Биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен  «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкцияларының да тарихы терең. Түгіскен көсемінің мүрдесі  Оңтүстік Түгіскен ескерткішінен өткен ғасырдың 60-жылдары С.П.Толстовтың жетекшілігімен жүргізілген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде табылған. Ал Жетіасар мәдениетін зерттеген Л.М.Левинаның жетекшілігіндегі археологиялық экспедицияға әйел адамның қаңқасы және әшекей бұйымдары, киім қалдықтары кезіккен. Көрмеге биыл жасалған «Түгіскен көсемі» реконструкциясы және Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне жататын музей қорындағы қыш бұйымдар мен ыдыстар қойылған. Мәскеу қаласындағы Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының қорында, Мәскеу қаласындағы музейлерде сақталған Жетіасар ескерткіштерінен табылған археологиялық материалдар негізінде жасалған «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциясы да келушілер назарына ұсынылды. 

Сонымен қатар, көрмеге келушілер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарханды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларды қызықтады.
Осылайша Сыр бойындағы ежелгі өркениет іздерін, Тәуелсіздік жылдарында Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<