Қазір аспаз мамандығының дәуірі жүріп тұр десек болғандай. Қалада мейрамханалар мен кафелерден аяқ алып жүре алмайсыз. Той мен садақадан бір күн босамайтын осындай көпшілік орындар тұрғанда, бармағынан бал тамған аспаздың жұмыссыз қалмасы анық.
Содан ба әлде басқа себебі бар ма, кейінгі кезде қыздар ғана емес, ер жігіттер де осы мамандыққа көп қызығатын болған. Солардың бірі – 18 жастағы Зейнулла Бақытбек. Ол жас та болса аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеруге талпынып жүр. Қызылорда қаласындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейді былтыр бітірген ол мектепте оқып жүргенде-ақ, осы мамандыққа ұмтылды. Сабағымен қатар мейрамханаларда даяшы болды.
– Тоғыз жасымнан аспаздыққа қызықтым. Сол кезден бастап интернеттен қарап түрлі тамақ әзірлейтінмін. Он төрт жасымда осы мамандықты үйрену үшін кафелерді, мейрамханаларды аралап жұмыс іздедім. Кофеханаларда істедім. Бірақ мені көбіне «тым жассың» деп алмайтын. Сосын 16 жасқа толғасын бір тойханаға даяшы болып орналастым. Сөйтіп жүріп аспазға сәбіз, пияз турап көмектестім. Менің ептілігімді, икемімді байқаған олар жандарына көмекшілікке шақырды. Өзіме де керегі осы еді, бірден келістім. Осылай менің аспаздық жолым басталды. «Сұлтан плаза» мейрамханасында да істедім. Сөйтіп жүріп мектепті аяқтадым. Мектеп бітірген соң осы жолға біржола түсуге бел будым, – дейді Зейнулла Ғалымжанұлы.
Сөйтіп қаладағы Мұрат Саламатов атындағы қызмет көрсету және сервис колледжінен аспаздық мамандық алды. Талабының арқасында Зейнулла бүгінде республикалық аспаздық ісі ғылымының кандидаты резиденттігіне кірді. Оған ену де оңай емес, өзі қатарластарымен жарысқа түсіп, аспаздық өнерін дәлелдеуі тиіс. Ал Зейнулланың тәжірибесі өз қатарластарынан әлдеқайда озық болған.
Бүгінде ол «EZA PIZZA PASTA» мейрамханасында бас аспаздың оң қолы, яғни содан кейінгі маман болып жұмыс істейді. Оның қызметі – тамақтың дұрыс дайындалуын, дәмнің бір-біріне үйлесімділігін, тағы басқаларды қадағалау.
– Аспаз – болашағы бар, ешқашан сұраныстан қалмайтын мамандық. Жақсы аспаз болу үшін өзіңе сенімді болу керек. Үнемі ізденісте жүріп, тамақтарды зерттеу қажет. Аспаздың бойында тағамға деген махаббат болу керек. Бір сөзбен айтқанда, аспаздық – шығармашылық жұмыс, – дейді ол.
Оның жетістіктері де баршылық. Былтыр WorldSkills Kazakhstan жобасының облыстық, аймақтық, республикалық байқауларына қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Биыл да облыстық және аймақтық байқауда титулын қорғап шықты. Жақын арада республикалық сайысқа бармақшы. Айта кетейік, WorldSkills жобасының мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту.
Отбасындағы алты баланың үлкені Зейнулланың үлкен арманы – болашақта елге танымал, мықты аспаз болу.
Ер кісінің әзірлеген тағамы дәмді болады деп жатамыз, олай болса жас аспазға сәттілік тіледік!
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы.






