Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында нақты міндеттер қойылып, түрлі бағдарламалар бекітіліп, жобалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында: «Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр» деп атап өтті. Осы орайда біздің өңірімізде де, соның ішінде аудандарда ауыз толтырып айтатын ауқымды жұмыстар баршылық.
Арал – облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардың бірі. Сондықтан сапалы медициналық көмекті жергілікті жерде көрсетуге баса назар аударылады. Мәселен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдың соңында аудан орталығынан алыстағы екі елді мекенге, атап айтқанда, Бөген және Қызылжарға дәрігерлік амбулатория салынып, қолданысқа берілді. Дәрігерлік амбулаториялар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Көктем елді мекеніне облыстық бюджеттен жаңа заманауи типтік жобада медициналық бекет, биыл Тоқабай дәрігерлік амбулаториясы жаңадан салынып, халық игілігіне табысталды.
Сондай-ақ ұлттық жоба аясында аудандық аурухана жанынан жапсаржай салынып, кардиология және инсульт бөлімшесін ашу жоспарланған болатын. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін аурухананың әкімшілік бөлімі А.Байтұрсынов ауылдық емханасының бір бөлігіне көшіріліп, оның орнына кардиология және нейроинсульттік бөлімшелері ашылды. Бүгінде кардиология бөлімшесінде 1000-ға, инсульт бөлімшесінде 600-ге жуық науқас ем алып шыққан. Инсульт бөлімшесінде бас ми қанайналымы бұзылысының ишемиялық түрі кезінде фибринолитикалық терапия жаңа емдеу әдісі енгізілді.
– Кардиология және нейроинсульттік бөлімшелерді жаңадан салудың жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан шықты. Қаражат көзі арнайы мемлекеттік қордан қаралды. Биыл ғимараттың құрылысы аяқталып тұр. Келер жылы жоғарыда аталған бөлімшелермен қатар, ауданға өте қажетті, бүгінде аудан халқына қолжетімсіз болып отырған ангиограф және магнитті-резонансты томографиямен жабдықталмақ. Осы құрал-жабдықтар алынған жағдайда жүректің аз инвазивті коронарография секілді операциялар жергілікті ауруханада жасалады, – дейді аудандық көпбейінді орталық аурухана бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев.
Аудандық орталық аурухана мен жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты 1989 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бүгінде жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты апаттық жағдайға жетіп, сараптама қорытындысы алынған. Жұқпалы аурулар бөлімшесінде емделушілер жыл сайын артып келеді. Осыған орай, Арал қаласындағы ауданаралық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімшесін салуға ұсыныс берілді. Орталық аурухананың жаңа ғимараты жанынан 1 гектар қосымша жер алынып, белгіленді. Жоба-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан шықты. Келер жылы халық игілігіне беру жоспарланған.
Кәсіпорынға қарасты Абай ауылдық емханасы қаланың 19681 тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Тұрғындардың 80 пайызы теміржолдың арғы бетінде тұрады. Бүгінде ауылдық емхана 1960 жылы жатақхана үшін салынған, типтік емес ғимаратта жұмыс істейді. Жұртшылық «Шаңқай» шағын ауданында Абай ауылдық емханасының жаңа, заманауи, талаптарға сай ғимарат салынуын сұрап, 250 келушіге арналған емхана құрылысына 22146 шаршы метр жер учаскесі алынды. Жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Аудандық аурухананың балалар бөлімшесінде 2023 жылы 1264 бала емделіп шыққан, сонымен қатар 103 бала ерте реабилитациялық ем алған.

А.Байтұрсынов ауылдық емханасы жанынан «Қамқорлық» қоры арқылы Арал және Қазалы аудандарында диспансерлік есепте тұратын 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді оңалтуға арналған реабилитация орталығын ашу жоспарланып, осы жылдың қыркүйек айында салтанатты түрде ашылды. Қазір Арал және Қазалы аудандарының балаларына қызмет көрсетуде. Орталықта интерактивті, сенсорлық, шунгит, тұз бөлмесі бар, бальнеотерапия жасауға қажетті Гейзер және Посейдон ванналары, емдік денешынықтыру залдарында арнайы мамандар қызмет етеді.
– Ауданда медициналық мекеме ғимараттарын табиғи газбен жылытуға реконструкция жасалып, ауыстырылуда. Былтыр Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясы, жүйке аурулары диспансері және А.Байтұрсынов ауылдық емханасы ғимараттарының бу қазандықтары табиғи газға ауыстырылды. Қыс мезгіліндегі жылыту мәселесі түбегейлі шешілді. Биыл Сексеуіл ауылдық ауруханасының бу қазандығы газға қосылды. Ендігі кезекте Қамбаш және Шижаға елді мекендеріне табиғи газ жүргізу жоспарына сай, сондағы медициналық мекемелердің жылыту жүйесін газға ауыстыруға қажетті құжаттамалық жұмыстар басталуда, – деп атап өтті Бауыржан Мұратбекұлы.
Аудандық денсаулық сақтау саласы материалдық-техникалық базасын жаңғыртуда да едәуір жетістіктерге жетіп келеді. Заманауи құрал-жабдықтар алудың нәтижесінде күрделі оталар жасалып, зерттеулер жүргізілуде. Атап айтқанда, аудандық аурухананың эндоскопия бөлмесіне «Олимпус EVIS Х1» эндовидео құрылғысы алынып, алғаш рет видеоколоноскопиялық зерттеу жүргізіле бастады. Соңғы үлгідегі видеоқұрылғының NBI режимі жай көзге білінбейтін ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Анықталған түзілістер эндоскопиялық жолмен кесіп алынуда. Айта кететін тағы бір жайт, 2023 жылдың аяғында асқазан-ішек жолдарынан қан кету кезінде қолданатын клипсы, лигатор, инъектор алынып, қазіргі кезде асқазан-ішек жолдарынан қан кетуді видеоэндоскопиялық жолмен тоқтатуда.
Бас дәрігер Бауыржан Куанышбаев бұрын мұнда жасалмаған бірқатар күрделі отаны алғаш рет өзі жасады. Мәселен, механикалық сарғаюмен түскен науқастарға тері-бауыр арқылы холангиостомия, шап жарығымен түскен науқастарға лапараскопиялық ТАРР герниопластикасы, отадан кейінгі вентральді жарықтарға имплантты торларды қолданып кернеусіз және комбинирленген пластикалары, жатырдан тыс жүктілік және жатыр қосалқыларының айналуы кезіндегі лапароскопиялық тубэктомия оталары, көкеттің диафрагма тесігінің жарықтары кезінде Ниссен бойынша лапароскопиялық фундопликация, бүйрекүсті безінің түзілістері кезінде лапароскопиялық адреналэктомия оталары, көкбауырдың паразитарлы емес кисталарына лапароскопиялық кистэктомия оталары жасалуда. Осылайша ауданда кіші инвазивті хирургия дамып, жаңа серпін алды. Айта кету керек, бұл ем-шаралар науқастарға МӘМС шеңберінде тегін жүргізілді. Мұндай оталарды жасату үшін бұған дейін науқастар облыстық және республикалық орталықтарға баратын. Травматологиялық сырқаттарға жедел оталар да жергілікті жерде жасалуда.
Бас дәрігердің айтуынша, аудандағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Бүгінде дәрігерлердің 20-сы зейнет жасынан асса да жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қосымша 19 дәрігер тапшы. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің осы жылы бітіретін түлектерімен келіссөздер жүргізуде. Былтыр 6 жалпы тәжірибелі дәрігер, 2 анестезиолог-реаниматолог, 2 неонатолог, 1 педиатр, 1 кардиолог, 1 рентгенолог-дәрігер резидентура бітіріп, биыл 7 дәрігер жұмысқа қабылданған. Нейрохирург, ревматолог дәрігерлер мүлдем жоқ. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін аудан кәсіпкерінің демеушілігімен 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 ревматолог, 1 инфекционист дәрігердің резидентура қаржысы төленіп, оқытылуда. Жергілікті жалпы тәжірибелі дәрігер нефрология бейіні бойынша маман сертификатын алып, аудандық емханада жұмыс істейді.
– Аудан орталығының қала статусы болғандықтан, жас мамандарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге заң мүмкіндік бермейді. Әкімдіктің келісімімен қызметтік үймен қамту шаралары жасалуда.
Кейінгі жылдары аймақ басшысының және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 25 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Осылайша аудандағы санитарлық автокөлік мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Шалғай жатқан Құланды, Ақбасты, Жіңішкеқұм, Мергенсай медициналық бекеттері, сонымен қатар Жаңақұрылыс, Ақбай, Қарашалаң фельдшерлік-акушерлік бекеттері көлікті болды.
Былтыр бірқатар елді мекенде халық санының артуына байланысты медициналық бекеттер фельдшерлік-акушерлік бекеттерге ауыстырылды. Ол елді мекенде екі медициналық қызметкер, яғни фельдшер және акушер жұмыс істейді деген сөз.
Медициналық көмектің сапасын арттыру және жұмысқа жаңа серпін беру мақсатында Арал қаласындағы 3 емхана меңгерушісі ротация тәртібімен ауыстырылды, – дейді ол.
Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Мәселен, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен диспансерлік есепте тұратын науқастарға арнап кабинет ашылды, осы уақытқа дейін 2000 тұрғын тексеруден өтті. Былтыр медицинаны цифрландыру мәселесіне байланысты 9 елді мекен (Қосаман, Ақеспе, Жіңішкеқұм, Қарашалаң, Ақбасты, Құланды, Сазды, Мергенсай, Жалғызағым) компьютер, принтер және интернетпен қамтамасыз етілді. Аудандық аурухананың материалдық- техникалық базасы 174 млн теңгеге функционалды керуеттер, дефибрилляторлар, пациент мониторлары, ота столы, көлеңкесіз ота лампасы, портативті УДЗ аппараттарымен толықтырылды.
Сексеуіл ауылдық ауруханасы құрылысы қайта жандандырылып, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта халық игілігін көруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ауруханаға қажетті құрал-жабдықтар мен қатты инвентарьларға 150 млн теңге бөлініп, қамтамасыз етілді.
Ана мен бала денсаулығы басым бағыттардың бірі екені белгілі. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесіне нәрестелерге арналған Sipap аппараты алынды. Сонымен қатар туу бөлімшесінде нәрестелерді тұрақтандыру палатасы ашылды. Босанатын әйелдерге арналған көпбейінді арнайы керуеттер алынып, пайдаланылуда.
Мамандардың біліктілігіне баса көңіл бөлініп келеді. Биыл 57 дәрігер, 21 орта буын медицина қызметкері республикалық және халықаралық конференцияларға, семинарларға қатысып, облыстық мекемелерде тәжірибе алмасты. Былтыр реаниматолог және кардиолог мамандар Түркияда, биыл неонатолог, реаниматолог, акушер-гинеколог мамандар Екатеринбург қаласында маманданудан өтіп келген.
Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға арналған жұмыстар жалғаса бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





