Өткен аптада БАҚ өкілдерінің баспасөз туры Жалағаш ауданында жалғасып, атқарылған жұмыстармен таныстық.
«Ауыл аманатының» игілігі
Алдымен «Еңбек» ауылын бетке алдық. Кіргеннен көше бойына тәртіппен орналасқан үйлер, түзу егілген ағаштар, абаттандырылған ауыл орталығы бірден көзге түседі. Айта кетейік, ауылдағы «Еңбек-Жер» шаруашылығы осындай әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетіп келеді.
Ауылдың негізгі тіршілік көзі – егін шаруашылығы. Заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысатындар қатары артып келеді. Оның бірі ауыл тұрғыны Разия Ағатаева «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4 млн 250 мың теңге жеңілдетілген несие алып, «Ақерке тәттілері» жеке кондитерлік кәсіпорнын іске қосты. Жыл басынан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.
Өзінің айтуынша, Разия жастайынан түрлі тәттілер әзірлеуді ұнататын. Алғашқы кезде газ, электр пеші жоқ, тәтті тоқаштарын даладағы пешке дайындап жүрді. Кейіннен оның әзірлеген торттары көпшіліктің көңілінен шығып, туған-туыс, көрші-көлемнен күн сайын тапсырыс түсетін. Осыны ойға ала келе, ол қызығушылығын кәсіпке айналдырды.
Қазір келіні Ақеркемен екеуі ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, тәттілер дайындайды. «Ақерке тәттілері» қалада пісірілетін өнімдерден еш кем емес. Әсем безендірілген, дәмі тіл үйіреді. Бірақ бағасы арзан, өйткені ауыл халқына қолайлы. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз өнімдерін аудан, облыс орталығына шығарып, жұмыс ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Құрылыс материалы қолжетімді
Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Арман ком» ЖШС бүгінде құрылысқа кеңінен пайдаланып отырған пескоблок дайындайды. Ауыл тұрғыны Еділ Жұмабек 2019 жылы кәсібін бастаған. Ал 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз қаражат алып, өндіріске қажетті бұйымдар сатып алды. Қажетті шикізат облыс аумағынан тасымалданады. Қазір мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Күніне 800 дана өнім шығарады.
– Қазір біз пескоблоктың бір ғана түрін дайындап отырмыз. Алдағы уақытта қосымша құрылғыларды іске қосып, бірнеше өнім түрін ұсынуға мүмкіндігіміз бар, – дейді кәсіпкер.
Жалағаш ауданына қарасты «Ақсу» ауылдық округінде 1909-1977 жылдары өмір сүрген Беркімбай қалпенің мешіті бар. Киелі орынға еліміздің әр түкпірінен, тіпті көршілес елдерден келіп зиярат етеді. Қалпенің қасиеті туралы көптеген аңыз-әңгіме әлі күнге елдің аузында жүр.
Мешітке дейінгі жолды жөндеу жұртшылық тарапынан жиі айтылып жүрген мәселенің бірі болатын.
Ауыл тұрғыны Марат Алдабергенұлының айтуынша, биыл аудан әкімдігінің қолдауымен Беркімбай әулие атындағы көшеге асфальт төселіп, көптің ұсынысы орындалыпты.
– Қалпе атамыз – халыққа көп шарапаты тиген адам. Кешегі кеңес заманында талай қуғынға ұшырап, қиындық көрген. Бірақ бойындағы ерекше қасиетімен бәрінен аман қалған. Күні бүгінге дейін ол кісінің мешітіне келіп, зиярат ететіндер аз емес. Мысалы, бірнеше рет кавказдық ағайындардың келгенінен хабарымыз бар. Шырақшының айтуынша, бүгін ғана Петропавлдан бір-екі кісі ниет етіп келіпті. Сондықтан қалпенің атындағы көшенің жөнделуі игілікті іс болды, – деді ол.
Жалпы биыл Жалағаш кентінде біраз көше жөнделген. Әсіресе, теміржолдың бергі беті Дәуімбай елді мекеніндегі бірталай жылдан бері жөндеу көрмеген көшелердің қалыпқа келтірілгені игілікті іс болыпты.
– Биыл кенттегі 11 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шынын айтсақ, көп көшенің әбден тозығы жеткен еді. Сондықтан бірінші кезекте халықтың сұранысы ескерілді.
Өздеріңіз білесіздер, биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Осы орайда М.Мәметова, Ә.Молдағұлова көшелері күрделі жөндеуден өтіп, көптің көкейіндегі мәселе шешімін тапты. Қазір жоспарланған жұмыстың 90 пайызы орындалды. Сонымен қатар, кент 100 пайыз ауызсумен, табиғи газбен қамтылған. Енді электр жүйелерін толығымен жаңғырту жұмыстары басты назарға алынып отыр. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен балалар ойын алаңдарын салу да жоспарымызда бар, – дейді кент әкімі Мардан Жамалатов.
Тіршілігі түлеген ауыл
Жалағашқа ең шалғай орналасқан «Аққыр» ауылында да толымды тірлік бар. Ауыл әкімі Бауыржан Шынжыровтың сөзінше, елді мекенде 1057 тұрғын, 185 отбасы тұрады. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, 90-нан астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді.
Ауылда «Қазақстан халқына» қоры арқылы 175 млн теңгеге спорт кешені пайдалануға берілгелі отыр. Спорт кешені күніне 180 адамды қамтуға арналған. Қазір мұнда гір көтеру, күрес үйірмесі бар, алдағы уақытта волейбол, үстел теннисі үйірмелерін ашу жоспарланып отыр.
Қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлт қайраткері Темірбек Жүргенов туған (бұрынғы «Жаңаталап» ауылы) ауылдың тіршілік тамыры – егін, мал шаруашылығы, сондай-ақ, бау-бақша.
Ауылдық округке қарасты «Ер Әлі» шаруашылығының күріш көлемі 1700 гектарды құрайды. Қазір шаруашылықта «Каурис», «Маршал», «Премиум», «Айсұлу» «Виконт» күріш сорттары егілген. Былтыр орташа өнім 92 центнерді құраған. Сондай-ақ 546 гектар жоңышқа егілген.
Бұдан бөлек, ауылда 12 гектар бақша, 12 гектар көл шаруашылығы бар. Бақша толықтай тамшылатып суару тәсілімен егіледі. Бүгінде онда картоп, сәбіз, қауын-қарбыз жемісін бере бастады. Ал көл шаруашылығында бірнеше балық түрі бар.
Т.Жүргенов ауылындағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағы туралы аймақ тұрғындары жақсы біледі. Өйткені бұл бақтың алмасына өңірде сұраныс өте жоғары. Айта кетейік, «Құрманбай ата» шаруа қожалығына қарасты алма бағы 2018 жылы құрылған. Жалпы аумағы 6 гектар, оның 5 гектарына алма ағаштары егілген. Бақта 2 адам еңбек етеді.
Айталық, алма сорттарынан «Голден Делишес» 5000 түп, «Джонатан» 5000 түп, «Ренет Симиренко» 2650 түп егілген. Баққа тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Бағбан Нұрбол Сисенбаевтың айтуынша, өткен жылы 70-80 тонна өнім алынған, биыл да сол деңгейде жиналады деген болжам бар.
Тағы бір жаңалық, шаруа қожалығы биылдан бастап 300 қаз өсіруді қолға алған. Олар үшін бақтың бір шетінде арнайы көл де бар. Бағбанның айтуынша, қаз бақты арамшөптен тазалап отырады. Шынында, бақтың іші тап-таза, басы артық өсімдік байқалмады. Сосын қаздың бір мезетте топ-тобымен келіп көлге түскені де керемет көрініс екен.
Аудан халқының тіршілігі қалыпты арнасымен жүріп жатыр. Бүгінде егін-терім, бау-бақша жұмыстарына жаңа технологияны енгізген. Ақ пейілді ауыл халқының да бірте-бірте нарық талабына бейімделіп, нан табудың жолын меңгере бастағаны көңілге қуаныш ұялатты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






