Армысың, ақ Олимпиада!

5

0

Кеше Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпия ойындарының алауы жағылды. Төртжылдықтың басты додасына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің Туын шорт-тректен әлем чемпионатының қос дүркін күміс жүлдегері Денис Никиша,  фристайлдан 2025 жылы универсиадада екінші орын алған Аяулым Әміренова ұстап шықты.

Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде биылғы қысқы Олимпиадаға тоғызын­шы мәрте қатысады. Ұлттық құрама сапы­нан Италиядағы додада жалпы саны 36 спортшы ел намысын қорғайды. Төрт жыл бұрын Қытайдың Бейжің қаласында өткен қысқы Олим­пиадаға Қазақстан атынан 34 спортшы бақ сынаған еді.

Сондай-ақ ел құрамасының орташа жасы – 25, ең жас спортшы – фристайл-акро­бати­кадан сынға түсетін 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – шорт-трекші 33 жастағы Абзал Әжғалиев. Құра­мадағы ең атақты спортшы – фристайл-могулдан бақ сынай­тын Юлия Галышева.

Ұлттық құрама спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша сынға түседі. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыс­тары, шаң­ғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Дүбірлі доданың жарыстар бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілген. Нақты нұсқа 2023 жылдың 20 маусымында жария­ланған. Онда барлығы 116 жүлде жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасынан 7 медальға артық.

Жарыс бағдарламасына ал­ғаш рет ски-альпинизм сайысы енгізілген. Мамандар оны таби­ғаттың сұлулығымен тілдесуге мүмкіндік беретін, адреналинге толы әрі төзімділікті талап ететін ерекше спорт түрі ретінде бағалайды. Олимпиада аясында жарыстар ерлер мен әйелдер спринті, аралас эстафета секілді үш бағыт бойынша өтеді.

Елімізде қысқы спорт түрлері негізінен солтүстік және шығыс өңірлерде жақсы дамыған. Дегенмен Олимпиадаға қатал климаты мен қалың қары бар өңірлермен қатар, қары аз оңтүстік аймақтардан да спортшылар қатыспақ. Өңірлер бойынша Италиядағы қысқы Олимпиадаға ең көп спортшыны Алматы қаласы мен Ақмола облысы ұсынып отыр. Оңтүстік астанадан Миланға 4 спорт түрінен 6 спортшы аттанады. Ал Ақмоладан  2 спорт түрінен 6 спортшы барады. Одан кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, сондай-ақ Астана және Шымкент қалалары жайғасқан. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан 1 спорт түрінен 4 спортшыдан қатысса, Астана қаласынан 3 спорт түрінен 4 спортшы, Алматы облысынан 4 спортшы 2 спорт түрінен жарыс жолына шығады. Сондай-ақ Павлодар облысынан 3 (3 спорт түрі), Қостанай облысынан 2 (1 спорт түрі), Солтүстік Қазақстан, Қара­ғанды және Абай облыстарынан бір-бірден (1 спорт түрі) спортшы ел намысын қорғайды.

Мемлекет тарапынан Олим­пиада жүлдегерлеріне қомақты сыйақы қарастырылған. Атап айтқанда, чемпион атанған үздіктерге 250 мың доллары төленсе, күміс  150, қола 75 мың долларға бағаланып отыр. Тіпті  бесінші орынға дейін ынта­лан­дыру сыйақысы қарастырылған.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпия ойындары 6-22 ақпан күндері өтеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»