Автонарық: Отандық өндірістің әлеуеті қандай?

110

0

Өткен айда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашқан болатын. Елдегі машина жасау саласында тағы бір маңызды қадам болған өндіріс KIA Motors корпорациясымен жасалған келісіммен іске асып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл зауыттың іске қосылуы Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінде КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі.

Осы телекөпірде Президент мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін жеткізді.

– Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Сарань қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін, – деген еді өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Салада қанша кәсіпорын бар?

Бұған дейін Қазақстан аумағында 8 негізгі автокөлік өндіруші кәсіпорын болды. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы жеңіл көлік, автобус, жүк және арнайы техника (жылына 127 600 дана) өндіретін «СарыарқаАвтоПром», Алматыдағы жеңіл көлік және автобус пен жүк көліктерін шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» (жылына 50 000 дана) мен «Hyundai Trans Auto» серіктестігі, Семейдегі «СемАЗ» бен «Daewoo Bus Kazakhstan» кәсіпорны бар. Көкшетаудағы жүк көлігі мен автобус, сондай-ақ арнайы техника шығаратын «Камаз-Инжиниринг» АҚ пен Қарағандының Сарань қаласындағы «QazTehna» ЖШС және Оралдағы «Уральскагрореммаш» кәсіпорнын да айтсақ болады. Жалпы жеңіл көлікті айтпағанда, елімізде жүк көліктері мен арнайы техниканың ең жоғары өндірістік қуаттылығы жылына 10 000, автобустар бойынша 1 200 дананы құрайды.

Екіншіден, бүгінге дейін салада іске асырылып жатқан екі жоба болған. Оның біріншісі – Алматы қаласындағы «ASTANA MOTORS MANUFACTURING KAZAKHSTAN» жеңіл көліктер өндіретін кәсіпорны. Мұның бір жылғы өндірістік қуаттылығы 90 мың автокөлік болмақ. Ал екіншісі – жоғарыда айтқан Қостанай облы­сындағы «KIA QAZAQSTAN» ЖШС. Енді жеңіл автомобильге арналған кәсіпорын бір жылда 70 мың көлік шығаратын болады.

Жеңіл не жүк көліктер шығарушы өн­діріс орындарынан бөлек, елде авто­кө­лікке қажетті қосалқы бөлшек өндіретін бір­неше кәсіпорын бар. Талдықорғандағы аккумулятор өндіруші «ҚАЙНАР АКБ» серіктестігі, құйма алюминий дисктерін өндіретін «ВЕКТОР ПАВЛОДАР» кәсіп­орны, Қостанайдағы шойын құймаларын, жүк көліктерінің басты берілістерін өндіретін «КАMLITKZ» зауыты отандық тауар өндіруші ретінде тұтынушыларды қажеттімен қамтып отыр.

Автокөлікке арналған шина шығарушы «TENGRI TYRES» (Қарағанды облысы, Сарань қаласы), мультимедиялық жүйелер өндіретін «KAZAKHSTAN MOBILITY ENGINEERING» және көліктер ішіндегі арнайы орындық шығаратын «VEHICLES ALMATY» (Алматы қаласы) кәсіпорны да осы сапта тұр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде автомобиль компоненттерін локализациялау бойынша түрлі жобалар іске асырылуда. Мамандардың сөзінше, бұл автомобиль өнеркәсібін дамыту және ішкі нарықтағы қажеттіліктер үшін керек.

Атап айтқанда, елде автомобильдер мен жүк көліктеріне арналған шиналар, амор­тизаторлар және басқа да резеңке өнімдер өндірілмек. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы бөлшектер, бамперлер, сәндік панельдер, май сүзгілері, радиатор, ішкі құрылғылар және әртүрлі механикалық бөлшектерді өзімізде ғана шығару көзделіп отыр. Жобалар іске асса, елдегі көлік шығару ісіне қажетті қосалқы бөліктердің импорты азайып, отандық өндірістің алға жылжитыны анық. Бұл кәсіпорындар бәсекелестігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын да ашады.

Жүк көліктері құрастырылады

Бұдан бөлек, Қазақстанда жүк көліктері мен арнайы техникаға арналған түрлі жабдықтар өндіретін зауыттар бар. Мысалы, Астана қаласындағы «STAHLBAU» компаниясын айтсақ болады.

Италиялық «IVECO» маркасымен ар­найы жүк көліктерін құрастыратын «STAHLBAU» ЖШС елімізде 2015 жылдың көк­темінде жұмысын бастады. Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орна­ласқан серіктестік нарыққа ең қажетті авто­машина мен жабдықтар дайындайды. Дәлірек айтсақ, қыс айында қар тазалайтын, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себетін, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашатын «тазалықшы» жүк көліктерін шығарады.

Автонарық: Отандық өндірістің әлеуеті қандай?

Компания басшылығының айтуынша, жалпы машина құрастыру бойынша зауыт ішінде бес пост бар. Әр посттың өзіндік мін­деті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші постта мотор мен қосалқы жабдықтары орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттардың барлығы бекітіледі. Ал бесінші постта құрастырылып болған көлікке қажетті сұйықтықтар (мотор майы, тосол, дизель, т.б.) құйылып, соңғы тексерістен өтеді. Осылайша, қажетті көлік әбден дайын болған соң зауыт басшылығы тапсырыс берушінің қолына кілтін ұсынады.

Бағдарлама басталды

Иә бұған дейін айтылған автолизинг бағ­дарламасы 1 желтоқсаннан іске қосылды. Жалпы бағдарламаның мақсаты – автокөлікті сатып алуды қолжетімді ету. 24KZ телеарнасының мәліметінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылдық шекті мөлшерлемені 36%-ға дейін бекітіпті. Бұған дейін ол 45 пайызға дейін есептелген.

Лизингтің автонесиеден айырмашылығы көлікті алғашқы жарнасыз әрі несиесіз ұзақ мерзімге жалға алуға болады. Келісімшарт мерзімі аяқталғанда темір тұлпарды қайта өткізуге немесе қалған берешегіңізді өтеу арқылы сатып алуға болады.

– Бұл жерге екінші деңгейлі банктерді кіргізбеу керек. Егер екінші деңгейлі банктерді кіргізсек, ол ертең тура автонесие болады. Сондықтан бұл жерде бөлек бір компания құрылу керек, – дейді бұған қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

Қорыта айтсақ, Қазақстан нарығында көлік шығару кәсіпорнын құру – экономиканы ілгерілету болмақ. Мамандар бұл жерде зауыт шығарған автокөліктерді тек ішкі нарыққа бағыттамай, сырт елдерге де сату жағын үйлестірген жөн деп есептейді. Екіншіден, отандық автоөндіріс тірлігі оңтайланса, көлік бағасы да халық қалтасына қонымды болар деген сенім жоқ емес. Бастысы – отандық маркада қауіпсіздік пен сапа кепілдігі ұмытылмауы тиіс.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»