Балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінің оқушылары Ақордада қонақ болды. Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар барды. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қажеттелігі бар жеткіншектер де бар.
Қызылорда облысынан отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушісі, «Mansap» мектебінің 6-сынып оқушысы Александр Турсунов, №253 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Асылжан Орынбай, №264 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ержігіт Сармырзаев, №101 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ақмейірім Еламан, Жалағаш ауданының №38 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Мерей Бахыт қатысты.
Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады.
Экскурсоводтар ғимарат құрылысының тарихы, оның ерекшеліктері мен мұнда өтетін іс-шараларға байланысты қызықты фактілер жайында мәлімет берді.
Сонымен қатар оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды. Өңірлерден келген балалар елорданың көрікті орындарын да аралап, жақсы көңіл күймен үйлеріне оралды.
Д.ӘБУБӘКІРОВА,
«Дарын» облыстық қосымша білім беру
орталығының әдіскері






