Ақылы жол: Қаржы қайда жұмсалады?

4

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тариф пен төлем

Жалпы жолдың төлемақысы Көлік министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Біздегі әр учаске бойынша өзіне бе­кітілген тариф бар дедік. Соған орай сомасы да әртүрлі. Сондай-ақ барлық категориядағы автокөліктерге айлық немесе бір жылдық абонементтер бар. Мамандар 1403 нөміріне хабарласып, болмаса kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы абонемент рәсімдеуге болатынын айтады. Бұл ұдайы жолда жүретіндер үшін тиімді.

«Әр ақылы учаске бірнеше аймаққа бөлінген. Аймақтардың шекарасында бақылау аркалары орнатылады. Тө­лем мөлшері осы аймақтарға тікелей бай­ланысты. Бұл ретте аймақтың ұзақ­тығы аудандардың ұзындығымен бай­ланысты емес, яғни бақылау аркасын кесіп өту кезінде жүйе көлік құ­ра­лының бірінен шығуын және ақы­лы учаскенің келесі аймағына кі­руін тіркейді. Төлемақы мөлшері ав­то­көліктердің жүк көтергіштігіне бай­ланысты. I санаттағы жолдарда бар­лық көлік құралы жол ақысын төлейді, ал ІІ/III санаттағы жолдарда жол ақысы тек жүк көлігінен алынады. Бүгінде «Астана-Павлодар», «Астана-Щучинск», «Щучинск-Көкшетау», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қонаев», «Қонаев-Талдықорған», «Алматы-Қор­ғас», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қы­зылорда», «Шымкент-Тараз», «Шым­кент-Өзбекстан» шекарасы (Таш­кент) учаскелері І техникалық са­нат­тың нор­мативтік талаптарына сәй­кес келеді» дейді министрлік өз жауабында.

Ақша қайда кетуде?

Былтыр барлық ақылы жолдың есе­бінен шамамен 48 млрд теңге қаржы түскен. Көпшілікке бұл қаржының қайда жұмсалатыны қызық. Жалпы біздегі республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болғаннан бастап олардың шы­ғынына мемлекеттік бюджеттен қар­жы қарастырылмаған. Дұрысы, жоба бас­талғалы ақылы учаскелер өзін-өзі қар­жыландыруға көшті.

Министрлік берген ақпаратта түскен қаржы ақылы жолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалатыны айтылған. Бұған қардан тазалау, тайғаққа қарсы материалдарды себу, қар тоқтататын қоршау орнату, жол белгілерін жаңарту, жолақтар салу, күнделікті жол бойын және жиектерін жинау, демалыс алаң­дарын тазалау, т.б. жұмыстар кіреді. Сон­дай-ақ осыған қажетті арнайы техника сатып алу да қарастырылған.

Рас, жолдың ақысын төлеген соң ондағы жағдайдың жасалғаны дұрыс-ақ. Бірақ кейбір жерлерде қызмет көрсету сервисінен бөлек, жол сапасы да көңіл көншітпейді. Ол жайлы кейінірек.

Айта кетейік, ақылы автожолдарды күтіп-ұстауға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың облыстық филиалдары және «КАЖсервис» ЖШС жауапты.

– Жергілікті «ҚазАвтоЖол» меке­месі өзіне тиесілі жұмысты атқарып отырса, көлік жүргізушілері оған дау айтпайды. Тек халықтан түскен түсімнің мақсатты жұмсалғаны керек. Өзім көп қатынайтын «Қызылорда-Шымкент» ба­ғытында бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Ойылған-бұзылған жолды тез арада тегістеп, қалпына келтіріп отыр. Бірақ осыны қайта қалпына келтіру үшін тендерге салып, құжатын рәсімдеп, құрылысты жүргізетін компания белгілі болам дегенше, бұзылған жол одан әрі бүлінеді. Бір сөзбен айтқанда, уақыт көп кетеді. Сондықтан ақылы жол кү­тіміне жауаптылардың бір жерден бе­кітілгені дұрыс та шығар, – дейді көлік жүргізушісі Б.Есжанов.

Қазір ақылы учаскелердің бойында 326 сервис нысаны бар. Оның 78 пайызы ұлттық стандарт талабына сай. Сервис деп отырғанымыз – жанармай құю бекеттері, кемпингтер, қонақүйлер, тамақтану пункттері, техникалық қызмет көрсету станциялары мен дәретханалар. Ал өзіміздің Қызылордаға келсек…

Сервис: өңір алғашқы үштікте

Біздің өңірдегі республикалық ма­ңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1024 шақырым. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының ай­мақтағы бөлігі 810 шақырымнан асады. Айта кетейік, осы аралықта көлік тізгіндегендерге қызмет көрсететін 60-қа жуық нысан орналасқан. Көрсеткіш бойынша облыс республикада алғашқы үштікте.

– Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігінің бұйрығымен 2021 жылдың 23 қарашасынан бас­тап «Са­мара-Шымкент» автомобиль жо­лының «Шымкент-Қызылорда» учас­кесі­не және Көлік министрлігінің бұй­­ры­ғына сәйкес 2025 жылдың 26 қаң­­та­рынан бастап «Қызылорда-Арал» ара­­лығы ақылы болып енгізілді. Ескерер жайт, Аралға қарай бағытта тек жүк көліктері ғана ақы төлейді. Жол жү­ру ақысы министрліктің бұйрығына сәй­кес, аралық бақылау аркаларымен бөлін­ген аудандық тарифтер бойынша көлік түрлеріне байланысты әртүрлі болады, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Мырзағалиев.

Қазір өңірдегі республикалық маңы­зы бар жолдарды күтіп ұстау жұмыс­тарын мердігер «КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы атқарады. Бүгінде көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде жол-құрылыс техникалары мен авто­кө­лік құралдарына, өндірістік базалар мен жылыту пункттеріне жөндеу жұмыстары жүріп, қысқы маусымға толық дайындалған.

Аймақтағы автомобиль жолдарының бойында 9 өндірістік база мен жылыту пункті бар. Сонымен қатар, жақында ашылған «Қызылорда-Жезқазған» учас­кесінің 85 және 154-ші шақырымына техникалар қоюға әрі тайғаққа қарсы материалдар сақтауға ангар және жылыну пункті есебінде модульдік ғимараттар орнатылып жатыр. Жалпы автожолдарды қыста күтіп ұстауға 77 жол-құрылыс техникасы толықтай дайын, – дейді директор орынбасары.

2029 жыл: ақылы жол – 11 мың шақырым

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың 2023-2032 жылдарға арналған даму жоспары аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Ақылы жүйе енгізілетін учаскелерді анықтау кезінде транзиттік бағыттарға назар аударылады. 2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 2,4 мың шақырым («Қостанай-Троицк», «Ақтөбе-Орынбор», «Ақтау-Бейнеу», «Қызылорда-Ақтөбе» облысының шекарасы, «Үшарал-Достық», «Қостанай-Денисовка», «Мақат-Қандыағаш», «Та­раз қаласындағы айналма жолы», «Қара­ғанды қаласындағы айналма жо­лы», «Балқаш-Бурылбайтал», «Шу-Бу­рыл­байтал») жолда ақылы жүйе ен­гі­зі­леді деп жоспарланған. Ал ақылы учас­келерді енгізу жоғарыда аталған авто­мобиль жолдарында жөндеу жұ­мыстары аяқталғаннан кейін және олар нормативтік талаптарға толық сәйкес болғаннан кейін ғана бірте-бірте басталатын көрінеді. Ресми деректерде бұл жолдардың көбісі ақылы санатқа кіріп те үлгерген.

– Ақылы жолға ақша төлейсің, бірақ онда сервистік қызмет көрсету сапасы қалай? Көлік бұзылса немесе жанармай бітсе, бәлкім, басқаша жағдай болса, тұрақтайтын орын саны жеткілікті ме? Екіншіден, ақылы жол бойындағы орташа жылдамдық көрсеткіші деген де бар. Яғни жылдамдықты белгілі бір деңгейден асырмау. Тегіс жолда көп жүргізуші осыдан қателесіп жатады. Жетер жеріне жедел жетіп, уақыт ұтқысы келетін жүргізуші жолға ақы төлеуден бөлек, бұл жағынан айыппұл арқалауы да бек мүмкін. Мемлекет дәл осы жүйені табыс көзіне айналдырып алғандай. Көп адам осыған шағым айтады. Өйткені 4 сағатта жететін межеге орташа жылдамдық сағатына 110 ша­қырым қойса, 6-7 сағатта көзіне ұйқы тығылып, шаршап барады емес пе? Апатты болдырмаудың себебі деп түсіндіруі мүмкін, керісінше, ұлы жолда көзі ілініп, жол шетіне аунап кетіп жатқандар да бар, – дейді экономист Мырзахмет Өксікбаев.

Оның сөзінше, ақылы жол жүйесінде осындай мәселелерді қайта қарау керек сияқты. Сондай-ақ өзге де шет мем­лекеттердің тәжірибесіне сүйенген абзал. Әсіресе, Еуропа мемлекеттерінде бұл сала жақсы жолға қойылған.

– Мен Германияда болдым, онда ақылы жол деген ұғым жоқ. Біздегілер айтып жүрген оның ақшасы жолдың күтіміне кетеді дейтінге келсек, мен айт­қан мемлекетте бұл жағына сол үлкен автобандардың бойындағы сер­вис­тік ны­сандардан түскен салықтар осындай мақ­сатқа жұмсалады екен. Бір қызығы, ондай сервистік нысандар белгілі бір қашықтықты сақтай отырып орналасқан. Бұл – көлік жүргізушілеріне үлкен көмек, – дейді сарапшымыз.

Жалпы 2029 жылға дейін реконст­рукциялау жұмыстары жүріп, оның аяқ­талуына қарай мұндай ақылы жолдар 11 мың шақырымға жеткізілмек. Бірақ бұл да оңай емес. Кейінгі уақыттағы жол инфрақұрылымына қатысты сынның көп екенін ескерсек, халық қалтасын қағатын сапасыз жол саны бірден кемуі неғайбыл.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»